немесе
Жеке құжаттардағы аты-жөніміз
қазақы затымызға сай ма?!
Қазақ ССР-інің астанасы Алматы қаласында сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (ҚазМУ) заң факультетінде оқып, аяқтауға жақындағанда 5‑курс студенті ретінде өндірістік тәжірибені өтуге теріскейдегі елім – Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданына сұрандым. 1980 жылдың қараша айынан бастап, келесі 1981 жылдың бастапқы қыс айларында осы ауданның сот, прокуратура, адвокатура, милиция бөлімі, нотариат, аудандық партия және атқару комитеттерінде тәжірибелік жоспарда бекітілген мерзімдерде болып, олардың қызметімен тікелей таныстым. Ол кезде құқық қорғау ұйымдарының басшылығында көбінесе көпті көрген соғыс ардагерлері, өз ісінің майталман шеберлері отыратын. Осындай өмірлік тәжірибесі мол, әбден ысылған салиқалы мамандардың ақыл-кеңестері мен өнегелі істері маған үлгі болып, көп септігін тигізді.
1980 жылдан кеңестік ескі паспортты жаңа үлгідегі қызыл күрең тысты паспорттарға айырбастау басталып, мен де Алматыдан су жаңа паспорт алып, елге келген бетім еді. Ол кезде паспорт атауының қазақша «төлқұжат» деген балама аудармасы қолданыста мүлдем жоқ болатын. Өндірістік тәжірибем аяқталуға жақындағанда Алқағаш ауылындағы анам менен көмек сұрап, 05.12.1952 жылы туған үлкен ағамның аты-жөні «Дюсембин Самат Аргынович» деп жазылған ескі паспортын айырбастауға апарып тапсырдым. Сол жолы ағамның осы паспорты мен туу куәлігіндегі «Дюсембин» деген фамилиясында «м» әрпінің қате қойылғанын өте кеш болса да байқадым. 1952 жылы құжатты толтырған шала сауатты хатшының салдыр-салақ кінәсі ғой, ал дұрысы – «Дюсенбин» деп «н» әрпімен жазылуы керек еді. Осы сияқты «н» мен «м» әріптерінің бейберекет орынсыз ауысып, аптаның жеті күнінің арабша алты атауымен аталған қазақтардың аты-жөніндегі қаптаған қателерін құжаттардан көп көріп, бұдан басқа да өрескел өзгерген түрлерін алдағы өмірімдегі қызмет бабында аз кездестірмедім.
Сонымен Самат ағамның Сергеев аудандық ішкі істер бөлімінде дайын болған су жаңа паспортын ашып, жазуына қарасам, «Агрипович» деп әкеміздің атын мүлдем бұрмалап жіберіпті. Қатты бұзылып кеткен түрімді көріп, паспортты толтырған маман – орыс әйелі «кінәсін» жасыруға тырысып, бүлінген төлнұсқаның орнына дубликат (телнұсқа) алуға мені көндіре алмады. Осының алдында ғана өндірістік тәжірибемді өткен паспорт бөлімінің бастығының кабинетіне тура тарттым. Мән- жайды тез түсінген милиция майоры әлгі «кінәлі маманға» қатаң түрде ескертіп, ағамның аты-жөнін қатесіз жазғызып, дұрыс толтырылған жаңа төлнұсқасын бергізді. Орыс тіліне мүлдем шорқақ Самат ағам бүлінген жаңа паспортын өзі келіп алғанда, кейінгі өмірінде «Агрипович» деген атауды арқалап өтеді екен.
Осыған ұқсас тағы бір ерекше мысалды 1983–1987 жылдары Ленин ауданы (қазіргі Есіл) прокуратурсында тергеуші болып қызмет етіп жүргенімде кездестірдім. Осы ауданның Тауағаш ауылының тумасы, ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген құрдасым, дұрыс аты-жөні – Әбілқайыр Балтабекұлы Мұстафин сол кезде Ленин аудандық милиция бөлімінің тергеушісі қызметіне ауысып келді. Құрдасымның жаңа паспортында екі тілде де «Азельхаир» деп бұрмаланып жазылған басқаша атын оқыдым. Бұған мен түсінбей аңтарыла қараған түрімді көріп, бірден сезген Әбілқайыр мұндай өрескел қатенің өзі ауысып келген көрші ауданның паспорт бөлімінде жазылып, ал қатесіз жаңа паспортқа ауыстыруға жұмыс бастылықпен қолы тимей жүргендігін айтып түсіндірді. Менің білуімше, тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа жеке куәлігін алғанға дейін құрдасым Әбілқайыр осы паспортындағы «Азельхаир» деп орысшаға бұрмаланған атымен ұзақ жүрді.
Сол бір кездерде мен тергеуші ретінде қылмыстық іс бойынша Оседлое селосында қазақтың орыс тілді жас келіншегін жәбірленуші ретінде танып, оның аты – Индгой болып жазылып, бірақ айналасындағы орыс тілді көршілерінің ылғи «Индгойка» деп атайтындары құлағыма түрпідей ерсі тиді. Осы немересі туылғанда әжесі бауырына басып, қазақша ырымдап «Ендіғой» деп атағанын кейін сұрастырып білдім. Бұлар енді ХІХ–ХХ ғасырлардағы қазақтардың аты-жөндерін құжаттарында бұрмалап толтырған, орыс тілді, «қазақшаға сауатсыз хатшылардың» сансыз бүлдірген істерінің жай ғана екі-үш мысалы.
1981 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, арнайы жолдамамен қазан айының басында Солтүстік Қазақстан облыстық сотына сынақтан өтуші (стажер) ретінде қабылданып, сосын осы соттың алқа мүшесі болып 1983 жылдың сәуір айына дейін қызмет істедім. Бұл бірінші инстанциядағы сот мекемесінде біліктілігі мен тәжірбиесі өте мол, көбі орта жастан асқан судьялар болды. Мен олардың өнегелі істерін көріп, жақсы тәлім-тәрбие алдым. Сол жылдары республика бойынша әлі еш жерде жоқ жаңа бастама көтеріліп, облыстық «Ленинское знамя» (қазіргі «Северный Казахстан») газетінің әрбір сенбі күнгі санында орысша «Общественная приемная» деген атаумен хабарландыру жарияланып, онда осы редакцияда қоғамдық қабылдау жүргізетін судьяның аты-жөні көрсетілетін. Уақыт өткен сайын сұраныс артып, тегін құқықтық көмекке мұқтаж қарапайым жандардың саны көбейе түсті. Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі Швыдкий Григорий Павлович Петропавл қаласындағы өте құпия әскери зауыттың жабық сотында біраз жыл істеп, білікті судья ретінде облыстық сотқа ауысып келген болатын. Мен оның кабинетінде жиі болып, ол ақыл-кеңесін аямайтын. Қалалықтардың көбі қоғамдық қабылдауда сол кісімен кездесуге тырысатын. Әлгі газеттің келесі шыққан хабарландыруында «қабылдау жүргізетін Швыдько Г.П.» деп қате жазылыпты. Әлде кемсіту үшін әдейі жазылды ма екен, қазір о жағын жорамалдап айту өте қиын. Жайшылықта сабырлы Швыдкий Г.П. осы газеттен өзінің бұрмаланған фамилиясын оқып, қатты ренжіп, әрі ашуланып, газеттің редакциясымен қайта-қайта хабарласып, дереу түзету жариялауды талап етті. Кеңестік жүйенің орыс тілінде керемет дүрілдеп тұрған қоғамдық-саяси газетінің редакциясына кешірім сұрап, түзету енгізу бірден оңай шаруа болмады. Аты шулы облыстық газеттің азулы редакторы Р.Н. Сергеева біразға дейін бой бермей ерегісіп, бірақ істің насырға шауып бара жатқанын байқап, қойылған талапты амалсыздан орындауға мәжбүр болды. Осы оқиға алдағы өмірімде маған да құқықтық сабақ болып, талай кездескен заңсыздық жайттарды тез жеңіп шығуыма мұрындық болды.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласының Конституция көшесіндегі облыстық сот ғимаратының алдыңғы ауласында Ұлы Отан соғысының ардагерлері – марқұм болған судьяларға қойылған ескерткіш тақта тұр. Сондағы тізімнен өзім тікелей тәлім-тәрбиесін көрген Сергеев аудандық сотының төрағасы – екі орденді Ғалымжан Садуақасұлы Хабдулин, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының мүшелері – Григорий Павлович Швыдкий, Алексей Игнатьевич Костяев пен Иван Андреевич Красюков сияқты ардагерлердің көзіме ыстық аты-жөндерін оқыған кезде жан-дүниемді үлкендерге деген құрмет пен ризашылық сезімі билейді.
Облыстық сотта азаматтық істерді қарау кездерінде Ариста Сулейменовна атты адвокат қатысып жүрді. Бір ыңғайы келгенде осы қазақтың келіншегінен аристократиялық атқа ұқсас есімінің қойылу себебін сұрадым. Күлімсіреп тұрып, Ресейдегі көрші облыста туылғанын, қазақша шын аты – Ырысты екендігін, бірақ Ресейде осы қазақша нұсқасын жаза алмай, оларға айтуға ыңғайлы «Ариста» деп құжаттарда жазылып кеткендігін түсіндірді.
Біраз жыл бұрын ұлты орыс әйелдер прокуратурада қазақтың көркем жігіті істейтіндігін, түрі қазақ болса да, бірақ аты орысша – «Нарушкин» екендігін таңданыспен айтып жеткізді. Орыстың қаптаған «Нарушкин» деген фамилиясымен аталуына бір нығыз себеп болған шығар деген ойда болдық. Қателескенімізді оның қазақша шын аты – Нұрұшқын екендігін білгенде бір-ақ түсіндік.
Міне, қазірдің өзінде осыған ұқсас себептермен қаншама қазақ орысшаға бұрмаланған аты-жөндерімен талтаңдап жер басып жүр. Әсіресе облыстық және қалалық әкімдіктерде, құқық қорғау және салық органдарында, емдеу және басқа да халыққа қызмет көрсету мекемелерінде, яғни бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықпен бетпе-бет кездесіп жұмыс істейтін кеңселерде мемлекеттік қызметкерлердің кейбіреулерінің төсбелгілеріндегі (бейджик) аты-жөндері көрсетілген жазуларда жіберілген нешетүрлі өрескел қателерді оқып, өздерін-өздері осылай қып-қызыл ұятқа қалдырып, «жарнамалап» жүргендерін сезбейтін сияқты. Бір зілдей өкініштісі – көпшілігі біз үміт артқан қазақтың жастары. Олар қазақша қойған сұрақтарыңа бедірейіп тұрып ылғи орысша жауап қатқан кезде қазіргі қасымызда жүрген орыстардың осыған қатысы жоқтығын бірден түсінесің.
Ал енді қазір тәуелсіздіктің арқасында аты-жөніңді қазақша – жаңа қалыпта түзетіп жазуға қарсы кедергілер жойылып, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңы бойынша кең құқықтық жағдай жасалса да, қазағымның көбі өзгертуге құлықсыз, бұған мүлдем мән бермейтінін байқадым. Мәңгүрттік салдарының батпандай салмағы ұлттық сана-сезімді осындай селқостық пен бейжайлыққа ұрындырып қана қоймай, енді оның зілдей зардаптары жастарымыздың сана-сезімдерін жайлап, әрі қарай келесі ұрпақты да қамту қаупі бар екендігі айдан да анық көрініп тұр!
Қазіргі кезде әбден ластанған табиғатты тазалау акциялары елде қарқынды түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерін ақпарат құралдары жиі жариялап жүр. Осы сияқты ластанған ана тілімізді тазалау акцияларын дереу мемлекет тарапынан жиі ұйымдастырсақ, онда қазіргі тілге жанашыр қоғамымыз құба-құп деп қабылдап, нәтижесінде мемлекеттік тіліміз біраз паразит, мүлдем жат және керексіз кірме сөздерден тазарып, жалғасы жыл сайын дәстүрлі түрде тіліміздің өзін-өзі тазалау үрдісіне ұласып кетер еді. Әйтпесе мүлдем қапыда қалатын сияқтымыз. Өйтпесек, өзбек ағайындардың бұрыннан: «Орыс болғың келсе, онда алдымен қазақ болуың керек» – дейтіні тағы да дәлелденген теоремаға айналып, бұған қарсы уәж айта алмай қалуымыз мүмкін.
Жіберілген қателерге байланысты тағы екі нығыз мысал келтірейін. 1998 жылдың күзінде Совет ауданының (қазіргі Аққайың ауданы) Смирново поселкесінде орыстың келіншегі – нотариус мені қабылдап, «Дюсенбин» – деп фамилиям жазылған паспортыма қарап, мұрагерлік істі толтырды. Тез дайын болған құжатта «Дюсембин» – деп қате жазылып, яғни ортасында «м» әрпі емес, дұрысы «н» әрпі жазылуға тиіс дегенімде, қапыда қателескен нотариус қатты абыржып қалды. Өзі бүлдірген құжаттың орнына дубликат (телнұсқа) алуға мені көндіре алмай, қайта-қайта кешірім сұрап, қайтадан қатесіз, дұрыс құжат толтыруға мәжбүр болды. Келгенде жарқырап қарсы алған нотариус, ал қоштасарда өкпелеген сыңай танытты. Тексеріс болған жағдайда жайдан-жай жіберген қателігі үшін жауап беретіндігі белгілі болды.
Қаншама қандастарымыздың жеке құжаттарын толтыру кезінде аты-жөндерінде осындай өрескел грамматикалық қателер жіберіліп, бірақ олар іле-шала уақытында талапты түрде түзетуге аса мән бермей, кейбіреулері зейнет жасына жеткенде соттың табалдырығын әлі де тоздырып жүр. Себебі келмеске кеткен кеңес үкіметімен бірге дәлелдейтін айғақтар да іс-түссіз жоғалып, кешегі бірге істеген тірі куәгерлер де бүгін бұл өмірден бақилыққа өтіп кеткен. Осылай жеке құжаттарына салдыр-салақ қарайтын жағдай қазақтарда ғана жиі кездесетін соттағы тәжірибе десем, қателеспейтін шығармын деп ойлаймын.
1997 жылдың 17 сәуір күні бұрынғы Ленин және Москва аудандары қосылып, жаңадан іріленген Есіл ауданы құрылды. «Қазақ тілі» қоғамының осы аудандық бөлімшесінің жаңа сайланған төрағасы ретінде маған мемлекеттік тіл саясатын іске асырып, осы қоғамдық жұмысымды табанды түрде жалғастыруға тура келді. 1998 жылғы 17 желтоқсан күні ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» жаңа Заңы (№ 321) қабылданып, ендігі қолданыста қазақ ұлты өкілдерінің аты-жөндерінің түбірлері сақталып, ал ана тілімізге тән емес бұрынғы орысша аффикстері алынып тасталып, орнына ерікті түрде қазақша «- ұлы» немесе «- қызы» деп қосылып, бірге жазылатын болды.
Осы заңның жаңа күшін пайдаланып, ауданымда алғашқы болып ата тегімді «Дүйсенбі» деп жазғызып, ал 2001 жылғы 21 маусым күні үш баламның туу туралы ескі куәліктерін тапсырып, жаңа куәліктерінде үшеуінің де ата тегін әкемнің атымен «Арғын» деп жазғыздым. Мұны мақтанайын деп жазып отырған жоқпын, сол кездегі жаңа ғасыр мен заман талабымен маған төраға және заңгер ретінде ауданымдағы қазақы қоғамға осылай жол көрсетуге тура келді. Қорыта айтқанда, танымал ұлттардағы сияқты, яғни біздің қазақы болмысымыз алдымен тілімізден, ділімізден, түрімізден, жүріс-тұрысымыздан көрінуімен қатар аты-жөндеріміздің қазақша қалыптағы айтылуы мен олардың дұрыс жазылуы жеке құжаттарына сәйкес болуы керек. Сондықтан бұрынғы аты-жөндерімізді ерте заманнан жайлаған арабтың қосарланған және шұбалаңқы аттарынан арылтып, орыстың жабысқан жалғауларынан құтылып, яғни заңның аясында тіл тазалығы акцияларын жиі ұйымдастырып, заманауи талаптарға сай қысқа да жеңіл айтылатын, құлаққа жағымды, санаға сіңімді, жүрекке жылы, қазақы есімдерді іріктеп, осылай тазаланған бір жүйелі ретке келтіруіміз керек.
Енді соңғы мысалды да келтірейін. Республикалық «Ана тілі» газеті 2009 жылдың тамыз айындағы № 31–32 сандарында «Қазақ мектебін ашудағы қиындықтар» атты менің мақаламды жариялады. Оған дейін бір күн бұрын Алматы қаласының Абай көшесінде орналасқан осы газеттің редакциясына әдейі барып, ертеңгі шығатын мақаламның мәтінін тексеріп, терілгенде жіберілген ұсақ-түйек қателерді түзеттірдім. Әсіресе «Явленко» деп ең соңында «о» әрпінің қате қосылғанын көріп, өзім тұратын дұрыс атауы – «Явленка селосы» деген түзетуімді көзімше компьютерге енгізді. Кәдімгідей көңілім орнығып еді, ал келесі күні газетке шыққан мақаламдағы түзетулердің қайда кеткені белгісіз, редакцияның қателерімен басылғанын оқығанда, қатты ренжіп, ертең солтүстіктегі еліме барғанда мақаламды оқығандар сайқымазақ қылатындарын айтып салдым. Мақаламды басуға дайындаған жас журналист қыз жылап жіберіп, қыз бен газеттің беделін жақтаған сондағы журналист жігіт: «Қайдағы бір орыстың Явленко деген сөзіне бола шу шығарып…» – деп кінәләп, кешірім сұраудың орнына маған қарсы шықты. Жарияланған мақаламның астындағы аты-жөнім мен авторлық құқығыма нұқсан келтіргені қаперлеріне кіретін де емес. Жоғары қабаттағы «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалиннің кабинетінде оған мән-жайды түсіндіріп, түзету сұраған арызымды тіркеуге тастап кеттім. «Ана тілі» газетінің 2009 жылғы қыркүйек айындағы № 35 санында мен сұраған түзету жарияланды.
Бір қызығы – менімен салғыласқан әлгі журналист жігіт көп кешікпей жоғарылап, «Егемен Қазақстан» газетіне тілші болып кетті. Бұл мысалмен қай ұлттың да болмасын тіл тазалығы алдымен тіл мамандарынан, әсіресе журналистерден басталатынын айтқым келеді. Бізде басқа салаларда да солай, көбіне ана тілінің, туған ұлтының жан жарасы мен елдік мүдделеріне мән бермейтіндердің мансабы мен лауазымы көтеріледі. Сосын ұлттық идеология қайдан болсын!
Қайрат ДҮЙСЕНБІ,
ҚР Тәуелсіз заңгерлер палатасының заңгері,
ҚР Журналистер одағы және «Қазақ тілі» қоғамының Петропавл қалалық филиалының алқа мүшесі