«Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!»
Ахмет Байтұрсынұлы, ұлт ұстазы
Қазір қалаларымыз бен ауылдарымызда қаптап кеткен ресторандардың маңдайшаларында қазақша «мейрамхана» деп жазылып жүр. Әрине, бұл сөздің шығу тарихы Қазақстан өзінің тәуелсіздік жариялаған күнінен бастау алғаны анық. Қолданылып жүрген сөз қорымыздың кейбірі қазақ тіліне жат, кірме сөздер болғаны аян. Солардан арылу үрдісі үлкен науқанға ұласты. Әрине, бұл жалпы алғанда уақытында қолға алынған іс-әрекет, өте дұрыс үрдіс болғаны түсінікті. Бірақ кейде осындай үлкен де игілікті іс барысында кейбір көмескі, күлкілі аудармалар да кездесіп жатады. Мысалы, капуста «қырыққабат» деп аударылған (Капуста – қырыққабат. Русско-казахский терминологический словарь «Биология». Осы қалпында бұл сөз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған Орфографиялық сөздікке енгізілген. Аталған сөздік, Алматы, 2007, 284 бет). Бірақ бұл сөзді біреу-міреу аузына алса, ойға келетін бірінші түсінік – қырыққабатты зәулім тұрғын үй. Сонымен қоса, өз басым, дүкендерде, базарларда немесе басқа ортада капуста сөзінің орнына қырыққабат деп қолданған бірде-бір пендені кезіктірмедім. Байқасақ, бұл сөз әуелден жансыз болғандықтан, қазақ сөз қорына белсенді түрде енбеген.
Аталған сөздің тарихына үңілсек, бұрындары капустаның қазақша аудармасы болмаған, ол капуста деп аталып келген (Орысша-қазақша сөздік. 1‑том. Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы, Алматы, 1978, 324 бет). Осындай орынсыз да қазақи болмысымызға сай келмейтін, жөні жоқ, қисынсыз аударма ретінде «ресторан» сөзін қазақша «мейрамхана» деп тәржімелеп, кең қолдануға ұсыну дұрыс па? Осыны жан-жақты талдап, ой-сана таразысына салып, қазақи әдептілік, салт-дәстүрімізді алға тартып, саралап көрелік.
Біріншіден, бетін анық ашып алатын жәйт – «мейрамхана» сөзі Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты дайындаған өте көлемді Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің беттерінде орын алмаған. Бұл сөзді ұлы Абай мен Мұхтар Әуезов те қолданбаған (Абай тілі сөздігі. «Өнер» баспасы, Алматы, 2011; Абай жолы. Роман-эпопея. Алматы, «Жазушы», 1990). Сонымен, «мейрамхана» бұрындары қолданылмаған сөз екені айқын. «Ресторан» атауы қазақ төл сөзі емес, аудармасы болмағандықтан, ертеден сол қалпында қолданылған (Орысша-қазақша сөздік. Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы. Алматы, 1978, 281 бет).
Әлемде кең тараған бұл сөз француздың «қалпына келтіру, жаңарту» деген түсінігінен бастау алған (М.Фасмер. Этимологический словарь русского языка. Москва, АСТ, 2004, 474 бет). Қазақтың 99 пайызы орысша білетіндіктен, «ресторан» сөзінің мән-мағынасын анықтау үшін, орыс сөздіктеріне көңіл бөлейік: «Ресторан, ‑а, м. Предприятие общественного питания, где можно заказать дорогие кушанья (осы сөз-түсінікке мән берсеңіз, кейінірек неге екенін аңғарасыз – Авт. Н.Садуақастегі), закуски, напитки, вина, а также помещение этого предприятия. Словарь русского языка, том 3. Москва, Издательство «Русский язык», 1983, стр. 710; Ожегов С.И. Словарь русского языка. М., «Сов.энциклопедия»,1973, стр. 625). Ресторанды орыс жұрты «злачное место» деп те атайды (Көпшілікке таныс түсініктеме бойынша: Выражение «злачное место» означает место, где происходит что-то нехорошее, плохое, аморальное. Фраза «злачное место», как правило, ассоциируется со словом кабак, вертеп, питейное заведение. «Злачное место» – место, где собирается и прожигает жизнь всякая пьянь… Иными словами злачное значит – пьяное место). Ресторандарда, шамасынан артық арақ-шарапты сіміріп алған, тоқтамға келмейтін кейбір пенделер жанжал шығарып, олары қып-қызыл төбелеске көшіп, тіпті оның соңы өлім-жітімге де соқтыратыны белгілі.
Сонымен, ресторандарда дәулетті және қалтасы қалың пенделерге қымбат бағалы тағамдар дайындалып, қымбат арақ-шараптар ұсынылатыны анық болып отыр. Сондықтан қатарлары қалың, жалпы халықтың басым көпшілігін құрайтын қарапайым жұрт күнделікті тіршілігін зорға жасап жүрген кедей-кепшік, жарлы-жақыбай, тіпті тұрмыс жағдайы орта деңгейдегі адамдар да ресторанның есігін ашып, табалдырығын аттамайтыны бесенеден белгілі. Мемлекетіміздің баюының ең тиімді көзі деп есептелетін өндірістік фабрикалар мен зауыттар жоқтың қасы, бірақ елімізде не көп – «мейрамхана» деп аталып жүрген ресторандар көп. Сонда халықтың нөпір көпшілігі онда аяқтарын баса алмаса, ол несімен мейрамхана? Қалың жұрттың қалтасы көтермесе, мейрамханаға қалай барып мейрамдайды?
Осыған байланысты «мейрам» сөзінің мән-мағынасын анықтайық: «МЕЙРАМ – зат. Салтанатты той-думан, мереке» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. «Ғылым» баспасы, Алматы, 1983, 178 бет). Салтанатты той-думанға көбіне бүкіл халық жаппай қатысады: бұл Тәуелсіздік, Республика, Конституция, Қазақстан халқының бірлігі күндері болып есептеледі. Ал бір ресторанға 500, тіпті мыңнан аса адам сыйды делік, сонда ондағы той-шараны ауыз толтырып мейрам деуге кімнің тілі барады?! «Мейрамхана» (орысшаға аударғанда – Место праздничного торжества) сөзін қолдану – асырасілтеушілік, мақтаншақтық, бөспелік емес пе?! Ресторанды мейрамхана деп атағанда, жалпы халқымыздың жағдайы кереметтей жақсарып, абыройымыз әлем таңдай қағатындай дәрежеге жете ме?! Сонда ойымыз шамалы болып, жөнсіз тойларымыз бағалы болғаны ма? Жоқ, әрине! Бұл үрдіс жөн-жосықсыз тойқұмарлықты айқындап тұр. «Оян, қазақ!» – деп атойлаймыз. Дұрыс дерлік. Қалың жұрт оянғаннан кейін не істеуі керек? Ойлану керек! Ойлану – терең пайымды, мәдениетті азаматтарымыздың басты парызы!
Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» мақаласында былай жазған болатын: «Өкінішке қарай, Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ!».
Ұлы Абай өлеңдерінің бірінде:
«Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал таппаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт,
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған», – деп бекерге айтпаған.
Ақын «бұлғақтаған» деген сөзбен ойсыз пенделердің жалқаулыққа салынып, той-томалақ, ойын-сауық, арзан күлкі іздеп, мәнсіз қиқалақтауға берілгендіктерін көрсеткен. Абай өз шығармаларында қай замандарда болмасын білімсіздікпен, надандықпен, жалқаулықпен, сөзуарлықпен, мақтаншақтықпен, еңбексіздікпен және адам баласының бойындағы т.б. кемістіктермен күресуге шақырады. Мысалы, мынадай диалог ауызекі жиі қайталанып жүр. Бір пенде екіншіге көз жасын көл қылып:
– Әкем өмірден озып, аруағына арнап ас бергелі жатырмын, соған қатысуларыңызды өтінемін, – дейді ол қалың жұртқа.
– Қайда өтетін еді?
– «Пәленше» мейрамханасында. Сонда пенденің басына түскен ауыр қайғысы «мейрамханада» атала ма?! Ұят та масқара! Ұлы Абай:
«Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма.
Пайданы көрсең, бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма», – деп, терең ойларын ашық сыр етіп, жұртқа ұсынған. Мұның біздің тақырыбымызға қатысы қандай? Қатысы тікелей. Ұлы Абай біздің ұрпаққа: бітірмеген ісіңнің атымен емес, керісінше, тек халықтың игілігі мен пайдасына жарайтын елеулі, комақты да көлемді ісіңмен іштей ғана мақтан деп тұр. Мақтанышыңды сыртыңа білдірме, ел мадақтасын, халық мақтасын, жұрт қолдасын…
Дүние жүзінің барлық дерлік елдері мен мекендерінің бәрінде де бір-ақ атаумен аталатын ресторанды жөнсіз де мақтана «мейрамхана» деп ана тілімізге аударғанда, аяқ асты беделіміз көтеріліп, абыройымыз өспейді. Өкінішпен атап өтетін бір жайт – сол қазақша «мейрамхана» деп аталған қымбат та әрқилы әшекейленген дәм түрлері мен сусын ұсынатын орындардың біреуінде де бірыңғай ұлттық тағамдар дайындалып, ұсынылмайды. Сонда несіне мақтанамыз? Аты бар да, заты жоқ «мейрамханаларға» ма? Мақтанатын ештеңе жоқ… Ұяламын да қынжыламын.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні – қалалар мен ауылдарымызда «ресторан» деп аталатын орындарды «мейрамхана» деп жөнсіз атаудан бас тарту керек. Ресторан – ресторан қалпында аталып, бұрынғы мағынасында түсініліп, жазылып, қолданылғаны дұрыс. Мысалы, «Республика, Конституция» деген ардақты түсінік-сөздер кірме болса да, қазақ тіліне аударылған жоқ қой! Қалалар мен ауылдардың билік ұйымдары ресторандардың маңдайшаларындағы «мейрамхана» деген жазуларды алғызып тастап, келешекте оны қайталауға жол бермеуі керек!
Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ, заңгер-құқықтанушы, публицист