Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Салық кодексінің жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланды. Осы орайда төменде маңызды мәселелер қозғаған екі баяндаманы қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Қаралып отырған заң жобалары Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2024 жылғы 29 тамызда енгізілді. Заң жобаларының негізгі мақсаттары, міндеттері мен тұжырымдамалық тұстары туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өз баяндамасында егжей-тегжейлі баяндап берді.
Мен Мәжіліс қабырғасында осы заң жобалары бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтейін.
2024 жылғы қыркүйек айында Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары, заң жобаларының бастамашылары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, сарапшылар мен мамандар өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрды. 350-ден астам адам отырысқа қатысатыны туралы ынта білдіріп, қазіргі уақытта әр жұмыс тобының отырыстарына қатысушылардың саны 150–230 адамды құрайды.
Жұмыс тобының 35 отырысы, оның ішінде 8 тақырыптық отырыс өтті. Мемлекеттік кірістер комитетінде бір көшпелі отырыс болды. Мүдделі мемлекеттік органдардың, Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ сарапшылардың қатысуымен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді.
Бүгінгі таңда жұмыс тобының қарауына екі жоба бойынша 850-ден астам түзету келіп түсті. Олардың ішінде депутаттардың түзетулерінің жартысына жуығы Үкіметке жіберілді, өйткені олар тұжырымдамалық сипатқа ие және шығын талап етеді. Барлық түзетулер жұмыс тобының отырыстарында белсенді талқыланды.
Оларға жеке тоқталған артық болар, бүгін депутаттардың сұрақтарында және мемлекет органдарының өкілдерінің жауаптарында олар жайлы толық айтылды.
2025 жылғы 20 ақпанда Үкімет Мәжілістің қарауына Қосылған құн салығы (НДС) бойынша міндетті тіркеу есебіне қою үшін шекті төмендетуді, жекелеген салалар үшін төмендетілген мөлшерлемелерді белгілей отырып, Қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12-ден 16%-ға дейін арттыруды көздейтін жаңа ұсыныстар енгізді.
Ағымдағы жылғы 27 ақпанда аталған жаңа бастамалар Мәжіліс депутаттарының, салалық мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің, сондай-ақ сарапшы экономистердің қатысуымен өткен дөңгелек үстел шеңберінде Қаржы және бюджет комитетінде талқыланды.
Жұмыс тобының барлық мүшелерімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде сарапшылар, бизнес өкілдері және заң жобаларының бастамашыларымен бірлесіп, біз қоғамда ең қызу пікірталас тудыратын келесі мәселелер бойынша ортақ шешімдерге қол жеткіздік. Олар:
Біріншіден – Қосымша құн салығы 16 %-ға тең болады.
Екінші – Қосымша құн салығының шегі 40 миллион теңге болып белгіленді.
Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару, археология Қосымша құн салығынан толығымен босатылды.
Төртіншіден, Үкімет Қосымша құн салығынан босатылатын дәрілік заттардың әлеуметтік тізімін анықтайды. Тек ақылы медициналық қызметтерге Қосымша құн салығы салынады. Қосымша құн салығы мөлшерлемесі 10 % болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік салық кезең-кезеңімен бірнеше жылда енгізіледі.
Бесіншіден, арнаулы салық режимінде рұқсат емес, тыйым салулар тізбесі енгізіледі.
Тыйым салынбағанның барлығына рұқсат етіледі.
Алтыншыдан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолданыстағы салық режимі сақталады. Яғни, минус 70 % жәрдемақы қалады.
Жетіншіден, өңдеу өнеркәсібіне қазіргі режимдегідей 20 пайыздық Корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі бойынша салық салынады. Ешқандай салық жеңілдігі болмайды.
Айта кету керек, бізде жұмыс тобында депутаттардың әлі де белсенді түрде талқыланып жатқан біраз ұсыныстары бар, екінші оқылымға дейін олар бойынша да келісілген шешімдер табамыз деп үміттенеміз. Қазіргі уақытта депутаттардың барлық ұсыныстарын пысықтау жалғасуда.
Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, Салық кодексін талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі