Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында Қазақстан кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық одақтағы елдермен салыстырғанда мемлекеттік қолдауды тиісті деңгейде ала алмай отырғанын айтып, бұл жағдайды жақсарту бойынша тиісті талап қойды. Әрине, алдағы уақытта салықтық реформалардың арқасында мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігі күшейе түссе, Үкімет Президент тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктерін де, қаржылай қолдау көлемін де одан сайын жақсартады деген үміттеміз. Алайда субсидия төңірегінде әлі де басы ашылмаған екі үлкен мәселе бар.
Біріншіден, субсидия нормативтерін есептегенде, мемлекеттік органдар фермерлердің нақты ішкі жағдайын, яғни микроэкономикасын мүлдем ескермейді. Оны ескере алмайды да! Себебі әр фермердің бухгалтериялық есебі коммерциялық құпия болып табылады және тек өзіне ғана аян. Субсидияның негізгі мақсаты – шығындарды өтеу. Ал шығындардың нақты көрсеткіштері белгісіз болған жағдайда субсидия бір салада тым аз, ал бір салада тым көп төленетіні анық. Мысалы, соңғы 20 жылда ешқандай қолдаусыз, өзімен-өзі өсетін шошқа шаруашылығы субсидия алып отырғанын көрдік. Ал нақты қиындық көріп отырған қой шаруашылықтарының жүнге субсидия ала алмаған жылдарының болғаны әлі де есімізде.
Екіншіден, субсидия бағыттарын анықтау барысында фермерлердің ұсыныстары елеусіз қалып жатыр. Мысалы, қуаңшылыққа жиі кезігетін өңірлер мемлекеттік органдардың табалдырығын талай тоздырып, тиісті нәтиже өндіре алмады. Қысы ұзақ өңірлердің де өз спецификасы жетерлік. Бұдан бөлек фермерлердің субсидия алушыларға қойылатын критерийлері мен талаптарға келіспейтіні тағы бар. Бұл мәселелер де назардан тыс қалғанына талай рет куә болдық.
Жалпы кез келген мемлекеттік қолдау тетігінің астарында саяси аспектінің бар екенін ұмытпаған жөн. «Субсидия беріп жатырмыз» немесе «субсидия көлемі өсіп жатыр» деп қанша рет айтылса та, фермерлердің көңілі көншіп жатқан жоқ. Үкімет үлкен жұмыс атқарып жатса да, «отырса опақ, тұрса сопақ» болып тұр.
Бұл проблеманы шешудің тиімді жолы – субсидия нормативтері мен бағыттарын анықтау құқын фермерлердің өздеріне беру! Бүгінгі шаруалар экономикалық мәселелерде өте сауатты, өз мүдделерін қорғай алатын жағдайға жетті. Соңғы 20 жыл ішінде әртүрлі одақтар мен қауымдастықтар ашылды. Бір Қазақстан фермерлер қауымдастығының қатарында 60 мыңнан аса фермер жиналған. Саны 100-ден асып жығылатын осы ұйымдардың барлығы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының құрамында.
Демек, субсидиялау саясатын жүргізу барысында оның нормативтері мен бағыттарын анықтау функциясын «Атамекен» палатасына жүктеуге болады деп есептейміз. Әрине, соңғы кездері «Атамекенге» деген сенімнің сейілгенін байқап жүрміз. Алайда палатаның өзіне арналған жеке заңы бар. Қабылданатын шешімдер кіршіксіз болуы үшін бұл заңды жетілдіруге болады. Бастысы – субсидия мәселесін шешу құқын фермерлердің өзіне беретін кез келді! Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті бейінді органдар субсидиялау жұмысында әкімшілік функцияларды атқаруды жалғастыра алады.
Әрине, кез келген шешім біріне жақса, біріне жақпауы мүмкін. Бірақ дәл қазір мемлекетке деген сенімді арттырамыз десек, билік пен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты күшейтуге талпынуымыз қажет.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі
«Ауыл партиясы» фракциясының депутаттары атынан Анас БЕКҚОЖАЕВ