
Сонымен, «Тойдың болғанынан – боладысы қызық» демекші, президент сайлауы да өтті. Билік орындары Ақорданың саяси технологтары жасап берген сценариймен бәрін «тап-тұйнақтай» етіп орындап шықты. Тоқаев сайлаушылар дауысының қанша пайызын алатыны туралы отбасылық пікірлесуімізде 80-нен сәл артық пайыз жазылады деген менің болжамым тура шығыпты. Қалған үміткерлердің 2–3 пайызбен шаңға ілесе алмай қалғанын көрдік.
Иә, сөйтіп Тоқаев жеңді, демократия жеңілді. Оның жеңетінін бал ашпай-ақ бүкіл Қазақстан біліп отырды. Өйткені нәтиже жаңалау болғанмен, пайдаланылған әдіс-тәсілдер сол ескі күйінде қалды. Тек видеоесептердің өзі неге тұрады?!
Билік «әділетті Қазақстан» орнататыны рас болса, онда экс-елбасының теріс әрекеттері тегістей жалғанның жарығына шығарар еді. Оның 30 жыл бойы ұрлаған қаржысын мемлекетке қайтарар еді. Сайлау туралы заңға косметикалық емес, түбегейлі өзгерістер енгізілер еді.
Қараңыз, соңғы жылдарда бірде-бір партия тіркелген жоқ. Демократиялық өзгерістер бағытында көзге көрінетіндей дәнеңе жасалмады. Билік сол баяғы назарбаевтық жүйе қалдырған соқпақпен тартып келеді. Президенттік сайлау тек жалғыз адамның ғана мүддесіне қызмет етті. Назарбаев та баяғыда Конституцияға жеті жылдық мерзім енгізіп, оны сол мерзімнің соңында қайтадан бес жылға түсірген.
Тоқаевтан кейін келетін билік Қазақстандағы президенттік мерзімді төрт немесе бес жылдық екі мерзімге қайта ауыстыратыны айдан анық. Ұсынылған, тіркелген үміткерлер де Ақорданың екшеуінен шыққан адамдар екеніне еш шүбә жоқ. Бізде президенттікке лайық қаншама тұлғалар бар. Бірақ кандидаттар лайықтылығына қарап емес, сайлауға фон жасау форматында ғана іріктелген. Оған азды-көпті үйлеспейтіндері заңды-заңсыз талаптармен мүйізделіп, ықтимал бәсекелестер қатарынан ығыстырылып тасталды. Қазір бүкіл мемлекеттік аппарат ұзақ жылдардан бері қалыптасқан саяси саладағы жүйелі имитациямен «әділетті сайлауды» көрсетіп отыр.
Назарбаевтың тұсында сайлау толықтай басқарылатын құбылысқа айналған. Сөйтіп саяси терминдер қатарына «жүйелі имитация» (system simulation) деген ұғым енген. Өкініштісі – сол жағымсыз құбылыс – көзбояушылықтың әлі күнге дейін сақталып отырғанында.
Енді ары қарай Қазақстан қандай бағыттарда дамымақ? Жеті жыл мерзімге сайланған президент 2030 жылға дейін Қазақстанды қай бағытқа жетелейді? «Әр қырсықтың қайыры бар» демекші, кешегі қаңтар ұлт-азаттық көтерілісінің жалғыз пайдасы – Тоқаевқа мемлекеттік биліктің толық пәрменін алып бергенінде.
Президенттіктен кетсе де, күштік құрылымдарды 2 жыл 10 ай бойы заңсыз уысында ұстаған Назарбаев көтерілген халық қаһарынан шошып, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Тоқаевқа өткізуге мәжбүр болды. Кезектен тыс өткен сайлаудан кейін президент Тоқаев өзін «өсіргені», «тақ мұрагері» етіп тағайындағаны үшін Назарбаевтың алдындағы моральдық жауапкершіліктен біржола құтылды. Халық сайлаған президент ретінде әрекет-қимылдарына толыққанды дербестік алды.
Тоқаев өте асығулы. Инаугурациясы да тез арада – 26 қараша күні өтейін деп тұр. Кезекті сайлауда бұл 50 күннен кейін жүзеге асырылса, кезектен тыс сайлауда бұған тиесілі небары алты-ақ күн болыпты.
Ұлықтау шараларынан кейін Тоқаевтың алдынан екі таңдау шығады. Біріншісі – өткен қателіктерді түзету бағытында қадамдар жасап, шынайы демократиялық құндылықтарды әспеттеу. Екіншісі – бұрынғысынша экс-елбасы ұстанған авторитарлық бағытты жалғастыру.
Президент үшін де, халық үшін де маңызды екі дүние бар. Ол – саясат пен экономика. Назарбаев отыз жыл ұстанған «алдымен – экономика, одан соң – саясат» қағидасы елді тұралатқанын білеміз. Осыны көзімен көрген Қасым-Жомарт Кемелұлы құрдым жолдан бас тартатын шығар деп үміттенеміз. Демократиялық үдерістердің тың серпінінсіз алға басу мүмкін емес.
Саясат түзелмей, экономика түзелмейді. Айғайлатпай, табандылықпен ұлттық мемлекет құру бағытын ұстану қазақ халқын президенттің төңірегіне топтастырады. Саяси реформалар экономикалық реформаларды жетелейді. Саясат өзгерсе, кадрлар да, кадрлардың психологиясы да өзгереді. Қазір өте тапшы болып отырған мемлекетшілдік қасиет те күрт дамиды. Экономикалық реформалар халықтың қолдауына ие болады.
Жария етілген «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақтан» бағыттары саяси мәселелердің конституциялық тұрғыдан шешілуіне тікелей тәуелді. Ол дегеніңіз – ұлттық мемлекет құру бағытын шегелеуді, демократиялық даму жолын тұрақтандыруды, сайлау туралы заңнамаларды, сот судьяларын сайлап қою, партияларды тіркеу, билік тармақтарының шынайы тежемелік-теңгермелік деңгейіне қол жеткізу, олигархтардың билікке араласуын тоқтату, т.б. құбылыстарға жол ашу деген сөз.
Кәнігі дипломат қой, Тоқаев арғы-бергі жағдайды бағамдар, Қазақ мемлекеті үшін демократиялық оңтайлы жолды өзі таңдар. Еркін атқа енді мініп жатқанда, шаужайына жармасып, жіберген қателіктерін бетіне шыжғырмай, тұра тұрайық. Жаңа жылға дейін-ақ ұстанар бағытымыз айқындалып қалар. Бізге қажеттісі – Қазақстанды батпақтан алып шықса болғаны!
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист