Семейдің сиқы КЕТІП ҚАЛДЫ

  • Ақын Олжас Сүлейменов Семейді қалпына келтіріп, тарихи статус мәртебесін бекіту керектігін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.  Сүлейменов Семейге қазірден бастап қол ұшын созбаса, бір кездері облыс орталығы болған қала уақыт өте қаңырап қала ма деп қауіптенеді.

«Революцияға дейін Семей қазақ даласының бас қаласы болды. Сол кездегі интеллигенция өкілдері осы шаһарға жиналды. Алыптар туған өлке қазақ ақыл-ойының ордасы еді. Алашорданың өкілдерінің Семей шаһары болашақта Қазақстанның астанасы болса екен деген арманы болғанын жасыра алмаймыз. Алайда уақыт өте келе Семей жері адам сенгісіз қиындықтарға тап болды», – дейді ақын.

Семейдің бүгінгі ахуалына алаңдаған ақын қазақтың рухани астанасы 40 жыл бойы ядролық сынақ алаңына айналып, астаң-кестеңі шыққанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, мұның зардабын бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. «Сынақтардың адам өміріне, қоршаған ортаға тигізген орасан зор зардабын айта келе, Лев Толстой өмір сүрген «Ясная Поляна» орыс халқы үшін қандай қымбат болса, қазақ үшін алыптар дүниеге келген Семей де руханияттың ордасы екенін Мәскеу қаласында тілге тиек еттім. Міне, осындай жерде ядролық қаруды сынау, полигон жасау бұл ұлтқа, мәдениетімізге, тарихымызға деген құрметсіздік деп жеткіздім», – дейді Сүлейменов.

Ақын Семейдің сиқы кетіп, қатардағы аудан деңгейіне түсіп қалғанына қынжылыс білдірді. «Иә, Семей ядролық полигоны жабылғанда, қала облыс орталығы болатын. Қазір аудан сияқты. Бұл қандай прогресс? Екі жыл бұрын Семейде болдым. Жайқалып тұрған шаһарды көрмедім. Халықтың көңіл-күйі де түскен. Семей біздің рухани астанамыз емес пе? Қаланың маңыздылығын жоғалтпай, қалпына келтіріп, тарихи статус мәртебесін бекіту керек. Тарихи әділдік орнап, Семейдей шаһардың қадірін білейік. Кеш қалып жүрмейік!» – дейді Олжас Сүлейменов.

Dalanews.kz

 

ӘЙЕЛДЕРМЕН арнайы жасақ АЛЫСЫП ЖҮР

  • Әлеуметтік мәселелеріне шағымданып, Қызылордадан келген оннан астам әйел 27 сәуірде Ақордаға бармақ болған еді. Алайда арнайы жасақ олардың жолын бөгеп, ары қарай өткізбеді. Наразылардың арасында бала жетектеген, аяғы ауыр әйелдер де болды.

«Біз баспана, жәрдемақы, бала күтімі және денсаулық мәселесі бойынша келіп тұрмыз. Жергілікті биліктің берген уәдесінен шаршадық, әлеуметтік көмекті күте-күте төзіміміз таусылды, амалсыздан осында келдік», – деді олар «Азаттық» тілшісіне.

«Бес балам бар. Бұған дейін Қызылорда билігіне мәселелерімізді шешіп беруді талап етіп, талай рет бардық. Бірақ нәтиже жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Біреудің үйіне тұрақты тіркеуге тіркелген едім, ол жалған болып шықты, сөйтіп атаулы көмек алты айға артқа кетіп қалды. Баспана кезегінде 2012 жылдан бері тұрып келеміз. Осы уақытқа дейін не атаулы көмек алмай, ештеңе алмай күн көріп келе жатырмыз. Қашан бізге көмек беріледі, баспана мәселеміз қашан шешіледі?» – деді әйелдердің бірі Жанар Нұркенова.

Үш баланың анасы Перизат Әбуова да әлеуметтік көмектің мардымсыздығына шағымданып, «билікке үнін жеткізу үшін амалсыздан жол жүріп келгенін» айтты.

Алайда Ақордаға бара жатқан әйелдердің жолын арнайы жасақ бөгеді. Ашынған аналар «Сендер Тоқаевты қорғайсыңдар ма, әлде халықты қорғайсыңдар ма?! Ана мен баланы қорғаңдар!» деп айқайлады. Ақыры Ақордаға өте алмаған әйелдер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына барып, қабылдау бөлмесіне жазылуға тырысты.

Azattyq.org

 

2020 ЖЫЛДЫҢ «ЖЕМІСІ»:

11 әкім, бес сот, бір елші жазаға тартылды

  • 2020 жылы сыбайлас жемқорлық үшін 11 әкім, бес сот пен бір елші жазаға тартылды, делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық баяндамасында.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген деректер бойынша 722 адам сотты болған, оны ішінде 144 басшы (оның ішінде бір облыс әкімі, облыс әкімдерінің төрт орынбасары, министрліктің екі жауапты хатшысы, екі комитет төрағасы, бір елші, бес сот, 10 аудандық және қалалық әкімдер) бар. 25 аса ауыр, 1368 ауыр қылмыстың және 112 жүйелі түрдегі сыбайлас жемқорлықтың алды алынды», – делінген баяндамада.

ҚазТАГ

Құлаққағыс

Моңғол болып ШЫҚТЫҚ ПА?!

«Қазақ әдебиеті» гәзетінен «Қазақ-қалмақ – бір туысқан» деген мақаланы оқып (Ораз Қауғабай. 23.04.2021 ж.), таңдандым да, өкіндім де.

Таңданғаным – тарихи зерттеулерде қалмақ (хальмг )– Моңғолияның Шығыс бөлігіндегі ойрат тобының моңғолы. Шыңғысханның тұсында «жоңғар» (зюн гар) деп аталған. «Сол қанат» деген сөз, яғни әскердің сол жақ қанаты (батыс қанаты – «барун гар»). Мал өсіруші болған соң, жер үшін Қазақ жеріне, Орта Азияға, Ресейге шабуылды бастаған – солар.

Көп санды қалмақтар тарихи оқиға-жағдаяттарға байланысты бөлшектеніп, әуелі «шажн тәнгрге», одан соң «шаманға», содан кейін «буддаға» табынған. Бертінде православие, мұсылман діндеріне енгендері болған. Мақала авторы қазақты сол мұсылман қалмақтармен «бір туысқан», демек, ағалы-інілі етіп, қазақты моңғолға теліп, «замана жаңалығын» ашқан болды.

Өкінгенім – орыс шовинизмін жеккөргені баяғыдан мәлім В.Лениннің әжесі қалмақ екені де айтылып, жазылғалы қашан?! Бірақ артықтығы жоқ, білмейтіндерге керек болар. Ал қазақпен құда екенін қайран Ленин білмей кете барды!..

Бұл өкінішке жанамалап қосарым – автор Ленин марқұмды мадақтап отырып, оның «…адамды қынадай қырған Гитлер, Сталин, Мао Цзе Дун» сияқты жауыз болмағанына сүйініпті, алайда тізіп аталған үшеуді бір қалыптың кірпішіндей еткені – тарихтың «бетін қалқып» жүргендігі.

Жақып БАЙҒАЗЫ,

Семей қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн