Пятница , 23 мая 2025

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН – «ЖЕЛТОҚСАН»

немесе Сөзден кейінгі сөз

(Соңы. Басы газет­тің өткен санында)

2015 жылы айғақ-кітап­тар­дың том қата­рын сегіз­ге жеткіздім.

Бір күні «Дәуір» бас­па­сы­нан хабар­ла­сып тұр­мын деп, күміс қоңы­ра­удай сыңғыр­лаған ашық үнді бір қыз теле­фон шал­ды. «Есі­мім Мар­га­ри­та, өзіңіз оқы­ған Қаз­МУ-дың түле­гі­мін» деді. Тарих­шы екен. Ғылым кан­ди­да­ты деген атағы бар. «Аға, Ұлт­тық кіта­п­ха­на­да көп күн сары­ла оты­рып, Жел­тоқ­сан көтерілісіне бай­ла­ны­сты кітап­тар­ды асы­қ­пай қарап шықтым. Жиыр­ма шақты автор­дың кіта­бын көр­дім. Кей­біре­уі тура ерте­гі сияқты. Енді бір автор жел­тоқ­сан­ның 16-сы күні алаң­да қақты­ғыс бол­ды деп жаза­ды. Сон­дай сәй­кес­сіздік­тер­ден аулақ, бір ізді, әбден тия­нақта­лып шыға­ры­лған том­да­ры­ңыз ұна­ды. Келер жылы Жел­тоқ­сан­ның 25 жыл­ды­ғы­на орай бас­па­мы­здың тақы­рып­тық жос­па­ры­на енгізіп, мини­стр­лік­ке ұсын­сақ па деп едік. Бұған қалай қарай­сыз?» – деп сұра­ды. «Жақ­сы сөзіңді естіп, кітап­та­рым шығып кет­кен­дей қуа­нып қал­дым-ау! Әрине, қар­сы емес­пін. Егер өткі­зе алсаң­дар…» – дедім күмән­ді ойым­ды жасыр­май. «Бас­па­мы­здың иесі кім екенін жақ­сы білетін шығар­сыз. Өз ойым­ша, біз ұсын­сақ – мін­дет­ті түр­де өту­ге тиіс. Өйт­кені жыл­да ұсы­нған­да­ры­мы­здың іші­нен кей­ін­ге сырғы­ты­лып, шық­пай қала­тын бірі де жоқ. Біз­ге сеніңіз. Егер келіс­сеңіз, ертең уақыт тауып бас­паға соғып кетіңіз», – деді Маргарита.

Мен осын­дай жарқын шақ қашан келер деп күт­кен адам емес­пін бе, келесі күні айтқан уақы­тын­да жетіп бар­дым. Мар­га­ри­та бас­па дирек­то­ры­ның орын­ба­са­ры­на ертіп бар­ды. Бір­ден сегіз том­ның элек­трон­дық мәтінін тап­сы­ра­тын болып келісім­шар­тқа отырдым.

Расын­да, Мар­га­ри­та бір нәр­сені біл­ген екен, Жел­тоқ­сан­ның ширек ғасыр­лы­ғы қар­саңын­да мен ұсы­нған сегіз том­ның алға­шқы еке­уі 2000 дана тара­лым­мен басы­лып шыға­тын бол­ды. Қызық сол кез­де бастал­ды. Мини­стр­лік­тен бір аза­мат, оның кім екенін сұра­мап­пын да, «Мына кітап­тар қалай өтіп кет­ті?» – дей­ді. «Өткіз­ген өздерің ғой!» деп едім дау­сым­ды нығар­лап, теле­фон тұтқа­сын орны­на қоя сал­ды ма, әйте­уір кенет­тен бай­ла­ны­сы­мыз үзіліп кетті.

Мем­ле­кет­тің пре­зи­ден­ті Нұр­сұл­тан Назар­ба­ев, елі­міз­де­гі ең үлкен бас­па­ның иесі де, дирек­то­ры да келіні Свет­ла­на Назар­ба­е­ва бол­са, не істей алсын?! Әйте­уір екі томым өзім ұсы­нған нұсқа­да, бір сөй­ле­мі де бұзыл­ма­стан, НӘН-нің қанат­ты сөз­дері қосыл­маған қал­пын­да жарық көр­ді. Ата­уын ғана өзгерт­тім. Сөй­тіп, «Алма­ты. 1986. Жел­тоқ­сан» айғақ-кітап­та­ры «Жел­тоқ­сан көтерілісі» деген атпен 86-жылғы қазақ жаста­ры­ның ерлік күресін келе­шек ұрпаққа жет­кі­зетін топ­та­ма кітап­тар болып рес­пуб­ли­ка­дағы кіта­п­ха­на­ларға тара­тыл­ды. Құра­с­ты­ру­шы­сы және жау­ап­ты шыға­ру­шы­сы, соны­мен бір­ге автор­ла­ры­ның бірі, редак­то­ры ретін­де қатар шыққан қос том­ның тұса­у­ке­серін Қаза­қстан Жазу­шы­лар одағын­да өткіздім. Оған Мем­ле­кет­тік комис­сия төраға­ла­ры­ның бірі болған Мұх­тар Шаха­но­вты шақыр­дым. Зал­да ақын-жазу­шы­лар Ғаб­бас Қабы­шұ­лы, Софы Сма­та­ев, Темір­хан Медет­бек, Бей­біт Қой­шы­бай, Көл­бай Адыр­бекұ­лы, Мол­даға­ли Мәт­хан, Болат Шарахым­бай, Аманға­зы Кәрі­п­жа­нов және жел­тоқ­сан­дық қаһар­ман­дар кон­фе­рен­ция залы­ның жар­ты­сын тол­ты­рып отыр­ды. Алды­ңғы қатар­да жай­ғасқан­дар­дың ара­сы­нан Алма­ты қала­лық әкім­шілі­гі Ішкі сая­сат бөлі­мінің, алаң­дағы өтетін митин­гілер­ден қал­май жүретін бір қыз­мет­кері мен Ұлт­тық қауіп­сіздік коми­тетінің кісісін көзім шал­ды. Тұса­у­ке­сер жиы­нын жүр­гі­зу­ші пуб­ли­цист-жазу­шы Марат Тоқаш­бай еке­уміз 1986 жыл­дың 29 жел­тоқ­са­нын­да Г. В. Кол­бин ақын-жазу­шы­лар­мен кез­де­су­ге қорқақ­соқтап кел­ген сахна төрін­де отырдық.…

«Талғат аға, екі томы­ңыз шықты. Жолы­ңыз ашыл­ды. Енді қалған алты томы­ңыз да кезе­гі­мен шыға береді», – деп арқа­лан­ды­рып еді Мар­га­ри­та. Шын­ды­ғын­да дәл солай бола­тын шығар деп ила­нып-ақ едім. Бірақ ол айтқан­дай бола қой­ма­ды. Жел­тоқ­сан­ның жолы­ның ауыр­лы­ғы және сезіл­ді. Алаш ары­ста­рын да қарық қыл­май, қара баста­ры­ның шаруа­сын шиы­рып жүретін пысқай­лар­дың тір­лі­гі ме, біл­мей­мін, дәу­рені жүріп тұрған «Дәуір» бас­па­сын­дағы­лар жыл­дағы­дай ұсы­нып, өткі­зе алма­ды. Солай созы­лып жүріп, әйте­уір көтерілістің отыз бес жыл­ды­ғы­на орай жасаған тізім­ге үшін­ші, төр­тін­ші том­да­ры еніп­ті. Бұдан басқа әле­умет­тік маңы­зы зор қан­дай кітап­тар басы­ла­ды екен деген қызы­ғу­шы­лы­қ­пен салақұлаш тізім­ге көз сала оты­рып, ара­сы­нан алдын­да ғана мини­стрі болған Ары­стан­бек Мұха­мә­диұ­лы мен­шік­теп алған «Қазақ энцик­ло­пе­ди­я­сы» бас­па­сы «Жел­тоқ­сан көтерілісі» энцик­ло­пе­ди­я­сын шыға­ра­ты­нын оқы­ған кезім­де көзім шара­сы­нан шыға жаз­да­ды. «Не дей­ді? Рас па, өтірік пе?» деп қай­та-қай­та үңіл­дім. Ып-рас! «Ойбай-ау, мына энцик­ло­пе­дия қашан дай­ын­дал­ды, қалай дай­ын­дал­ды, кім­дер жұмыс істе­ді? Бұл біздің билік үшін жар­ты­лай жабық тақы­рып еді ғой», – деп, шыны керек, жары­луға шақ қал­дым. Бір­ден мини­стр­лік­тің теле­фо­нын тере баста­дым. Арғы жақтан сөй­лес­кен қызға: «Айна­лай­ын-ау, әлі күн­ге дей­ін көтерілістің сая­си-құқы­қтық баға­сы беріліп, ста­ту­сы аны­қталған жоқ қой! Мынау қай­дағы энцик­ло­пе­дия?! Бұның ішін­де не бар? Шығарғыш бол­саң­дар, осын­дай жұмыстың бәріне жол аша­тын, мен машақа­ты­нан бас көтеріп, шыға­ра алмай жүр­ген том­дар­ды шығар­май­сы­ң­дар ма?» – дедім төпе­леп. «Аға, екі томы­ңыз шығай­ын деп жатыр ғой», – дей­ді. «Әр бес жыл сай­ын екі том­нан ғана шығар­саң­дар, онда қарық қылған екен­сің­дер! Ал мына шыққа­лы жатқан энцик­ло­пе­дия мәтінінің элек­трон­дық нұсқа­сы бар ма?» – дедім. «Бар болған соң, оны комис­сия мүше­лері сарап­та­удан өткізіп барып тізім­ге енгіздік емес пе, аға!». «Солай ма, енде­ше мен мини­стр­лік­ті де, оның сарап­та­у­шы комис­си­я­сын да сотқа бере­мін. Сол жер­ге кітап­тың қол­жа­з­ба­сын әке­лесің­дер, комис­сия мүше­лерін де сотқа шақыр­та­мын», – дедім түй­іліп. Бірақ дәл сол сәтін­де өстіп қырып жібе­ретін­дей күшен­сем де, оны жаса­ма­дым. Есесіне бүкіл айт­пақ ойым­ды ақ қағазға түсіріп, пре­зи­дент Қ. К. Тоқа­ев, пре­мьер-министр Ә. А. Смай­ы­лов пен ақпа­рат мини­стрі А. Рай­ы­мқұ­ло­ва­ның egov-та көр­сетіл­ген пошта­ла­ры­на жіберт­тім. Әйте­уір бір шудың болға­ны күмән­сіз. Не керек, энцик­ло­пе­дия шық­пай­тын бол­ды. Мини­стр­лік­те­гі тіл­десіп жүр­ген қызым: «Аға, сотқа бер­мей-ақ қой­ы­ңыз­шы, кітап­та­ры­ңыз шығып жатыр ғой, алда қалға­нын шыға­ра­мыз», – деді жалы­нған­дай болып.

«Кей­ін кел­ген тоқал­дар, шөміш алып қоқаң­дар» деген бар халқы­мы­зда. Кіш­кене ой көзі­мен сара­пқа салы­ңыз­шы: мен не істеп жүр­мін, олар не бітір­ді? Қан­ша­ма жыл­да­рым­ды сарп етіп, бастаған ісім­ді таста­май, не тапқан табысым жоқ, ағы­сқа қар­сы жүзіп, билік сая­са­ты­мен шар­пы­са әре­кет етіп келе­мін. Ұлт намысы үшін алаңға шыққан өршіл жастар­дың ара­сын­да­мын. Қызда­ры­мы­здың жылап айтқан естелік әңгі­ме­лерін дик­то­фонға жазып, қалай­да жары­ққа шығар­сам деп басым­ды тауға да, тасқа да ұрған жүрісім мынау. Олар­дың бәрін аяй­мын. Жел­тоқ­сан­ның таяғын жеді. Тағ­дыр­ла­ры тас-талқан бол­ды. Жігіт­тер­дің де жетісіп жүр­гені бел­гілі. Шеті­нен ауру-сырқау, жұмыс­сыз. Ұрыл­ды, соғыл­ды, қан төк­ті. Ара­сын­да түр­ме­ге түсіп, тозақ өмір­ді бастан өткіз­ген­дері де аз емес. Сон­да бұл кім үшін жасалды?..

Бүгін­де өзі де темір тор­да қамауда жатқан А. Мұха­мә­диұ­лы қарақан басы­ның раха­ты үшін мем­ле­кет мүл­кін иелен­ді, көзін тарс жұмып, қар­жы­сын қымқыр­ды. Егер дер кезін­де мен өрше­леніп ара­лас­па­сам, сол бет­сізді­гіне басып, аты бар да, заты жоқ бір кітап­ты «Жел­тоқ­сан энцик­ло­пе­ди­я­сы» деп шығар­тар еді. Оған әрі деген­де сот­талған жел­тоқ­сан­дық батыр­лар мен бер­тін­де ақталған 450-дей қыз-жігіт­тің аты-жөн­дерін өмір­ба­ян­да­ры­мен басып, сурет­терін енгізіп, кіта­пқа деп бөлін­ген мем­ле­кет­тің қыру­ар қар­жы­сы­ның қомақты бөлі­гі­мен аузын май­лап, мұр­ты­нан мысқыл­дай күліп оты­ра­тын еді. Нақты білуім­ше, мини­стр­лік бөл­ген сол қисап­сыз қар­жы айғақ-кітап­тарға арнал­са, көп­тен кезе­гін күту­мен бас­па­ның тарт­па­сын­да сарғай­ып жатқан «Жел­тоқ­сан көтерілісі» айғақ-кітап­та­ры­ның қалған төрт томы да 3000 тара­лым­мен жер-жер­де­гі кіта­п­ха­на­ларға жіберіліп, тари­хи оқиға­ның ақиқа­тын біл­гісі келетін қалың оқыр­ман­ның қолы­на тимес пе еді?!

***

Жел­тоқ­сан – қаза­қтың жан жара­сы. Билік көтеріліс­ке бай­ла­ны­сты қан­дай істі қолға алса да, еріксіз, ықы­лас­сыз пиғыл-пай­ым­мен әлдекім күш­те­ген­дей кірі­седі. Ақиқа­тын­да – «атқарған» бола­ды. Соған қарап, одан да терең­деп, қопа­ра айт­сам, Жел­тоқ­сан­ды халы­қтың жады­нан бір­жо­ла өшіріп таста­уға да кет әрі емес екенін көр­се­ту­мен келеді!

Дәлел керек дей­тін шығар­сыз? Соның ең үлкен, дәй­ек­тісі – бұры­нғы Бреж­нев, одан кей­ін­гі Жаңа алаң. Алма­ты­ның кәсі­би білім беретін орта-арна­у­лы және жоға­ры оқу орын­да­рын­да оқи­тын сту­дент­тер мен кәсі­по­рын, өндіріс ошақта­рын­дағы жұмыс­шы жастар қала­ның әр шеті­нен тасқын­дай ағы­лып, ине шан­шарға орын қал­дыр­май тіресіп, сіресіп тұрған кезіне куә­міз. Бұл сол дәуір­де Қазақ КСР‑ы Ком­пар­ти­я­сы­ның бірін­ші хат­шы­сы, көп жыл­дар бойы КПСС Орта­лық Коми­теті Сая­си бюро­сы­ның тұрақты мүше­сі болған Дін­мұ­ха­мед Ахметұ­лы Қона­ев­тың жасатқан алаңы еді. Әлем елдері аста­на­ла­рын­да дәл осын­дай кең де көрік­ті алаң жоқ-тын. Енді сол алаң НӘН дәуірін­де не бол­ды, қан­дай күй­ге ұшы­ра­ды? Төбе­ден төмен қарай қусы­ры­лып, елдің басын қос­пай­тын көп көшенің біріне айнал­ды. Алаң­да тап­жыл­май тұрған ондаған мың жастар­дың көз тік­кен мін­бері қай­да? Оны неге қират­ты? Нағыз тари­хи жәді­гер сол емес пе еді?!

Жел­тоқ­сан қаһар­ман­да­ры­на арна­лып қой­ы­лған ескерт­кіш­ке «таң­дап бер­ген» орны анау… Сол бір қасірет­ті күн­дер­ді еске алай­ық, бүгін­ге жете алмай, арман­да кет­кен ерлер­ге бағы­штап құран оқып, гүл қояй­ық десе, екі жағы­нан да – жоға­ры, төмен зулаған маши­на­лар тіз­бе­гі дес бер­мей­тін қыспақты, қуы­қтай жер­ді, «сен­дер­ге кере­гі осы ғой» деп, қор­лап, күл­кі ету үшін әдей­ілеп бер­ді-ау демес­ке әддің қалмайды.

***

2016 жылы 25 қазан күні Аста­на­да қуғын-сүр­гін оқиға­ла­рын зерт­те­уде ерекше бел­сен­ділі­гі­мен дара­ла­нып жүр­ген Сабыр Қасы­мо­втың бас­шы­лы­ғы­мен «Қаза­қстан­дағы Жел­тоқ­сан (1986) көтерілісінің тарихы және халы­қа­ра­лық маңы­зы» деп ата­ла­тын халы­қа­ра­лық ғылы­ми-прак­ти­ка­лық кон­фе­рен­ция өтті. Оған алыс және таяу (ТМД-ны айта­мын) он бір елден тарих­шы ғалым­дар, қоғам, мем­ле­кет қай­рат­кер­лері мен сая­сат­кер­лер қаты­сты. Сон­да Жел­тоқ­сан оқиға емес, көтеріліс деген ортақ тұжы­рым жасап, биік баға бер­ген қадір­лі қонақтар­дың келу, кету жол шығын­да­ры мен жүріп-тұру, жатын орын және басқа да қажет­ті жағ­дай­ла­ры үшін жұм­са­ла­тын қар­жы мем­ле­кет есебі­нен емес, жеке адам­ның қал­та­сы­нан төлен­генін білетін­дер­дің өзі де ұмы­та бастаған шығар. Сол себеп­ті естеріне сала кет­кенім жөн болар. Ол – Қаз­МУ-дың заң факуль­тетінің үшін­ші кур­сын­да оқып жүріп көтеріліс­ке қаты­сқан, «Аста­на-жиһаз» жеке­мен­шік кәсі­пор­ны­ның иесі Нұр­лан Есқа­ли­ев. Өзі­міздің Алма­ты және басқа қала­лар­дан кел­ген­дер­дің бәрі де өз шығын­да­рын өздері көтер­ді. Солар­дың ара­сын­да көтеріліс тарихы­на терең­деп, көлем­ді баян­да­ма жасаған тарих­шы ғалым­дар Мәм­бет Қой­гел­ди­ев пен Талас Омар­бе­ков те бар. Сон­да мем­ле­кет­тік мәні зор айту­лы шара­дағы билі­гі­міздің үлесі қалай бол­ды десеңіз, оны да ауы­зға алай­ын: Нөл!..

Мұн­дай­да жеке­ле­ген кісілер­ге қаты­сты­рып айта­тын «Жол­да­сты­қтың жақ­сысы – зия­ны тиме­ген» деген нақыл сөз еріксіз тіліңнің ұшы­на ора­ла­ды екен. Ұйым­да­сты­ру­шы­лар алдын ала Аста­на қала­лық әкім­шілі­гін­де­гі бас­шы­лар­мен, тіп­ті олар­дан да жоға­ры билік­те жүр­ген аза­мат­тар­мен халы­қа­ра­лық кон­фе­рен­ци­я­ны «Кон­гресс-хол­да» өткі­зе­міз деп келісіп қой­ған екен. Бірақ ол шір­кін­дер бер­ген сөз­дерін­де тұр­май, «бол­май­ды, бере алмай­ды екен­біз» деген жау­ап­та­рын сағы­здай созып, 24‑і күні түн­гі сағат онға таяу бір-ақ айта­ды. Бұдан артық кедер­гі, кон­фе­рен­ци­я­ны қайт­кен­де де бол­дыр­мау әре­кеті жаса­ла ма? Олар солай уәде­лерін сиы­рқұй­ым­шақта­та бастаған­да-ақ, сол әре­кет­тері­нен секем алып, қосым­ша орын ізде­сті­ре бастай­ды. Қай жер­де өтетіні біз­ге түн ішін­де хабарланды.

Келесі күні кон­фе­рен­ция сағат онда баста­лып, кеш­кі бесте, көтерілістің сая­си баға­сын беретін 23 (жиыр­ма үш) тар­мақтан тұра­тын Қарар қабыл­да­у­мен аяқтал­ды. Тари­хи мәні терең Қарарға кім­дер­дің ой айтқа­ны, сөй­ле­ген сөз­дері, жасаған баян­да­ма­ла­ры нақты негіз болға­нын біл­гіңіз кел­се, оны да жет­кі­зей­ін: Лат­вия Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Қаза­қстан­дағы төтен­ше және өкілет­ті елшісі Юрис Погреб­някс; Вен­грия Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Қаза­қстан­дағы төтен­ше және өкілет­ті елшісі Андраш Бара­ни; Б. Н. Ель­цин атын­дағы Қырғыз-Ресей Сла­вян уни­вер­си­тетінің халы­қа­ра­лық қаты­на­стар кафед­рас­ы­ның мең­ге­ру­шісі, Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сы Пар­ла­мен­тінің экс-спи­кері Зай­не­дин Кур­ма­нов; Вар­ша­ва­дағы Ази­я­ны зерт­теу инсти­ту­ты­ның дирек­то­ры Владыс­лав Соко­лов­ски; Түр­ки­я­ның Эрджи­ес уни­вер­си­тетінің про­фес­со­ры Абдул­ка­дыр Юва­лы; Москва­дағы Ресей Мем­ле­кет­тік гума­ни­тар­лык уни­вер­си­тетінің кафед­ра мең­ге­ру­шісі, пси­хо­ло­гия ғылы­мы­ның док­то­ры Вла­ди­мир Куд­ряв­цев; Ресей Феде­ра­ци­я­сы Пре­зи­ден­ті жанын­дағы Ресей Ғылым ака­де­ми­я­сы Сібір басқа­ру инсти­ту­ты­ның сая­сат және халы­қа­ра­лық қаты­на­стар факуль­тетінің дека­ны Сер­гей Коз­лов; Баку Мем­ле­кет­тік уни­вер­си­теті түр­ко­ло­гия кафед­рас­ы­ның мең­ге­ру­шісі, фило­ло­гия ғылым­да­ры­ның док­то­ры, про­фес­сор Рамиз Аскер; Моңғо­ли­я­ның мем­ле­кет және қоғам қай­рат­кері, Моңғо­лия Пар­ла­мен­тінің вице-спи­кері және Әділет экс-мини­стрі Цог Логийн; Киев уни­вер­си­тетінің про­фес­со­ры Пёт­ро Токарь; Ресей Жара­ты­лы­ста­ну ака­де­ми­я­сы­ның ака­де­ми­гі, тарих ғылым­да­ры­ның док­то­ры, про­фес­сор Зия­бек Қабыл­ди­нов және басқалар.

Бұл Жел­тоқ­сан тақы­ры­бын­да ізденіп, жыл­дар бойы тыным тап­пай сөй­леп, жазып жүр­ген талай­лар­дың күп­ті көңіл­дерін орны­қты­руға ықпал еткен айры­қ­ша маңы­зды оқиға бол­ды. Сон­ды­қтан кон­фе­рен­ци­я­ның жабы­лар сәтін­де бәрінің басы-қасын­да күй­іп-жанып жүр­ген Сабыр Ахмет­жанұ­лы: «Мен бүгін бақыт­ты­мын. Олай дей­тінім, отыз жыл бойы осы­лай етсек екен, көтерілістің әлем­дік сипа­ты бар екенін халы­қа­ра­лық кон­фе­рен­ция өткі­зу арқы­лы бар­лық елге біл­дір­сек екен деген ізгі мақ­са­ты­ма жет­тім», – деді көзіне жас ала толқып тұрып.

Тарих­шы ғалым Б. Бер­лі­ба­ев мені осын­ша толға­ны­сқа түсіріп, былай­ғы елдің көбі біле бер­мей­тін әңгі­ме­лер­ді есі­ме алып, осы мақа­ла­ны жазуы­ма себеп­ші бол­ды. Ол көлем­ді зерт­те­уін­де халқы­мы­здың ұлы тұлға­ла­ры­ның бірі Д. А. Қона­ев жай­ын­да өте жақ­сы пікір­де екенін және оның негіз­сіз еме­сті­гін нақты дәлел­дер­мен дәйектепті.

«Жастар көтеріліс кезін­де­гі әйгілі ұран­да­рын­да Қона­ев­тың қыз­метіне қай­та келуін талап еткен жоқ. Демек, олар «аты­шу­лы» пле­нум­да тіл­ге тиек етіл­ген оның жасы­ның ұлғай­ға­ны­мен сана­сып отыр. Бірақ бәрібір олар­ды алаңға алып шыққан негіз­гі мәсе­ленің бірі – тағы да сол алып та күр­делі тұлға­ның үлкен беделі екен­ді­гін ұмыт­па­сақ, тари­хи оқиға­ны жүй­е­ле­ген­де, Қона­ев­ты айна­лып өте алмай­мыз. Себебі сол бір дүбір­лі оқиға­ның тіке­лей куә­гер­лерінің естелік­терін оқы­ған­да, мәсе­ленің төр­кіні Қона­евқа келіп тіре­летінін бай­қау қиын емес», – дей­ді. Мен бұл ойын құп­тай оты­рып, тіп­ті Жел­тоқ­сан тақы­ры­бын­да бір кісі­дей қалам тар­тып жүр­ген Қай­ым-Мұнар Тәбе­ев­тің де, «оның кезін­де жүз­шіл­ділік белең алды, Қ. Сәт­ба­ев және басқа кісілер­ді қуда­ла­ды» деген секіл­ді сынап-міне­геніне келіс­пей­мін. Өйт­кені естіп білуім­ше, айтыл­май жүр­ген ақиқат басқаша.

Әрине, Қона­ев та пері­ш­те емес, бәрі­міз секіл­ді ет пен сүй­ек­тен жаралған пен­де. Жанын­дағы сен­ген сер­ке­лер­дің кей сөзіне еріп, қате­ле­с­кенін Диме­кеңнің өзі де кезін­де мой­ын­да­ды. Алай­да ұлты үшін еткен еңбе­гі, Қаза­қстан­ды көр­кей­тіп, гүл­ден­ді­ру жолын­да жүзе­ге асы­рған қисап­сыз жұмыста­ры бар екенін бүкіл әлем біледі. Ең ұлы­лы­ғы сол – өзі үшін өмір сүр­ген жоқ. Бой­ын­дағы Алла бер­ген бар қабілет-қары­мын, ақыл-ойы мен пара­сат­ты сезі­мін елге арна­ды. Бала­лы болай­ын деп, Зух­ра апа­мы­здан басқаға көз сүзіп, абы­рой­ы­на қыла­удай дақ түсір­мей өтті. Қаза­қтың бала­сы – менің балам деген биік ұғым­мен ака­де­ми­к­тік атағы­на тиесілі ақша­сы­ның бәрін алған-алға­нын­ша бала­лар үйіне ауда­рып отыр­ды. Баба­лар­дан қалған қаси­ет­ті жер­ді бөл­шек­те­у­ге жол бер­меді. Оңтүстік өңір­де­гі жері­міздің біраз шұрай­лы бөлі­гі Өзбек­станға беріл­се, оны рес­пуб­ли­ка­ның бас­шы­лы­ғын И. А. Юсу­по­вқа әпе­ріп, олжа­латқан Н. С. Хру­щев қой. Қай­та Диме­кең Л. И. Бреж­нев тұсын­да бірін­ші хат­шы­лық қыз­метіне келіп, сол жер­лер­ді қай­та­руға барын­ша ықпал етті. Ал қайт­пай қалған бөлі­гіне кел­сек, «Бреж­нев­ке қан­ша айтып жүр­сем де, сөзім­ді өткі­зе алма­дым» деп, өзек­жар­ды өкіні­шін де айтып, жазып кет­ті ғой. Соған қара­май, осы мәсе­лені өші бар­дай қай­та-қай­та қау­зап, Диме­кеңді күста­на­лай беретін­дер сол заман­да Қона­ев­тың орнын­да басқа бір қазақ аза­ма­ты рес­пуб­ли­ка­мы­зды басқар­са, онда қалай болар еді деп бір мезет ойла­нар ма екен?..

Тарих­шы ғалым, ака­де­мик Хан­гел­ді Әбжа­нов «Ютуб­тағы» Диме­кең тура­лы бір хабарға қаты­сқан­да, сол уақыт­та жабы­лған мек­теп­тер саны жеті жүз емес, одан да көп екенін, алай­да оған Қона­ев­тың еш қаты­сы жоқты­ғын шеге­леп жет­кізді. Айту­лы ғалым­ның бұл ойы­на толық қосы­ла­мын. Сөй­те оты­рып, жабы­лған қазақ мек­теп­терінің бәрі Қона­ев­тың кінәсі­нен бол­ды деп қой­май, көке­зу­лене көпіретін­дер­ге: «Қазір тәу­ел­сіз елміз ғой, ара­лас мек­теп­тер молай­ып, орыс тілі өңмең­дей өрлеп бара жатқан­да, өзің не бітіріп отыр­сың? Әне­бір жылы Жаңаө­зен қырғы­ны кезін­де, одан соң 2016 жылы елім­шіл, жерім­шіл пат­ри­от аза­мат­тар жап­пай қар­сы­лық көр­сетіп көше­ге шыққан­да, қай­да бол­дың? Кеше­гі Қаңтар қасіреті кезін­де алаңға бар­дың ба? Одан соң өздерінің адам­ша өмір сүру құқы­ғын талап еткен аза­мат­тар­ды аяу­сыз қинап, қор­лап жатқан кез­де неге көрін­бедің?» – дегім келеді.

Әрине, күп­сініп, өзге­лер­ді жазы­қ­сыз кінәлап, жазғы­рып сөй­ле­ген­де, тіл­дері есе­леп ұза­ра­тын, ал нақты іс-әре­кет­ке кел­ген­де құмы­ғып, үйіне тығы­лып қала­тын ондай «мықты­лар­ды» аяй­мын. Сол шір­кін­дер тарихы­мы­зда Дін­мұ­ха­мед Ахметұ­лы Қона­ев қаза­ққа қал­тқы­сыз қыз­мет етудің эта­ло­ны екенін, ал Нұр­сұл­тан Әбі­шұ­лы Назар­ба­ев қаза­ққа адал қыз­мет етпей, елі­міз­ге кешірім­сіз қия­нат жасаған мем­ле­кет бас­шы­сы­ның мәң­гілік мыса­лы болға­нын біл­се-ау деймін!..

Осы­мен сөз­ден кей­ін­гі сөзім тәмам, аяу­лы оқырман!

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

пуб­ли­цист-жазу­шы,

Қаза­қстан­ның Құр­мет­ті жазушысы

РЕДАКЦИЯДАН: Жел­тоқ­сан – тау­сы­лып біт­пей­тін тақы­рып. Тарих ғылым­да­ры­ның док­то­ры Б. Бер­лі­ба­ев соның шетін шығар­са, көп жыл­дан бері айғақ-кітап­тар­ды оқыр­ман­дарға ұсы­нып келе жатқан жур­на­лист, жазу­шы Т. Айт­бай­ұ­лы Жел­тоқ­сан әлі де ғылы­ми айна­лы­мға ене алмай оты­рға­нын анық ұқтыр­ды. Осы 38 жыл ішін­де «Жел­тоқ­сан оқиға­ла­ры­ның бас­пасөз­де көрі­нуі» деген тақы­рып­та бір-ақ кан­ди­дат­тық дис­сер­та­ция қорға­лып­ты. Біз бір жағы бұл мате­ри­ал­дар­ды тарих­шы ғалым­дарға ой салу мақ­са­ты­мен де жари­я­ла­дық. Қан­ша­ма кітап­тар жарық көр­ді, мерзім­дік басылымдар­да жари­я­ланған мате­ри­ал­дар да жетіп-арты­ла­ды. Сон­ды­қтан сту­дент­тер­ге кур­стық, диплом­дық жұмыстар жаз­ды­рып, маги­странт, док­то­рант­тарға қорғай­тын тақы­рып етіп беру­ге әбден бола­ды емес пе?!

Енде­ше іске сәт дейік!

Республиканский еженедельник онлайн