САТҚЫНДАР саудаға салған ҚАЗАҚ ЖЕРІ

  • «ДАТ»-тың 27 тамыз (2020 ж.) күнгі санынан «Что мы не знаем о Димаш-аға» деген мақаланы оқығанда, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандарын – жалпы аумағы үш миллион елу мың гектар жерді Өзбек ССР-не беру туралы 1963 жылғы 26 ақпанда Қазақ радиосы арқылы елге жария болған Жарлығы ойға оралды.

Сол құжаттың Қазақстан жағынан бастамашысы Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Исмаил Юсупов тұрғанын жұрттың бәрі білген. Жергілікті өңірден оны Егемқұл Тасанбаев, Сәрсенбай Есімов сияқты дөкейлердің «қызу» қолдағанын газеттер жариялап жатты. Кедей шаруа жазушысы Сәбит Мұқановтың қуана қолдаған сөздері радиодан жаңғырды. Сол кездері облыстық деңгейдегі басшылардан А.Морозов, Б.Садвакасов, А.Бердалин сияқты жандайшаптар И.Юсуповтың қасынан табылғанын аталмыш мақаладан білдік.

Өзбекстанға жер беруге келіспегені үшін Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қызметі төмендетіліп, оның орнына Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары болып И.Юсупов тағайындалған болатын. Хрущев пен Рашидов тандемі құрған қитұрқы саясаттың «жемісі» еді бұның бәрі. Олар қазаққа жаны ашымас Юсуповты арам ойларын жүзеге асыру үшін пайдалана білген. Сол кездегі газет тілімен айтқанда, «Отанға жыл сайын 200 000 тонна «ақ алтын» беріп, оны өз зауыттарында өңдеген, жарты миллионнан астам қаракөл қойларын өргізген, ондаған товарлы сүт фермаларында «сүт бұлағын ағызған» Қазақстанның дамыған үш ауданы Өзбекстанға «жылап» кете барды. Өзбекстан басшыларын бұндай қадамға барғаны үшін айыптауға болмас. Олар қазақтың байырғы жері – Мырзашөлді, едәуір Қызылқұм жерін өз елінің болашағы үшін алды. Осы мақсатпен СССР басшысы, әумесер Хрущевті небір қитұрқы жолдармен «тұзағына түсіріп», дегеніне жетті.

 1964 жылы қазан айында Хрущев қызметтен аласталғаннан кейін, Қазақстан жағы жерді қайтару, Өзбекстан жағы болса Қазақстаннан алынған жерлерді мәңгілік меншіктеу жолдарын қарастырып жатты. Осы мақсатпен Алматыда он мың адам жұмысқа тартылған алып мақта-мата комбинаты салынып бітті. Д.Қонаев тоқыма өндірісі үшін мақта тапшылығы туындағанын алға тартып, Өзбекстанға өтіп кеткен үш ауданды қайтару мәселесін көтерді. Бұны алдын ала біліп отырған Ш.Рашидов үш ауданға қарасты қой фермалары негізінде мамандандырылған үш қаракөл шаруашылықтарын құрып, бұрынғы қазақстандық «Шымқорған», «Қызылқұм» совхоздарымен бірге ежелгі өзбекстандық Фариш ауданына өткізіп жіберген болатын. Сонымен қатар Қазақстанның аталмыш үш ауданының сыртында бұрынырақта игерілген жерлерімен қоса, тың жерлерде құрылған Ақ алтын, Мырзашөл, Достық, Пахтакор, Арнасай аудандары негізінде Сырдария облысын құрып үлгерген.

Сөйтіп, 1971 жылы үш ауданның әбден қусырылған нобайы ғана Қазақстанға қайтарылды. Әсіресе Қызылқұм төрінде жатқан ежелгі мақтааралдық малды ауылдарға обал болды. 1930 жылы шаңырақ көтерген «Шымқорған» совхозынан Социалистік Еңбек Ері Болсынай апай Дауылбаева, атақты шопан Әзімхан Шақабаев сынды азаматтар орталыққа хат жазып, Д.А.Қонаевтың қабылдауына барып, қазақ жерін қайтару үшін күресті. Ежелгі қазақ жерлерін қайтару жөніндегі бұл әрекеттерге қарсы жергілікті сатқын басшылардың ұйымдастыруымен «бізге Өзбекстанда қалу тиімді» деген мағынадағы хаттар Москваға ағылып жатты. Мәселенің алдын алған Ш.Рашидов билігі 1974 жылы Самарқанд облысынан Галлаарал, Бахмал аудандарымен қосып, Қазақстаннан алынған жерлердің бір бөлігі негізінде тағы жаңадан Жызақ облысын ашты. Қатарынан екі облыс ашу арқылы қазақ ауылдарын бөлшектеп, жергілікті тұрғындар арасында өзбектер үлесінің басымдығын қамтамасыз етті және осы арқылы мәселені жауып тынды. Қонаевтың қазақ жері үшін Мәскеу мен Өзбекстанға қарсы астыртын тартысы осылай аяқталып еді.

 Қазақстан аудандарын Өзбекстанға өткізіп берген И.Юсуповты Димаш-аға о дүниелік болғаннан кейін Қазақ телевизиясы экранынан көріп қалдым. Оның сөз ауанынан Димаш Ахметұлын қаралауды мақсат тұтқанын ұқтым. Оның айтуынша, Қонаевтың ұлты татар екен-мыс. «Қызмет баспалдағымен көтерілу үшін бір түнде қазақ болып шыға келіпті». Қонаевтың әруағы үстінен ат айдаған, жерді сатқан И.Юсуповқа кешікпей «80 жасқа толуына байланысты және Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін» үкімет ордені салтанатпен тапсырылды. Бұған енді не дерсіз?

Тәуелсіздік алған соң Өзбекстан тарабы жерімізді тағы да жырымдағаны жанға батады. Қазақстан жағынан құрылған шекара белгілеу комиссиясының осы орайдағы көнгіштігін ел түсінбей отыр. Қазығұрт, Сарыағаш өңірлерінен біраз жерлердің Өзбекстанға кетіп қалғанын ел біледі. Мақтаарал өңірінде де бірталай жерден айырылдық. Шардара–Жетісай күре жолы, осы бағыттағы теміржол мен жоғары вольтті электр желілері астындағы жерлерімен қоса Өзбекстанға берілді. Қызылқұмның ішінде көптеген құдықтар да кетіпті. Өзбекстанның Мехнат теміржол стансасынан бастап, Қазақстан тарабы салған көпірге дейінгі Сырдария бойындағы Абай, Жамбыл колхоздарының, «Жеңіс» совхозының, Мақтаарал мақта зауыты, «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігі қосалқы шаруашылықтарының жерлері ешбір негізсіз Өзбекстанға тарту етілді. Қазақстан жерінің қойнында жатқан, Мақтаарал шаруашылықтарының негізінде құрылған Амангелді атындағы, «Арнасай» совхоздары тұрғындарының Қазақстанға оралу туралы жанайқайы ескерілмеді. Сол өңірден шыққан жандайшаптар жұрттың Қазақстанға өту туралы жазып, қол қойған хаттарының мазмұнын «Өзбекстанда қалғымыз келедіге» өзгертіп, Астана мен Тәшкенге жолдапты. «Жұрттың талап-тілегіне сәйкес» ол жерлер де Өзбекстанда қалып қойды. Тұрғындары Қазақстанға үдере көшкен, өзбектер келмеген бұл ауылдарда қаңырап бос қалған үйлер мен азынаған желден өзге ешнәрсе жоқ дейді көргендер. Дайын күре жолды, өзге де нысандармен қоса Өзбекстанға тарту еткен қазақ жағы Арнасай су қоймасы ернеуін бойлап, сусыма қызыл шағыл үстімен он жыл бойы жол салумен әлектенді. Жел суырған шағылды тұрақтандыру оңай ма? Құммен бірге желге суырылған халықтың қаржысы-ай!

 Шекара белгілеу комиссиясының бір мүшесі, Қызылқұм селолық округінің әкімі болған Т.Кемел ғана Қазақстан жағының жалпақшешейлігіне наразылық білдіріп, құжатқа қол қоймағанын айтып еді. Жалғызды тыңдап қайтсін, «қолын» сырттан қойып жіберсе керек. Кеткен жерлер қайтарылмаса да, шекара белгілеу комиссиясы «көнгіштігінің» сыры кезі келгенде ашылар деп ойлаймыз. Шындықтан кім қашып құтылған?

Оңғар НАҚЫП,

Мақтаарал ауданы, Түркістан облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн