Жыл санаудың және жыл қайырудың соңғы жылы – Доңыз өзінің кезегін Тышқанға береді. Шығыс жұлдызнамасының есептеуі бойынша, Тышқан жылы Жаңа 2020 жылы қаңтардың 25-і күні кіреді екен.
Қазақтар Тышқан жылын ырыс-береке, татулық пен тыныштықтың жылы деп санайды. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген.
Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына көз жүгіртсек, оның басым бөлігі тоқшылықта, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Ендеше Тышқан жылының жорамал-жоралғысына көз салайық.
ТЫШҚАН
- Талғат АЯН, Марғұлан БОРАНБАЙ, Мейіржан ТЕМІРБЕК
Жыл иесі атанған қу Тышқан бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді.
Кәсіби рөліңіз көпшіліктің алдында жүруге міндеттейді. Жастар өзіне жаңа дос табады. Ортақ қызығушылығы бар одақ құрылуы мүмкін. Қаржы мәселесі де тұрақты болады. Жыл басын иемденіп үйреніп қалған Тышқандар біраз қиындықтарға төзуіне тура келеді. Қызғаншақтық, шыдамсыз, қырсық мінезін түземесе, «мысықтың» уысына түсіп қалу қаупі болса да, жыл иесі – тағдырдың еркесі болады. Жыл соңында жемісі мол жеңіске жетеді, өйткені жылдың иесі өзі емес пе?!
СИЫР
- Әсет МАТАЕВ, Асылхан МАМАШҰЛЫ, Мұхтар ТАЙЖАН
Биыл Сиырлар үшін жылдың берері мол. Өздері кең пейілді, жомарт жүректі. Ал түртпектеп тисе беретіндерді қос мүйізімен аямай сүзеді. Туған-туыстарының проблемасына көбірек алаңдайды. Бақытты жағдайдағы адамдардың қатарына енеді. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында діттеген мақсатына жететін күрес жолында жеңіс күтіп тұр. Отбасылық қарым-қатынас маңызды міндет. Қызмет бабында достарыңыз қолдайды. «Қаптесерлер» атанған тіршілік иесінің сынағы көп, соған қарай біраз шашылуыңызға да тура келеді.
БАРЫС
- Даная ҚАЛИЕВА, Қазыбек ИСА, Досым САТПАЕВ
Барыстың табиғаты өркөкірек, сондықтан нағыз досқа мұқтаж. Мінезіндегі – тәкаппарлық пен өкпелегіштігі де өзіне кесірін тигізеді. Күйгелектенбей, сабырлық танытқаныңыз абзал, әйтпегенде тиесілі үлесіңізден айырылып қалуыңыз ғажап емес. Тышқан да сол үлесті «аңдып» тұрғанын ұмытпаңыз. Өзгерістер мен күтпеген оқиғалар мазалайды. Сонымен қатар тыныш өмір сүру үшін жақын адамдарыңыздың кеңесіне құлақ асыңыз. Десек те, аң тағысы үлесін ешкімге бере қоймас, жыл соңында мол қаржыға ие болады. Жұмысында да үлкен бетбұрыс бар. Барыстың әлеуметтік мәртебесі өзгеріп, жаңа қызметке орналасуы мүмкін.
ҚОЯН
- Айман ТҰРСЫНХАН, Ләззат КЕНДЕБАЙҚЫЗЫ, Оңғар ҚАБДЕН
Жасқаншақ қояндар жалтақтағаннан жалығып, батыл іске көшуге ұмтылады. Осы жылда мүлікке қатысты мәселе жетістікке әкеледі. Жаңа одақтастар тауып, қызметке кірісесіз. Туыстарымен ара-қатынасыңыз өзгереді. Жаңа жағдайға, жаңа жауапкершілікке үйренеді, қосымша міндет жүктеледі. Осы міндеттің ауыр жүгі де тыныш ұйықтатпайды. Сондықтан болар, қорқақ, секемшіл. Кез-келген нәрседен үрейленеді, ал сыр сақтауға олақ. «Екі елі ауызға –бір елі қақпақ» керек екенін жадыңызда ұстағаныңыз жөн.
ҰЛУ
- Рахым ОШАҚБАЕВ, Ерлан ҚАРИН, Жанарбек ӘШІМЖАН
Тұйық мінезді, барынша қарапайым көрінуге тырысады, байсалды, құпияны сақтай білетін, көбінесе үнсіз жүргіңіз келгенімен, қоғамдық мәселе тыным таптырмайды. Маңызды сұрақтарды шешуде ішкі түйсігіңізбен таңдау жасаған жөн. Қателік жіберуге болмайды. Жоспарларыңыздың біразын еңсересіз. Жаңа жыл ойдағыдай болатынына күмән келтірмеңіз. Өмiрiңiздi өзгертетiн жаңалық баршылық. Өткен жылдағы бастаған ісіңізді уақытынан бұрын орындап тастайсыз. Жаңа достармен бас қосасыз. Жақындарыңыз жасамаған қолдауды жаңа достардан көресiз.
ЖЫЛАН
- Инга ИМАНБАЙ, Дулат АҒАДІЛ, Әлнұр ІЛИЯШЕВ
Жыланның басына пәле болып жабысатын нәрсе – тілі. Бойдағы бар күш-жігерді сарқуға тырыспаңыз. Қолда бардың қадірін бағалаған жөн. Өзгенің пікіріне мән беріп, күмәндана бергенді қою керек. Кәсіби салада жинаған тәжірибесін іске асырады. Ішкі дүниеңізді өзгертетін кезең туды. Достарыңыз берген көмек пен ақпараттың да жәрдемі болады. Тышқан жылы сіздің ырқыңызға бағынатындай көрінуі мүмкін, бірақ сіз от тисе, тұтанғалы тұрған май секілдісіз. Жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз.
ЖЫЛҚЫ
- Марғұлан СЕЙСЕНБАЙ, Арайлым НАЗАРОВА, Әділ ТОЙҒАНБАЕВ
Жылқы жылы туылғандар – «арбаға жегілген ат» сияқты, аяқ астынан асаулық танытсаңыз, ұтыласыз. Жай желіспен де алға оза шабуға болады. Жыл соңында сол желістің жеңісін көресіз. Көбінесе өзі туралы ойлайды, осы уақыттағы өзінің рөлін, рухани міндеттерін ой таразысынан өткізеді. Уақытты уыстан шығарып алмасаңыз болды. «Нағыз тұлпармын» деп жүргендердің жұмысқа деген ынтасы әлсіреуі мүмкін. Белсенділік танытсаңыз, бұл тығырықтан да оп-оңай құтыласыз.
ҚОЙ
- Баян РАМАЗАНОВА, Ырысбек ТОҚТАСЫН, Анар РАХЫМЖАНОВА
Қойлар өткен жылы ұтылған шаруасы үшін, өзіне баға беріп, алдағы күнін мұқият жоспарлайды. Тұрмысы төмен жандарға қол ұшын беріңіз, сауабы мол болмақ. Тышқан жылында өзіне жаны жақын адамды іздейді. Жақсы көрген адамына жақсылық жасауға тырысады. Шетелге шығатын сапарлар күтіп тұр. Романтикалық сезімдеріңіз серпіліп, соңы үлкен махаббатқа ұласады. Кейбір адамдар сіздің қаржылық жұмыстарыңызға кірісуі мүмкін, сондықтан сырыңызды кім-көрінгенге шаша бермеңіз.
МЕШІН
- Айдана АЙДАРХАН, Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, Зәмзәгүл ТІЛЕУБЕК
Мешін сәнқойлығымен өзін өзгелерден артық санайды. Жыл басында көптен берi қолға алған iсiңiздi аяғына дейiн жеткiзiп, тынышталасыз. Жеке басыңызда өмiрiңiздi өзгертетiн жаңалық баршылық. Өзін жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы. Сол себепті тәуекелге барудан аулақ болғаныңыз абзал. Бұрыннан дос болған адаммен жолыңыз айырылады. Туыстар арасында да өзгеріс бар. Қаржы мәселесінде бәлендей өзгеріс жоқ. Тұрмыста көп күш-жігер танытуға тура келеді. Сезіміңізді жасыруға мәжбүр боласыз.
ТАУЫҚ
- Серікжан МӘМБЕТАЛИН, Бэлла ОРЫНБЕТОВА, Сәния ТОЙКЕН
Сіз үшін бұл жылдың маңызы зор. Әріптестерді таңдау еркі өзіңізге бұйырады және одан қателеспейсіз. Мүлікке қатысты мазалап жүрген сұрақ өз шешімін табады. Отбасында оны-мұны жағдайлар орын алса, аса көп уайымдаудың қажеті жоқ. Менменсіп, «ерте шақырамын» деп жұлқынсаңыз, келіп тұрған ырыс-дәнді шашып аласыз. Сабырлы қалып танытсаңыз, теріп жейтін тарыңыздың ырызығы мол болмақ. Тәуекелге бел буып, тезірек табыс табамын деп те ойламаңыз. Ақылмен өлшенген адал іс түбінде оң нәтиже берері сөзсіз. Ішкі түйсігіңізге сенім артыңыз.
ИТ
- Геннадий КРЕСТЯНСКИЙ, Қайрат МИРАШЕВ, Арманжан БАЙТАСОВ
Жыл басында жан аямай тер төгуге тура келеді, өзін жан-жақты көрсету үшін көбірек оқып, оны тәжірибеге пайдаланса, артық етпейді. «Ит тірліктен» құтылу үшін, жұмыс бағытын өзгертіп, жаңа мамандықты игеріп, жаңа іс бастағысы келеді. Сондықтан қораның маңын қорып, үйшікте табандап жатып алмай, жан-жақты барлап, табыс көзінің иісін табуға ұмтылыңыз. Жыл соңында ащы термен жасаған ізденістің нәтижесін көресіз. Сонда ғана қаржыңыз молайып, тіршілігіңіз оңалады, Тышқандар сізге кедергі жасамайды, ендеше алға!
ДОҢЫЗ
- Қанат ТӨРЕБАЙ, Ринат РАФХАТ, Жанат ЕСЕНТАЕВ
Доңыз жылы туғандардың отбасында бала-шағасы көп болады. Қаржылық мүмкіндіктеріңіз молаяды. Жұмыс бағытын өзгертіп, жаңа мамандықты игеріп, жаңа іс бастағысы келеді. «Қорсылдап жүргеніңізбен, өте табандысыз. Кейде осы белсенділігіңізден өзгелер қорқатын болады. Тышқан жылы өзгерістер мен жаңалықтарға толы болмақ, сонымен бірге өмірдің жаңа кезеңіне де жол ашылады.
Бұрыннан бері көздеп жүрген мақсатқа қол жеткізуге қадам жасайсыз. Қоңыр күзде қаржыңыз молайып, махаббат «майданында» жолыңыз болады, жар іздеп жүргендер қосағын тауып, отбасының бақытына бөленеді. «Бақыт құсын» ұшырап алмауға тырысыңыз!
«DAT»-тың сұрауымен дайындаған –
Арайлым СЕЙТҚАЗЫ,
көріпкел-экстрасенс