- Назарбаевтың режимі Демократиялық партияны күрт бетбұрыс жасау қадамына мәжбүр етті.
«Жалған жаламен қамауға алынып, аймақтарда нақақ қылмыстық іске тартылып жатқан әріптестерімнен менің жаным артық емес. Мен өз жолдастарыммен бірге абақтыға қамалуға дайынмын! Партия жақтастарын өзіммен бірге азаматтық наразылық митингісіне шақырамын!» – деді кеше шұғыл жағдайда өткен баспасөз мәслихатында Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай.
Жедел түрде өткізілген баспасөз мәслихатында партия құрушы белсенділер өздерінің шұғыл бетбұрыс жасауға мәжбүр болғанын, съездің орнына митинг өткізуге тура келгенін мәлімдеді.
- Баспасөз мәслихатында бұл митинг 22 ақпан күні сағат 11.00-де Алматыдағы ескі алаңда (Абылайхан – Төле би, Панфилов және Бөгенбай батыр көшелерінің ішкі аумағында) өтетіні хабарланды.
Құрылу үстіндегі партияның жетекшісі, жас қайраткер Жанболат Мамай жиналған журналистерге төмендегі жағдайды жария етті.
«Қазақстанның барлық аймақтарында партия құрушы белсенділерге бұрын-соңды болмаған жаппай қысым көрсетіліп жатыр. Партия жақтастарына қатысты ондаған нақақ қылмыстық іс қозғалды, бірнеше адам жалған жаламен қамауға алынды, бірқатар азаматтар ешқандай негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Партияның құрылтай съезіне қатысуға жолға шыққан Жаңаөзен қаласының делегациясы тегістей пойыздан түсірілді. Ақтауда бес адам 5 тәулікке қамалды.
Партияның Атырау облыстық бөлімшесінің жетекшісі Әлібек Мұсаұлының үйін полиция қоршап алды. Ол бір амалын тауып, қоршаудан сытылып шығып, Алматыға Орал қаласы арқылы келмек болғанда, оны Жымпитыда ұстап, БҚО полиция департаментіне қамады. Екі күннен бері оған нәр татырмай, ішуге су да бермей, зорлық-зомбылық жасауда.
Бүгін Оралда Әлібек Мұсаұлын соттауға әкелді.
Бірер күн бұрын Атырауда полиция партия белсендісі Әсел Нұрғазиеваның үйін қоршап алып, кеше оны да ұстап әкетті. Партия жақтастарына қатысты Семейде де бірнеше қылмыстық іс қозғады.
Оралда азаматтық белсенді Айболат Бөкеновты полиция екі күн бұрын алып кеткен, одан ешқандай хабар-ошар жоқ. Қайда қамалғаны белгісіз. Бүгін іздеу жарияладық. Белгілі оралдық азамат, қоғам белсендісі Жанат Есентаевтың үстінен іс қозғалып жатыр.
Қостанайда партия съезіне қатысу үшін жолға шыққан делегация мүшелерін қаладан 100 шақырым жерде ұстап, оларды қалаға кері алып келіп, бірнеше әкімшілік із қозғады.
Алматыда «ішкі саясат бөлімінің қызметкеріміз» деген желеумен (анығында «КНБ» қызметкерлері – Ред.) бастамашыл топтың әрбір мүшесінің үйіне барып, оларға Демпартияның съезіне қатыспаңдар деген қысым жасалған.
Қарағанды қаласында да полиция съезд делегаттарын ұстап, Алматыға жібермей қойды. Қазақстанның басқа аймақтарында да жаппай және бұрын-соңды болмаған саяси қысымдар жасалуда. Биліктің бар мақсаты – Демократиялық партияның құрылтайын болдырмау, біздің жасампаз жақтастарымыздың басын қостырмау. Бұл бассыздық пен заңсыз әрекетке жауаптылар – Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев!
Біздің әріптестеріміз бен жақтастарымызға қарсы адам айтқысыз қысым жасалып жатқан кезде біз съезд өткізуді
жөнсіз деп санаймыз. Сондықтан партия белсенділеріне жасалып жатқан қысымдарға қарсы және саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Алматыдағы ескі алаңға митингіге шығуға шешім қабылдадық. Бұл жөнінде бүгін ҚР Әділет министрлігіне хабарлама жолдаймыз.
Әрине, саяси партия ретінде күресімізді жалғастырамыз.
Біз Демпартияны тіркету үшін, өз мақсаттарымызға жету үшін, бірнеше митингілер сериясын өткіземіз!».