Фото – Аrbat.media
- Қоғам қайраткері, журналист Арман Шораев Александр Лукашенконың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШҰ – ОДКБ) ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуі кезінде айтқан пікіріне жауап қайтарды, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Беларусь президенті Александр Лукашенко ҰҚШҰ елдері Украинадағы соғыс кезінде шетте қала алмайтынын айтты.
«Егер кімде-кім Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс біздің қақтығыс емес, бұған біз араласпаймыз деп ойласа, ол ойынан ешнәрсе шықпайды. Белгілі бір ұстанымды қабылдайтын уақыт келеді… Біздің барлық кемшіліктерімізбен бірге әрекет ету үшін, өз саясатымызды, бағытымызды нақты анықтауымыз керек. Біз бірге болсақ, барлығы оңай әрі ұтымдырақ болады», – деді ол.
Арман Шораев Лукашенкоға жауап қайтарып, ҰҚШҰ ұжымының алдағы екі жылда тарап кететінін айтты.
«Біздің еліміздің бұл ұйымнан шығудан басқа амалы қалмады деп ойлаймын. ҰҚШҰ – диктаторлар клубы. Лукашенко Ресейдің тас-талқан болып жеңілетінін, кейін Путин екеуінің сот залында отыратынын түсінеді. Осылайша, ҰҚШҰ хатшысы Иманғали Тасмағамбетовке бұл жағдайда Қазақстанның қалай әрекет етуін түсіндіргісі келеді.
Тыңда, Лукашенко, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы алдағы 2 жылда тарап кетеді. ҰҚШҰ құрамында аймақ мәселесіне қатысты қақтығысқан елдер бар. Қырғызстан мен Тәжікстанды мысалға келтіруге болады. Армения мен Әзербайжан арасындағы таласта ҰҚШҰ қайда болды? Ештеңе істей алмады. Путин тығылып қалды. Лукашенко, Путин, бірде-бір қазақ баласы сендер үшін қан төгуге бармайды. Лукашенко, Путлер-Гитлер үшін өз балаңды ертіп алып соғысқа бар, қазақтарға тиіспе!» – деді Арман Шораев.
Exclusive.kz
Жәкішев НЕ ҮШІН сотталды?
Қазақстандық кәсіпкер және «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев украиндық танымал журналист Дмитрий Гордонға сұхбат берді. Әңгіме барысында ол өзінің сотталуына Ресей президенті Владимир Путиннің қандай қатысы бар екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жәкішев сөзінде өзінің басшылық еткен уақытында «Қазатомпром» компаниясының әлемдегі жетекші кәсіпорынға айналғанын айтады. Сондай-ақ оның сөзінше, кез келген келісімшарт жасайтын уақытта ол саясат жайлы емес, экономикалық пайда жағын бірінші ойлаған.
Кәсіпкер сонымен қатар жапондық «Toshiba» компаниясына ресейлік компаниямен жұмыс істеуге алғаш өзі ұсыныс жасағанын еске алады. Жапондықтар алғашында Ресей компаниясымен серіктес болуға қарсылық танытқанымен, Жәкішев оларды көндіреді.
«Кириенконы (Сергей Кириенко – Ред.) «Toshiba-ның» президентімен таныстырдым. Алайда ресейліктер бізді жолда қалдырып, келісімді өздеріне ыңғайлы етіп жасағысы келді. Алайда біздің келісіміміз мүлде басқа болған, яғни Ресейде сол жылдары уран шығару тоқырап тұрғандықтан, біз оларға уранды шығаруға көмектесеміз, есесіне олар бізге уранды байытуға көмектеседі деп келіскенбіз. Екі елдің де табысы тең болады деп көзделген», – деп түсіндіреді Жәкішев.
Кәсіпкер ресейлік компаниямен арадағы алғашқы даудың қалай басталғанын айтып берді.
«Санкт-Петербургке барғанымда, мен тоқтаған қонақ үйге Кириенко мен Смирнов (Владимир Смирнов – Ред.) келді. Олар тезірек қол қою керек деп келісімшарттың қағазын алып келді. Ал шартта Қазақстан уранды шығару үшін бірлескен кәсіпорын құрады, алайда Ресей тарапы уранды байыту кәсіпорнын құруды қарастырады деп жазылған. Мен бірден қол қоймайтынымды айттым. Бірақ олар «Путинге ескертіп қойдық, қол қоюымыз қажет, әйтпесе ертең дау болады» деп айта бастады. Алайда мен «Путин менің президентім емес, ол сендердің басшыларың, сондықтан бұл келісім бізге пайда әкелмейді» деп жауап бердім», – дейді кәсіпкер.
Осыдан кейін Жәкішевті Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев шақырып, содан кейін Владимир Путинмен кездесуге барған. Жәкішев кездесуде Путиннің өзіне дауыс көтере сөйлегенін айтады.
«Путин менің жақсы менеджер болсам да, саясатты түсінбейтінімді айтып, бұл келісімнің саяси келісім болғанын айтып жатты. Маған тіке қарап, жоғары дауыспен айқайлап сөйлей бастады. Мен оның сөзін соңына дейін тыңдап, біздің президентке қарадым да, «екі елдің арақатынасы қандай, тең құқылы ма?» деп сұрадым. Ол тең құқылы екенін айтты. Сол кезде мен бұл келісімшарттың тең құқықтық қатынасқа сәйкес келмейтінін айтып түсіндірдім. «Егер мені қол қоюға мәжбүрлесеңіз, мен жұмыстан шығу үшін арыз жазамын, өйткені бұл құжатқа қол қоймаймын» дедім», – деп қосты Жәкішев.
Айтуынша, оқиға осымен аяқталған. Алайда кәсіпкер осыдан кейін Путиннің өзіне тіс қайрап қалғанын жеткізеді.
Жәкішев өзін Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келісім жасалар тұста және ресейлік делегацияның Жапониядан Қазақстан арқылы қайтып келе жатқанда қамауға алғанын айтады.
«Ресейлік компания Жәкішевтің орнына келген жаңа басшымен Жапонияға барып, келісімге отырамыз деп ойлаған. Бірақ ойлары іске аспады. Оларды ешкім қарсы алмаған», – дейді Мұхтар Жәкішев.
Stan.kz
АЙКӨРКЕМДІ АТҚАНДАР
лайықты жазасын алуы тиіс
- Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталды. Бір адам күдікті деп танылған, іс сотқа берілмек.
Бұл жөнінде «Азаттыққа» Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан хабарлады. Ол іс «өкілетін асыра пайдалану» бабымен тергелгеніне және бір ғана күдікті болғанына наразы.
Айдос Мелдеханның айтуынша, адвокаты істі «билік өкілетін асыра пайдалану» (451-бап) бабы бойынша тергеп жатқанына келіспейтінін айтты.
«Президент аппаратына да, Бас әскери прокуратураға да жаздық. Істі 451-баппен жүргізіп жатқанына келіспейміз дедік. Жауап әлі келген жоқ. «Ерекше ауыр» қылмыс санатынан «ауыр» қылмысқа ауыстырған. Олар нені көксеп отырғанын білемін. Ертеңгі күні оған президент жарлығымен рақымшылық жасайды, болды – ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Іс «адам өлтіру» бабымен тергелсін!» – деді Айдос Мелдехан.
Ол сонымен бірге қызының өліміне қатысты істе бір ғана адам күдікті деп танылғанына наразы екенін айтты.
«Айыпталушылар арасында командир-лейтенант болуы керек. Бірақ атқандарды жауапқа тартпайды. Қандай жағдай болса да, шешімге шағым түсіреміз. Сараптама нәтижесі бір оқ бір мылтықтан шыққанын көрсеткен. Бірақ мылтық кімге тиесілі екенін олар білмейді-міс. Сол себепті бұйрық берген командирді жауапқа тартып жатыр. Айкөркемге тиген оқты таппаған, деформацияға ұшыраған деп айтылады. Жанельге (Айдос Мелдеханның қызы) жеті оқ тиген, біреуін ғана жарамды деп тапқан, қалғаны деформацияланған дейді», – деді Айдос Мелдехан.
Azattyq.org
САЙЛАУ ШАТБЫНА ШАҚЫРАМЫН!
Мен – Ермұрат Бапи, Алматы қаласындағы № 3 округ бойынша үміткер (кандидат) ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысамын. Осы саяси науқанға орай сайлауалды штабыма:
- үгітші болуға сенімді өкілдерді;
- жарнама мамандарын;
- журналистер мен блогерлерді;
- тәуелсіз бақылаушыларды;
- коммуникация мен ІТ мамандарын
бір командада жұмыс істеуге шақырамын! Үгітшілер мен сенімді өкілдер үшін Алматы қаласында тұру міндетті емес.
Мен сайлауға түсетін №3 округке Алматы қаласының Алатау және Әуезов аудандары кіреді. Осы аудандарда тұратын және менің үміткерлігім үшін жұмыс істеуге ынталы азаматтар өз тұрғылықты жерінде үгіт материалдарын таратуға жәрдем жасайды деген сенімдемін.
Ықыласты азаматтар мынадай телефондарға хабарласа алады:
8-701-382-49-95,
8-777-493-83-83,
8-701-299-90-28.
Құрметпен,
Ермұрат БАПИ