Бүгінде орта және жоғары білім беру орындарында сабақтың 70%-дан астамы қазақ тілінде жүреді. Сол себепті ана тіліміз еліміз тәуелсіздік алғанынан бастап, ғылым тіліне айнала бастады. Осы жерде ғылыми термин түсінігіне тоқтала кету қажет. Көпшіліктің пікірі бойынша, грек, латын, ағылшын т.б. тілдерден кірген сөздердің барлығы термин деп қабылданады. Онымен келісуге болмайды!
Термин – деп тек көптеген құбылыстардың жинақталы, бір сөзбен аталуын ғана айтуға болады. Мәселен, медицинада оттегінің жетіспеуін – гипоксия, қан қысымының көтерілуін – гипертензия, асқазан қабынуын – гастрит, т.с.с. аталар әлемде қабылданған. Ал, қалған сөздер сөйлем құрастыруға қажетті қарапайым сөздер. Ғылыми терминдерді аудармай, сол қалпында қабылдап, қалған сөздердің барлығы аударылуы қажет.
Осыған байланысты халықаралық тілдерден енген кейбір атаусөздерді аударғанда ана тіліміздің бай сөздік қорының барлық мүмкіншіліктерін пайдалануымыз қажет. Мәселен, «дарын», «дарынды» деген сөздеріміз тұрғанда, «талантливый» сөзі –«талантты», «тиімді» сөзі – «рационалды» т.с.с. жиі қолданылады.
Ана тіліміздің қолданылуында біршама келеңсіздіктер де орын алуда. Мәселен, «мужской», «женский род» дегендері жоқ қазақ тіліндегі «азамат» сөзі қалай «азаматша» болып кетті?
Орысша оқылымынан аударылған «Қожахмет Иассауи» немесе «Қожахмет Яссауи» атауы туралы да ойланатын кез келді. Мәселе, Jassawy – «жасауи» деп оқылса, онда мән пайда болар еді. Жасауи – өмір сүруге, ұзақ жасауға тілектестікке байланысты айтылған болуы ықтимал. Сондықтан бабамызды Жасауи деп, ешкімге жалтақтамай-ақ, айтатын мезгіл жеткен сияқты.
Қазіргі жағдайда пісу мен пысу деген сөздер ажыратылмай, барлық жағдайларда тек пісу атаусөзі қолданылады. Соған байланысты, осы екі сөзді бір-бірінен ажырату өте қажет. Ұлы жібек жолында көне заманда керуендер тоқтап, сусындаған қала «Піспек» деп аталған. Оны кейін қырғыз бауырларымыз, піспек сөзіне намыстанды ма, «Бишкек» деп ауыстырып алған. Шын мәнінде «Бишкек» деген сөздің мағынасын ешкім түсіндіре алмайды.
Ал, «пісу» сөзіне оралатын болсақ, онда ол қымызды немесе іркітті пісуге қатысты айтылады. Қымызды пісу үшін сабаның ішінде оны араластыратын таяқтың ұшында дөңгелек тақтайшасы болатыны бәрімізге аян. Оны бабаларымыз «піспек» деп атаған. Осыған байланысты «пісу» атаусөзі дәріні тері астына, көктамырға немесе бұлшықет ішіне пісіп, енгізуге қатысты пайдалану жөн болады. Содан инъекция деген сөзді пісіп енгізу, шприц деген сөзге дәріпіспек деген сөздер шығар еді.
Бабаларымыз «пысу» сөзін дамып, жетілуге қатысты пайдаланғанын ұмытпайық. Қазіргі тілімізде оны біржола жоғалтып алған сияқтымыз. Жеміс-жидек, жас баланың денесі пысып жетіледі десек, орынды емес пе?
Сол сияқты баспасөзде «әрі қарай» сөз тіркестері пайда болды. «Әрі» сөзі екі құбылысты салыстыра келтіргенде пайдаланылмай ма? Мәселен, белгілі бір дәрінің әрі емдік қасиеті, әрі зиянды әсері болуы мүмкін. Соған байланысты жарияланып отырған ақпараттың жалғасы бар екенін көрсету үшін «ары қарай» деген сөзтіркесі қолданылуы қажет.
Орыстың «белок» (протеин) белый – ақ деген сөзіне байланыстырып, белок – ақуыз деп аударып, тіл мамандары ел арасына таратып жіберді. Бұндай ақуыз тек қайнатылып пысырылған жұмыртқада ғана ақ болады. Протеин ыстық температураның әсерінен ұйып, ақ түс қабылдайды. Ал, шикі жұмыртқаның ішіндегі «протеин» мөлдір, сұйық түрінде болатынын көрмеген адам жоқ шығар. Бұл зат адам денесіне түскеннен кейін амин қышқылдарына ыдыратылып, олардан әр адамның өзіне ғана тән «протеин» түзілуіне пайдаланылады. Соның нәтижесінде дене бұлшықеттерінің, ішкі ағзаларының көлемі қалыпты мөлшерде ұсталынады. Осылай тіршілігін жоғалтқан жасушалардың орнына жаңа жасушалар құрылады да көрсетілген тіндер жаңарып, нәрленіп тұрады. Сол себепті «белок» сөзін нәруыз деп аудару өте орынды болады.
Бабаларымыздың «жатқан» деген сөзін бұрмалап «жатырған» сөз айналымға еніп кетті. Содан «Шымкенттен келе жатырғанда» деген сөз тіркестері жиі кездесіп қалады. Сөйлеу мәдениетін сақтамайтын жастардың арасында, ешбір көркем сөз шеберлерінің еңбектерінде кездеспейтін, осындай сөз тіркестері жиі кездеседі. Сонда «жатырға ота жасап жатырғанда» дейміз бе? Одан да «ота жасап жатқанда» дегеніміз дұрыс болмай ма?
«Иесі» деген сөзді «егесі» деп бұрмалап алдық. «Қазақстанның егесі – қазақ елі» деп, айтыскер ақындар шімірікпестен айтып жатады. Егесі деген сөздің түбірі «егеу» емес пе? Содан «егесу», «ерегесу» сөздері туындайды.
Қадірменді оқушы қауым! Ана тіліміздің тазалығын сақтайық! Филологтар мен басқа тіл мамандары осы келтірілгендерге пікірлеріңізді білдірулеріңізді сұраймын.
Әділман НҰРМҰХАМБЕТҰЛЫ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор, тіл жанашыры.