Четверг , 10 апреля 2025

САЙҚЫМАЗАҚ САЙЛАУДАН ҚАЗАҚ ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ?

Сағындық ЖҮРСІМБАЕВ,

ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1994-95), заң ғылымдарының докторы, профессор

Президенттік сайлау науқаны да өз мәресіне жетіп қалды. Бұл сайлаудағы басты үміткер тұлға Қасым-Жомарт Токаев – қазіргі мемлекет басшысы, үлкен лауазымдардың баспалдағынан өткен, тәжірибесі мол, халықаралық қауымдастық мойындаған белгілі дипломат. Билік партиялары мен қоғамдық ұйымдар, мәдени қайраткерлер мен кәсіпкерлер халықтық коалиция құрып, оны аса белсенділікпен жұмыла қолдап жатыр. Әрине, халық оның 75%-ға жуық дауыс алып, сайлауда жеңетінін біледі.

Басқа елдерде енді кім ел басқарар екен дегенге дау-дамай болса, біздің билік қазақтың көнгіш, қойдан жуас екенін біліп, өзіне ыңғайлап, қажетті заңды ертеде қабылдап қойған. Екінші тур – қайта дауыс беру деген бізде болмайды. Америкада 2000 жылғы президенттік сайлауда Джордж Буш пен Альберт Гор тең түсіп, Флорида штатында дауыстарды қайта санап, соңынан АҚШ-тың Жоғарғы соты 5-4 дауыспен ғана соңғы шешімді қабылдаған. Жақында Бразилиядағы президенттік сайлаудың екінші турында Луис да Силва мемлекет басшысы Джаир Болсонародан 0,9% қана артық дауыс алып, жеңіске жетті.

Бұрынғы президент бұл мәселені ертеректе пысықтап, алдын ала ойластырып қойған. Сайлауға беделді, өзіндік ұстанымы бар, билікке қарсы шығатын үміткер болмайтындай етіп, бірнеше кедергілер жасалған. Көп мемлекеттерде сайлау шегі (ценз) бар, бірақ та өркениетті елдерде ол кемсітушілік сипатта болмайтындай, азаматтың құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергі келтірмейтіндей етіп белгіленген.

Қазақстанда президентке үміткер соңғы 15 жылда елімізде тұрған болуы, мемлекеттік қызметте кемінде 5 жылдық тәжірибесі болуы және қазақ тілін жете меңгерген болуы тиіс. Оны тек саяси партиялар немесе республикалық қоғамдық бірлестіктер қолдамаса, ол сайлауға өзін-өзі ұсына алмайды. Кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен екісін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызы қолдауға тиіс. Оның үстіне сайлауды кезектен тыс өткізу, басқа үміткерлерге дайындалуға мүмкіндік бермеу әдісі бізде бұрыннан үрдіске айналған. Сол себептен егер билік қолдамаса, үміткер болу өте қиын.

Мұндай шектеуге халықтың қарсылығы бұрыннан белгілі. Себебі көп мамандар шетелде қызмет істеп, білімі мен тәжірибесін шыңдауда. Елімізде не болып жатқанын күнделікті интернеттен, туыстары мен жолдастарынан біледі. Егер бұл қызметке зиянды болса, шетелде тұрып келген, білім алғандар министр не үлкен кәсіпорынның басшысы болып тағайындалмас еді. Ал кәсіпкерге мемлекеттік қызметте істеген еңбек өтілі қажет те емес. Ол өз жұмысын жете меңгеріп, халықты қиыншылықтан шығарудың жолын біліп, елге басшылық жасауға лайықты болса, неге оны шектеу қажет? Үміткер мемлекет тілінде сөйлесе алса, халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін сыйласа, филолог деңгейінде білімді болуы да керек емес. Президенттік қызметтің міндеті кең, өте ауқымды екені белгілі. Онда неге үміткерден халықаралық саясат, экономика, заң мен мәдениет салаларынан емтихан алмайды? Сондықтан билік үміткерге негізсіз кедергі жасамай, сайлаушының кімге дауыс беру шешімін өзіне қалдыруын халық әділетті деп біледі.

Бірінші президент елде тапжылмай тұрып, мемлекеттің нешетүрлі қызметін істеп, қазақ тілін жақсы меңгеріп, көп әйелдердің көңілінен шыға білді, бірақ одан не пайда болды? Оның 30 жыл авторитарлық жүйесінде билікті кілең алаяқ пен тойымсыз жемқорлар басқарғанда, неге жеттік?

Міне, содан Қазақстанның 2022 жылғы 1 қаңтардағы сыртқы борышының көлемі 165,1 млрд долларға жетті. Ұлттық валютамыз – теңге долларға баламаланғанда 100%-ға жуық құнсызданды. Экономикамыз Ресейге толықтай тәуелді болды. Мақтаншақтық пен даңғойлық етімізге сіңіп, уәдеде тұрмау, тек пайданы ойлау үйреншікті жағдайға айналып, қонақжайлылық пен ысырапшылдықтың шекарасын аңғармайтын болдық. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі аспандап, көп кәсіпорындар, жайылымдық жерлер, оқу орындары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қазба байлығымыз, мемлекет мүлкі талан-таражға түсті. Тек Қайрат Сатыбалдыұлынан 230 млн доллардан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар тәркіленді. Оның шетелдегі активтері 300 млн долларға бағалануда. Бірінші президенттің басқа да туыстары мен жақындарын осындай белсенділікпен тексерсе, елімізге қыруар қаржы қайтарылар еді.

Халық күнделікті тамаққа, көпшілік – баспанаға, студенттер жатаққанаға зәру болып жүргенде, Астанада көлемі 68 мың шаршы метр болатын, әлемдегі ондыққа енетін ең үлкен мешіт қыруар ақшаға салынды. Сонда оған барып, құдайға құлшылық еткендер пейіштің төрінде отырады да, ал ауылдағы кішкене мешітке барғандар дәлізде қала ма? Енді кешегі «нұротандықтар» елордадағы зәулім діни ғимаратқа тұңғыш президенттің атын беруді сұрайтын болды.

Халықтың жағдайы ескерілмей, ЭКСПО-ға 2,1 млрд доллар (ресми), Қысқы Азия ойындарына 1,65 млрд доллар жұмсалды. Ал LRT жобасының құны 1,3 млрд долларды ысырап етіп, енді оны аяқтауға тағы 1 млрд доллардай қаражат ізделуде. Қарызға белшесінен батқан үкімет енді кезекті төлемін қайтару үшін, жақында Дүниежүзілік банктен 345,7 млн евро қарыз алды. Шер-аға Мұртаза айтқандай, «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз».

«Қайрат Сатыбалдыұлынан 230 млн доллардан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар тәркіленді. Оның шетелдегі активтері 300 млн долларға бағалануда. Бірінші президенттің басқа да туыстары мен жақындарын осындай белсенділікпен тексерсе, елімізге қыруар қаржы қайтарылар еді.

Қорытындылай келгенде, халыққа мемлекет басшысының тілді жете білгендігі, не мемлекеттік қызметте істегені немесе нағыз қазақ болғандығы аса қажет емес. Президент халық қамын өз жеке басынан жоғары қоятын, ар-ұятын өте биікте ұстайтын, көкірегі ояу, қолы таза, жемкорлыққа жол бермейтін, көпшілікке бас болып, мемлекет саясатын ақылдылықпен шешетін азамат болуы керек.

1810 жылы Швецияның королі Карл XIII баласыз болғандықтан, басқа елдің азаматы, француз маршалы Жан Бернадотты таққа отырғызып, Швеция мен Норвегияның королі еткен. Ол Карл XIV Юхан деген атпен Швеция үшін 25 жылдан астам таза қызмет жасап, оның экономикасының қарқынды өсуіне аянбай еңбек етті. Карл Маннергейм голландиялық швед болса да, Финляндия халқына ең қиын заманда үлкен абыроймен басшылық жасап, тарихта қалды.

Жақында ғана 60 млн астам халқы бар Ұлыбритания 42 жасар Риши Сунакты ұлты индус болса да, өзінің премьер-министрі етіп тағайындап, елдің барлық ішкі мен сыртқы саясатын жүргізуді сеніп тапсырды. Сол себептен Конституциямыздағы заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, ешкімді тегіне, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне немесе өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды деген бапты ескеріп, негізсіз шектеулерді алып тастау керек. Елге кім басшы болу керек екенін әділ сайлаушылар өздері шеше алады.

Ал енді, міне, Орталық сайлау комиссиясы осы орынсыз кедергілерден мемлекет президенті түгілі, тіпті аудан басшысы болуға лайық емес үміткерлерді тіркеді. Көпшілік олардың мәдени деңгейінің төмендігіне таңдана қарайды. Дені сау, кішкене ар-ұяты бар, зейнеткер жасындағы адам консерваторияға құжат тапсырып, композитор болам деп таласпайды ғой! Осы уақытқа дейін облысты, не өндіріс саласын басқарып, өз тәжрибесін көрсетіп, қоғамда белсенділігімен, ақылды ой-пікірімен танымал болып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканың өсуіне бағытталған ұсыныстарымен белгілі болса, онда түсінуге болар еді. Ең қиыны – халық осындай қуыршақ сайлауға, театрландырылған қойылымға еті үйреніп кетті, әсіресе өсіп келе жатқан жастардан, шетелдік бақылаушылардан ұят болды.

Осындайда елдің танымал, беделді азаматтары, зиялы қауымымыз қайда деген ой туады. Ел ағалары биліктің 30 жылғы сайқал саясатын, Ата заңымызды ойыншыққа айналдырғанын, жемқорлықтың ерекше етек алғанын, халықтың қиналғанын көре тұрып, үнсіз отырып, тек жеке басын, өз күнкөрісін ойлағандары таңқалдырады. Осындай жағдайлардың жиынтығы қаңтарда жастардың көшеге шығуына себепші болды.

Табиғи таланты бар танымал азаматты, егер елге жанашырлығы жоқ, адамгершілік деңгейі мен азаматтық ұстанымы төмен болса, оларды зиялы қауым қатарына қосу қателік болып табылады. Кейбіреулері Жаңаөзенде, Алматыда көп жастардың қыршыннан қиылып, қаза болғандарына, абақтыда жазықсыз отырғандарына жаны ашымай, үнсіз отырып, енді түйені түгімен жұтқан, мәдениеттілігімен көріне алмаған қамаудағы министрлерін қорғаштауда. Санаулы ғана тұлғалы азаматтар болмаса, көбісін зиялы қауымнан зияндыға жатқызған дұрыс. Армандары – орденмен марапатталса, келешекте көшеге аты берілсе, мемлекеттік стипендияның иегері болса. Көп мәдениет қайраткерлері былтыр Тұңғыш президент стипендиясының иегері атанып, енді айына бұрынғы 20-дан 55-ке еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақы алатын болды. Онсыз да үндемейтіндері енді Иван Крыловтың мысал-өлеңіндегі қарғаның күйін ойлап,аузына ілінген ірімшігінен айырылып қалмас үшін, даусын шығармай, тыныш отыратын болды.

Сайлау жүйесінде тағы бір аса көңіл бөлетін мәселе – ол сайлаушылардың дауысын санау. Билік 30 жылда оның әдісін ең жоғарғы деңгейге дейін жеткізіп, өздеріне қажетті пайыз «жинауды» үйреніп алды. Неге Алматыда сайлауға дауыс беру кезінде барушылар аз, ал облыстарда көп болады? Айырмашылығы – Алматыдағы сайлау комиссияларының көп мүшелері әртүрлі аудандарда қызмет істейді, әкімшілікке тәуелді емес. Негізінен дауыс беретіндер – мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен әскердегілер. Ал шалғай аудандарда олар жергілікті әкімшілікке толық тәуелді. Егер аудан әкімі белгілі кандидатқа тиесілі жоғары пайыз жината алмаса, онда ол өз басшыларының теріс тізіміне еніп, жұмыстан кетуіне мәжбүр болады.

Оның үстіне Қазақстанда 10 мыңға жуық сайлау участкелері бар, оның көбісі ауылдық жерлерде. Ал төрағалары мен мүшелері – мектеп пен емхана басшылары, мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлері. Оларға сайлаушылардың келуін қамтамасыз ету қиын емес, себебі балалары оқитын, өзі ем алатын, әртүрлі анықтама құжаттар сұрайтын сайлаушы шақыруға бармаса, келешекте қиындыққа тап болады.

Әкімшіліктер шағын қалалар мен аудан орталықтарында ерекше әдісті де үйреніп алды. Сайлау учаскесіне жауапты қызметкер жақын жерде автокөлігінде отырып, өтіп бара жатқан таныс сайлаушыға: «Әй, Мырқымбай, мыңда кел!» деп шақырады. Үгіт-насихат жұмысынан кейін, алдамас үшін, кандидатқа белгі қойылған бюллетеньді беріп, сайлау кабинасына кірген соң, қойныңнан алып, осыны тастайсың, ал өзің алған таза бюллетеніңді қайтып әкелесің деп тапсырады. Оны орындаған сайлаушы машина ішінде «ақысын» ішіп, дәм татып, риза болып кетеді.

Жұмыскер дауыстың қалай саналатынын, кімнің жеңетінін онсыз да біледі, ал келіспесе, бәрібір өзінің кімге дауыс бергенін дәлелдей алмайды. Шағымдану – бос әурешілік, қайда барса да, бәрі биліктің сарбаздары екенін біледі. Егер тіпті автобус билетінде нөмір болса, саяси маңызы бар құжат саналатын бюллетеньде ондай белгі жоқ, себебі жалған санақты жасыру үшін ол көрсетілмейді. Ал кейде дауыс беру пайызын жоғарылату үшін, бюллетеньдерді бумалап салсаң да, жергілікті лауазымды қызметкерлерге ешкім қарсы шыға алмайды. Билік белсенді сайлау құқығы бар 11 827 277 азаматқа 12 млн астам бюллетень дайындап та қойды.

Сол себептен келешекте бюллетеньдер номерленіп, дауыс берген сайлаушы шағымданса, ол оны тауып, дәлелдей алатын болуы керек, сонда ғана санаушылардың жауапкершілігі артады. Жарияланған шешімнің жалған екенін, комиссиясының экзит-поллдың қорытындысына сілтеме жасағанынан-ақ білуге болады. 10 мыңдай сайлау учаскесі түгілі, үлкен қалада сауалнама жүрізуді қамтамасыз ете алмайтын қоғамдық ұйымның экзит-полл нәтижелеріне сүйену – көзбояушылықтың белгісі. Оларды сайлаудың алдын ала дайындалған нәтижелеріне қосымша дәлел есебінде пайдаланады.

Енді әрбір ақылы бар азамат ретсіз шығынға батыратын осындай сайқымазақ сайлаудан қашан құтыламыз дейді. Меніңше, оның тек екі жолы бар. Біріншісі, Қ.-Ж.Тоқаевтан сайлау жүйесі демократиялық қоғамның негізі екенін, халық дауыс беру арқылы мемлекет басшысы мен заң шығарушы депутаттарды таңдайтынын, оның ең болмаса келешекте әділ болуын талап етуі керек. Егер ол ақылды, әділетті, көреген болса, оны түсінер деп үміттенейік.

Екінші жолы – алдымызда болатын парламенттік сайлауға халықтың қамын шын ойлайтын партиялар мен азаматтарды сайлап, солар арқылы сайлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Алдымыздағы парламенттік сайлауға 70 пайызы партиялық тізімдер арқылы барса, депутаттардың 30 пайызы аумақтан тікелей сайланады. Ал келешекте ол 50 пайыз болуы кажет.

Ең бастысы – идеологиясы бір, тек өтірік үшке бөлініп отырған билік партияларын бюджеттің қаражатын пайдалану артықшылығынан айыру керек. Ол әділеттілік пен нақты бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін аса қажет. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берілмейді, қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей деген Ата заңымыздағы бапты басшылыққа алып, қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға жол берілмейді деген алғашқы референдумда бекітілген Конституцияның 5-бабын қалпына келтіру керек. Партияларды тіркеуге кедергі болмау керек.

Демократиялық, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылу – билікке тек әділ жолмен, тең жарыста жеңгендердің келуін қамтамасыз ететін сайлау жүйесі болуды талап етеді.

  •  

Үміткерлерге СЕНІМ ЖОҚ

Бұл сайлауға президент Тоқаев қайбір жаңалығымен келді? Жаңа Қазақстан құрамын деді. Құр сөзбен үй тұрғызуға болмайды. Сайлаушылар соны ескеруі керек. НӘН-нің тобына ештеңе істей алмайды, оның аты-жөні жер-жерде сайрап тұр. Астанада мешітін салып ол жүр. Керек десе, Тимур Құлыбаевты жаңа мансапқа отырғызды. Өздері Қазақстанда тайраңдап (маған не істей аласың дегендей) жүр. Өздерінің адамын сайлауға кандидат етіп үлгерген де болса керек. Тонаған ақшасы көп қой…

Жазықсыз жандар әлі күнге түрмеде отыр. Тоқаев «анықтаған» 20 мың терроршыны табу үшін, шаш ал десе, бас алатын полицейлер жазықсыз адамдарды ұрып-соғып, үтікпен күйдіріп, «мен – террориспін» дегізіп, әлі қамауда ұстауда.

Сайлауға түсетін үміткерлердің бос сөзі, құрғақ уәдесі мен жазықсыз жандарды босатамын деген құр сөзімен жаңа Қазақстан құруға болмайды. Шетелдерге (Араб Әмірлігі, Америка, Англия, Швейцария, Африка мемлекеттеріне) инвестиция деп тыққан ақшаны қайтарып, Қазақстанның қарызынан құтылып, экономикасы күшті мемлекетке айналдырамын деп уәде беремін деген үміткердің жалаң сөзіне жан баласы сенбейді. «Мен Назарбаев кланынан емеспін», «менің ақшам көп емес» деп, халыққа теледидардан, я халық алдында айтуы керек. Халық осы уәдені күтіп отыр.

Сайлауға санақ жүргізген кезде абай болу керек. Мүдделі кландар сайлаушыға ақшаны көбірек берсе, дауыс берудің нәтижесі де олар үшін соншалықты «жақсы» болады. Бюллетеньдерді күн-түн демей өздері толтырып, кім озуы керек екені сайлаушыға алдын ала айтылып қойылды. Жергілікті бақылаушыларға да ақша болса – болды, «сайлау адал түрде өтті» деп шыға келеді.

Убайдулла ФАЙЗУЛЛАЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн