РЫСҚАЛИЕВ кімнің жолын КЕСІП КЕТТІ?

Тәуелсіздік жылдары Атырау өңірінің дамуында айрықша із қалдырған қос тұлға болды: біріншісі – Иманғали Тасмағамбетов – бүгінде үлкен саясаттан аластатылып, елшілік қызметке; екіншісі – Бергей Рысқалиев – қылмыскер атанып, шетел сағалап кетуге мәжбүр болды. Алғашқысы – биліктің «атынан түспесе» де, транзиттік кезеңге кесір келтірмесіннің амалымен Ақордадан алшақтатылды; екіншісі – доғарысқа кеткеніне алты жыл болғанда, сырттай соттаудың сойқанына тап болды.

Біздің айтпағымыз екіншісі – Бергей Рысқалиев хақында. Бергейдің басшылыққа келуімен 2006 жылдан облыстың экономикалық өрлеуі басталып, дамудың динамикасы 2013 жылға дейін сақталғанына статистикалық мәліметтер дәлел бола алады. Дамудың бұл деректерін интернеттегі ашық ақпараттан аңғару соншалықты қиын емес.

Сол ресми ақпаратқа ден қойсақ, көрсетілген кезеңде облыс тұрғындарының нақты ақшалай табыстары 14,5 пайызға ұлғайған екен. Атырау облысы 6 жыл қатарынан даму динамикасы бойынша республикалық рейтингте алдыңғы «үштіктен» түспеген. Сол уақыттарда жүргізілген тәуелсіз агенттіктердің сауалнамалары бойынша, жергілікті халықтың 90 пайызы облыс әкімін толық қолдап, сенім білдірген.


Елбасы бұл жұмысты жоғары бағалап, оны бірнеше орденмен, медальдармен марапаттады. Облыстағы құрметті ақсақалдар, оның ішінде академик Муфтах Диаров сияқты ел ағалары Бергейдің бастамасымен салынған бір көпірді (фото) оның атымен атауды да ұсынған болатын. Ол бірнеше рет облыстың «Құрметті азаматы» атағына ұсынылды, ал индерлік беделді ақсақал, Социалистік Еңбек Ері Дәулетқалиев Сақан оған «Еңбек Ері» атағын беру жөнінде бастама көтергені де атыраулықтардың есінде. Бірақ Бергей осының бәрінен бас тартып, тіпті мұндай сөзді көтеруге тыйым салып, «барлық атқарылған жұмыстар елбасы – президентінің арқасында атқарылып жатыр» дегені де есте.

Міне, сөйткен – елбасысына адал қызмет қылған азамат бүгінде жемқорлық айыппен сотқа тартылғанын баспасөзден оқып жатырмыз. Осы соттың әділеттігі қандай болмақ? Бергей жемқор ма еді, елқор ма еді?

Рас, ел ішінде әкімді мақтау қажет емес, барлық іс мемлекеттің қаржысына атқарылып жатқан жоқ па деген пікір бар. Иә, барлығы бюджет қаржысына салынды, бірақ қаржы табу, әр жобаның толықтай іске қосылып, жұмыс істеуі үшін, сан саладағы барлық жұмысты ұйымдастыру, табандылық пен темірдей тәртіп қажет. Бұл оңай шаруа емес, оның бар салмағы бірінші кезекте облыс әкіміне түседі, жақсылыққа да, жамандыққа да бірінші басшы жауапты болады. Ең бастысы – осы орасан зор жұмыстарды облыста Бергейге дейін де, одан кейін де ешкім атқара алмағанын атыраулықтар жақсы біледі.

Қазір облыс бюджеті сол жылдардан еш кеміген жоқ, бірақ жұмыс қайда? Облыс әкімінің аппараты ұлғаймаса, ол да кеміген жоқ – нәтиже қайда?

Оның әкімдік қызметі бүкіл әлемді шарпыған дағдарыстың салдарына, қаржылық қыспаққа, республикалық бюджет көптеген жобаларды қаржыландыруды қысқартып жатқан кезеңге тап келді. Десе де, Рысқалиев облыстың ішкі резервін пайдаланып, басқа да игерусіз, ескерусіз жатқан салық көздерін тәртіпке келтіріп, салық салу базасын кеңейту арқылы жергілікті бюджетке түсетін табысты еселеп молайтты. Алғашқы кезден-ақ өңірдегі ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынас пен сенімді әріптестікте жұмыс жасай отырып, бүкіл атқарушы органдарды бір мақсатқа жұмылдыру арқылы облыс бюджетін 50 пайызға ұлғайтты. Одан әрі жыл сайын бюджет көлемін 10-15 пайызға арттырып, үкіметтен жергілікті жердегі осы табысты республикалық бюджетке алып кетпеуіне қол жеткізді. Міне, осылайша күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан облыс бюджетінің іргетасы нық қаланды.

Аз уақытта облыста бірнеше онжылдықтардың үлесіндегі тарихи ауқымды орасан зор жұмыстар атқарылды. Әрине, осынша мың сан-сапат істің арасында қателіктер, кемшіліктер кетуі мүмкін. Бірақ бүкіл қолға алынған жобаның бәрі дер кезінде іске асып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Жаңылысу кім-кімге де тән және қателік – жұмыс жасамай, қол қусырып отырған адамда ғана болмайды.

Қазір биліктік баспасөз «экс-әкім нысандардың бағасын еселеп өсірген, өте қымбатқа бағаланған» деп жазылып жатыр. Бірақ бұл шындыққа сай емес. Мектептер, емханалар және балалар бақшасы – бәрі үкімет ұсынған бір типті жобалар. Одан басқа салынған әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылымдарды (газ құбырлары, су желілері, жолдар, тағы басқалар) Астана, Алматы, Маңғыстау сияқты басқа өңірлермен салыстырып қарауға болады.

Зер салып қарасақ, шетелдік немесе ұлттық компаниялар салған тап осындай жобалардың құны бірнеше есе жоғары. Мысалы, Атырау қаласы «Авангард» ықшам ауданындағы №3 мектепті күрделі жөндеуге шетелдік компания 950 миллион теңге жұмсады, ал осы қаржыға облыстық бюджет екі мектеп салды. Тап осындай жағдай басқа да жобалар бойынша орын алған, оны анықтап, шығындарды салыстыру қиын емес. Облыстық бюджет есебінен салынған барлық ірі нысандардың жобалау-сметалық құжаттарын республикалық мемлекеттік сараптама бекітіп, рұқсат берген және шағын жобалар олардың келісімі бойынша жүргізілген. Сонда ол «жемқорлыққа» жалғыз Бергей жауапты болуы керек пе?

Арада 6 жыл өткенде пайда болған «Бергейдің ісі» бойынша тергеуде болған куәгерлердің пікіріне қарағанда, Атыраудағы «Алмагүл» ықшам ауданынан (фото) «ши шығару» науқаны қатты жүргізілген екен. Бұл жерде ескеретін жәйт: бұл ықшам аудандардың жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай өте аз уақытта, жылдам салынғанын жұрттың бәрі біледі және оның тұрмыстық сапасын элиталық үйлермен салыстыру мүмкін емес. Сонымен бірге бұл үйлердің бәрі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша және үкіметтің белгілеген бағасымен – әр шаршы метрі 56,515 теңгеге ($365) салынған. Шаршысы 365 долларлық элиталық үй қай өңірде, қай қалада бар екен?

Оның үстіне Атырауда құрылыс салу басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат болғаны кеңестік кезеңнен-ақ баршаға аян. Себебі жергілікті жерде инерттік құрылыс материалдары (қиыршық, құм, цемент, кірпіш, т.б.) жоқ. Осындай кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан, құрылысшылар бөлінген қаржыны жеткізіп, тұрғын үйлерді уақытында аяқтап, құрылыс сапасы тиісті талаптарға сай жасалды және бұл үйлерді бизнес санатындағы қымбат үйлермен салыстыру мүлде мүмкін емес. Бүгінде бұл үйлердегі бірде-бір пәтер бос тұрған жоқ, ондаған жылдар күткен барлық тұрғындар қолдары жеткенге риза болып, сәнді тұрмыс кешіп жатқандарына ешкімнің таласы болмас.



Айта кету керек, облыстағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жобаларының құрылысын қабылдау кезінде әртүрлі деңгейдегі тексерулер болып, құны мен жұмыс сапасына ешқандай айтарлықтай кемшілік болмаған еді. Бергейдің кезінде сапасы нашар деп Атырауда бірде-бір нысан қабылдаудан өтпей қалмаған-ды. Енді 6 жылдан кейінгі кемшіліктің кебі қайдан шықты? Қарапайым халықтың қуанышына салынған бұл нысандарды бір сәтте іске алғысыз етіп, арыз-шағым жазып, қудалау қандай қажеттіліктен туды? Атыраулық ел-жұрттың көкейінде осы сұрақ – неге осының бәрі арада біраз уақыт өтіп кеткенде көтеріліп жатыр?

Бұл сұраққа орыстың ақыны Маяковскийдің: «Если звезды загораются, значит, это кому-нибудь нужно» деген сөзімен аудармасыз-ақ жауап беруге болады. Анық ақиқаты сол – Бергей Рысқалиевті «жазықты қылудың» амал-айласы мақсатты түрде, жекелеген тұлғалардың арнайы тапсырыстарымен жасалып отыр. Және осының барлығын әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары отқа май құйғандай өршітіп, әсірелеп, өтірік-өсекті қаулатып тарату үстінде. Басты мақсаттары – бұрынғы әкімнің халыққа жасаған осы мын сан игілікті ісін жоққа шығару, қаралау, жалған жала тағу.

Бірақ «маймылдың машақаты» сияқты осындай «күйе жағудың» арғы саясаты қандай? Арада алты жыл өткенде қолға «май шам алып», экс-әкімнің әрбір ізін қазбалаудың түпкі мақсаты не? Бұл әзірге ел-жұртқа беймағлұм сұрақтар.

Талғат ҚҰРАМЫСОВ,
тәуелсіз журналист

Республиканский еженедельник онлайн