
Тәлибанның билікке келетіні АҚШ CIA-да (Central Intelligence Agency – Орталық барлау басқармасы) құжатталды, Дохада қолтаңбасы қойылды, Кабулде жүзеге асты. АҚШ сыртқы барлауы 2001–2010 жж. арасында неше жүздеген рапорт дайындап, үкіметке толассыз ескертулер жасады. Мазмұны мынадай: әлемде АҚШ-тың 800-ден астам әскери базасы бар, әскери базаны ұстап тұру үшін 7-8 трлн доллар шығын кетеді. Сол үшін үкімет не геостратегиялық саясатын түбегейлі өзгертсін, не кейбір әскери базаларды түбегейлі жапсын.
СІА рапортының көп ұсынысы қабылданды, АҚШ стратегтері кейін Ауғанстан саясатына байланысты жаңа өзгерістер қабылдады. 2010 жылдың қараша айында Германияның Мюнхен қаласында бірінші рет Тәлибанмен келіссөз өткізді, онда он сегіз сағат ашық пікірталас жасалды. 2011 жылы Дохада кездесті. Тіпті 2013 жылы АҚШ Тәлибанға Дохадан өкілеттілік құрып берді.
Екінші. 2001 жылдан соң Тәлибан шын мәнінде көп реформалар қабылдады. Кадрлық ауыс-түйістер болды. Билік құрамына жаңа дипломатшыл, ымырашыл тұлғалар келе бастады. Олар: бірінші, өзбек-түркмен-тәжіктерді қозғалысқа тартты; екінші, халықаралық мінберлерде сауатты пікірталас жасай білді; сөйтіп «автомат ұстаған тәлибан – дипломатты тәлибанға» айнала бастады. Алпауыт және аймақтық күштер оларды өздері келіссөзге шақыра бастады. АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей, Иран, Үндістан мен Пакистан Тәлибанмен жеке-жеке дөңгелек үстелге отырды.
Соңында келісім былай болатын болды: Тәлибан – билікке келеді, бірақ кезең-кезеңімен билікті алады; Тәлибанға билік өтпестен бұрын Орталық Азияның бірінде саяси төңкеріс, бірінде – этникалық қақтығыс, тағы бірінде жарылыстар орын алуы тиіс. Осы үш практикадан соң, Орталық Азияның шынайы бет-бейнесі айшықтала түседі. Сонымен бірге Қытай мен Ресейдің аймаққа байланысты нақты реакциясы анықталады. Содан соң АҚШ тамыр басып, рапорт қабылдайды, анық рапорт АҚШ-тың Орталық Азия саясатын тездетуге көмектеседі.
Көп күттірген жоқ, Қазақстанда этникалық қақтығыс, әскери қоймада жарылыс орын алды. Қырғызстанда саяси төңкеріс болды, билікке ерекше тұлғалар келді. Содан кейін АҚШ пен НАТО «әскер шегіндіреміз» деп, Дохада келісімге қол қойды. АҚШ мемхатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерін бір аралады да, Ауғанстандағы «Шарқи Түркистан Ислам Партиясын» ресми түрде қара тізімнен шығарды.
Үшінші. Дохадағы келісімнен соң, АҚШ және НАТО күштері кезең-кезеңімен Ауғанстаннан шегініп жатты. АҚШ әскери күштері азайған сайын, Тәлибан да кезең-кезеңі бойынша ілгері жылдамдықпен Кабулден басқа барлық провинцияларды алуға тырысып жатты. Соңында Пентагон «эвакуациялаймыз» деген сылтаумен үш мыңдай әскерін жіберді, олардың Кабулге табаны тиер-тиместен ресми билік президенті отставкаға кетіп, ел бір-ақ сәтте басшысыз қалды. Бүкіл әлем шок болды. Тәлибанның өзі мұндай «тездікті» күтпедік деп мәлімдеме жасады.
Төртінші. Тәлибан билікке келгенімен, елдегі саясатты нақты басқарып тұруға қабілетсіз екендіктерін көрсетіп алды. Олар енді «коалициялық үкімет» құрамыз деп, бұрынғы президент Хамид Карзай бар, 12 кісілік кеңес құрды. Ұраны мынау: біз 1996–2001 жж. арасындағы тәлибан емеспіз; біз әйелдер құқын сақтаймыз; барлық саяси, діни тұлғаларға, бізбен қарсы соғысқандарға «кешірім» жариялаймыз; көрші елдерге соғыс ашпаймыз, олардың ішкі ісіне араласпаймыз; т.б.
Бесінші. Тәлибан Ауғанстанда нақты билік құрып үлгермеді, елде азамат соғысы әлі жүріп жатыр. Елдегі азамат соғысы өртінің өршуі Ауғанстандағы кейбір діни топтардың Орталық Азияға қызығушылығын арттыра түспек. Өзбек пен тәжіктің кейбір панисламист топтары Ауғанстанда база құрып, көп дайындықтан өтті. Тәлибанның күн сайын күшеюі оларды Орталық Азияға қарай ығыстыра түспек. Сонымен бірге Ауғанстандағы «ДАЕШ»-те Тәлибанмен шығыспайтыны анық болды. Ауғанстанда табан тіреп тұра алмаса, Орталық Азияға беттейтіні, Орталық Азиядағы «ұйқыдағы» діни күштердің қолтығына су бүркетіні айдан анық.
Алтыншы. Қарап отырсаңыз, Ауғанстандағы түпкі түйткіл мынау: мемлекетті шариғат негізінде басқарамыз ба, әлде адами құндылықтарға сүйенген зайырлы, демократиялық принциптермен басқарамыз ба? Бұндай таңдау ХХ ғасырдың ең өзекті тақырыбына айналды. Түркі әлемі, Парсы жұрты, Араб жазирасы, барлық ислам елдері осы таңдаудан өтті. Түркі жұртында бұл оқиға Қадимшыл-Жәдитшіл деген атаумен танылды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіндегі басты пікірталас та осы болды.
Бір өкініштісі – алпауыт мемлекеттер әр халықтың таңдау еркіндігіне көз сұғын қадады. Табиғи эволюциямен дамып келе жатқан адамдардың таңдау, арылу еркіндігі қиянатқа ұшырады. Дейтұрғанмен де, қазақ қоғамының революцияға дейінгі таңдауы өз қалауын жасап үлгерген еді, яғни Жәдитшілдік бағыт оза шапты. Қазақ даласы адами құндылықтарға сүйенген демократиялық жолды таңдап үлгерді. Оны ХХ ғасыр басындағы зиялыларымыздан ап-анық байқай аламыз.
Бір қызығы – бұл таңдау араб, парсы, орду, пуштун жұртында толық тәмамдалмады. Олар ХХ ғасыр басындағы түйткілді бүгінгі күнге дейін сүйреп алып келді. Сол себепті Ауғанстанның саяси қоғамы толық арылмайынша, өз таңдауын анықтап жасамайынша, алда әлі былыққа бата береді.
Біз және Орталық Азия үшін қауіп бар ма? Не істеу керек, шешу жолдары қайсы?
Біріншіден, Ауғанстанның толыққанды ислам мемлекетіне айналуының өзі бізге қауіпті болуы бек мүмкін. Себебі тәліптердің діни ұстанымы Орталық Азияның діни сипатымен аса айырмашылығы жоқ. Олар да амалда – Ханафи мазһабы, сенімде – Матуриди жолы, иқсан мәселесінде – тариқатшыл тармақтарды қағида ретінде ұстанады. Ондай болса, Ауғанстанның исламдық мемлекетке айналуы біздегі кейбір исламшыл топтарға, жекелеген тұлғаларға «ой» салуы әбден мүмкін ғой. Яғни, олар «Ауғанстан мемлекетті шариғатпен басқарудың үлгісі мен жолын көрсетті, біз неге Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанда шариғат орнатпаймыз» деуі мүмкін.
Екіншіден, АҚШ пен НАТО-ның әскер шегіндіруімен алпауыт мемлекеттердің Ауғанстан және Орталық Азия саясаты жаңа бір тың кезеңді бастауы мүмкін. Қазір көп сарапшылар АҚШ мемлекет басшысының орынбасары Kamala Harris Сингапур, Вьетнамға жасаған сапарын талқылап жатыр. Қалай болмасын, барлық стратегиялық ойын Ауғанстан үшін басталмады және Ауғанстанда аяқталмайды. Кейбір басты түйткілдер Оңтүстік Қытай теңізінде басталып, бірақ Ауғанстандағы арпалыста негізгі факторға айналуы мүмкін. Яғни, барлығы Ауғанстанда текетіресіп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде түп-ойын басқа аумақтағы саф мүдде үшін Ауғанстанда арпалысып жатқан болуы әбден мүмкін. Сол себепті Қазақ қоғамы Ауғанстаннан да басқа әлемдік стратегиялық мүдделерді күні бұрын болжап, оның Қазақ қоғамына жасайтын ықпалын сараптап отыруы тиіс.
Үшіншіден, «ДАЕШ» ұйымы Кабулде жарылыс жасады. Оның террористік іс-қимылы Ауғанстанмен шектелмейтіні анық. Қазақ қоғамы Арыс пен Таразда екі бірдей жарылыс жасап, қаншалықты бұл іске дайын екенімізді, реакциямызды көрсеттік. Біздің бейғам, салғырт бет-бейнеміз «ДАЕШ»-ке тегін мүмкіндік көрсетіп жатыр. Алдыңғы болжауымыз бойынша, АҚШ қалайда болмасын, Ауғанстанда үлкен «хаос» жасады. Енді оның өрті бізге қарай лапылдап келеді. Біздің Қазақ қоғамы бұған еш дайын еместігі байқалып қалды.
Бірақ бұны шешудің бір жолы бар. Ол – Орталық Азия елдерінің Ортақ Қорғаныс Одағы. Атап айтқанда, Қазақ-Өзбек-Қырғыз үш елді өзек еткен ортақ әскери одақ. Бұған Ресей бастапқыда қарсы тұрғанмен, қолдауға мәжбүр болады. Ресейдің қазірге дейінгі әскери саясаты: Орталық Азияда ШЫҰ-ның (ШОС) әскери ықпалдастығын әлсірету және оның орнына ҰҚШҰ (ОДКБ) әскери іс-қимылын кеңейту болатын. Бірақ Өзбекстан ҰҚШҰ-на қайтадан мүше болудан бас тартып тұр. Ресейдің әскери жаттығуларына қарамастан, тәжіктер Пакистанмен жақындасып жатыр.
Қысқарта айтқанда, бәрі Ресейден тіксініп қалды. Бірақ қатты дағдарыс кезеңінен өтіп жатыр. Қазақ-Өзбек-Қырғыз үшеуіне осы бір қиылыс сәтте бірігудің орайы бар. Өйткені Қырғызстанда билік түбегейлі ауысты, Ресейге қырғыздың жаңа саяси элитасын танып үлгергенше уақыт керек, Өзбекстан сыртқы саясатын Мәскеуден барынша тазартып жатыр. Қазақ мемлекетінің сыртқы саясаты күрделі таңдау жасайтын ең қиын сәтте тұр: не Мәскеу, не Мәскеуден басқа…
Ресейдің Қазақстанға бағытталған «орыс тілінің құқы» мәселесі оның саяси бағытта басқа қысымды жасай алмайтынының бір көрінісі. Сондықтан орысты «орыс тілімен» алдаусыратып, уақыт ұттыруымыз керек. Олардың бізге байланысты басқа «дерті» қалмай барады. Ауғанстан, Тәлибан және «ДАЕШ» деген үш саяси термин тұрғанда, Ресей Орталық Азияға қандай да бір қауіп жасап, текке шығындар болмайды. Мәселе – біздің саяси элита өздері Мәскеуге артығымен жалтақтай береді. Стратегиялық саясатты жіті бағамдаса, негізінде бізге қауіппен бірге мүмкіндіктер де көп.
Төртінші, Орталық Азияның Стратегиялық зерттеулер институтын (ОАСЗИ) құру қажеттілігі. Институт құрамын Қазақ-Өзбек-Қырғыз – үш елдің тәуелсіз сарапшылары толықтыруы тиіс. Шын мәнінде біз аймақтар мен түйткілдерге байланысты ақпаратты Ресейдің базасынан алып жатырмыз. Сосын өзбек, қырғыз сарапшыларымен ортақ пікір алмасу жағы әлсіз. Өзбектер Ауғанстанмен шекара ел, арғы бетінде неше миллион өзбек бар. Өзбекстанның Ауғанстанға бағытталған өзбек саясаты бар. Отыз жылдан бергі тәжрибесі тағы бар.
Қырғыздар тәжік-өзбек діни экстремистерін жою кезінде бізден оқ бойы озық тәжірибе жинақтады. Ал біз баяғы сол «Ауған соғысының ардагерімен» қалып қойдық. Егер ОАСЗИ-ді үш ел ортақ құрсақ, біріншіден, Мәскеуге қош айтысып, өңірлік стратегиялық саясатты өзіміз белгілейтін боламыз; екіншіден, үш ел мамандары ортақ ақпарат алысып, өзара конференциялар өткізіп, үлкен тәуелсіз ақпарат базасын қалыптастырған боламыз; үшіншіден, Ресейден басқа әлемдік зерттеу институттарымен ақпарат алмасып, дипломатиялық ынтымақтастықты арттыра түсеміз.

Елдес ОРДА