бие түгілі, қой ала алмайды
- Қазақ елін өрге, өркениетті елдер арасына апаратын үздік бастамаларды орындау үшін не керек? Негізінен, оның барлығы қаржыға барып тіреледі. Ал бұл саланы былық-шылық жайлаған.
Қазақстанның кез келген Үкіметі «шаруаға қырсыз қожайын» болды. Себебі жоспарлау, соның ішінде бюджеттік жоспарлау жағы қатты ақсап тұр.
Ұлттық экономика министрлігі келесі парадоксты жағдайға назар аудартты: Қазақстанның бюджеті сонау бірінші президент заманынан – 2007 жылдан бері «нәтижеге бағдарланған бюджет» болып табылады. Бірақ нәтижеге бәрібір қол жеткізе алмайды. Неге?
Министрліктің түсіндіруінше, өйткені еліміздегі бюджеттік жоспарлау «әлеуметтік-экономикалық даму болжамына» негізделеді. Алайда мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттарды әзірлеу кезінде бюджеттің шынайы мүмкіндіктері мүлдем ескерілмейді. Бюджеттің мүмкіндіктерін Республикалық бюджеттік комиссия (РБК) ғана бағамдайды.
Көркем тілмен айтсақ, министрлік бір көлікке мініп алып, Астанадан Алматыға жету мақсатын белгілейді. Ал РБК оған тек Қарағандыға дейін жететін ғана жанармай береді. Өйткені бюджет тапшы. Қазақстан бюджетінің тапшылығы 2023 жылы рекордтық 3,2 триллион теңгеге жетті.
Яғни, көздеген нысаналы мақсат жайына қалады. Осылайша, Маминнің үкіметінде де, Смайыловтың үкіметінде де мақсатты көрсеткіштер толыққанды қаржылай қамтылмады және жүзеге аспады.
Бір мысал келтірелік. 2023–2025 жылдарға арналған жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (МЖЖ) құжаттарының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу қажеттігін ескере отырып, өз шығыстарын 7,2 триллион теңгеге қаржыландыру керектігін мәлімдеді:
2023 жылға – 3 трлн теңге;
2024 жылға – 2,5 трлн теңге;
2025 жылға – 1,7 трлн теңге.
Демек, министрлікке жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін осынша қаржы қажет деп есептейді. Әрине, бұл жерде ведомство «түйе сұра, бие береді» деген қағидатты ұстанып, артық сұрауы немесе жекелеген шенеуніктер қаржыны көбірек қарпып қалуға тырысуы ғажап емес. Бірақ бұл басқа әңгіме.
Қалай болғанда да, Қаржы министрлігі мен РБК бюджеттің нақты мүмкіншіліктерін ескеріп, бұл шығыстарды 2,5 трлн теңге сомасында ғана қолдады. Оның ішінде:
2023 жылға – 0,9 трлн теңге;
2024 жылға – 0,8 трлн теңге;
2025 жылға – 0,8 трлн теңге.
Осылайша, сұралған ақшаны 4,7 миллиард теңгеге немесе үш есеге жуық азайтып тастады.
Көркем тілмен түйсек, соғым сою қажет болғанда, отағасы қой сатып алуға ғана жететін ақша бөлсе, оның баласы тай сатып ала алмайды ғой? Қазақстан Үкіметі де осылай жұмыс істейді.
Іinbusiness.kz