Біздің қоғамда кейбір адамдар бар. Мәселенің мәнісін түсінбей жатып, байбалам сала береді. Оларды мұндай қадамға не итермелейтінін білмеймін, алайда кез келген нәрсеге сын айтқысы келіп тұратыны анық. Мысалы, әлеуметтік желіде парламенттік реформаны сынауға тырысыпты. Сынамаған, сынауға тырысқан.
Былай қарасаңыз, әлгі кісілер шындықты шырылдатып жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобынан хабары бар кез келген адам оның қателігін бірден анықтай алады. Мәселен, жұмыс тобының құрамында неге ғалымдар мен сарапшылар жоқ деп тиісіпті. Бірақ тізімді ашып көрмегені анық. Әйтпесе жұмыс тобының құрамында 7 бірдей заң ғылымдарының докторы бар. Сонда олар аспаннан салбырап түсті ме? Әлде заңның қыр-сырын жетік меңгерген бұл кісілер ғалымға жатпай ма? Заңдық мәселеге заңды жетік меңгерген ғалымдарды тартпасақ, биолог пен физикті шақырмайтынымыз анық қой.
Содан кейін тізімде «Әділ сөз» сөз еркіндігін қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова бар. Сол сын айтуға тырысып жүргендер «Әділ сөз» деген қандай ұйым екенін біле ме өзі? Немесе құр босқа елді дүрліктіріп жатыр ма? Жауабы анық.
Қарлығаш ханымды жекелей танимын. Бір өзі талай шаруаны тындырып жүрген азамат.
Электронды үкімет сайттарында арнайы «Парламенттік реформа» деген бөлім ашылды. Кез келген адам соған өз ұсынысын жіберуіне болады. Осыған дейін алты жүзден астам ұсыныс келіп түсті. Бұдан бөлек, Парламенттегі партиялар да, қоғамдық ұйымдар да ұсыныстарын жеткізіп жатыр. Сонда мұның бәрі халықтың пікірін тыңдау болмаса, басқа не? Еліміздегі жиырма миллион адамның әрқайсысына барып, жеке-жеке пікір сұрау қажет пе?
Парламент бір палаталы болған соң, Конституцияның бірнеше бабын өзгертуге тура келеді. Өйткені Конституцияның 4 бөлімінде қос палаталы парламенттің қызметі жазылған. Енді соның бәрін бір палаталы парламентке бейімдеу қажет. Соны түсінбегендер Конституцияны өзгертейін деп жатыр деп шуылдайды.
Бұдан кейінгі лаққан әңгімелерге жауап берудің керегі шамалы секілді. Тырнақ астынан кір іздеп, жоқтан өзгеге соқтығысып отыр. Жұмыс тобына кірген заң ғылымдарының докторларын көрмей отырғандар, электронды порталға жүздеген ұсыныс келіп түскенін білмейтіндер үшін факт деген ұғымның өзі маңызды емес сияқты. Оларға бос айқай керек. Қоғамдық пікірді улап, нақты жұмыстың қадірін кетіреді. Ақыр соңында елге зиян келтіреді. Дәл қазір әлеуметтік желіде көріп отырғанымыз – сынның емес, саяси сауатсыздықтың көрінісі. Айбар ОЛЖАЕВ