Қазақстан – жүздеген этнос пен түрлі конфессия өкілдері бір қоғамда өмір сүретін көпұлтты мемлекет. Мұндай көпқырлы құрылымда қоғамдық келісімді сақтау – стратегиялық маңызды міндет. Ұлтаралық келісім мен діни татулық тек қоғамдық үйлесімділіктің көрінісі емес, елдің ұзақмерзімді дамуының кепілі. Экономикалық өсім, әлеуметтік реформалар, инфрақұрылымдық жобалар тек қоғам бірлігінде ғана тиімді жүзеге асады.
Жаһандану дәуірінде этникалық және діни қайшылықтар кез келген елдің дамуын тежей алады. Ирандағы соңғы толқулар мен Ауғанстандағы радикалды ағымдардың күшеюі Қазақстанға қоғамдық келісімнің қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдейді.
Қазақстандық саясаттың өзегі – әр азаматтың заң алдында теңдігі. Оның ұлты, тілі, діні немесе наным-сенімі маңызды емес. Мемлекет этномәдени бірлестіктерді қолдап, олардың дәстүрі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасайды.
Бұл саясат айырмашылықтарды мойындай отырып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіруге бағытталған. Қазақстан үлгісі – әртүрлілікті сақтай отырып, азаматтық бірегейлікті нығайту.
Этносаралық келісімді қамтамасыз етуде арнайы институттардың рөлі зор. Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық диалог алаңы ретінде қалыптасқан. Ол мәдени шаралармен ғана шектелмей, әлеуметтік мәселелерді талқылауға, қоғамдық бастамаларды іске асыруға қатысады.
Жақында Ассамблеяның орнына Қазақстанның Халық кеңесі құрылып, 126 адамнан тұратын жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Бұл институт халық пен билік арасындағы байланысты күшейтіп, шешім қабылдау процесін ашық әрі теңгерімді етеді.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде әр конфессияға тең мүмкіндік беруге ұмтылады. Сенім бостандығы әр азаматқа заңмен қорғалған. Сонымен бірге мемлекет радикалды идеологиялар мен экстремистік ағымдардың таралу қаупіне жауапты.
Ирандағы діни шиеленістер, Ауғанстандағы радикалды ағымдар, Еуропадағы мигранттар мәселесі – дінді құқықтық негізде реттеудің маңызын айқын көрсетеді. Қазақстанда діни бірлестіктер заң аясында жұмыс істейді, бұл сенім бостандығын сақтай отырып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Ислам мен православие христиан діні Қазақстанның дәстүрлі конфессиялары болып саналады. Олар халықтың рухани өміріне, мәдениетіне және адамгершілік қағидаттарының қалыптасуына ықпал етті.
Дін тек ғибадатпен ғана шектелмей, отбасы институтын нығайтуға, қайырымдылық мәдениетін дамытуға, жастар тәрбиесіне ықпал етуі тиіс деп ойлаймыз. Бірақ дінді саясиландыру қауіпті салдарға әкелуі мүмкін, сондықтан оның қоғамдағы орны айқын және теңгерімді болуы керек.
Отбасы институты демекші, бүгінгі жастар ақпараттық ортада экстремистік және радикалды идеологиялық ықпалға тез ұшырайды. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру және сыни ойлауды дамыту да стратегиялық міндет болса керек.
Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің мақсаты – ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыру. Бұл этникалық немесе діни ерекшеліктерді жою емес, керісінше, әртүрлілікті сақтай отырып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіру.
Мемлекеттік тілге құрмет, заң үстемдігі, тарихи жады мен елдік мүдде – қоғамдық тұтастықтың тіректері. Әр азамат өзін Қазақстанның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана тұрақты даму мүмкін болады.
Экономикалық жетістіктер мен әлеуметтік реформалар қоғамдық бірлік жағдайында ғана нәтижелі. Сондықтан қоғамдық келісімді сақтау – әр азаматтың, әр ұйымның ортақ жауапкершілігі.
Қазақстан әлемдік тәжірибеден сабақ алып, этносаралық және конфессияаралық келісімді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде дамытуды жалғастырып жатыр. Ирандағы толқулар, Ауғанстандағы радикалды ағымдар, мигрант ағымы сияқты оқиғалар қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызын көрсетеді.
Ұлтаралық келісім мен діни татулық кездейсоқ қалыптасқан құбылыс емес, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі саясаттың нәтижесі. Қазақстан қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық саясат жүргізіп жатыр.
Ендеше қоғамдық тұрақтылық дамудың кепілі болса, ал келісім сол тұрақтылықтың ең берік тірегі болады деп сеніммен айта аламыз.
Сұлтан ҒАЛЫМБЕК