Воскресенье , 20 апреля 2025

«ТАСЖАРҒАНБЫЗ» 

  • «ДАТ»-тың 10 жылдығында бардым жұмысқа. 2008 жыл. Онжылдықты дүркіретіп тұрып өткіздік. Оппозицияның кілең серкелері жиналды. Қазіргідей аты-заты жоқ оппозиция емес, шеттерінен «сен – тұр, мен – атайын». Содан бері аттай зулап 15 жыл өте шығыпты. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Баяғы кедей қазақ, кері кеткен қоғам…

Мен ол кезде ҚазҰУ-дың 3-курсында оқимын. Газет «Тасжарған» деген атпен шығатын. Айлық таралымы «Жас Алашпен» жандасып тұрған уақыт. Жұмысқа кім алды, қандай журналистер болды деген сұрақтарды бұған дейін талай айттық, талай жаздық. Оған тоқталмаймыз. Бүгінгі жазбамыз «Тасжарғанның» кезінде редакцияға жасалған қысым, көрген құқай хақында. 

Жұмысқа жаңадан тұрған, жазудың қызығына жаңа-жаңа кірген кезіміз. Аптасына екі бет толтырамын. Біреуі – міндетті түрде қоғамдық-әлеуметтік, саяси сұхбат болса, екіншісі – аптаның аптығы: баспасөз отырыстары мен митингілер, саяси репортаждар. 

  • Діншілдердің құқайы

Сол 2007–2008 жылдары діни ағымдардың саны артып, кейбіреулері үгіт-насихат жұмыстарын ашық-әшкере жүргізе бастаған-ды. Бекболат Тілеухан мен Мұхаметжан Тазабектер ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқитын студенттерді кездесулерге шақырып, сұхбаттар құрып жататын. Сырттай естіп, біліп жүреміз. Ашқұрсақ студенттерді ресторанға, үйлеріне шақырып, тамаққа тойдырып, түнімен әңгіме-сұхбат құрады. Ол кезде «уахаббист», «сәләфит» дегенді білмейміз. 

Бір күні «Тасжарғанның» «Бас оқырманы» Ермұрат Бапи қазақтың ұлттық киімі қандай болуы керек, шолақ балақ шалбар киіп, теке сақал қойып жүргендер қазақтың ұлттық киімін неге мәнсұқтайды деген тақырыпта мақала жазуға тапсырма берді. Ұлттық кітапханаға барып, ескі қолжазбаларды ақтарып, қазақтың ұлттық киімі туралы бір беттік материал дайындадық. Қазақтың шапаны мынау, шалбары анау, сақалы былай деп, атап тұрып көрсетіп, суретіне дейін салып бердік. 

Газет шықты. Ертесі түске қарай телефоныма біреу қоңырау шалып тұр. 

– «Жұқамыр Шөке» деген кім? 

– Менмін. 

– Не жазып жүрсің?

– Не жазыппын?

– Кездесейікші.

– Не үшін? Өзің кімсің?

– Қазақтың шапаны, сақалы туралы сөйлессек.

– Сөйлесетін не бар?..

Телефонды қоя салдым. Анау қайта-қайта соғып, әбден мазалады. Жұмысқа келген соң, мән-жайды Ермұрат ағаға айтпаймын ба!

– Ол қызталақтарға не керек екен? Давай, кездескіш болса, жұмыс жаққа келсін! – деді. Аналарға солай жеткіздім. Редакторға айтқанымды, редакцияның бәрі білетінін ескерттім. Соған қырсығып қалды ма, бұлардың дауысы қатқылдана бастасын. Қорқытып-үркітуге көшті. 

«Сенің қайда тұратыныңды, қай автобуспен жүретініңді жақсы білеміз. Тіпті ауылыңды, әке-шешең мен бауырларыңды да жақсы танимыз. Бізбен ойнама!» – дегенге көшті. Не керек, кездесетін болдық. Ол кезде редакция Жібек Жолы мен Бәрібаев көшелерінің қиылысында-тұғын. Орталық саябаққа шақырдым. Екі ара жақын. Газеттің фототілшісі алыстан еріп жүретін болды, біздің кездесуімізді түсіріп, әлгілердің масқарасын шығарып тұрып, газетке жарияламақпыз. Тағы бір әріптесіміз көлікпен сыртымыздан бақылап жүрмекші. 

Саябақтың алдына келіп, бұларды күтіп тұрмын. Жолдың екінші жағында фотограф жүр. 10 минут өтпей әлгілер қоңырау шалды. 

– Бала, сен бізбен ойнайын деген екенсің. Неге бүкіл редакцияңды ертіп шыққансың? Біз бәрін көріп отырмыз. Фотографыңды ал да, көзіңді құрт. Енді бізге ренжіме! – деп, телефонды қоя салды. 

Қайтып мазалаған жоқ. Бірақ сақалдылар туралы бір ауыз бірдеңе жазсақ, сондай үркітіп-қорқытып қоңырау шалатындардың саны артпаса, азайған жоқ. Кейін оған да етіміз үйреніп кетті.

  • Оқ атылған түн

​«Тасжарған» жабылатын жылы болу керек, редакцияның терезесіне біреулер оқ атып, шағып кетті. «Бас оқырманымыз» мұны редакцияға жасалған қоқан-лоққы деп жариялап, БАҚ өкілдерін шақырып, ақпарат тараттық. Ауылдағы әке-шешем естіп алып: «Сен, бала, қандай жерде жұмыс жасап жүрсің? «Тасжарғаның» бас жарған болып жүрмесін. Оқуың бар, өмірің бар. Құрысын, ондай жұмысты қой!» – деп шырылдады. 

​Ол кезде студентпіз ғой. Түске дейін сабақта боламыз, түс қайта жұмысқа келеміз. Ыңғайлы. Жұмыстан кейін жатақханаға баруға ерініп, редакцияға қонып қалатынымыз тағы бар. Терезеге оқ атылған түні жатақханаға қайтып кеткенім қандай жақсы болған! 

Әке-шешеміздің қарсылығына қарамай, «ДАТ»-та бірнеше жыл жұмыс жасадық. «Тасжарғанның» кезінде табысымыз жақсы-тұғын. 150–160 мың теңге! Студент үшін қомақты қаражат. Кейін газет жабылып, «Общественная позиция» ашылғанда, айлығымыз шайлығымызға жетпей қалды. Сонда да болашақтан үміт күттік. Бүгін болмаса, ертең-ақ жағдайымыз жақсарып кететіндей жарқырап жүретінбіз. Марқұм Бақытгүл апай жігерімізді жанып, қайраттандырып қоятын-ды. Сол кісінің сөзіне қанаттанып, рухтанып, айлықтың аздығын да елемейді екенбіз ғой. 

– Боқмұрындар, аз қалды, шыдаңдар! Назарбаевтың дәуірі өтіп жатыр. Біздің де жүзіміз жарқырап, еңбегіміз еленетін күн әлі-ақ туады! – дейтін. Бәлкім, сол сөзіне өзі де сенетін сияқты, жүзі жайнап кетуші еді. «ДАТ»-тың тойын бүкіл Қазақстан тойлайды» дейтін жарықтық! 

  • Қолдан жасалған бомба

​Нақты уақыты есімде жоқ. Бір күні Ермұрат Бапидың көлігіне біреулер жарылғыш зат қойып кетіпті. Құдай оңдағанда, Ерекең олақ қолдан шыққан әлгі жарылғышты байқап қалып, ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл Бапиға ғана жасалған қастандық емес. Редакциядағылар қатты үрейлендік. Жаңадан үйленген жыл. Келіншегім: «Осы жұмысыңды қойшы. Айлығыңның түрі анау. Баспанамыз жоқ, жатақхана жағалап жүрміз. Басыңды бәйгеге тігетіндей сонша не көрінді саған?! Қазақстанды жалғыз өзің түземексің бе?Демократия сендерге қарап қалып па?!» деп, көз жасын төксін. Сонда да «ДАТ»-тың бір жұмбақ күші тартатын да тұратын. Әлі күнге дейін «ДАТ»-та жұмыс жасағандар бір-бірімізбен кездесіп қалсақ, «Біз «ДАТ»-пыз, «Тасжарғанбыз» деп қауышып жатамыз!

  • Қайран, магистратура!

​Оқу бітірген жылы жұртпен бірге магистратураға тапсырдық. Ол кезде журфактің деканы Ғалия Жүнісова деген апай болатын. Орыс бөлімдерінде сабақ беретін кісі, қазақ топтарындағы студенттерді танымайды. Өзімізге сабақ берген ағай-апайлардың айтуы бойынша, ағылшын тілінен жақсы балл жинап шықтық. Шешуші кезең – мамандық бойынша тапсыратын емтихан еді. Қазіргідей емес, ол кездегі емтихандар ауызша болатын. Оны да ойдағыдай орындап шықтық. Өзімізге сенімдіміз. «Ағылшын тілінен де, мамандықтан да жеткілікті балл жинадық» деп, бөркімізді аспанға атып, «жууды» бастап кеткенбіз. 

​Бір аптадан кейін магистратураға түскен студенттердің тізімі жариялансын. Өзімізді таппай қалдық. Тізімнен ары қарап, бері қарап, ақыры деканатқа кірмейміз бе! Басшылықтан ешкім жоқ. «Барып кел – шауып келдердің» ешқайсысы мәселенің анық-қанығын білмейді. Сөйтіп, магистратура көзден бұлбұл ұшсын…

Кейін естідік. Сол журфакта сабақ беретін ағайлардың бірі біздің «ДАТ»-та жұмыс жасайтынымызды, ҚазҰУ-ға қатысты кейбір қыңыр-қисық материалдарды біздің жазып жүргенімізді айтып, ректораттағы басшылықтан «сүйінші» сұрапты. «Оппозиционер студентке грант беруге болмайды» деп, жолымызды жауыпты. Оппозициядан тапқан бір «пайдамыз» сол болды.

Жұқамыр ШӨКЕ

(Жарас КЕМЕЛЖАН)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн