ТАРИХИ ТҰЛҒА: Кешірім Бозтаевтын туғанына 85 жыл

Кешірім жылы жымиып:

– Елу төрт жасымның отыз бір жылын Өскеменге бердім. Сендер риза болсаңдар, мен ризамын, – деді түп-түгел жиналған ұжымының алдында. Сағат он шамасы еді. Одан жарты сағат бұрын ұжымды «үрпиткен» жаңалық болған. «Кешірім Бозтаев Алматыға шақырылған еді, Семей облыстық партия комитетінің бірінші секретары болып тағайындалыпты!». Соны естіген Шығыс Қазақстан облыстық совет атқару комитетінің қызметкерлері Кешірімнің кабинетіне өзімен бірге кіріп:

– Кешеке, Семейге кететініңіз рас па?

– Кешірім Бозтайұлы, оныңыз не?

– Жоқ, біз жібермейміз! Орталық комитетке хат жазамыз!..
Орталарына алған көпшілікке екі қолын көтеріңкірей жайдары күле қарап, «сабыр етіңіздерші» дегенді ишаралаған Кешірім:

– Иә, Орталық Комитеттің шешімі солай болды, мен де – партияның солдатымын, түсінесіздер ғой. Бұл жолғы да сенімдерін ақтап, тапсырмаларын орындап көрейін. Егер ақтай алмасам, орындай білмесем, онда… онда өздеріңізге қайтып келемін, комбинатқа металлург керек болар, – деді. Жұрт тағы да гулеп:

– Иә, ақтайтыныңыз сөзсіз, біз сізді білеміз ғой!

– Кешеке, жоғарылай беріңіз, Кремльге дейін көтеріліңіз!

– Бізге пенсияға шыққан соң келіңіз! – десіп, өрепкудің соңы әзілге ұштасты…

Осындағы «келіңізге» орайлас айта отырарым: бірде Кешірімге:

– Горбачевтің диірменіне хатыңмен қоса түсіп кетуден қорықпай, қалайша жаздың? – дегенімде, ол бір сәт салқын жымиды да:

– Полигонның асты-үстін аралап жүргенімде, жаным түршігіп, жүрегім үзіліп кетердей болды… Халықтың қандай қасіретке тап болғанын айтуға әлі де дәтім бармайды… Горбачевке хат жазуға бел байладым. Ол әрекетімнің тым қауіпті болатынын, небір қатерден өтетінімді білдім. Мейлі. Ақиқат менің жағымда, жеңіле қоймаспын. Ал жеңілген жағдайда еңбек жолымды бастаған Өскеменге, қорғасын-мырыш комбинатынымызға қайтып барсам, қатардағы металлургтың жұмысына алатын шығар… Иә, мейлі. Халқым үшін, жерім үшін жан пида деп бекіндім, – деді.

Алматы Тау-кен институтының металлургия факультетін тәмәмдап, Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына жолдамамен келген Кешірімнің өмір жолы қатардағы металлург болудан басталған-ды. Білімдарлығымен, іскерлігімен, еңбектестерін игі істерге ұйымдастыру қабілетімен абыройға бөленген Кешірім сатылап өсіп, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, одан облыстық совет атқару комитетінің төрағасы болып, енді Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды.

Жаңа басшының мұндағы ұжымды елең еттірген алғашқы қылығы – қалыптасқан дәстүр бойынша, бірінші хатшыларға ғана тиесілі оңаша үйді барып көрген бетте: «Бау-бақшалы, оңаша жер екен. Жақсы. Бұл үйге мүгедек балалар емханасы орналастырылсын!» – деп нұсқау бергені, өзі пәтерді кәдімгі көпқабатты үйден алғаны болды. Құлағдар болған семейліктер: «Қарапайым екен!», «Қара басының қамын ойламайтын азамат екен!» деп риза болысты.

Қашан да халықтың хал-ахуалын ойлаумен, білумен, мүмкіндігіне қарай адал қызмет етуімен қадірлі болып жүрген Кешірім Семей атом полигоны туралы әрқалай сөздерді бұрын да естіп қана жүргендердің бірі болса, енді өзімен көріп-білуге кірісті. Полигонның кесапаты жайындағы наразылық, қарсылық хаттар обкомға жер-жерден: дәрігерлер мен мұғалімдерден, шахташылардан, басқа қауымнан да келіп жатқан. Өтініш-талаптары ескерілмей, төзімі таусылғандар Мәскеуге де жазған.

Семей қаласы тұрғындарының түрлі ауруға қарсы табиғи қарсылық дәрмені – иммунитеті төмендеп, Абай, Абыралы, Бесқарағай, Жаңасемей аудандарында халықтың 30–40 пайызы сондай халге тап болып, ересектерге қоса балалардың 30–35 пайызы анемия зардабын шегуде екен. Онкологиялық ауруға ұшырағандарды дәрігерлік зерттеуден өткізу, емдеу мақсатымен 1954 жылы Өскемен және Семей қалаларында арнаулы емхана ашылғанда, оның Өскемендегісі бір жарым жылдан кейін КСРО Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жауып тасталған. Семейдегі емхана ықшамдалып, «Бруцеллезге қарсы диспансер» делінген. Ол ол ма, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі 1966 жылдан бастап Семей қаласында онкология сырқаттарын зерттеуді тоқтату туралы шешім қабылдаған. Нағыз сұмдық!

Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қаққан адам – көрнекті ғалым Бахия Атшабаров болды. Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырыпты.

Сол жәйттерді ой таразысына салған Кешірім полигонның жұмысымен әбден танысуға бекінген. Қызмет дәрежесін пайдалана іске кірісіп, полигонның ықпыл-жықпылын түгел аралаған, сынауларды түсірген құпия фильмдерді көрген. Содан кейін СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы М.Горбачевқа хат жазып, қазіргі сынауларды шектеу, содан соң полигонды басқа жаққа көшіру керектігін айтқан.

1989 жылы ақпан айының 20 күні жазылған ол хаттың Кремльде бомба жарылғандай болғаны, қаншама тексеру жасалғаны, Кешірім Бозтаевтың айтқанынан қайтпағаны, Горбачевқа тағы да хат жолдап, полигоннан қырық жыл бойы зардап шеккен халыққа өтемақы төлеуді қосымша талап еткені біздің баспасөзде аз жазылған жоқ, яғни ондағы оқиғаларды қайталауым қажет емес деп білдім. Алайда мына бірер деректі еске алу артық болмас:

«…Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия…» (Президент Н.Назарбаев мырзаның 1993 жылы маусым айында жасы алпысқа толған Кешірім Бозтаевқа жолдаған құттықтау жеделхатының түпнұсқасынан).

«Уважаемый Кешрим Бозтаевич! Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения. Особенно ярко Вы проявили силу и волю Вашего характера как активный участник международного антиядерного движения «Невада–Семипалатинск» (только «активный участник» движения «НС»? – Г.К.). В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера. Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу – закрытие Семипалатинского ядерного полигона. В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас Сулейменов. Июнь 1993 г.».

Әрине, Кешірімді жасы алпысқа толуымен құттықтаған жеделхат көп болды. Телефон соғылып жатты: КСРО аймақтарынан, шетелдердің ядролық сынауларға қарсы қозғалыстарынан, жеке қайраткерлерден.
Олжастың Семейге республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың ұйғарымымен барғаны белгілі. Ал ондағы жұмысының нәтижесі туралы «Семей полигоны» кітабында (1992 ж.) К.Бозтаев былай деп жазады:

«…Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан – аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: «Бардым, көрдім, жеңдім! – деп шыға келді… «Бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда: «…еңбек «Невада–Семипалатинск» қозғалысыныкі, тек қана соныкі! – делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше мол насихатталды. Өздерін-өздері дәріптеу сияқты біржақтылық өршіді… Жиі-жиі жиын жасау, жалаң ұрандау әдетке айналдырылды…».

Бозтаевтың көзі тіріде оның кітабын «көрмегендер» оны арада жеті жыл өткен соң (1999 жылы қайтыс болды) көріп, оқып, мысалы, Олжас «Казправда» газетінің тілшісімен сұхбатында: «…Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели», – деп сестеніп шыға келді (2005 ж.). Одан кейінгі сұхбаттарында: «Біз Семейге жиын өткізуге барғанда, обкомдағылар есік-терезелерін жауып алып, тығылып отырды…», «Полигонды біз жаппаппыз, бір обком секретары жауыпты…» деп кекетсе, тағы да бірінде: «…Ондай хатты жазған болса, орнынан ертеңінде-ақ айырылар еді», – деді.

Сөйтіп, мүлдем жалған сөйлеп, Кешірімнің аруағынан ары-бері аттауды бастады. Міне, содан беріде полигонға қатысты сан жиын өткізіліп, мақала-сұхбат жарияланып келе жатса да, ешбірінде шын мәнінде тарихи Тұлға Кешірімнің аты-жөні айтылған да, жазылған да жоқ. Интернет сайттарында да солайша.

Осы бір әділетсіздік жайында әр тұрғыда бірнеше мақала жаздым (биліктің бауырындағы газеттер, әрине, «ат-тондарын ала қашты»). Президент Н.Назарбаев мырзаға екі хат жолдадым. Көшірмелері: «Егемен Қазақстан» және «Семей таңы» газеттерінің бас редакторларына жіберілген. Соңғысында (19.06.2009 ж.) президентке: «Нұреке, Кешірім Бозтаевтың бүкіл қызметі көз алдыңызда, полигон жайында әңгіме қозғалғанда, ақиқатты айта жүруіңіз керек қой, аруаққа одан артық не керек?» – дедім. Ол хатыма бір айдан кейін Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев мырзадан жауап келді. Ол: «Ақылшы ағамызсыз, жазғандарыңыз орынды» деп, астыма көпшікті қабаттап қойып, содан кейін өтер істің өткенін, оны қайталай берудің ретсіз боларын айтыпты. Оған жауап жазып: ақиқатты іздеудің де ретті-ретсізі болады екен ғой, Кешірім Бозтаевтың аруағынан ары-бері аттап, тарихты тәрк ету күнә да, кінә да болмай шықты-ау деуге тиіс болдым.

Алдымыздағы 2019 жылы полигонның сынауды бастағанына 70 жыл, ал жабылғанына – 27 жыл толады. Онда да өзін-өзі қолпаштап, өзгелерге қолпаштатып дағдыланғандардың жалаулары желбірей беретін болар. Бет қаратпай тұр ғой.

Айтпақшы, осындай кейіс әредігінде әйгілі физик-академик Евгений Велиховтың 2008 жылғы бір сөзі есіме түседі. Семей полигонына қарсы күрес басталысымен Семейге келіп, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп, Кешірім Бозтаевты батыл жақтап, Горбачевқа хат жазған ғалым Ресей телебағдарламасының «Мәдениет» арнасындағы сұхбатында журналист: «Семей полигонын ақын Олжас Сүлейменов жапты дейді, ол туралы не айтасыз?» – деген сұрақ қойғанда, былай депті:

«…Олжас Сулейменов к закрытию полигона имеет крайне незначительное отношение. Так, мимоходом – артикуляция и шумиха для начала и сопровождения переговоров между Москвой и Вашингтоном. Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских – в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе. Все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел я и высшие офицеры КГБ и ГРУ. То есть всё решалось на оси Москва – Вашингтон». Евгений Павловичтің ол сөзінің толық мәтіні Zonakz. газетінде сол жылы ақпанның бірінші аптасында шыққанын естідім. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды».

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Кешірім Бозтаев бірінші хатшы болған бес жылда облыста: 69 мектеп, 67 балабақша, 24 аурухана-емхана, 28 мәдениет үйі мен клуб, Қазақстандағы тұңғыш Офтальмология орталығы, Балалар сырқатының себептерін зерттейтін орталық салынды. 2000 шақырымға жуық жолға асфальт төселді. Облыстың өнеркәсібі сапалы өнім шығару жағынан республикада көп жылғы 15–17-орындардан 5-орынға көтерілді.

Денсаулығы сыр бере бастаған соң зейнетке шығуды жөн көрген Кешірім 1991 жылы облыста алдағы екі жылда 34 мектеп және 33 балабақша салу мәселесін шешіп берді.

Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін академияның, Халықтық «Экология» академиясының (Мәскеу қаласы) академигі, Семей Медицина академиясының «Құрметті профессоры» Кешірім Бозтаев ұрпағына ғылыми негізді бірнеше кітап қалдырды. Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Семей полигоны» (1992 ж.), «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29 тамыз» (1998 ж.). Жазған кітаптарының дені – Семей полигонының тұтас тарихы туралы.

Республиканский еженедельник онлайн