Украинадағы президенттік сайлауда Порошенконың екінші орын алып, Зеленский деген бұрын-соңды саясатта болмаған шоуменнің топ бастағаны қазақстандықтар арасында ала-құла пікір тудыруда. Осы алаңдаушылыққа жауап ретінде біз украиналық сарапшының желідегі жазбасын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Не болды өзі?
Айтарлықтай ештеңе де болған жоқ – Украинада масштабы жөнінен Веймар республикасынан кейінгі, батыстық үлгідегі демократиядан популизмге ауысқан әлемдік тренд өз жалғасын тапты. Соңғы екі жылда популистік партиялар – оңшыл да, солшыл да – еуропа сайлаушылары тарапынан төрт еседей күшейді (The Guardian зертеулері).
Егер 2000-шы жылға мұндай күштер 7% дауыс алса, 2018 жылы олар 30% дауыс жинады. Бұл Зеленскийдің даусымен дәл сәйкеседі. Бұл әлемдегі Трамп-Орбан-Додон трендін бекіте түсті.
Бірақ Украинада соғыс жүріп жатыр: мұндай популистік ұрандардың қаншалықты қауіпті екендігін украин қоғамы білу керек еді ғой? Шындығында оны тек интеллектуалдар мен пассионарийлер ғана түсінеді, ал қарапайым агрессивті-тыңдарман халық барлық жерде бірдей, Африкада да дәл осындай. Порошенко шынында да Донбасстағы жараны көп айтқаны сондай, «қарапайым халық» оны проблема деп есептеуден қалды – Путин алыста, ал телевизор алдындағы қарапайым адамдарға ақша дәл қазір керек.
Әрі қарай не болады?
Бұған дейін де сіздерге барынша адал болып келдім, әлі де сол бағытымдамын.
«Порох» (Порошенко – ред.) енді қалған 3 аптада сайлауды жеңеді деп айта алмаймын, оған тек 40/60 бере аламын. Ол үшін қарапайым халықтың миын тез іске қосатын факторды көріп тұрған жоқпын. Порошенко – титан, соңына дейін күреседі, бірақ адамдардың ақымақтығына қарсы ол да ештеңе жасай алмайды.
Енді жақсы жағы. Тіпті президент ұтылған күннің өзінде де жыл соңына қарай жоғалтқанын едәуір қайтара алады. Оған өзінің мысалына қарай отырып, мынадай аргументтерім бар.
Порошенко өткен сайлауда (25.05.2014ж.) 54,7% дауыспен ұтты. Ол белгілі себептермен 2 аптада соғысты тоқтата алған жоқ, бірақ жарты жылда экономиканың құлдырауын тоқтатты. Соғыс локальдық сипатқа айналды, Батыспен еуроинтеграция жөнінде белсенді байланыстар орнатты.
Бұл оған көмектесті ме? Жоқ. Өйткені оны 2015 жылдың басына қарай 19,4% адамдар қолдады (әрі кетсе – 24,6%). О, құдайым, біздің адамдар бірден бәрі болса екен дейді!
Көріп тұрғанымыздай, махаббат пен жауыздықтың арасы бір-ақ қадам, қарапайым адамдар ештеңеге төзгісі келмейді. Оларға комиктің Радада ешқандай даусы жоқ екендігі бәрібір, жарты жылда коррупцияны жоямын, зейнетақыны 3 есе көтеремін дегеніне еш негізі жоқ екендігі бәрібір – ал адамдар одан дәл соны күтіп отыр.
Ертең тамызға таман сайлаушылардың 80%-ы «корольдің тыр-жалаңаш» екендігін бір-ақ көретін болады, өздері жақтырмаған «Порохтың» одан әлдеқайда жақсы екендігін бірден түсінеді. Сондықтан жаңа парламент сайлауында, ашық праймериздер әдісімен, Порошенко бірінші орын ала алады. Әрі қарай ол НАТО-ға бағыт ұстағандармен коалиция құруы мүмкін.
Ол кім болуы мүмкін? Спикер, премьер немесе жәй фракция басшысы болуы мүмкін – ол маңызды емес. Қалай болғанда да ол әлі ұзақ уақыт елдегі альфа-басшылардың бірі болып қала беретіндігі ақиқат.
Қорытынды қандай?
Ойын ұзаққа созылады. Мен «Порохтың» харизмасы мен бірбеткейлігі арқасында трендті өзгертіп, жеңіске жететіндігін де жоққа шығармаймын. Бірақ жеңілісті де жаңа ұрыстарға дайындық плацдармы ретінде қарау керек деймін.
Ең басты плюс – мәскеулік арандатушы Тимошенконы тарих қоқысына тастағанымыз, ол болғанда бізді шексіз инфляция мен шексіз турбуленттілік күтіп тұр еді.
Зеленский де әлсіз президент (ұтып жатса), бірақ оның да плюс жағы бар – ол Коломойскийдің қолбаласы ретінде өзі үшін өлімге тең қадамдарға баруға мәжбүр болады.
Мүмкін Коломойский ештеңе жасай алмас та… Неге? Өйткені «Порохтың» басты еңбегі – ол елдегі негізгі процесстер кері қайтпайтындай, бірнеше сақтандыру шараларын жасап тастады. Ешқашан да Зеленский мен оның компаниясы Конституцияда бекітілген еуроатлантикалық курсты өзгертуге қарсы 300 дауы жинай алмайды. Ешқашан да Зеленский мен оның компаниясы армияға агрессормен күштеп келісімге келуді таңа алмайды, өйткені ол армия жеңістің дәмін татты, өз күшін көрді. Оның үстіне, бізде парламенттік-президенттік республика, сондықтан Трампты белгілі бір рамкада ұстап отырған әмірикалық система сияқты, Зе-Ленинді рамкада ұстайды. Плюс азаматтық қоғам бар (қарапайым халық емес, әйгілі 10% пассионарийлер), олар комиктің әрбір қадамын бақылап отырады.
Қарапайым тілмен айтқанда: Вова Путлер жаққа қарай күрт қадам жасауға қорқатын болады – күшпен орнынан алып тастау мен өзін-өзі қорғау инстикті оған қуыршақ ұстаушының бишігінен де қатты әсер етеді.
Порохтың 2-ші турда жеңіске жетуін жоққа шығаруға болмайды. Қалай болғанда да, біз сарыуайымға салынбауымыз қажет – егер біз 14-ші жылы елді қорғап қала алсақ, оны қазір де қорғап қала аламыз. Өмір тамаша, жалғасып жатыр, сол үшін күресу керек.
- Helgi Sharp-тың ФБ-парақшасындағы жазбаны қазақшалаған – Қуаныш Еділхантегі.