4‑курс студенті ірі компанияда жұмыс істеп жүр
Әйелдер бұрыннан-ақ едәуір физикалық күшті талап ететін «еркектік» жұмысшы мамандықтарды меңгеріп келеді. Бірақ С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің 4‑курс студенті Райхан Жұмабайқызын көргенде, оны токарлық станоктың алдында елестету қиын сияқты. Алайда болашақ токарь өз таңдауына сенімді. Бүгінде ол AtyrauOil Service компаниясында цифрлық басқаруы бар станоктардың операторы болып жұмыс істеп, мұнай саласында қолданылатын машиналық жабдықтардың бөлшектерін дайындап жүр.

Жергілікті әріптесіміз Жанат Шаяхметованың айтуынша, жалғыз қыздарының бұл шешімін ата-анасы қолдаған. Әсіресе мұнайшы әкесі қаршадай қызға үлгі болып келеді.
Жалпы, Райхан бала кезінен мұнай саласында жұмыс істегісі келіп, әрқашан барлығында үздік болуға ұмтылған. Мамандық таңдайтын уақыт келгенде, ол техника-механик болуды жөн көріпті. Көпшілік оның шешіміне таңғалғанмен, қыз бұл «ерлерге тән» жолдан жасқанбай өте білді.
Механикаға қызығушылығы Райхан Жұмабайқызын Атырау политехникалық колледжіне алып келді. Онда ол қабілетті, мақсаткер студент ретінде тез танылған. Әсіресе оның қызығушылығын оқытушыларының токарлық іс бойынша сабақтары арттыра түсті.
Талапшыл қыз оқу барысында бірнеше рет өз таңдауының дұрыс екенін дәлелдеді. Ол облыстық WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионатының «ЧПУ станоктарында токарлық жұмыс» құзыреттілігі бойынша жігіттермен қатар жарысып, 2‑орынды иеленді. Сонымен қатар «Дарынды балалар» республикалық байқауының жеңімпазы.
Бүгінде Райхан «Машиналар мен жабдықтарды пайдалану» мамандығы бойынша білім алу үстінде. Оның жұмысшы біліктілігі – ЧПУ операторы. Нақты айтқанда, жоғары білікті маман. Оның міндетіне фрезерлік, токарлық, бұрғылау, тегістеу, кесу құрал-жабдықтарымен (көбіне металлдан) бөлшектер жасау, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы басқарылатын станоктарды жүргізу кіреді.
Осылайша ерінбей еңбек етуден қашпайтын Райхан колледжді аяқтаған соң орта буын техник-механик дипломын алып шығады. Онда ол алдымен механикалық станокпен жұмыс істеуді меңгерген. Одан кейін заманауи сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарды оқып-үйренуге көшті. Бұл ретте колледж базасында DMG MORI токарлық станоктарымен жабдықталған токарлық іс бойынша құзыреттілік орталығы құрылған еді. Чертёждерге сәйкес бағдарлама жазылады да компьютер ол ақпаратты өңдеп, станокты іске қосады. Ал оператор жұмысты бақылап отырады.
Бұрын токарьлар механикалық жұмыстың барлығын қолмен атқарса, қазір жаппай цифрлық станоктар іске қосылған. Студенттер тек бағдарламалармен жұмыс істейді, сызбалар жасайды және т.б.
– Біз бағдарламаны, сызбаларды жобалауды, станокты баптауды, бөлшектер жасауды толық меңгердік. 3D-модельдеу бағдарламасын оқып жатырмыз. Сүйікті іс болса, оқу қиын емес. Маған сапалы білім берген оқытушыларыма, кураторларыма ризамын, – дейді Райхан Жұмабайқызы.
Колледждегі ақпараттық технологиялар жөніндегі директордың орынбасары Нұрлы Нұржанның айтуынша, Райхан топтағы токарь мамандығын таңдаған жалғыз қыз екен. Үздік оқиды, қызыл дипломға ұмтылыс бар.
– 3‑курстан бастап ол 12 студенттің қатарында колледждің әлеуметтік серіктесі – AtyrauOil Service компаниясында өндірістік тәжірибеден өтті және жақсы нәтиже көрсетті. Тәжірибеден кейін компания Райханды және тағы 4 студентті алғыс хаттармен марапаттап, жұмысқа шақырды. Қазір Райхан дуальды оқыту жүйесі аясында осы компанияда жұмыс істейді. Ол механикалық цехта ЧПУ операторы болып еңбек етеді, жабдықтарды жинайды, монтаж, демонтаж жасайды, мұнай саласына қажет металл бөлшектерін станокта дайындайды, – дейді Нұрлы Нұржан.
Осылайша, атыраулық студент Райхан Жұмабайқызы «токарь мамандығы тек ерлерге тән» деген ескі стереотипті бұзып жүр. Өндірісте ол заманауи технологияларды ынтамен меңгеріп, тәжірибелі шеберлерден үйреніп, өз кәсіби жолында нық қадам жасап келеді. Өзінің айтуынша, бар мақсаты тек токарь болу ғана емес, бұл мамандықта әйелдер де табысты еңбек ете алатынын дәлелдеу екен. Осылайша өзге де қыздарды техникалық және жұмысшы мамандықтарды таңдаудан қорықпауға шабыттандырғысы келеді.
Айта кетсек, С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі кәсіпорындардың сұранысымен талай токарь, ЧПУ операторын дайындаған. Бұл мамандық түлектері «Атыраунефтемаш», «Ембімұнайгаз», «Жігермұнайсервис», АНПЗ, «Қазтурборемонт» және басқа да кәсіпорындарда жұмыс істеп жүр. Ал 2023 жылғы 3 түлек қазір Татарстандағы «Татнефть» компаниясында ЧПУ операторы.