
Қанағат ЖҮКЕШ
- Сонымен, бұл жолғы сайлау арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси билігінде толық легитимдікке қол жеткізді, саяси позициясын өз ойындағыдай нығайтып алды. Енді оның орынтағы мығым, беті жарық, алды ашық деп айтуға болады. Біз енді ғана Қазақстандағы билік транзиті толығымен аяқталды деп айта аламыз. Бұл констатация бұған дейін талай айтылып жүрсе де, ол нағыздыққа сай емес болатын. Қазақстан билігіндегі толық транзит 2022 жылдың 20 қарашасында ғана жүзеге асырылды деп тарих оқулықтарына жазуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға халық бұқарасының денінің қолдауымен келіп отыр. Электораттың белгілі бір бөлігінің бұл кісіге наразылығы негізінен Қаңтар оқиғаларымен байланысты туындаған болатын.
Қаңтар оқиғаларының орын алуы, сипаты, себептері туралы аз жазылған жоқ. Солай болса да, оқиғалардың терең сырларын қатардағы бұқараны қойып, кейбір саясатшылар мен сарабдал сараптамашылардың өздері толық түсініп отырмағанына куә болып отырмыз. Панораманы толық көз алдымызға келтіру үшін, әлі талай зерттеулер жүргізуге тура келетін түрі бар. Жаңа президенттің қадіріне қатысы болғандықтан, осы оқиғалар туралы кейбір ой ұшқындарын ортаға сала кету артық болмайтын сияқты.
Тоқаев Қаңтар бүлігі бойынша азапталғандардың құқығын қорғау қажеттігін, олардың ісін мұқият тексеруді бұған дейін де бірнеше рет айтты. Мәселе – осы оқиғаға қатысты тергеудің баяу және жабық жүргізіліп жатуының себептерінде, президент нұсқауының орындалу барысындағы түйткілдерде болып отыр. Қаңтарға әділ баға беруді талап етушілер осы айғақты да ескеріп сөйлеуі тиіс.
Қаңтарда ешқандай саяси партия, кәсіподақ немесе өзге бір салихалы ұйым халықты шеруге шығуға үндеген жоқ (М.Аблязовты тыңдап жатқан ешкім жоқ). Сауатты ұйымдастырылған шара болмады. Қазіргі халық ешқандай саяси шараға қатыспайтын зомбиға айналған…
Иә, газдың қымбаттауына байланысты бұқараның наразылығы болғаны рас. Адамдар көшеге шықты. Бұған қандай факторлар әсер етті? Сұрақтың үлкені осыдан туындайды.
Халық көшеге шыққандарды «полицияның өзі қолдап, олармен бірге шеру тартып бара жатқанын» көрді. Содан қатардағы салпаңбайдың делебесі қозып, «жалпыхалықтық қозғалыс осы екен» деп, шеруге қосылып, жалпы қараны көбейтіп жіберді. Оқиғалар сырттай бұқаралық сипат алған көтеріліске ұқсап кетті. Құбылыстың осылай бет алуы ұйымдастырушыларға жаппай бейбастақтыққа жол ашу мүмкіндігін тудырды. Ары қарай олар оқиғаны жымысқы әрекеттерінің әлеуметтік-психология қағидалары тұрғысынан сауатты басқарғанын көреміз. Арандатушылардың алдауымен оқиға бүкілхалықтық ереуіл сияқты болып көрініп, саясатшылардың өздері осылай, қате түсіндіріп жүр.
Бұл жерде арандатушылардың кім екендігі, лаңкестер ме немесе емес пе, олардың саны, кім қаруландырғаны туралы сөз қозғалмайды. Мәселе арандатушыларды кім дайындағанында, әрекетке қосқанында, командамен жоғарыдан басқарғанында болып отыр. Қаңтар оқиғаларының сыры осы сұрақтардың жауаптарымен ашылады.
Бұл сұрақтың жауабына қатысты бірінші ойға келері – мүлікті, ғимараттарды бүлдірген, өртеген, машиналарды атқылаған қатардағы бұқара емес. Мұндай шектен шыққан бүлдірушілікке бару – біздің халықтың қолынан келмейді. Бұған дейін өткен саяси шаралардың ешқайсысында бұқара материалдық бүлдірушілікке, ғимарат өрттеуге, бейбіт адамдарға қарсы оқ атуға барған жоқ. Бұл жолы да солай болды. Қолында қаруы жоқ. Біздің халық ондайға дайын емес.
Бұл оқиғалар – арнайы әдіснамамен дайындалған, қаруланған, жоғарыдан берілген нұсқауды орындап жүрген адамдардың қолы. Солар ғана ондайға бара алады. Олардың қиратып бара жатқан әрекеттері кең ауқым алып, күшпен тоқтатпасқа болмайтын жағдай қалыптасты. Тоқаевтың атуға бұйрық беруінің себебін осыдан іздеу керек. Жөпелдемеде бұйрықтың формулировкасы жатық шықпағаны рас.
Қаңтар оқиғаларына қатысқандарды үш әлеуметтік топқа жіктеуге болады. Біріншісі – президент Қ.-Ж. Тоқаевтың билігі, оның қарауына толық өткен, нұсқауын орындайтын мемлекеттік құрылымдар. Екіншісі – шеруге шыққан қатардағы халық бұқарасы. Үшіншісі – бұрынғы биліктің арандатушы бүлікшілері, реваншшылар.
Біз мына шекараны айырып алуымыз керек: қарулы қақтығыс бірінші және екінші субъектілердің арасында болған жоқ. Бұлардың арақатынасы бұрынғыша, ереуілге шыққан демонстранттар мен қазіргі билікке бағынатын полицияның профилактикасы деңгейінде өтуі керек еді. Үдерісті үшінші күш бұзып жіберді. Барлық түйткіл бірінші және екінші субъектілердің арасына реваншшы-бандиттердің кіріп кетуінен болды.
Негізгі қақтығыс бірінші мен үшінші күштердің арасында өтті. Алайда алданып қалған екінші топтың адамдары көп зардап шекті.
Қаңтар оқиғасына байланысты Тоқаевқа өкпелеуге құқықтық негіз жетіспейді. Ол басқарған құрылымдардың әрекеттері тек реваншшы-бүлікшілерге қарсы бағытталды.
Ал жазықсыз зардап шеккендерді одан ары қинап, адам төзгісіз айуандықпен тәни қастандық жасап жатқандардың бәрі – бұрынғының реваншшылары екенін ажырату қиынға соқпайды. Тоқаевтың жазығы – үшінші күштің, реваншшылардың көсемін ашық айта алмауында.
Азаптаушылардың жазықсыз адамдарды қинау почеркіне, қотиындық деңгейіне және түпкілікті саяси мақсатына анализ жасай отырып, кімнің «көсем» екенін есептеп шығаруға болады.
Бұрынғы КСРО мен кейінгі Ресейде болып жатқан оқиғаларда, Қазақстанда 1986-ның желтоқсаны мен 2022-нің қаңтарында қатардағы бұқара өкілдеріне қолданылған қинау аппараттарының квинтэссенциясы В.Путин жиі қолданатын жалғыз сөзбен сипатталады. Ол – «кошмарить» деген сөз. Ал Путлердің саясатын Қазақстанда жүргізіп отырған «наместнигі», біздегі «кошмаритті» жасап, өз халқын өзгенің аяғына жығып беруге, қырып беруге жоғарыдан нұсқау беріп, демографиялық саясатты солтүстіктегі көршінің мүддесіне ыңғайлап жүргізіп келген кім екенін бажайлап көріңіз. Сонда сіз халыққа айуандықпен, тәни қастандық жасап жатқандар кімнің адамдары екенін өзіңіз-ақ тауып аласыз.
Бұрынғының кегежегі кері тартқан шенеуніктерінің қасарысқан қарсылығы жағдайында Қасым-Жомарт Кемелұлы түбегейлі бетбұрыстың бастамасы боларлықтай әжептәуір іс тындырды. Халықтың ұсыныстары мен ынталары тыңдалатын, дәстүрлі алаңы «Ұлттық құрылтай» өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланды. Қоғамдық ұйым болып қалған Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Орта мектепте «үш тілде білім беруді енгізуге тосқауыл қойылды».
Сыртқы саясатта елеулі адымдар жасалып, үлкен істер тындырылып жатыр. Ресеймен арақатынаста бұрынғыдай, не айтса да, жығыла беретін, не сұраса, бере беретін, сұрамаса да, өзі апарып аузына тығатын құлдай қызмет көрсетушілік психологияға тыйым салынды. Ресейге итаршы болатын жағдай келмеске кетті. Қ.-Ж. Тоқаев елдің қадірін кетірген қылықтардан бас тартып, Қазақстанның мүддесі тұрғысынан сөйлеу үлгісін көрсетіп, бұқараның рухын көтеріп тастады. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан шаралар шынайылығында ұлы істер екендігін түсінгісі келген адам соңғы үш ғасыр бойындағы «солтүстік аюымен» арақатынас тарихын еске түсіруі керек. Ғаламат қырғындардың, миллиондардың жанын жалмаған ашаршылықтың, шетке қашулардың… соңғы 30 жыл ішіндегі отансатумен жалғасып, ұлтты толық тығырыққа тірелуіне тосқауыл қойылды. Тоқаев қазаққа алдымен қас пен досты ажыратып алу қажеттігін өз ісімен көрсетіп отыр.
Қазақстанның қауіпсіздігі тұрғысынан ҚХР-мен, Түркиямен арақатынас сындарлы жолға қойыла бастады. Ел мүддесін сауатты қорғауға көшіп жатырмыз.
Бұрынғы президенттің былықтырып кеткен мұрасын қайта қарау үрдісі жүріп жатыр. Кадр саясатында непотизм ұстанымының орын алу мүмкіндігі заңды түрде жойылды.
Бірінші президент адам танымайтын қателігін кеш түсінді. Қаңтар оқиғалары – оның тоқаевтық жылымықты күлге көміп тастау арқылы өзі құрған режимді кері қайтару әрекеті болатын. Қаңтардың себептеріне қатысты осындай түсіндіруді айтқан адамдар баршылық. Солардың бірі – аңғарымпаз саясатшы Марғұлан Сейсембаев: «Тоқаевты адастырған генералдар болды. Назарбаевтың кланы оны кетіруді көкседі. Қаңтарды ұйымдастырған террористер, шеттен келген жалдамалылар, десантниктер емес, олардың өздерінің қолы», – деген еді.
Шынайылықтың осылай екендігі сырт көз қырғыздарға да белгілі. Тек біздің қазақтарымыз ғана Қаңтардың «қанды қағидасын» түйсінуге бойлап бара алмай отыр.

Қазақ тілін ауқымды реформалау жарияланды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мәжілісінде Қ.-Ж. Тоқаев тіл мәселесіне «ғылыми тұрғыдан келу,… қазақ тіліне реформа жасау,… тілімізді модернизациялау» қажеттігін айтты. Кейінірек бұл бағытқа қатысты «Еуропа елдерінің тәжірибелеріне көңіл аудару керек, олардың жас ұрпаққа тіл үйретудегі маңызы зор» дегенді тағы ескертті. Содан кейінгі уақытта бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруға мұрша болмай қалғаны әркімге түсінікті болар.
Қазір Қ.-Ж. Тоқаевтың алдында ғасырлар бойы шешілмей келе жатқан, ұлттыққа, елдікке сын болатын ұлы істі атқарудың орайы келейін деп тұр. Бірақ Тоқаев мырза сол мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. Бәлкім, Қаңтардың қайғысы меңдеген қазақ менің бұл сөзіме дау айтуы мүмкін. Бір қарағанда, қаны кеуіп үлгермеген қасірет тұрғысынан қарасақ, бұл реніштің жөні бар. Бірақ, менің ойымша, ұлтты ұлы мақсатына жеткізгені үшін Тоқаевқа кейінгі қазақ, болашақ ұрпақ алғыс айтып жүретін болады.
Қазақстан өркениетті дамудың сара жолына бағыт алды. Енді тек қана алға қарау, жасампаздыққа, жаңғыруға бетбұрыс жасау керек. Одан жалтаруға болмайды. Ол мүмкін емес. Қоғамның қарыштай алға басуына тарихи мүмкіндік туып тұрғанда, жаңа президенттің де жаңаша әрекет етпеске шарасы жоқ. Әйтпегенде, Тоқаевтың «жеті жылы» еш кетеді!