Серікжан туралы СЕГІЗ АУЫЗ СӨЗ

БІРІНШІДЕН, Серікжанның бостандыққа шығуы құтты болсын!

ЕКІНШІДЕН, Шығыс Түркістанда Қытай геноцидіне ұшыраған қазақтарды қорғау жолында табандылықпен күресіп, барша ұлтымыз үшін аса маңызды бұл проблеманы халықаралық деңгейге көтере білген «Атажұрт еріктілері» мен оның басшысы Серікжан Біләшқа Алла разы болсын!

ҮШІНШІДЕН, Серікжанға жан-жақты қоғамдық-саяси қолдау көрсетіп, оның бостандыққа шығуына атсалысқан ел азаматтары мен халықаралық ұйымдарға үлкен рахмет!

ТӨРТІНШІДЕН, әсіресе Біләштің тағдыры қыл үстінде тұрған жеме-жем сәтте, яғни дер кезінде оған қол ұшын созған қазақтың батыр қызы, майталман адвокат Айман Омарова өзінің кәсіби сауаттылығымен, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен, өжеттілігімен, табандылығымен, принциптілігімен, ымырасыздығымен Серікжанның бостандыққа шығуына зор еңбек сіңіргенін мойындап, оған айрықша алғыс айту қажет деп есептеймін!

БЕСІНШІДЕН, «Атажұрт еріктілері» мен Біләштің үстінен жалақорлық арыздар жазып, қытайшыл Назарбаев режимінің Бейжін тапсырысымен оны тұтқындауына және сотқа беруіне көмектескен, сондай-ақ әлеуметтік желілерде «қазақ» атын жамылып, Серікжанды қаралауға барын салған һәм сондай қараулық іс-әрекеттерімен ең алдымен Шыңжаңдағы қандастарымызға зиян тигізген нешетүрлі «қараордашыл-қытайшыл» ұлт сатқындары екі дүниеде жақсылық көрмесін!

АЛТЫНШЫДАН, Айманның тікелей эфирінен жұртшылық куә болған режимнің шектен шыққан өрескел заңсыз (Біләшті Омаровадан алып қашып кетіп, ал адвокаттың өзін сот шардағының ішіне қамап тастап, шығармай қойғаны және т.б.) әрекеттері барысында «ұлтқа қауіпті комитет» өкілдерінің, күтілгендей-ақ, Серікжанға қысым жасап (қандай және қалай – ол анықтауды қажет ететін мәселе), ақыры «сындырғаны» қазір оның сот процесінен кейін өзін-өзі кінәлай сөйлеген сөзінен белгілі болды. Бұған кім қалай қарайды – әркімнің өз еркіндегі жағдай. Өз басым Омарованың оны айыптамауды өтінген сөзіне қосыламын.

ЖЕТІНШІДЕН, Біләшті режим тарапынан бұдан әрі қарай тағы қандай қауіптер күтіп тұрғанын кесіп айту қиын, әрине, бірақ олар сейілген жоқ деп болжаймын. Өйткені Қараорда мен Бейжіңнің ауыз жаласқан тірліктері жуық арада тоқтамайтыны анық. Демек, Серікжанның қазіргі жағдайына тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды, меніңше. Басқаша айтқанда, тиісті қауіпсіздік шараларын ойластырып, жүзеге асыру қажет болады.

СЕГІЗІНШІДЕН, режимнің бізге беймәлім, бірақ Біләш үшін сөзсіз қауіпті «сценариін» жоғарыда аталған жанкешті еңбегімен жүзеге асыртпай тастағаны үшін, Айман Омароваға қаны қарая өшіккен Қараорда қазір оны нахақ қудалауға салып, 15 тәулікке қамау, ал одан соң, бәлкім, лицензиясынан айыру қамына кіріскеніне куә болып отырмыз. Ал бұған, әлбетте, жол беруге болмайды.

Сондықтан ендігі жерде қажет болып жатса, Айманның өзін бүкіл ел болып қорғау міндеті күн тәртібіне қойылуға тиіс…

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН

Республиканский еженедельник онлайн