Соғысты тойлау – ӨТЕ АУЫР КҮНӘ

Дүниеде өзіңмен көрші тұрған ел сенің қолыңда барыңды, жер-суыңды, қазына-байлығыңды өзінің әкесінен қалған қыруар байлығындай иемденіп алғанымен қоймай, өзіңнің беліңнен шыққан ұрпағыңды да – ненің оң, ненің – теріс екеніне ой жүгіртпейтін және сол басқыншы ел қандай арамзалық үгіт, уағыз айтса, соның бәріне сенетін, өзінің тілінен гөрі, сол қожайынының тілінде тәуірлеу сөйлейтін, сол не айтса, соны қайталайтын мәңгүртке айналдырғаны қасірет екен.

Осыдан біраз жыл бұрын ҚазҰУ бітірген бір жиенім маған: «Сен ұлтшылсың! Ұлтшыл боламын деп, Гитлер, Наполеон, Шыңғыс хан не болды? Сен ұлтшылдығыңды қоймасаң, соларға ұқсап құрып кетесің!» деп жер-жебіріме жетті. Ойнап айтып тұр ма деп, бетіне қарасам, ондайдың ізі де жоқ. Керісінше, мені Гитлер, Наполеон, әлде Шыңғыс хан болып кететіндей, маған үлкен бір аянышпен қарайды. Күлкім келгенін байқатпайын деп, тілімді қатты тістеп едім, болатын емес.

Осындайда бір ойшылдың сөзі ойыма орала кетті. «Өзінің құл екенін білетін, бірақ сол құлдықтан құтылуға әрекет жасамай, ішкен-жегеніне мәз құл – нағыз құл. Ал өзінің құл екенін білетін және сол құлдықтан құтылуға қолдан келгенше қарекет жасайтын құлды – құл деуге болмайды. Ол нағыз адам депті». Сол ойшыл осы сөзін менің әлгі жиеніме емес, осы күнгі қазақ атаулының көбіне арнағандай көрінеді де тұрады. Және сол қазағыңыз, Құдай кешірсін, үш ғасырдай патшалық та, Кеңестік те, Ресей де улап тастаған құлдық санамнан арылайын деген ой басына кіріп-шықпайтын сияқты.

Сөйте тұра, сол қазекең дінін де, тілін де, салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесін де сақтап отырған көршілес ұлттардан өзін озық санайтынын қайтерсің?! Әсіресе Ресейдің әлі де жүргізіп келе жатқан империяшыл саясатының дем беруімен «Жеңіс күні» деп аталатын (9 мамырдағы) мейрам-сымағын көршілес елдер Қазақстанға ұқсап, мемлекеттік деңгейде тойламайтынын, соғыста шаһид болған әкелері мен аталарына күңіреніп отырып, тек дұға бағыштайтынын айтып, мақала жазғаным үшін, кейбір қазақ әлеуметтік желіде (әсіресе «Абай kz»-те) мені түтіп жей жаздады. Бір жақсы жері сол – байғұстар шын аты-жөнін айтуға да батылы жетпейді. Қашанда орыс не істесе, соны істеп, орыс не айтса, соны қайталау қанына сіңген қазақтар сол «Жеңіс күні! дегенді Георгий лентасын омырауына да, астындағы несиеге алған төрт доңғалақты көлігіне де желбіретіп тағып, дүрілдетіп тойлайды. Ал қазақпен бауырлас, діндес ұлттарды былай қойғанда, латыш, литва, эстон, молдавандар бұл күнді мейрамдамақ түгілі, жоқтау айтып, күңірене еске алады.

Иә, бізбен бауырлас көрші ұлттар біздің әкелеріміз бен аталарымыз ол соғысқа өз еркімен, құлшынып барған жоқ, оларды еріксіз, қойша қаптатып, қанды қырғынның ортасына апарып салды дейді. Шынында да, КСРО құрамындағы сол кездегі республикалардың ешқайсысы да Ресейге өз еркімен қосылған жоқ. Олардың әрқайсысы патшалық және Кеңестік Ресей күшпен басып алғанға шейін өз алдына ел болып отырған еді.

Сондықтан да әр республика азаматының бір ғана өз Отаны болды. Ортақ Отан деген сөз ешқандай ұғымға да, қисынға да сыймайды дейді сол көршілес республиканың көзі ашық тұлғалары. Мәскеу «Ұлы Отан соғысы» (олар 1812 жылғы Наполеонмен соғысты да Отан соғысы деп атайды) деп ат қойған соғысқа шейін, қазақтың Ресейден көрмеген қорлығы жоқ. Оның бәрін тізсең, осы басқыншы елдің жауыздығынан тұла бойың түршігеді. «Аға ұлттың» «чурка», «баран», «зверь», «дикарь», «калбит», тағы басқа да кемсіткен сөздерін, қорлық-зорлықтарын айтпағанда, Кеңес үкіметі енді орнап жатқан кездің өзінде-ақ, біресе ақтар, біресе қызылдар қазақ ауылдарын кезекпен шауып, кезекпен қырып, еркегін қорлап, қыздарын зорлағанын, қазақтың ауқатты, дәулеттілерін жер аударып, түрмеге қамауларын, жалғыз күнкөріс көзі – малын тартып алып, халық жауы деп ату-асу, қайта-қайта әдейі ашаршылықтар ұйымдастыруларын айтсаң да, осы күнгі көп қазақтың ұлттық намысын ояту мүмкін еместей көрінеді. Сосын әлгі ойшылдың нағыз құл туралы айтқаны тағы да есіңе түседі.

Орысқа тілі де, діні де бізден жақынырақ поляк пен украин «Ресейдің басқыншы оккупант әскерлері» десе, қазақтар «айбынды Совет әскерлері» дейтін еді. Дей тұрса да, әкелеріміз бен аталарымыз бұл қырғынға өз еркімен барды деген өтірік сөз. Біз оқыған талай ерліктердің өтірік, ойдан шығарылғаны ашылып жатқалы да біраз болды. Мысалы, 74 жыл бойы «28 панфиловшылардың ерлігі» деп, жас ұрпағымыздың миын улап келген «ерліктің» қып-қызыл өтірік екенін сол ертекті ойлап тапқан журналист Александр Кривицкийдің өзі ресми түрде мәлімдесе де, бүгінгі көп қазақ баяғы қисайған басын бері бұрғысы келмейді.

Сол соғыс кезінде өтірікті судай сапыратын ең өтірікші «Красная Звезда» деген газет болды. Сол газеттің әдеби хатшысы болған А. Кривицкий кейін 1942 жылдың 22 шілдесі күні 28 панфиловшы сарбаз Дубосеково разъезі түбінде немістің көп танкісі мен қыруар сарбазына қарсы ерлік көрсетті деген ертегі сияқты мақаланы өзі ойдан шығарып жазғанын баспасөз бетінде мәлімдеді. Ол сол мақаласында ол кезде жұртшылықты да, шайқасып жатқан сарбаздарды да рухтандыру үшін мұндай өтірік ерліктер туралы өтірік мақалалар күн сайын жарияланып тұрғанын да айтып өтті.

Ол ол ма, кейін КСРО әскери прокуратурасы 1948 жылы сол шайқасқа қатысыпты деген Иван Добробабин дегеннің ісін тексеру кезінде бұл ойдан шығарылған өтірік екені дәлелденгені КСРО-ның орталық газеттерінде жарияланды. «Ұлы Отан соғысы» деген тіркестің арғы жағында «СССР» дегеніміз – орыстың Отаны, яғни бұл – «Ресей» деген ызғарлы меңзеу жатқанын мынадан-ақ аңғаруға болады: сол Кривицкийдің өзінің сол жалғандыққа құрылған мақаласында саяси жетекші (политрук) орыс Клочков «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва!» деп ұран тастайды. Бұл сөздің аржағында орыс ұлтшылдығының, орыс шовинизмінің исі мүңкіп тұрғанын «Жеңіс күні» деп айтаққа ілесіп тұра шабатын қазақтардан басқа ұлттар баяғыда-ақ түсінген. Әйтпесе өзінің бұл мақаласы ойдан шығарылған өтірік екенін мәлімдеп отырған журналист А.Кривицкий неге сол Клочковтың аузына тек Ресей және Москва деген сөздерді ғана салған? Соғыс аяқталған соң да Мәскеудегі алтын жағалы орыстар жеңісті «обмывать» етіп, арақ ішіп жатқанда, неге тек «За великий русский народ!», «За русское оружие!» деп, стакандарын көкке көтеріп, шуылдады дейсіз? Бәріміз бірігіп жеңдік, әзірбайжан, қазақ, өзбек, татар, қырғыз, башқұрт, түркімен, тәжік, авар, қарашай достарымыз болмаса, жеңе алмас едік деген бір ауыз сөз сол 73 жылдан бері бір айтылмайтыны несі? Бүгінде өздерін көп оқыған деп санайтын қазақтар осыны қалай түсінбейді?

Қашанда өзге елдерді басып алып, өзге халықтарды қанап-тонауды ата кәсібіне айналдырып алған Ресей қарудың күшімен де, тоқсан түрлі амал-айла, қулық-сұмдықпен де сол елдерді уысынан шығармай ұстап отыруға әбден машықтанған. Сол үшін Мәскеу жоқ жерден жалған той-думандар, мейрамдар ойлап таба береді. Қазақстаннан басқа түркітілді республикалар да, орыспен кіндігі бір Украина да, Балтық бойындағы Эстония, Латвия, Литва, Молдовия да сонау 1991 жылы Кеңес өкіметі құласымен, ондай той-думандардан бас тартты. Тек Қазақстан ғана «8 Март», «1 Май», «Рождество Христово», «Жеңіс күні», т.т. даңғыр-дұңғырдан қалмай, Мәскеу не істесе, соны істеп, Ресейдің соңынан қалмай, шапқылап келеді.

Әлгінде қазақты құлдықтан шыққысы келмейтін жеке пенденің қылығымен салыстырдық. Бірақ сол құл мінезі үшін бүкіл қазақты күстаналау үлкен күнә. Ол үшін Мәскеудің қол астынан шыққысы келмейтін және сол құлдық сананы қитабан қалың қазақтың санасына сіңіріп, той-тойлап отыратын билік басындағы қазақтар кінәлі.

Иә, «Кеңес Одағы» дегеніміз – Ресей империясы еді. Сол империяны сақтап қалу үшін, ғасырлар бойы, жылдар бойы өздері қорлап-зорлап, қолдан ашаршылық, ату-асулар ұйымдастырып, қырып-жойып келген қазақтың ұлдарын «Отан үшін», «Москва үшін», «Сталин үшін» деп, алдап-арбап та, күшпен зорлап та апарып салған қанды қырғынды «Жеңіс күні» деп тойлау – ұлттық санасыздықтың үлкен бір белгісі. Президент пе, басқа идеяқұмар біреу ме – әйтеуір «Алғыс айту» күні дегенді ойлап тапты.

Қасиетті ислам дінінде қантөгіс соғысты тойлау – өте ауыр күнә. Сондықтан «Жеңіс күні» деп қызылала Георгий таспасын тағып алып, той-тойлаудың орнына, бұл күнді еріксіз барып ажал құшқан әкелеріміз бен аталарымызға «Дұға бағыштау күні» десек, әлдеқайда дұрыстау да, әділ де болар еді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Республиканский еженедельник онлайн