
Үлкен-кіші гәзеттерді аударып-төңкеріп, шала-пұла оқып жүрмін. Гәзеттің атынан редакциясының әдрісіне дейін түгел оқуға, біріншіден, көзімді аяймын, иә, өзімді аямасам да. Екіншіден, мақала көп, мән аз: бірінің айтқанын бірі сылап-сипап қайталап, өзін де, өзгені де адастырады.
Мысалға алдағы президент сайлауы туралы жазғандарын айтсам: «Жаңа президент керек!»; «Кім жаңа президент болады?»; «Егер мен президент болсам!..»; «Бүгінгі президентті қайтадан сайлайық!»; «Президент табылған, табылды, табылады да!»; «Біз Жаңа Қазақстанды қалай орнатуды ойлайық!» десіп жатыр. Бірде-біреуінің бағдарламасы менің бағдарламама астар да бола алмайды. «Бағдарлама» дегенің оңай шаруа емес, ол жазған сенен бұрын, оныңды оқығандарға түсінікті болуы керек.
Мәселен, менің мына бағдарламамды оқып көріңдер. «Сізге қандай президент керек?» деп отырмын, мінеки. Тарихи сұрақ. Бірақ барлық сайлаушылардың дауысын түгелдей алған күннің өзінде мен де, дауысқа жаңа түскен басқалар да президент бола алмаймыз, бізде президент сайлауға дейін сайланып қойылады ғой.
Бағдарлама десек, ол мәселені алыстан қармамай, жақыннан бастауға тиіс. Мәселен, менің бағдарламам былайша:
1.Заң бойынша мен – президент – мемлекеттің қамқорлығындамын. Алыс-жақынға барып келуім тегін. Азық-түлік, киім-кешек арнаулы арзан бағалы мәгәзинімізде күндіз-түні дайын. Яғни, менің мәселем реттеулі. Ал әйелімнің проблемасы ше? Ол – орта мектепте мұғалім. Тарихшы. «Біздің тарихшы ғалымдарымыз қызық өзі. Тарихи бір оқиғаны бірі «алай» деп, бірі «былай» деп жаза береді. Әлі күнге бірізділік жоқ. Енді «Алаш» жайында айтысып-жазысып жатыр» деп қояды. Айлық еңбекақысы 70 мың теңге. 1 қой сатып алуға да жетпейді. Қой етінің 1 килосы дүкенде 3 мың теңге, базарда 4 мың теңге, есептей беріңдер. Ұл мен қызымның да қауқарлары сондай, ол дұрыс емес.
Демек, мен ең әуелі солардың жағдайларын жақсартуға міндеттімін. Олар институтта оқып алған мамандықтары бойынша емес, табысы мол жерлерде қызмет істесін. Мен оларды сондай қызметтерге көтеремін. Байысын, шетелдік әдемі аутомәшін сатып алсын, кәттедж салдырып алсын. Өзімізде ғана емес, шетелдерде де. Бірлесіп емес, жеке-жеке. Ауа райы жылы, жанға жайлы шетелдердің көл, теңіз жағалауларынан жер сатып алып, 2-3 қабат үй салдырып, айналасына монша, бассейн салдырып, бәлейбол, бәскетбол алаңдарын жасатып алсын. Көл-теңізде серуендеуге кәтер керек, оны ұмытуға болмайды, сол елдердің ең әдемі, күшті кәтерлерін сатып алу керек.
Одан кейін туған-туысқандарымның, содан соң дос-жолдастарымның хал-ахуалдарын ойлауым, баюларына көмектесуім керек. Қазақстан – біздің мақтанышымыз! Жерінің асты-үстіндегі байлығы бәрімізге жетеді!
2. Аппаратыма, жалпы қоластыма не айтарымды ернімнің жыбыр еткенінен сезе қоятын елпектерді, қабағымды түйгенде қалтамды толтыра қоятын ысқаяқтарды, оразасын мені мақтаумен ашатын мышбайларды, мен жазуға тиіс мақалаларды менің айтуыммен жазып беретін, тіпті менімен сөйлесіп, өзі жан-жақты толықтырып, менің атыммен кітап шығаратын пысықай жорналшы, жазушыларды, мен кісі танимын, сондайларды жинап аламын. Жоғарғы кеңестің төрағасы кіреслосына өздігінен «әу» дей алмайтын әптішуді отырғызып, мені қай жылы, қай орденмен марапаттау керектігін ескертіп жүремін. Шетелдердің ордендерін алатын болсам, ол өзім басқарып отырған Қазақстан үшін үлкен абырой болады, ол мәселе қай елге кімді Бас елші етіп жіберуіммен байланысты болады. Оны асықпай ойланамын. Уақ-уақ сыйлық алуым… ә, ол оңай! Одан гөрі сериознай проблема… Астанадағы орталық даңғылға юбилейімнің алдында атымды қойдыру, ескерткішімді орнаттыру, биіктігін 5 метр етіп, қаздитып!
Бұның бәрі оңай мәселе емес, алайда қисынын келтіретін қып-қызыл тілің болсын, тілің! «…Аспандағы бұлтты айналдыратын».
3. Иә, иә, мен президент болсам… Президенттің алдына қойылатын мәселе көп, онсыз реттелмейтіні аз. Ал мен бәрін пысынамай-ақ, терлемей-ақ реттеймін! Елімнің бір жағында қабағы қалың Қытай тұр. Екінші жағында бірде анаған, бірде мынаған соқтықпаса, соқыр ішегі бүйірін тесіп шығатындай әулекілер дізгін-шылбырын қасарысып ұстап отырған Ресей тұр. Оның ауа райын бағып отыру қиын, но нешауа!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ