
жаңа әскери қызмет түрі құрылады
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды. Осыған орай аталмыш заңның жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ермұрат Бапидың баяндамасын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу әскерге жұмылдыру (мобилизация) дайындығы мен жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындады. Заңнамалық актілерге енгізу үшін әзірленген түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтыруға және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға мүмкіндік береді.
Әскери қызметтің бұл түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы Күштердің санын көбейтпей, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың белгілі бір мөлшерін дайындауға мүмкіндік береді. Заң жобасын қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары 100-ге жуық түзету енгізді, оның ішінде 6 кодекс пен 14 заңға өзгеріс енді.
- Анықтама ретінде: Түзетулер Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Еңбек, Әлеуметтік, Бюджеттік және Су кодекстеріне, сондай-ақ «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы», «Қарудың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы», «Қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілді.
Заң жобасының негізгі ережелерінің әрқайсына тоқтала кетсек, келесіні айтуға болады. Заң жобасының негізгі новеллалары: әскери қызметтің жаңа түрін енгізу – «резервтегі әскери қызмет» және әскери қызметшінің жаңа санаты – «резервте әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші», басқа сөзбен айтқанда, «резервтегі әскери адам» болып табылады.
Депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтады.
Осы нормаларды ретке келтіру, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заң мәтінінің жазылу қисыны мақсатында депутаттар әскерге шақыру бойынша және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсас резервтегі әскери қызметті өткеру ерекшеліктерін көздейтін нормаларды жеке тарау ретінде жүйелендірді.
Депутаттар осы заң жобасын қарау шеңберінде енгізген түзетулердің келесі блогы – әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты түзетулер.
Атап айтқанда, депутаттар түрлі ақшалай төлемдерді (әскери қызмет өткеру кезінде алған жарақаттары үшін өтемақы төлемдері, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және т. б.), заттай және азық-түлікпен қамтамасыз етуге, әскери резервистке медициналық қызмет көрсетуге, жұмыс істейтін әскери резервистің еңбек қатынастарына қатысты нормаларды ұсынды.
Сонымен қатар әскери резервшілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуына аударымдар мен жарналарды реттейтін нормалар енгізді.
Сондай-ақ депутаттар әскери құқық бұзушылық субъектісі ретінде резервтегі әскери адамның қылмыстық жауаптылығына қатысты түзетулер енгізді. Одан басқа, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның қызметін реттейтін заңнамаға осы күш құрылымдарыныңрезервінде әскери қызмет өткеруге мүмкіндік беретін толықтырулар бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылдың 16 қыркүйектегі № 353 Жарлығын іске асыру мақсатында жекелеген мемлекеттік органдардың кейбір функцияларын қайтадан құру үшін, заң жобасының атауы өзгергені туралы атап өткен жөн. Енді заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және орталық мемлекеттік органдардың кейбір қызметін қайтадан бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы жөнінде оң қорытындыларын берді. Заң жобасын қарау барысында презентация, жұмыс тобының он бес отырысы, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген екі отырысы өтті. Аталған кездесулер барысында заң жобасы жан-жақты қаралып, талқыланды, әзірлеушіге – ҚР Қорғаныс министрлігіне қойылған сұрақтарға толық жауап алынды.
Бірінші оқылымда заң жобасы 2023 жылдың 15 қарашасында мақұлданды. Айтылған жайттарды ескере келе, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заңды қабылдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберу туралы ұсыныс енгізіп отыр.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты