– Серікжан мырза, сізді бұл сұхбатқа Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған зиялы қауым өкілдерінің мәлімдемесіне және әлеуметтік желіні жарған оралман ағайындар тақырыбына орай шақырып отырмыз. Соңғы күндері «Фейсбукте» бір қазақтың бірнешеге бөлініп жатқан жайы бар. Әуелгі әңгіме Мұхтар Шаханов бастаған топтың «оралманның мәселесімен қоғамдық ұйымдар емес, билік айналыссын» деген мазмұндағы мәлімдемесінен басталды. Осы мәлімдемеге қатысты өзіңіздің желі арқылы берген, ирониясы басымдау видео-жауабыңыздан хабардармыз. Зиялы ағаларыңыздың билікке бағышталған осы мәлімдемесіне қатысты ойыңыз қандай?
– Шын мәнінде, осы мәселемен билік айналысып отыр деп ойлаймын. Себебі бүгінгі күнге дейін елге келген қандастардың видое-арызының саны он мыңнан асты, дәлел қолымызда. Тіпті атом бомбасы іспеттес дәлелдер бар, олар – адам құқы мәселесінің аясында адамзат тарихына тасқа басқан таңбадай түсетін мәліметтер. Адамзат тарихындағы геноцидтің куәгерлерін көзімізбен көріп отырмыз. Арызды қалай жазуды үйретіп, қазақшасын елбасына, Сыртқы істер министрлігіне, «Нұр Отан» партиясына, өте маңызды мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне қатысты стратегиялық ақпараттарды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберіңдер деп келген адамдарға жолын көрсетіп отырамыз. Өз қолдарымен жазылған арыздарды өзің тұратын елді мекеннің поштасы арқылы жөнелт деп кеңес береміз. Бізде өзіміздің оралман ағайынға қастық қылардай басқа мақсат жоқ.
– Ендеше сіздер өкімет атқаруы тиіс жұмыстың бір жартысын атқарып отырсыздар деп айта аламыз ба? Жоғарыға жолдаған арыздардың нәтижесі қандай?
– Нәтиже көп! Жоғарыға арызданудың бір тиімді тұсы – жаңа тарихты жазып жатырмыз. 1921-22 және 1931-33 жылдарғы ашыршылықтан хатталып, қағазға түскен дерек аз. Голодомор кезінде украиндар теңіз арқылы шетелге қашып өткенде, мәселен, канадалық өкімет әрбір қашып келген украиндықтан жеке-жеке ақпарат жазып алған. Бізде кешегі соғыс, бергі Желтоқсанға қатысты дәлелді дерек толық емес. Ендеше осы орайда адамзат тарихында қазаққа жасалып жатқан Қытай концлагеріндегі қиянатты дәлелдеп, деректі құжат түрінде жазып жатқанымыз кімнің шамына тиюі мүмкін? Біз ол тарихи құжаттарды шетел тілдеріне аударып, Батыс елдері қаперге алсын, қазақ мәселесіне құлақ түрсін деп жіберіп жатырмыз. Осы ісімізде қандай қиянат бар?
Соңғы кездері біз арыз қабылдаған күннің ертеңінде Қытайдағы қазақтарға паспорты беріліп жатады. Мәселен, суретші Дина Игенбердіқызының аты Қытайдағы қазаққа танымал. Суреттері қазақи нақышпен, ұлттық бедермен салынған. Қытайда үш жылға сотталған. Біз 2 қаңтар күні Талдықорғанға барып, туыстарынан қабылданған арыздың видеосын америкалық ақпарат құралдарына жариялап жібердік. Ал қаңтардың 17-сінде туыстары «Дина түрмеден шықты» деп сүйінші сұрап келді. «Атажұрттықтардың» осы көмегі кімге зиян болды? Біз билік атқаруы тиіс іспен айналысып, қазаққа жәрдем жасап жатсақ, бұдан кім жапа шегуі мүмкін? Мен осыны түсінбеймін!
Иә, мемлекет билігі де осы мәселемен айналысып отыр, алайда олар бізге тапсырма берген жоқ. Біз тіркелген ресми ұйым емеспіз, еріктілерден құралған қауымбыз. Ал біздің жинап берген дәлелдеріміздің аясында билік дипломатиялық жолмен сөйлесу арқылы екі үлкен нәтижеге жетті. Біріншісі – 700 қазақтың түрмеден босатылуы туралы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жариялаған мәлімдеме; екіншісі – өткен желтоқсан айының аяғында 2000 қазақ Қазақстанға, шетелге шығуға рұқсат алатыны жөніндегі осы министрлік таратқан мәлімдеме.
– Иә, бұл туралы мәлімдеме жасалды, бірақ сол 2000 қазақ елге оралды ма? Сіздерде ондай мәлімет бар ма?
– Бұл сауалды Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне, Кеден басқармасына қою керек шығар. Себебі осы уақытқа дейін қанша адам виза алғаны, қанша адам шекарадан өткені жөнінде аталмыш құзырлы мекемелерден басқа ешкім де білмейді. «Атажұрт еріктілеріне» елге аман-есен жеткені туралы жүздеген адам келіп, жөнін айтып кетті. Бері өткен адамдардың көбі үрейден әлі арыла алмаған. Елге келген соң, оралғанын айтудан қорқып отырғандары қаншама?!
Оның үстіне Қазақстандағы «қытайшыл күштер» оларға телефон арқылы көрінбейтін нөмірмен хабарласып: «Сен Қытайдан келдің, енді тыныш отыр» десе, ол байғұстың недей жағдайға түскенін көз алдыңызға елестете беріңіз… Бұл сұмдық қой!
Ол аз десеңіз, қытайлық полицейлер вейчат желісі арқылы: «Бізге келген кезде қойған қолың барын білесің ғой, сенің мұнда туыстарың бар, мұнда ағаң бар еді ғой, күнде таңертең жұмысына барып жүр…» деп, елге оралған қазақтарды ашық түрде қорқытуда. Бізде бұл туралы да дәлелдер жиынтығы бар.
– Сонда Шаханов бастап қол қойған мәлімдеменің түп-төркіні қайдан, неден шықты деп ойлайсыз? Кім немесе кімдер түртпек болуы мүмкін?
– Біріншіден, ол кісі бұл мәселені естімеген, білмеген болуы мүмкін. Екіншіден, бұл хат Шахановқа басқа мазмұнда түсіндіріліп, ол кісі телефон арқылы хаттың түп-төркінін білмей-ақ, ауызша қол қоя салуы мүмкін. Хатты дайындаушылар ақынның аңғалдығын, ақкөңілділігін пайдаланып, «Қытайдағы қазақ мәселесін көтерейік» деген соң, келісім берген шығар. Біздегі қол қоюдың қалыптасқан үрдісі сол ғой.
Үшіншіден, ол кісі билік ашық тапсырма бермесе де, билік – өз алдына, «Атажұрт еріктілері» – өз алдына жұмыс жүргізсе де, қазақ мәселесінде біз бір-бірімізге байланысты екенімізді түсінбей қалған сыңайлы. Мәселен, 2018 жылы қарашаның 2-сінде кеңсемізге алпыстан астам тірі жетім баланы жинап, баспасөз мәслихатын өткіздік. Оларға қараушы болып отырған жамағайын туыстары, күйеулері қамауда отырған отыздан астам әйелдер жиналды. Жүзге жуық адамға қайырымдылық шара ұйымдастырдық, оған шетелден – Германия, Франция, Америка журналистері қатысып, видеоға түсіріп, Қазақстандағы тірі жетім балалардың ата-анасы Қытай түрмесіне қамалғаны жөнінде бүкіл әлемге хабар таратты. Араға күн салып, 4 қарашада ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайға «нота» жолдады. Бұл – Қазақстанның тарихында Қытайға жолданған екінші «нота». Бала-шағасы – Қазақстанда, отағасы – Қытайда абақтыда отырған қазақтарды босату жөнінде ел билігі ресми түрде талап етті. Егер біз 2 қараша күні тірі жетімдерді жинамасақ, екі күннен кейін осындай «нота» жолданар ма еді? Бұл кездейсоқтық деп айта алмаймын.
Демек, билік те біздің жұмысымыздың нәтижесін көріп отыр. Қоғамдағы қордаланған мәселені жинап, биліктің назарын аудартып, әрбір өткізген конференциямыздың баспасөз мәліметін жолдап отырамыз. Сонымен бірге оны әлемдік БАҚ-қа, қазақстандық әлеуметтік желіге жариялаймыз. Біз шеттен келген репатриант болсақ та, қазақстандық патриотпыз. Етегі жасқа тола еңіреген, тау мен таста мал баққан, далада егін еккен, көбінің сауаты нашар, ал зиялысы қалада өмір сүріп, әзірге үнсіз отырса, оралман байғұстар кімге иек арта алады? Кімнен көмек сұрарын, қайда барарын, кімге мұңын шағарын білмей, асыраушысы жоқ, аш-жалаңаш күй кешкен, психологиялық, физиологиялық, экономикалық жағдайы жоқ адамдардың арызын қазақстандық билікке, одан арысы әлемге жеткізетін бірден-бір әзіргі мінбер – бізбіз! Ал осыны Мұхтар Шаханов ағамыз білмеуі мүмкін.
Төртіншіден, ол кісі – ақын. Жер үшін, қазақ тілі, Желтоқсан үшін күресіне тәнтіміз. Бірақ дәл осы Қытайдағы қазақ мәселесі жөніндегі ақпараттар оған жетпеуі бек мүмкін. Қытайдан келген, кейбір үнсіз қалған зиялы немесе елдегі ұлты қазақтар өздері біліп немесе білмей, Қытайдың «жұмсақ күшіне» айналып кетті. Оларды «сен ұлтыңа сатқындық жаса» деп, сатып алмайды. «Атажұрттықтар сияқты шулатпай, мәселені басқаша шешуге болар еді, оны сіздердің көтергендеріңіз дұрыс еді» – деп, әлдекімдер ақыл айтқан болар.
Сондықтан қазақстандық қоғамдағы зиялы қауымға, саясаткерлерге, бізге «көңіл бөлгісі» келетіндерге, тіпті бей-жай отырғандарға да айтарым: бұл – Ұлттық трагедия! Бұл – кешегі 3-4 миллион қазақ қырылған, 1937-де тұтас зиялы қауым атылып, асылып кеткен сталиндік трагедиямен бірдей нәубет! Осы трагедияның кезінде үнсіз қалу – кез келген зиялы үшін, жалпы қазақ үшін – тарихта қарабет болып қалумен бірдей. Кейінгі ұрпақ әлі зерттейді, зерделейді. «Сол кезде қайда болдың, не істедің?» десе, бүгінгі біз не айтамыз?!
– Оған дау жоқ! Болашақ ұрпақ зерттеп, тарихты таразылаған кезде зиялылылардың ғана емес, сол жылдары елді басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың аты да шығады. Сол кезде оның «оралмандар Қазақстанға үлес қосқан жоқ» деген сөзі жүзіп шыға келуі мүмкін ғой. Дегенмен, Қытайдағы қазақ мәселесіне ел президенті жеткілікті түрде мән беріп отыр деп ойлайсыз ба?
– Қалай десек те, президенттің 2018 жылғы Бейжиңге барған соңғы сапарының маңызы зор, тарихи оқиға болды. Қытай түрмесінен шыққан Гүлзира Әуелханқызы бізге келіп, куәгерлік беріп, Қытай түрмесіндегі сойқанды, адам денсаулығына залалды медициналық тәжірибе жасалғанын, қорлық көрсеткенін айтқан еді. Сондағы бір мәліметі бойынша, президент Назарбаев Қытайға барған күні түнгі сағат 2-де түрмедегі бар қазақты жиып алып: «Қазақстанда туыстарың бар ма?» деп сұраған. Кейбіреуі қорыққанынан «жоқ» десе, Қазақстанда отбасы қалғандары «бар» деп жауап бергендерін жедел түрде жағдайы тәуір түрмеге ауыстырған. Бұл Гүлзираның видео арқылы берген куәлік сөзінде хатталып, жазылып тұр.
Демек, елбасы Қытайға барған сапары күні Қытай өкіметі арнайы бұйрық түсірген сияқты. Әсіресе Қазақстанмен қатысы бар қазақтардың жағдайы жақсарған. Осы мәселені түрмеден шыққан тағы бір қазақ әйелі айтты: президенттің Қытай сапарындағы екінші күні түрмеден босапты.
Яғни, осы екі дәлел президент Назарбаевтың қазақтар жөнінде мәселе көтеріп жүргенін білдірсе керек. Ал Назарбаевтың тәуелсіздік алғанда көші-қонға қатысты арнайы екі ел аралық жүргізген саясатына Қытай билігі бүгін ашық қарсы шығып отыр. Бұны Назарбаев мырзаның өзі де сезіп отырған шығар…
– Сіздің сөзіңізді өз ойыммен жалғастырайын: Қазақстанның азаматы деген атақ әдетте кәмелетке толған адамға «загс» мекемелері арқылы автоматты түрде беріледі. Ал оралман ағайынға ондай мәртебе тек қана президент Назарбаевтың өкімі арқылы беріледі. Ал енді сол азаматтық мәртебе берген президент өзінің заңды пәрменін басқаға сыйлату үшін, Қытайға барып, қамалып, зорлық-зомбылыққа түскендерге қатысты «президенттік өкімім аяқ асты болып, менің азаматымның құқығы бұзылып жатыр» деуі керек еді ғой. Мәселен, Владимир Путиннің «Орыс әлемі» деген саясаты бойынша, Ресей өкіметі әрбір орысты қай жерде жүрсе де қорғайды. Ал бізде азаматтық мәртебені Назарбаевтың өкімімен алғандар Қытайдың тас түрмесіне қамалуда. Оларды іздеп, біз өз азаматымызды қорғаймыз деп жатқан қазақстандық өкіметті көрмедім де, естімедім. Ал енді Қытайда қамалғандардың ішінде қазақстандық азаматтығы барының саны қанша? Бұл жөнінде қандай дерегіңіз бар?
– Нақты дерегіміз жоқ. Бірақ өкімет таратқан ақпар бойынша, 20 азаматымыз түрмеден босатылыпты. Сыртқы істер министрлігінің таратқан мәліметі осы.
Осы таяуда ғана – 2 қаңтарда Талдықорған қаласына барған сапарымызда, Қытайдағы Баркөл-Қазақ автономиялы ауданына барған Қазақстан азаматтығы бар он шақты отбасының дерегін анықтадық. Әрқайсысында Қазақстанда туған екі-үштен балалары бар, солардың құжатын Қытай жағы тартып алып, жібермей отыр. Бұл мәселе сіздің айтқан уәжіңізге сәйкес, Қытай билігі ашықтан-ашық Қазақстанның тәуелсіздігін, заңын, екі елдің достығын көзге ілмей, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше ретінде стратегиялық әріптестік келісім-шарттарды аяқ асты етіп отыр. Одан басқа да өңірлік қауіпсіздік мәселесі жөніндегі том-том құжаттардың бәрін Қытай жағы қаласа – қол қояды, қаламаса – құны көк тиын деп, мұрынын шүйіріп қарап отыр.
– Жоғарыда бір сөзіңізде «қайырымдылық шарасын өткізіп, жетімдер мен жесірлерге материалдық көмек көрсеттік» дедіңіз. Дұрыс! Рахмет! Бірақ әлеуметтік желілерде «Атажұрт еріктілерін» кім қаржыландырады!» деген сұрақ жиі қойылады. Турасын айтыңызшы: ұйымды кімдер қаржыландырады?
– Ондай көмек-қолдау көрсететін – Қытайдан көшіп келген ұсақ-түйек кәсіпкерлер. Одан кейін қолында малы бар шаруалар бір ешкісін немесе бір қойын сойып алып келеді. Оны қолын – қолдай, санын – сандай етіп, әрбір мұқтаж отбасына бөліп береміз. Өткенде Алматының жоғары жағындағы таудың қойнауында тұратын, еш мәселемен қатысы жоқ бір қойшы, жігіт ағасы алты қойын сойып алып келіпті. Жиырма төрт отбасына бөліп бердік. Тағы бір кәсіпкер әйел бір қысқа жарайтын балалардың аяқ киімін әкеліп, үйіп тастады, өзі аяқ киім сатады екен. Сондай-ақ Астанада тұратын тағы бір кәсіпкер – әйелдердің сырт киімдерін көлікке тиеп салып жіберіпті. Сол күні қуаныштарын жасыра алмаған келіншектерді көрсеңіз…
Айналып келгенде, оларды мемлекет қамқорлығына алуы керек еді. Тіпті дипломатиялық арақатынасқа нұқсан келеді десе, қаптап жүрген қоғамдық ұйымдарға жүктесе болар еді ғой. Бұл – сайда саны, құмда – ізі жоқ, саясатпен шаруасы болмаған Серікжан Біләш бастаған жігіттердің шаруасы емес. Елдің алдында масқара болып отырмыз. Оларға көмекті «Форбстың» тізіміндегі миллионерлер беруі тиіс. Мал қамайтын қорада күн кешіп жатқан отбасылар бар, осы мәселе біздегі бай-бақуаттылардың бетіне басылған қара таңба! Қымбат мейрамханаларға той жасап, миллион долларын шашып жүргендерді қарғағың келеді, себебі өзінің қандасы аш отыр. Біздің өзіміз қайыршымыз, қырық сиырым бар еді, жуырда ғана соның соңғысын сатқыздым.
Қолында барын өзінің отбасынан жұлып әкеліп, жетім-жесірге қамқорлық жасап жүрген азаматтарға Алла разы болсын! Бүкіл Қазақстан қоғамы үнсіз жатқан кезде «Атажұртқа» қаржы қайдан келеді деп сұрақ қойған адам кеңсеге келсінші. Қолынан жетектеп жүріп, Алматы төңірегіндегі аш-жалаңаштардың үйіне апарайын. Күнін әрең көріп, баласы ауырса, қойдың майын ішкізіп, ем-дом жасап отырғандарға біз дәрі-дәрмек әпереміз. Ғаламтордағы видеода осы жағдай тәптіштеп тұрып жарияланған, соны қарасын да, сұрақ қоюшылар бізге келсін. Көрсетейін тірі дәлелді.
– Қазақ қоғамы, қазақ миллионері дейсіз: оны қойып, қазақ қоғамының ішінде оралман ағайынға мемлекеттік тұрғыдан жанашырлық идеология жасалмаған. Мәселен, оралмандарды жергілікті ағайынға жексұрын етіп көрсету, пысықтығына, іскерлігіне қызғаныш тудырудың көрінбейтін саясаты қалыптасқан. Олар арғы беттен көшіп келген жеріндегі жергілікті қазақтардың несібесіне ортақтасып жатқандай көзқарас бар. Бұл – көрінбейтін, білінбейтін, бірақ биліктің ишарасымен, әлде биліктің ұлтсыздығынан жасалған жымысқы саясат. Қазақтың басын біріктіруге мүмкіндік бермейтін, керісінше, қазақ халқын жікке бөлетін технологиялық әдіс нақ осы. Осыны ұлттың арасына іріткі салудың жексұрын идеологиясы деп атамасқа амал бар ма? Осы тұрғыдағы сіздің ойыңыз қандай?
– Бұл – біздің үлкен жеңілісіміз, ұлттық трагедия! Қазақ ұлты дін, жер, саяси ұстаным, тұрмыстық ахуал бойынша сан мың жікке бөліндік. Дәл сол жікке бөлінгендердің арасында шеттен келген ағайын ең алдымен дін жолында, рухани байлық тұрғысында жүрегі мен ниеті таза азаматтар еді. Ал кеңестік оқу-ағарту, саяси насихат, ұлтсыздандыру тәрбиесінен өткен жергілікті қауымның көзқарасы, сіз айтқандай – теріс.
Бізді «кезінде қашып кеткен» деп күстәналайды. Құдай-ау, «кезінде қашып кетті» деген қазақ қайдан келіп жатыр? Келген жері Шығыс Түркістан – қазақтың жері емес пе еді?! «Аштықтан қашты», «соғыстан қашты» дейді. Қазақстанда отырып, аштықтан қашпаған қазақ бар ма? Арқаның қазағы Мойынқұм асып, оңтүстікке қашты. Үстірттің қазағы түркімен мен иран асып кетуге мәжбүр болды. Батыстың қазағы Еділдің бойына, Волганың суын жағалап кетті. Ал «соғыстан қашты» дегендер 30-жылдарғы аштық кезінде 1941 жылы соғыс болатынын алдын ала қалай біліп қойған? Бал ашып, құмалақ салған ба? Ел басына түскен сол заманғы нәубеттің тарихи себептерін білмей жатқандарға айтар сөзім жоқ.
Иә, ұлтшылдық көзқарасты мемлекеттік деңгейде қалыптастыра алмай отырмыз. Қазақтың тарихына оң баға берілген жоқ, бүгінде ұлтшылдықты ұлықтаса, теріс бағытқа кетіп қалатындай көреді. Зиялы қауым ұлтсызданған заманның өкілі болған соң, ұлтшыл болуды қылмыс санайды. Шетелдегі қазақтың тарихын – Қазақ тарихының бір бөлшегі ретінде қарай алмай отыр. Шетке кеткен, басқа елдерге берілген қазақ жерін – қазақтың жері деп санамай отыр. Міне, сорлылық! Біле білсе, Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы – Құлжа қаласында құрылған Шығыс Түркістан республикасы Алаш автономиясынан кейінгі екінші республика ғой. Тәуелсіз Қазақстан – қазақтар құрған үшінші мемлекет.
Шетелдегі қазақтың тарихын өз тарихымыз деп айта алмағаннан кейін, ұлттық деңгейде мәселе көтеру өте қиын. Ол үшін тек жетеге жетерлік үгіт-насихат керек, басқа амал жоқ.
– Ендігі кезекте Сайрагүл Сауытбайға қатысты әлеуметтік желіні кезіп жүрген сөзге не айтарыңыз бар? «Атажұрттықтар» бастап көтерген «Сайрагүлді құтқару» ұраны сіздерге неге ортақ болмай қалды? Орталарыңызға не жік түсті?
– Сайрагүл оқиғасы – Қытайдағы қазақ мәселесін әлемге әшкере еткен ең үлкен оқиға: Қазақстанда көзқарасы, діні, саяси ұстанымы бойынша жік-жікке бөлінгендердің басын қосты. Әрбір сот отырысында Қытайдың қылмысын айдай әлемге ашты. Сол соттың бәріне де Еуропаның, Американың журналистері қатысты. Мақсатымыз да сол – Сайрагүлдің мәселесін шешіп, Қазақстан билігіне ықпал ету еді. «Шекара бұзу», «Отанға сатқындық жасау», «мемлекеттік құпияны ашу», «шетелдегі жат күштермен байланыста болу» баптары бойынша сотқа тартылған, басқа елден баспана сұраушы адам, егер ол тұрғылықты еліне қайтарылса, өлім жазасы кесілсе, ұзақ жылға сотталса, рухани жағынан қорлық көрсе, БҰҰ-ның талабы бойынша қайтарылмауы керек» деген бапты көлденең тартып, Сайрагүл Қазақстаннан саяси баспана сұрады.
Бірақ ол «Атажұрт еріктілерінің» үмітін ақтамады. Сотта Қытайдың қылмысын ашқан Сайрагүл, соттан кейін мүлде үнсіз қалды. Мәлім бір топтар Сайрагүлдің үнін өшірді, Қытайдың қылмысын ашуына кедергі жасап, Сайрагүл 180 градусқа кері бұрылды. Қазақстанда тәуелсіз сот барын әлемге әйгілеген, шетелдік ақпаратқа сұхбат берген Серікжан соттан кейін бірнеше ондаған шетелдік ақпарат құралдарына өзіне қарша бораған хатқа жауап бере алмады. «Бұған Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспан жауап береді» деп, сұрақ қоюшыларға заңгердің телефонын бердім. Ал адвокат болса, маған әлеуметтік желі арқылы жерден ауыр сөз айтты. Абзал Құспанды құрметтеймін, маған деген көзқарасы менің атқарған жұмысыма әсер етпейді. Бірақ ол Сайрагүлді соттан кейін мүлде үнсіз қалдырды. Біз осыған ғана налимыз. Әйтпесе Сайрагүлмен басқа бас араздығымыз жоқ.
– Дегенмен Сайрагүл ар жақтан да, бер жақтан да қудалауға түскен ана, сол жағдайын ескеріп, өкпені өшіріп тастамадыңыздар ма? Енді сонда ат құйрығын кескен деген осы ма?
– Жоқ, әрине! Өзімді мың рет қаралаған қазаққа да құшағым ашық. Маған жабылмаған жала, жағылмаған күйе жоқ. Сайрагүлдің күйеуі Уәлиге де телефон арқылы: «Бұларың ұнамайды, бірақ Сайрагүлге деген көмекті жүрегіммен, сезіммен емес, баспен ойлап берем. Екеуіңнің қолыңда қазақтың ұяты мен намысы тұрғанда, әсіресе Қытаймен ұлт ретінде алысып отырған кезде сендерді жек көре алмаймын. Қытайға сені беріп қойып, қазақ ретінде, азамат ретінде жер басып жүргенше, өлгенім артық», – дедім. Ұлт болып, қор болып, Қытайдан жеңіліп, намысымызды таптатып, Сайрагүлді Қытайға бергенше, өзіміз бірге өлмейміз бе?
– Ал енді тағы да әлеуметтік желідегі жазбаға көз жүгіртсек, Серікжан Біләш адвокат Абзал Құспанға аузына келгенін айтты деп журналист Сәуле Әбілдаханқызы желіні шулатып жатыр. Абзалға не айтып едіңіз?
– Абзалға да, Сәулеге де алғысым шексіз! Әлеуметтік желіде «Атажұрт» жөнінде жақсы қырынан жа, жаман жағынан да жазатын, күмән келтіретін барлық «әулие-әмбиеге» рахмет айтамын. Бұл мәселені көрмедім, білмедім деп, шет қалғандарға қарағанда, даттаушылардың да деңгейін жоғары санаймын. Таскерең, мылқау, соқыр болып қалған қазақ тілді аудиторияға Қытайдағы қазақ мәселесін қаралап болса да, айтып жүргендерінің өзі неге тұрады?! Басқа айтарым жоқ.
– Жөн қисын! Ал енді қазақтың басын топтастыруға мүдделі болып отырған «Атажұрт еріктілеріне» жергілікті құқық қорғау тарапынан қудалау бар ма?
– Алдымен Қазақстандағы «қытайшыл күштер» үстімізден арызды қарша боратып жатыр. Соның бір көрінісі – мемлекеттің құзырлы мекемелеріне «Атажұртты» қауіпті ұйым ретінде көрсету, солардың қолымен жаптырып, мені соттату. Екіншісі – «Атажұртты» әлеуметтік желіде қаралау. Ол жұмыс қарқынды жүріп жатыр, кімнің тілі ұзын, кімнің тілі ащы – бізге қарсы айдап салды. Соның бәрін елейтін категориядан өтіп кеттік. Себебі бізге сөз емес, іс керек. Қытайдағы қазақтың мәселесіне әлем қауымдастығының назарын аударту әлдеқайда маңызды іс. Бұған дейін Қытаймен 50-60 жыл алысқан тибеттіктер мен ұйғырлардың саясаткерлері өз жағдайларын ресми түрде өзгелерге мойындатты. Ал қайырынан зияны көп, ісінен өсегі көп қазақтілді аудиториядан не үміт күтуге болады?
Бізді билікке қауіпті, жеккөрінішті етіп көрсететін – тек қана жергілікті «қытайшыл күштер». «Атажұрттың» үнін өшірсе, Қытайдың қылмысын ашатын, он мыңнан асатын дәлел жинап, адамзат назарына ұсынып отырған бірден-бір еріктілер ұйымын жаптырады. Ол үшін сый-сыяпат та алар. Бізді жаптыруға қыруар қаржы жұмсап жатқандарын да естіп-біліп отырмыз.
– Ал жергілікті билік тарапынан қандай да қысым бар ма?
– «Жиналыстарың заңсыз өтеді» деген желеумен жазбаша төрт рет ескерту алдым. Одан кейін Алматыдағы «Уют» қонақ үйінде Іле-Қазақ ауданынан келген қазақтардың жиынын өткізіп жатқанда, жиынға қатысқандарға және маған ескерту берілгенін «Азаттықтың» тілшілері камераға түсіріп алды. Осындай жиындарды жалғастыратын болсам, 2-ден 7 жылға дейін сотталатынымды ескертті.
Бостандық ауданының полициясы таң бозынан үйімнен алып кетіп, оларға «Телеграм» деген желіні білмейтінімді, Әбілязовтың осы желідегі тобында жоқ екенім туралы қолхат жазып бердім. Қаңтар айының аяғында Алматы қалалық Әділет департаменті Медеу аудандық ішкі істер басқармасына қузау (уведомление) жіберіп, бізді тіркелмеген ұйым ретінде әкімшілік құқық бұзу бабымен сотқа тартпақшы екен. Түсініктеме бердім. «Біз еріктілерміз, жетім-жесірге азық-түлік тарату үшін тіркелудің қажеті қанша? Азаматтық қоғам ғой. Бір жерде апат болса, көмек көрсету үшін тіркелу керек пе?» деп, өз уәжімді айттым. Енді Медеу аудандық ішкі істер басқармасы тағы да шақырып жатыр.
«Жапсаңыздар – жабыңыздар, бізге де сылтау керек, өкімет жапты» – деген. Содан соң ызалылар, қайда барып мұңын шағатынын білмей жүргендер кез келген уақытта көшеге шықпасына кім кепіл? Әкесінен, ағасынан, туысынан тірідей айырылып, қорлық көргенше, «бес қытайдың басын аламын» деген жастар бар. Соларға ақыл айтып, ереуілге шыққаннан қазақ мәселесі шешілмейді, ақ қағазға көк сиямен арыз жазып, мемлекеттік құзырлы мекемелерге, әлемдік қауымдастыққа жеткіз деп, жөнін айтып, тәртіпке салып отырған ұйым – «Атажұрт еріктілері». Бізді жапса, ашуға бөккен халыққа кім басу айтып, ұстап отыратын кім бар?
Содан кейін айтарым, «Атажұрттың» шетелдік ұйымдармен ешқандай қатысы жоқ. Бірақ жабылған күні Еуропа мен Америкада жойқын ақпарат болары сөзсіз. Бізді жабам деп жүрген Әділет департаментінің бастығы өзінің креслосын ойлай берсін! Себебі ол ақпарат Батыс арқылы президенттің құлағына жетеді…
– Сайрагүлге қайта айналып келейікші: оған «босқын» мәртебесі беріле ме? Қандай мүмкіндіктер бар?
– Қазақстанның алдында екі түрлі таңдау тұр: қайтару (депортация) немесе алып қалу. Қайтарса, Қазақстан халқының, қазақтардың алдында қарабет болады.
Ал Сайрагүлге баспана берсе, Қытаймен арамыз салқындауы заңды. Осы екі ортадан қазақ билігі қандай жол табуы мүмкін? Үшінші жол – Сайрагүлден құтылу, көзін құрту…
– Бұл ойыңыздың жөні бар екен: адам – жоқ, проблема да жоқ! Меніңше, Сайрагүлдің «көзі құрыса», екі жақтың да құлағы тыныш болады-ау, ә?!
– Бұл туралы Сайрагүлдің өзіне де айттым: «Қытайдың құпиясы туралы ақпаратты айдай әлемге ашпасаң, Қытай үшін мәңгі бақи қауіпті адамсың, кез келген уақытта жарылатын бомба боласың. Сондықтан олар сенің «көзіңді құртуға» мүдделі. Ал айтарыңды айтып, ішіңдегіні ақтарып тастасаң, олар үшін керексіз боласың», – дедім. Бірақ барлық тарапқа бір ескертерім: Сайрагүл мен «еріктілердің» көзі құрыса, Қытайдағы қазақ мәселесі шешіліп кетпейді. Ал Сайрагүлдің әр басқан қадамы әлемдік адамзат қауымдастығының бақылауында деуімізге толық негіз бар. Оның «көзін құрту» мүдделі тараптарға оңай болмайды.
– Меніңше, төртінші жол бар: азаматтықты былай қойғанда, Қазақстан «босқын» мәртебесін бермесе, Сайрагүлге Батыс елдерінен немесе АҚШ-тан саяси баспана сұрау керек болатын шығар? Мұндай жағдайда «Атажұрт» Сайрагүлге көмек жасай ала ма?
– Ондай қадамның мүмкіндігін баяғыда бастап қойғанбыз, Ермұрат аға! Сайрагүлдің өзі де куә: әр елдің елшіліктерімен сөйлестік. Олардың уәжі – егер Қазақстан билігі «босқын» мәртебесін берсе, Батыс елдерінің оны алып кетуге қақысы бар. Осы мәселе жөнінде халықаралық ұйымдармен күнделікті хабарласып отырмыз.
– Қазақты қытайдан арашалаймын деген азаматтық игі мақсатыңызға жете беріңіз, Серікжан! Сұхбатыңызға рахмет!
Ермұрат БАПИ,
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»