
Бұл қоғамның қашанда дерті ішінде,
Қаңтар желі жандарын желпісін де.
Елім деген боздағы отқа оралып,
Ту көтеріп келеді өрт ішінде.
Қызыл шоқты қолымен уыстаған,
Жамандыққа жандары жуыспаған.
Қырғынында қаңтардың алаңдағы
Жігіт көрдім қос қолдап ту ұстаған.
Соны ойласам, жүректі жалғайды азап,
Көңілімнің құстары самғайды аз-ақ…
Оқ пен оттың ортасын кешіп жүріп,
Ту көтерген сол жігіт қандай ғажап.
Ортасында өмір мен ажалдың да,
Өлмейтұғын бір өлең жаза алдым ба?
Содан бері көз ілсем, түске енеді,
Ту ұстаған сол жігіт көз алдымда.
Мың сан өліп жеткенде бүгінге Елім,
Дүрбелеңмен көргенім,
дүбір ме едің?
Бұл қаңтардың қан-қасап қырғынында
Отқа оранбай келеді Туым менің!
Туы амандар белестен әрі аспай ма,
Тағдыр үшін таңменен таласпай ма?
Сол жігітке Көк Туды нық ұстаған
Бір ескерткіш қойсаңдар жараспай ма?!
Ойлап тұрсам – өмірдің қиын бәрі,
Дауылымен соғатын құйындары.
Ту ұстаған сол жігіт қаңтардағы
Қалып қойған бір сурет миымдағы.
28 қаңтар 2022 жыл
ҚАҢТАР
Қазақстан бағым да, ырысым да,
Тұрса қайтем тағдырың қыл ұшында.
Алаңдарда төгілген қызыл қандар
Қыршындардың намысы – дұрысында.
Тереңіне ойлардың көшіп алсам,
Тұңғиықтың бастауын кешіп алсам.
Әлі күнге жанымды мұз қариды,
Қаңтардағы қырғынды есіме алсам.
Түсінеді бәрін де қазақ елі,
Жаным неге білмеймін жазалы еді.
Қан майданның кешегі қырғынында
Менің әкем көрмеген азап еді.
Қыршынынан қиылып кемер ері,
Ұрпақ қалай көктейді, көгереді.
Саясаттың оңбайтын ойынында
Ұрпақтарым айтсаңшы – неге өледі?
Биліктің де жауаптан жалтарғаны,
Арай күнді күтемін әр таңдағы.
Сол бір күндер жүрекке жазылады
Қыршындардың қаны боп қаңтардағы.
Бауыржан ҚАРАБЕКОВ
4 қаңтар 2023 жыл.
РУХ РЕИНКАРНАЦИЯСЫ
Желкілдеген жеңімпаз тулардай боп,
Желтоқсанда бір ана туғандай боп –
Тура осы алаңда тұрған едік,
Тағы тасқа соғылды қу маңдай кеп!
Тағы Алматы.
Тағы да сол алаңда
Атыс-шабыс, жарылыс, зобалаң да,
Ту көтерген кім екен?
НАМЫС ТУЫН
Соғу керек ескерткіш сол адамға!
Бойындағы асау күш бермей тыным,
Болса, шіркін осындай ЕР дейтінің.
Ол қазақтың РУХЫ – мың сан түлеп,
Оқтан, оттан кейін де өлмейтұғын!
Қанға бөкті осынау алаң қанша,
Билікке ақыл кірмеді, амал қанша?!
Азаттықтың ақ таңы туады әлі,
Ту ұстайтын жігіттер аман болса!!!
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ
АЛМАТЫ – ҚАҢТАР
- 5 қаңтар – бір жыл бұрын Алматының астаң-кестеңі шыққан күн. Алаңды ашу қысып, қазақтың қаны шашылған уақыт. Мынау сол кездегі алаң көңілдің өлеңі.
Алматы ғой,
Не көрмеген Алматы?
«Көкте» деген, «көгер» деген Алматы.
Ұлт тағдыры қашан түссе талқыға,
Тайсалмаған, бөгелмеген Алматы.
Ер кеудесін көтергенде Маңғыстау,
Ел кеудесін көтергенде Маңғыстау.
Жер шетіне елеңдеген Алматы
арандалып қапияда қан құсты-ау!
Көпке таныс үніменен тәкфрдің,
Қай жағынан қара ниет ап кірдің?
Бу жамылып, бұлт желпіген Алматы
Таланына тап келгендей қасқырдың.
Жүрегіне жалғыз ғана елімнің
Қанды қанжар қадалуға шақ тұрдың?
Қалың нөпір күйіп-жанған, оталған,
Өз шаһарын жарып, өртеп, қопарған.
Қанша сенсе, сонша алданған – өкінген,
Қолға түссең, орып салған – «өш алған».
Аңғал ана аңырап қалма тағы да
Ашық күнде айырылып ботаңнан.
Қылыш жүзі – қыл үстінде біздің ұлт
Термен бірге қан шығады жотаңнан.
Қарсы келсең, қан шашасың Алаңға,
Қалыс қалсаң, айырыласың Отаннан!
Матқапыда кім атқарар ер ісін?!
Кім айтады оның оң мен терісін?!
Қазақстан, бүтіндігің ең қымбат,
Ұлы жеңіс сенің ғана жеңісің!
Заңнан қымбат, қаннан қымбат азаттық,
Күйген жанға, сүйген жанға сені шын!
Өз қолымды өзім кесем қаласаң,
Алтын басым құнсыз кетсін сен үшін!
Көз жасымды тия аламын сен үшін,
Өз басымды қия аламын сен үшін!
Желбіреген Көктуыңның түбіне
Ел-жұртымды жия аламын сен үшін!
Беу, Алматы,
Бар тілегім – бейбіт күн,
Бейбіт кезең,
Ізгі мақсұт, келісім!
Жалғыз Отан,
Тұтастығың ең ұлы,
Ұлы жеңіс – сенің ғана жеңісің!
Азаттықты сақтап қалу арға сын,
Байтақ отан келешегін жалғасын.
Тұтас халық ту түбінде түгендел,
Сабыр-сабыр, менің Асыл Алматым!
Алмасбек АХМЕТБЕКҰЛЫ
Ту ұстаған Батыр және снайпер
Алматыны,
Аспанда айды дауыл шайқалтып,
Адам жанын суырып алып жатты жай тартып.
Дос па,
Қас па білмеймін.
Көк Туымды тік ұстап,
От пен оқтан бір Батыр алып шықты жайқалтып.
Өлімге – өмір,
Өмірге – өлім тұрды тіреліп,
Терезеден түнеріп, телміреді тірі өлік.
Атылған «доп»,
Айнала – алаң тұман.
Тиді оқ.
Туға – Батыр,
Тік тұрды –
Батырға Ту сүйеніп!
Ақиқатқа жабылған кім көтерер жаланы?
Айдың жүзі ақиып, атқан жоқ-ты таң әлі.
Кінәлі ме ол бейбақ?
Басқан сәтте шүріппені,
Ағып түсті асфальтқа снайпердің жанары!
Бақытбек БӘМІШҰЛЫ
Ньюкасл қаласы (Англия),
26.01.2022 ж.