Семейдегі қатаң тәртіптегі ОВ-156/19 (№11) түзеу мекемесінде 29.01.26 жылы Жандос Бадалбаев деген азаматтың өлгені жайында ақпарат тарады. Туыстары барып көрген ер адамның мәйіті көрсетілген бейнежазбаны қарасаңыз, марқұмның беті, аяқ-қолы, іші, арқасы көгала торғайдай көгеріп кеткен, сау жері жоқ. Мәйітті аударып көріп жатқан ер адамның: «Мынау сұмдық қой, пытка ғой мынау, аяқтан, табанынан ағашпен соққан…» – деп ашына айтқан даусы естіледі. Соған қарағанда, бұл кісі асқан қатыгездікпен азаптап өлтірілген.
Бізге хабарласқан оқырмандардың айтуынша, түзеу мекемелерінде «ішкі тәртіпке бағынбаған жағдайда он адамға дейін өлтіруге болады» деген өздерінің «жазылмаған заңы» бар көрінеді. Сонда түрменің заңы мемлекеттің жоғары заң шығарушы ұйымы қабылдап, Президент қол қойған жалпыға бірдей заңдардан жоғары болғаны ма?!
Түрме – түрме ғой, бұл жерде әртүрлі қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқандар отырады. Ал бізде елдің тыныштығын, аумақтық тұтастығын қорғауы тиіс әскердің өзінде кейінгі кездері қаншама жас бейбіт күнде зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің құрбаны болып жатыр!
Жалпы, Қазақстан қоғамы соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгенімен, түрме жүйесі мен әскери қызметтегі зорлық-зомбылық, әлімжеттік, қызмет бабын асыра пайдалану мәселелері әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл – елдің құқықтық мәдениеті мен азаматтық бақылау жүйесінің дамуына тікелей әсер ететін аса маңызды мәселелер. Соған қарамастан, жағдайдың жақсаратын түрі жоқ.
2020 жылдардың басында Қазақстанда құқық қорғау органдары мен қорғаныс саласындағы жағдай халықаралық ұйымдардың да ерекше назарында болды. Егер түрмелердегі зорлық-зомбылық пен адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі статистикалық деректерге жүгінетін болсақ:
- 2023 жылғы ҚР Бас прокуратурасының есебі бойынша, қылмыстық-атқару жүйесінде 60-тан астам адамның өлімі тіркелген, олардың кемінде 15‑і күмәнді жағдайда қаза тапқан.
- Құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ материалдарына сәйкес, тергеу изоляторларында (СИ‑1, СИ‑8, СИ-170) зорлық-зомбылық, азаптау және қысым көрсету фактілері жиі кездеседі.
- БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің 2022 жылғы қорытындысында Қазақстан түрмелерінде азаптау және адамдық қадір-қасиетті қорлау тәжірибелері «жүйелі сипат» алғаны атап көрсетілді.
- Үлкен өкінішке қарай, бұған нақты мысалдар жеткілікті.
- 2020 жылы Павлодар облысында сотталған азамат белгісіз жарақаттан қайтыс болған. Тексеру барысында түрме қызметкерлері шартты түрде «тәртіп орнату кезінде күш қолданғандарын» мойындаған.
- 2021 жылы Шымкент қаласындағы ИЧ-167/3 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін анықталғандай, күзетшілер тұтқынға физикалық қысым көрсеткен.
Басқа да деректер аз емес. Сонда мемлекет қыруар қаржы бөлетін, «түзеу мекемесі» деп аталып, кейде кездейсоқ, кейде «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген» жандарды тәрбиелеп, дұрыс жолға салуы тиіс мекемелерде мұндай келеңсіз жайттар орын алуының түп-төркіні неде? Жалпы түрме деген адамды түзей ме өзі?!
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, сондай-ақ «Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымы Қазақстандағы түрмелерде «жабықтық пен ішкі бақылаудың тиімсіздігі зорлық-зомбылықтың негізгі себебі» екенін айтады. Сондай-ақ тәуелсіз мониторинг топтарының түрме мекемелеріне кедергісіз кіруі көп жағдайда шектелген.
Біздің ойымызша, мәселе тек осы жайттарға тіреліп тұрған жоқ! Егер тереңірек үңіліп, барынша байыпты қарайтын болсақ, бұл жайттардың бастауы – «тәрбие тал бесіктен» демекші, шағын мемлекет, кіші Отан саналатын отбасындағы тәрбие, моральдық-психологиялық климат, адамгершілік қарым-қатынастарда жатқанын түсіну қиын емес. Одан соң балабақша, мектеп, орта және арнаулы, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарының да бұған белгілі бір деңгейде қатысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Отбасынан басталатын тәрбие одан кейін сатылай көтеріле отырып, олардың бәрінде мемлекеттік саясат – ұлттық идеология негізінде жүргізіледі.
Егер қазақ қоғамында шаңырақ шайқалып, балабақша тәрбиешілері өздері де ана бола тұра, әлі есін білмейтін баланы ұрып-соғып жатса, орта білім беретін мектепте 13–15 жастағы қыз балалар жүкті болып жатса, орта және жоғары оқу орындары білім, тәрбие бермей, тек уақытын заялап, ата-ананың тірнектеп жиған ақшасын құртып, диплом ғана ұстатып жатса, кәсіпорындар мен өндірістік мекемелер тәжірибең, еңбек өтілің жоқ деп жұмысқа қабылдамаса, жас ұрпақ өз өмірін қалай қалыптастырады?! Олар кішкентайында отбасында көрген ұрыс-керіс, мектептегі бұзақылық, күнделікті өмірдегі жемқорлық, парақорлық, заң мен тәртіп талаптарын сақтамау сияқты келеңсіздіктерді үлкейгенше іліп ала бере ме? Сонда біз олардан қандай заңға мойынсұнатын, адамгершілік қасиеттері жоғары, отаншыл азаматты қалыптастырамыз?
Қазақ ғасырлар бойы түрмесіз-ақ телісі мен тентегін тыйып, ұрысы мен қарасын, барымташы мен сырымташысын Дала заңымен жазалап, өлгеннің құнын, тірінің кеткен ақысын төлетіп, тәрбиелеп келді емес пе?! Ал мына ғылым мен білім, техника мен технология дамыған, халық 100 пайыз хат таныған, өз мемлекеттілігі, заң-зәкүні, құқықтық қорғау жүйесі бар заманда сол нәтиже неге жоқ?!.
Енді бұрын ер балалардың тәртіп пен тазалықты, ұқыптылықты әбден үйреніп, бойына сіңіретін шыңдалу, өмір мектебі саналған әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылық мәселесінің тарихи және әлеуметтік тамырына келейік. Баршаға белгілі, кеңестік дәуірден келе жатқан «дедовщина» дәстүрі посткеңестік кеңістіктегі барлық елдерде сақталып қалды. Қазақстан да бұл құбылыстан толық арылған жоқ. Әскерде жоғары және төменгі буын арасындағы бейресми қарым-қатынас (иерархия) жиі реттелмеген күш көрсетумен ерекшеленеді. Соңғы жылдарда қазақ әскері қатарында осындай ондаған оқиға жас сарбаздардың өлімімен аяқталды.
- 2022 жылы Жамбыл облысындағы әскери бөлімде сарбаз Амангелді Сейітжан көз жұмды. Ресми деректер алғашқыда «өзін-өзі өлтіру» деп көрсеткенмен, қоғамдық тексеріс нәтижесінде оның үстінен жүйелі қысым жасалғаны анықталды.
- 2023 жылы Ақтау гарнизонында сарбаздар арасындағы төбелестен кейін бір әскери қызметкер ауыр жарақат алып көз жұмды.
- 2024 жылдың басында Қарағанды облысында тағы бір сарбаздың өлімі қоғамда резонанс тудырды, себебі ол әріптестері мен командир тарапынан зорлық көрген.
Әрине, Қорғаныс министрлігі адам қазасына әкелген мұндай қайғылы оқиғаларға бей-жай қараған жоқ, 2023 жылы арнайы «Сенім телефоны» және электронды шағым жүйесін іске қосты. Әйтсе де тәуелсіз сарапшылар бұл шаралардың әсері тым аз екенін, қалыптасқан жағдай «кең ауқымды мәдени өзгерістерсіз» қалатынын атап көрсетеді.
Біздің ойымызша да, бұл – «болары болып, бояуы сіңген соң» ғана ізденуге жол ашатын тетік. Ал армиядағы саяси-тәрбие жұмыстарын жетілдіру, оның жеке құрамында толық заң мен тәртіп талаптарын, жалпыадамзатық қағидаттарды сақтауға, отаншылдыққа баулу тұрғысынан қандай түбегейлі өзгерістер енгізіліп, нақты қандай жұмыстар қолға алынғанын жұртшылық әлі білмейді. Ол аз десеңіз, Қорғаныс министрлігінің басшылары арыз-шағымдарына құлақ аспаған соң, әскерде қаза тауып немесе азап көрген сарбаздардың аналары шерулетіп Елордаға барғаннан кейін ғана мұны Мемлекет басшысы өзінің жеке бақылауына алды. Сонда біздің елде барлық іске тек Президент араласқан соң ғана мәселе шешіле ме? Үкімет, министрліктер мен құқық қорғау бағытындағы мемлекеттік мекеме басшыларының міндеті, жауапкершілігі қайда? Олар бұл лауазымға не үшін тағайындалған?
Әскери прокуратура мен Әскери полиция жыл сайын жүздеген әлімжеттік фактісі тіркелетінін растап отыр, алайда олардың басым бөлігі «тәртіп бұзушылық» ретінде ғана қарастырылады екен. Демек, белгілі бір ереже, күн тәртібі, қарым-қатынас қағидаттары қабылданған әскердің өзінде тәртіп болмаған соң, қарапайым азаматтар емін-еркін өмір сүретін қоғамда қандай тәртіп болмақ?! Президенттің Заң мен Тәртіп қағидаттарын сақтау, соның негізінде өмір сүру қажеттігін жиі-жиі айтатын себебі де осында жатқаны анық.
Мұның әлеуметтік және құқықтық салдары да ауыр. Зорлық-зомбылық пен әлімжеттік тек жеке адамдардың тағдырына емес, халықтың мемлекеттік институттарға деген сеніміне де үлкен нұқсан келтіреді. «Chatham House» ұйымы 2023 жылы жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, Қазақстан тұрғындарының шамамен 45%-ы құқық қорғау органдарына толық сенбейді.
Бұндай жағдайлар:
- Құқықтық мемлекет қағидатын әлсіретеді;
- Азаматтардың армия қызметін «қауіп көзі» ретінде қабылдауына әкеледі;
- Жастардың әскери борыштан жалтаруына себеп болады.
Қазіргідей әлемдік геосаясат мың құбылып тұрған заманда жастар ел алдындағы әскери борышын өтеуден жалтарумен тұрмай, оны өміріне төнген «қауіп көзі» деп қабылдайтын болса, мемлекетіміздің қауіпсіздігі, жеріміздің тұтастығы, Қазақстанның келешегі не болмақ?!
Бұл бағытта БҰҰ мен ЕҚЫҰ сарапшылары Қазақстанға төмендегідей нақты ұсыныстар жасаған:
Азаптау мен адам өлімі жағдайларын толық тәуелсіз тергеу ұйымын құру;
Түрме жүйесін ашық ету, омбудсмен институтының рөлін күшейту;
Әскерде адам құқықтарын сақтау жөніндегі азаматтық бақылау кеңестерін енгізу.
Осы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында 2023 жылы ҚР Әділет министрлігі пен Бас прокуратура «Қылмыстық-атқару кодексін» реформалау бойынша жұмыс тобын құрып, өзгерістер енгізілмек.
Қорғаныс министрлігі «Психологиялық қолдау орталықтарын» ашу арқылы әскери ортадағы қысымды азайтуға бағытталған шаралар ұйымдастыруда.
Біздің ойымызша, жалпы түрмелер мен әскердегі зорлық-зомбылық мәселесі тек заңнамамен емес, мәдени және этикалық көзқарастармен де сабақтас. Сондықтан оны шешу үшін:
1. Омбудсмен, ҮЕҰ, тәуелсіз БАҚ қатысуымен тәуелсіз бақылау жүйелерін күшейту керек;
2. Қызметкерлер мен офицерлердің психологиялық және құқықтық біліктілігін арттыру қажет;
3. Қоғамдық пікір мен БАҚ-тың белсенді рөлін қамтамасыз ету керек;
4. Әрбір зорлық-зомбылық фактісі бойынша толық, ашық тергеу жүргізу бойынша жүйелі де жоспарлы нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс!
Семейдегі түзеу мекемесінде адам өлімі бірінші рет болып отырған жоқ. 2025 жылы 28 қазан күні осы колонияда 1994 жылы туған Сұлтанбек Болатұлы деген азамат қаза тапқаны ресми түрде расталды. Бұл туралы Қазақстан Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және жергілікті БАҚ хабарлады. Таратылған ақпаратқа сәйкес, сотталушы денсаулығы нашарлап, мекеменің медициналық бөліміне шағымданған. Алғашқы көмекті алса да, жағдайы қиындап, кейін ауруханада көз жұмған. ҚАЖК-ның ресми мәлімдеуі бойынша, әрі алдын ала болжамға сәйкес, өлімнің себебі – инсульт. Анығын бір Алла біледі.
Ал мына соңғы оқиға – небәрі үш айдың ішіндегі төртінші өлім. Бұл марқұмның азаптап, қасақана өлтірілгені соқыр адамға анық көрініп тұр. Тіпті бұл ешқандай медициналық сараптама, криминалистік зерттеусіз-ақ белгілі десек, артық емес шығар! Сонда, жоғарыда айтылғандай, бұл түзету мекемесінде он адам қаза тапқанша ешкім селт етпей отыра беруі керек пе? Мұны естіген жұрт, марқұмдардың туыстары еліміздің түзету мекемелеріндегі өрескел заң бұзушылықтар қашанға дейін жалғаса береді? Бұған тоқтау бола ма? – деп қатты ашынып отыр. Енді тергеу ұйымдары осы аса қатыгездікпен жасалған қылмысты толық ашып, сот заң талаптарына сәйкес, қатаң үкім шығаруы тиіс!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ, «D»