Воскресенье , 20 апреля 2025

САЙЛАУ ӘДІЛ ӨТУІ ҮШІН дауыс беру тетігін жетілдіру керек

Қоғамдағы демократиялық процестердің даму деңгейін аңғартатын белгілердің бірі – халықтық сайлау. Өйткені өркениетті елдердің қалыптасқан тәжірибесі мен тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясы бойынша, сайлауға қатысу – әр азаматтың өз еркін, қоғамдық позициясын білдіреді. Мемлекеттік биліктің сайланбалы органдарына дауыс берудің жасырын түрде өткізілетіні сондықтан.

Бірақ демократиялық принцип бойынша әр адамның дауыс беру құқығына ешқандай қол сұғуға, сайлау бюллетеньдерін есептеуде бұрмалаушылыққа жол беруге болмайды. Жеке азамат ретінде менің берген дауысым ешқандай жағдайда өзгермеуге тиіс. Оған жауапты адамдардың қол сұғуы – мемлекеттік қылмыс.

Егер Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшелерін, оның төрағасын ел президенті өзінің жарлығымен тағайындайтын болса және сайлауға дауыс беру тәсілі өзгерместен, Сталиннің заманынан бері жалғасып, ол айтқандай, «мәселе сайлауда кімге қанша дауыс бергенінде емес, мәселе дауысты қалай санауда» деген қитұрқы жолмен жүріп келе жатқанымыз 1991 жылғы президент сайлауынан бері мәлім. Сол кезеңдегі президенттікке үміткер кандидаттардың ішінде Назарбаевқа дауыс бермейтін электораттың көпшілігі оппозицияның жағында болатынына қарамастан, ОСК дауыс берудің қортындысын шығарғанда, Н.Назарбаевтың 93,75% дауыспен «жеңіп шыққанын» жария етті.

Бұған көпшілік қауым арасында зор наразылық көрсетіліп, бірнеше толқулар болды. Сайлаудың дауыс беру процесінде көптеген заң бұзушылықтарға куә болған тәуелсіз бақылаушылардың, қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, топ-топ адамдар бір сайлау учаскесінен екіншісіне автобустармен тасымалданып, олардың бірнеше қайтара дауыс беріп жүрген фактілерін суретке түсіріп, құзырлы органдарға, соттарға шағымданса да, одан ештеңе шығара алмаған болатын.

Сөйте тұра, ОСК төрайымы З.Балиева: «Жұрт сайлауды дұрыс өтпеді, заң бұзушылықтар болды, дауыс бюллетеньдері дұрыс саналмады, т.т. деп жатыр. Бірақ солардың біреуі де сотта дәлелденбеді. Сондықтан босқа даурығудың керегі жоқ», – деп жалтарған болатын.

Өйткені бұл сайлау жүйесі диктаторлардың билік басында ұзақ отыруына қолайлы болатын. Сайлаушы өз бюллетенін урнаға тастағаннан кейін – іс бітті: ары қарай санаушылар, бақылаушылар қарап тұрса да, халықты алдау процесі басталады. Егер де сайлаушы мен оның урнаға салған бюллетенінің кері байланысы болса, онда дауыстың бұрмаланбағанының, бұзылмағанын өзі тексеріп те, керек болса, сотта дәлелдеп те берер еді.

Бұл – сол кезеңнен бастап-ақ биліктің авторитарлық жүйеге ауып, халықты конституциялық құқынан айыратын, қылмысқа тең әрекеттерді заңдастыра бастағаны еді. Бұл – қолданыста болып келген кеңестер жүйесінен айырылмаудың амалы еді.

Сондықтан мен бұндай жасанды жалған сайлау жүйесіне тосқауыл қою мақсатында, сайлауда дауыс беру механизмін түбегейлі өзгерту арқылы әрбір азаматтың сайлаудағы ерік-жігері бұрмаланбай, таза, ашық өтетініне кепіл бола алатын, сайлаушылардың дауыс берген бюллетені өзіне кері байланысын жоғалтпайтын, сол арқылы даусының бұрмаланбағанын тексеріп, сотта дәлелдей алатын дауыс берудің жаңа тетігін ойлап таптым. Оны Алматы қаласы Қазақстан авторлар қоғамында санаткерлік меншік нысаны ретінде тіркетіп, куәлік алдым (№19. 03.12.2000 ж.).

Осы бастаманы ашық хат ретінде ҚР парламентінің мәжілісіне және ҚР Орталық сайлау комиссиясына да жібергенмін. Оған парламент мәжілісінен «сіздің осы айтылған заңға байланысты ұсыныстарыңызды парламент мәжілісі депутаттарының назарына ұсынып, осы заң жобасын талқылау барысында ескеретін боламыз» деген жауап алдым (№5-15/1345 09.04.1998 ж.). Одан кейін парламент үн-түнсіз қалды.

Ал ОСК өз жауабында «сайлау барысында бюллетеньдерге серия қою және нөмірлеу – дауыс берудің жасырын өтуін бұзады, … сайлау учаскелеріне белгіленген мөлшермен серия және нөмір қойылған бюллетеньдер жіберу сайлаушыларға күдік тудыруы мүмкін» деген жауап (№цик15-6/192 09.04.1998 ж.) келді.

Бірақ президент менің жіберген ұсынысыма жауап қатпады. Көтеріліп отырған мәселені көпшілік сайлаушылар пікір таразысына салып, ой елегінен өткізіп, алда өтетін президент сайлауынан үміткер саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың пікірлерімен бөлісу үшін, «Егеменді Қазақстан» газетіне жіберген материалым басылмады (10.01.1999 ж). Алайда «Қазақ әдебиеті» және «ХХІ век» газеттерінде жарық көрді. Бұнымен қатар көптеген азаматтар мен қоғамдық ұйым, оппозициялық партия өкілдері телефон арқылы және хат жазып, құптап, өздерінің қолдайтындарын білдірді.

Онсыз да тақ үстінде үрейде отырған Ақорда билігі сайлау принципіне енгізілетін бастамадан өлердей қорықты. Өйткені биліктің барлық деңгейіне халықтың еркін, таза сайлауы арқылы барып, жұмыс атқаратын тәртіп орнайтын болса, онда Назарбаевтың командасына Ақорданың есігі жабылатынын білді. Бұған билік барлық айла-әрекетін қолданып, болдырмаудың амалын жасады.

Ақырында биліктің ережесімен өткен үшінші президенттік сайлауда (2005 ж. – 91,05%), төртіншісінде (2011 ж. – 95,5%) және бесінші сайлауда (2015 ж. – 97,7%) Назарбаевтың «басым дауыспен жеңіске жетуі» қамтамасыз етілді. Бұны кезінде белгілі жазушы-публицист Герольд Бельгер «сплошной керемет» деп бағалаған еді.

Осылайша, 30 жыл бойы «сплошной кереметтің» арқасында Қазақстан билігі кеңес үкіметінен қалған байлықты талан-таражға салды. Кәсіпорындардың қондырғы жабдықтары бөлшектеніп, ауыл шаруашылығындағы құрал-саймандар мен техникалар да металл сынықтары ретінде Қытайға сатылып кетті. Өндіріс тоқтап, жұмыссыз қалған халық ауылдық жердегі 2600 елді мекендерін тастап, 3,5 млн адам ішкі босқынға айналып, ірі-ірі қалалардың айналасына келіп, лашықтар салып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Халықтың маңдай терімен, табан етімен тұрғызылған ірі өндірістік кәсіпорындар мен кен орындары А.Машкеевич, П.Шодиев, А.Ибрагимов, В.Те, В.Ким, т.т. сияқтылардың меншігіне берілді де, жергілікті халыққа ештеңе қалмады.

Осындай әділетсіздіктің, опасыз басшылықтың салдарынан елімізде ауыл шаруашылығы терең күйзеліске тап болды. 1990 жылы агроөндіріс саласы жалпы ішкі өнімнің 44%-ын берсе, бүгінгісі – 5% ғана. Ал кейбір көрсеткіштер 100–1000 есеге дейін кеміген. Мысалы, құрама қоспа жем шығару өндірісі бұрын 4 млн тонна болса, қазіргісі 4 мың тонна ғана. 1000 есе кеміген. Онсыз ет өндіру қайтіп дамысын?

Бүгінде азық-түлік өнімдерінің 90%-ын сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Егемендікке дейін миллиард пұттап астық жинаған, 1,5 млн тонна ет өндірген, 107 мың тонна жүн қырыққан, т.т. жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазақстан тақыр кедейлікке тап болды.

АҚШ 1 гектар жердің күтіміне – доллар, Финляндия – 500 евро, Евроодақта – 855 евро салса, Қазақстандағы көрсеткіш – 7 доллар ғана. Жерге 157 есе кем қаржы салып, оны деградациядан, дегумиссизациядан қалайша сақтап қалуға болады? Ал қазақ халқының 60–70 пайызы сол кезде ауылды жерлерді мекен еткен еді. Бұл – ұлтқа жасалып жатқан қастандыққа тең қылмыс емес пе?

Ал біздегі билік осынша табиғи байлықтардан түсетін миллиардтаған қаржыны қайда жұмсап жатқанынан халық хабарсыз. Елімізде жұмысқа жарамды 9 млн адамның 3 миллионы ғана зейнетақы қорына тұрақты қаржы аударады. Қалалық жерде жұмыссыздық 50 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 70 пайызға дейін өсті. Солардың ішінде 3 млн «өзін-өзі асыраушылар» санатына жатқызылған, 355 983 адам баспанасыз, 152 307 адам әлеуметтік әлсіздер қатарында. Елімізде 1 млн-нан астам балалар не әкесіз, не шешесіз өсуде. 33 мыңы – жетімдер үйінде, 8 мыңы – балалар үйінде, 21 мыңы – патранаттар қамқоршылығында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Қазақстанда 2020 жылға дейін 1,5 млн адам өз-өзіне қол жұмсайтын болады деген дерек айтылады.

Ал туберкулез ауруларына шалдыққандар саны жағынан Қазақстан әлемде бірінші орынға шыққан. Европада 1000 адамның 7-9 ауырса, бізде 150–185-і туберкулезге шалдыққан. Әйел-аналардың 70 пайызы қансыздық, қанның қызыл түйіршігінің аздығынан ауырады. Олардың қатарында 370 мыңдай әйел түсік тастап, 350 мыңдай бала алиментке мұқтаж, 626 мың адам мүгедек. Жылына 6000 адам із-түзсіз жоғалады. 1500 мутант болып туған балаларға берілетін жәрдемақы 30 мың теңгеден ғана.

Түрмелерде 51 843 адам, абақтыларда 8298 адам қамауда отыр. Олардың 3130-ы әйел, 450-і жасөспірімдер. Бұнда ұрып-соғып, қинаудан жылына 268 адам өледі. Оның ішінде 26-сы өз-өзіне қол жұмсайтындар.

Міне, осы мәселенің түйіні – ат төбеліндей топтың билікті жалған сайлау арқылы басып алуында жатыр. Ал сайлауды әділ, ашық және таза өткізудің басты шарты – ҚР сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңнамаларын халықаралық талаптарға сай ету. Ал дауыс беру процесінің механизмдеріне келер болсақ, бірінші кезекте, көптеген шетелдердегі сияқты, электронды дауыс беру жүйесін енгізу қажет еді.

Бірақ біздің билік мұндай мүмкіндік жасаудан қатты қорқады. Ал қағаз бюллетеньдер арқылы қалыптасқан дауыс беру тәртібін әділ өткізу үшін, «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Сайлауда дауыс беру бюллетеньдерін лотерея билеттеріндегі тәрізді сериялап, көп санды нөмірлеп шығару қажет (үлгінің фотокөшірмесіне қараңыз). Серия сайлау округтері мен учаскелерінің атауларына қарап, алғашқы бір, екі бас әріптерімен белгіленсе, нөмірлері рим цифрларымен белгіленеді. Ал бюллетеньдегі нөмірлер әр сайлау участогында сайлаушылар санына жететін етіп, мыңдық, мың жарымдық цифрлармен жазылады. Сайлау күні бюллетеньдер арнайы жәшіктерге картотека тәріздес тігінен орналастырылады. Сайлаушы жәшіктерден бюллетеньнің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң, өзінің таңдауын жасайды да, бюллетень нөмірін, сериясын жазып алады. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осылайша сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген даусын бұрмалауға жол бермейді.

Сайлау уақыты біткеннен кейін, сайлау комиссиясы әр партиялардың өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетеньдердің нөмірлері мен жалпы есеп санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді. Және сол жерде өртеп жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылар алдында ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньдерді әрбір кандидаттың үлесіне түскен нөмірлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғандығын хаттамаға түсіреді. Одан әрі округтік комиссияға, олар Орталық сайлау комиссиясына арнайы почтамен жібереді. Және ертеңіне шығатын жергілікті газеттерге, электронды ақпарат құралдарына жариялау үшін хаттаманың бір данасын жібереді. Бұдан кейін әрбір БАҚ-ның жариялаған мағлұматтары арқылы сайлаушы өзінің кешегі дауыс берген бюллетеньдегі нөмірін, өзі таңдаған кандидаттың үлесіне жазылғанына көз жеткізеді.

Егер өзі дауыс берген бюллетень нөмірі басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады. Және сот алдында өзі дауыс берген бюллетень нөмірін айтып қана қоймай, бюллетеньнің екінші бетіне салып жіберген белгісін көрсетсе (таңба ретінде немесе алты, жеті цифр ретінде), толық дәлелдей алады.

Бұл пікірімнің төрешілігін, құрметті оқырман қауым, сіздерден күтемін. Сіздердің қосып, түзететін пікірлеріңіз газет беттерінде зиялы азаматтарымыздың ой елегінен өтіп, шешімін тауып жатса, онда бәріміздің де осы тіршілік етіп отырған қоғамымызды жақсартуға қосқан үлесіміз болғаны.

Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ,

қоғам зерттеушісі, Қазақстанға

ерекше еңбегі сіңген зейнеткер

Алматы қаласы

Республиканский еженедельник онлайн