Вторник , 1 апреля 2025

Стратегиялық нысандар НЕГЕ САТЫЛДЫ?

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа!

·       Өткен ақпан айында Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында Шығыс Қазақстандағы Шүлбі және Өскемен су электр станциялары «Самұрық-Энерго» мемлекеттік компаниясының активінен шығарылғаны жөнінде хабар (Kapital.kz*) тарады. Еске сала кетейік, Қазақстанның стратегиялық нысандары санатына жататын бұл ГЭС-тердің 100 пайыз активі бұған дейін квазимемлекеттік компания арқылы Үкіметтің меншігінде еді.
Осыған орай менің ел Премьер-министрі мен ҚР Бас прокурорына бірнеше сұрағым бар. Ұлттық компанияға және мемлекеттің стратегиялық меншігіне қатысты осы ақпараттың анық-қанығы жөнінде тиісті үкіметтік органдар қоғамға неге түсініктеме бермеді? «Мемлекеттің активінен шығарылды» деген тіркестің мәнін қалай түсінуге болады?
Яғни, біз бұны аталған ГЭС-тердің меншік иесі өзгерді деп түсінуіміз керек пе? Орасан зор қаржылық түсімі ағып жатқан өзенмен су тегін келетін мемлекет үшін аса пайдалы нысандарды мемлекет меншігінен шығарудың логикасы қандай? Өздігінен ағып жатқан судан басқа шығынды қажет етпейтін ГЭС-терді сатудың қандай қажеттілігі болды? ҚР Үкіметінің қаулысы** (төменде қараңыз) бойынша жекешелендіруге жатпайтын аса маңызды бұл стратегиялық-энергетикалық нысандар неге және қандай актілік құжаттардың негізінде сатылды?
Екіншіден, Өскемен және Шүлбі ГЭС-терінің әрқайсысы қанша сомаға сатылды? Еске сала кетейін, 2024 жылғы көктемде бұл екі стратегиялық нысанды «Самұрық-Энерго» компаниясы «Самұрық-Қазынадан» сатып алғанда, Шүлбі ГЭС-і 36,2 млрд-қа, Өскемен ГЭС-і 23,5 млрд теңгеге бағаланған еді (жалпы жиыны 59,7 млрд теңге).
 
Құрметті Бас прокурор мырза!
Мемлекеттік және ұлттық маңыздағы стратегиялық нысандардың жеке меншікке өту заңдылығына Бас прокуратура қандай баға бере алады?
Үшіншіден, тағы бір ақпарат бойынша, бұл ГЭС-терді Араб Әмірлігіндегі «Абу-Даби инвесторлар концорциумы» деп аталатын түсініксіз құрылым меншіктенді деген хабар бар. Бет-бейнесі мен түр-тұрпаты беймағлұм бұл қандай концорциум? Оның құрамында кімдер немесе қандай қаржылық институттар бар, әлемдік нарықтағы оның тарихы мен құрылымдық структурасы қандай?
Төртіншіден, елдің шығысындағы электр рубильнигін бір өзі ғана иемденетін бұл концорциум Қазақстанның ұлттық және энергетикалық қауіпсіздігіне қатер тудыру тәуекелі қандай? Алда-жалда әлдебір қатерлер туа қалған жағдай болса, бұл рубильник жалп етіп өшіп қалмайтынына қандай кепілдіктер бар? Осы ГЭС-терді жекешелендірудің заңдылығынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаншалықты хабардар?
 
Осыған ұқсас екінші тақырып: жуықта «Транстелеком» акционерлік компаниясы бір қолдан екінші меншік иесіне сатылды. «Ескіқазақстандық» немере Нұрәли Әлиевтің орнына «Жусан» компаниялар тобы, яғни нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың менеджерлері келді.
Елдің теміржол магистралін байланыспен, семафор шамдармен, ІТ-технологиямен жабдықтайтын бұл компания да мемлекеттік стратегиялық нысан саналады. Бұл стратегиялық нысан қай премьер-министрдің өкімімен және қандай қаулы-құжаттың негізінде жекешелендірілді? 2017 жылы мемлекеттен небәрі 9 млрд теңгеге жекешелендіріліп алынған компанияның «Жусанға» сатылымынан қазақстандық қазынаға қанша салық түсті?
Қазақстан Үкіметі мен ҚР Бас прокуратурасы маған – депутат ретінде, қоғамға – тұтынушы ретінде тиісті ақпаратпен жауап беруін сұраймын!
 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Ермұрат БАПИ

*https://kapital.kz/economic/134726/samruk-energo-vyvela-iz-portfelya-shul-binskuyu-i-ust-kamenogorskuyu-g-es.html

**О перечне объектов государственной собственности, не подлежащих приватизации. Постановление Правительства Республики Казахстан от 24 октября 2000 года N 1587 во исполнение Указа Президента Республики Казахстан от 28 июля 2000 года N 422 «О перечне объектов государственной собственности, не подлежащих приватизации».

Республиканский еженедельник онлайн