Суббота , 5 июля 2025

Тәуелсіздіктің ОТАРЛЫҚ Оғаштықтары

Бірер күн­нен кей­ін Тәу­ел­сіздік­тің 27 жыл­ды­ғын атап өткелі жатыр­мыз. Өкініш­ке қарай, жыл сай­ы­нғы қалып­тасқан жағ­дай­дың биыл да қай­та­ла­на­тын түрі бар.

Сөз болып оты­рға­ны – айту­лы мере­ке­міздің хри­сти­ан­дық жаңа жыл­дың таса­сын­да қалуы, Жел­тоқ­сан көтерілісі болған күн алдын­да сту­дент­тер­ді жап­пай Алма­ты­дан «кани­кулға» қай­та аттан­ды­ру, «Еге­мен­дік», «Ұлт­тық бол­мыс» сын­ды ұғым­дар­дың бос ұран­шыл­ды­ққа айна­лып, тәр­би­елік мән­нен жұр­дай болуы.
Айту­лы күн­дер мем­ле­кет құра­у­шы ұлт­тың кім екен­ді­гі­нен, қай елдің бала­сы­ның кім­ге қыз­мет ететіні­нен түсінік бер­ме­се – не болға­ны? Бұдан ұлт­жан­ды­лық, жеріне деген сүй­іспен­шілік жас ұрпақтың бой­ы­на қалай егіледі? Ырду-дыр­ду­мен өтіп, аты бар да, заты жоқ шара­лар­дың пай­да­сы жоқты­ғын ойла­май­мыз. Бұл өз алды­на, екі орта­да бос қалған кеңістік­ті бөг­де, арам­за құн­ды­лы­қтар баса­ты­ны тағы бар ғой.

27 жыл­дық тәу­ел­сіз тарихын­да Қаза­қстан әлдебір табыст­арға қол жет­кіз­ген болар. Қой үстіне бозторғай жұмыр­тқа­ла­ма­са да, аштан қыры­лып жатқан ешкім жоқ, өмірі­міз бей­біт. Бірақ кез кел­ген мем­ле­кет үшін ең шешу­ші алғы шарт – аза­мат­тар­дың бір шаңы­рақ, ортақ мүд­де мен жау­ап­кер­шілік аясын­да тізе қосуы – сол таз қал­пын­да, тіп­ті бай­қал­май­ды. Ақиқа­тын­да бүгін­гі Қаза­қстан әрқи­лы өлшем­дер­де, түр­лі қара­ма-қай­шы бағыт­тар­да тір­лік құрған топ­тар­дың жиын­ты­ғы іспет­ті. Ара­сын­да тота­ли­тар­лық заман­ды аңса­у­шы­лар, денесі – Қаза­қстан­да, ойы – Ресей­де қалған­дар, мар­ги­нал­дар, ұлт­шыл­дар, мем­ле­кет­шіл­дер, немқұрай­лы­лар, әсіредін­шіл­дер, кос­мо­по­лит­тер бар. Бұн­дай қоғам әу бастан осал екені айт­па­са да түсінікті.

Айта­лық, кезін­де ресей­лік «Про­тон» зымы­ра­ны апатқа ұшы­раған­да, осы зиян­ды аппа­рат­тар­дың Қаза­қстан­да қол­да­ны­луы­на қар­сы пети­ци­яға «Фейс­бук­те» 1–2 мың адам­ның ғана қолы жинал­ды. Ал енді тая­у­да «Көк Жай­ла­уда» тури­стік кешен салуға қар­сы пети­ци­яға 30 мың­нан аса адам қол қой­ған. Қарап отыр­са, «Про­тон­ның» елі­міз­ге кел­тірер зала­лы «Көк Жай­ла­у­мен» салы­сты­руға кел­мей­тін­дей зор бол­са да, Ресей­ге жал­тақ, оған теріс пікір айтуға дәті бар­мас орта­мы­здың кел­беті осы – билік­те де, қоғам­да да. Неме­се жыл сай­ын Жел­тоқ­сан көтерілісін еске алу үшін Алма­ты орта­лық алаңын­да нелік­тен негізі­нен қаза­қтіл­ді қауым жина­лып, қалған ұлыс өкіл­дері қалыс қала­ды? Есесіне 31 жел­тоқ­сан неме­се 23 ақпан секіл­ді көр­ші елдің мере­ке­леріне кел­ген­де, әлгілер асқан бел­сен­ділік таны­та­ды. Себебі неде осын­дай сәйкессіздіктің?

Әрине, айты­лғанға билік­ті кінәла­у­ға болар. Айна­лып кел­ген­де, басқа­ру, қар­жы, ақпа­рат тетік­тері соның қолын­да. Қаза­қстан­да көр­ші елдің үгіт-наси­ха­тын тай­раң­да­тып қой­ған да сол. Мәсе­ле – сон­дай-ақ қоға­мын ұйы­сты­ра­тын бар­шаға ортақ иде­я­ның жоқты­ғын­да. Уақыт көр­сет­кен­дей, жоға­ры­дағы­лар ұсы­нған «2030», «Қаза­қстан­дық ұлт», «Мәң­гілік ел» сияқты көп­те­ген басқа бағ­дар­ла­ма­лар ондай мәр­те­бе­ге жете алма­ды. Себебі – баста­уы­нан қия­ли дүни­е­лер­ге бой ұрып, шынайы өмір­ден алшақ тұр­ды. Ал енді халы­қтың өз тіле­уі – Еге­мен­ді­гін баян­ды ету, Тілін асқақта­ту, Мәде­ни­етін сақта­уға кел­ген­де, қан­дай да қол­дау мар­дым­сыз. Тарих­ты ұлы­қтау құр­лы, оны зерт­теу дең­гей­інің төмен­ді­гінің өзі қынжылтады.

Өткен­ге назар сал­са, Қазақ халқы­ның Ресей импе­ри­я­сы қол асты­на енген­де, басқын­шы­лық сая­сатқа қар­сы ірілі-кішілі 372 рет бас көте­ру­лер орын алған екен. Сон­да бұл қай­дағы «өз еркі­мен қосы­лу» бол­мақ? Алай­да осын­дай жалған түсінік­тер сақта­лып жатыр.
Иә бол­ма­са, қаза­қтың тең жар­ты­сын жал­маған Ашар­шы­лы­ққа сая­си баға беру­ден тар­ты­на­мыз. Есесіне «болар іс бол­ды, асы­ра сіл­те­ушілік­тің кері басқа да халы­қтарға тиді, сон­ды­қтан өткен­ді қаз­ба­лай бер­мей­ік» деген ұста­ным сал­та­нат құрған. Ал Екін­ші дүни­е­жүзілік соғы­сқа кел­ген­де, дәл сол идео­лог­тар «Не забу­дем, не про­стим» сықыл­ды ұран­дар­ды көте­реді. Тарихқа осы­лай ірік­теп қарау – ұлт­тық тұғыр­дан сыр­тқы ықпал­дың үстем тұрға­нын меңзейді.

Басқа­сын былай қой­ған­да, Кеңес Одағын дүр сіл­кін­дір­ген Жел­тоқ­сан­ды ресми құжат­тар­да «оқиға» деп атау әлі күн­ге шей­ін бар. Кез­дей­соқтық емес, Жел­тоқ­сан көтерілісінің тари­хи маңы­зын әдейі кем­сітіп, түк­ке тұрғы­сыз етіп көр­се­тудің қасақа­на қамы­на ұқсас жағ­дай. Айта кетер­лі­гі – әу баста сол «Жел­тоқ­сан оқиға­сы» ұғы­мын сая­си сөздік­ке енгіз­ген КСРО идео­лог­та­ры еді.

Қарап отыр­сақ, көзі ашық, намысын жоғалт­паған кез кел­ген ел өзінің тарихын мақтан тұта­ды. Оны өз аза­мат­та­ры­на наси­хат­тап қана қой­май, қор­шаған әлем­де де орнын сол арқы­лы бекі­те­ді: фран­цуз­дар – «Ұлы фран­цуз рево­лю­ци­я­сы», қытай­лар – «Ұлы қытай қорға­ны» арқы­лы. Оры­старға кел­сек, несі бол­ма­сын, бәрін ұлы­ға теңей­ді: рево­лю­ци­я­сын, тілін, әде­би­тін, жазу­шы­ла­рын… Қаза­ққа ғана кел­ген­де мүләй­ім­су бар. Басқаға жал­тақтап, өзін кем санау, бөг­денікін кере­мет көріп, өзінікін мен­сін­беу қанға сің­ген. Тіп­ті пат­ри­от­тар­дың өз елінің туын өз үйін­де ілгені үшін неме­се өз жерін­де жүріп, өз тілін­де қыз­мет талап еткені үшін сот­талға­ны миға кіріп-шықпайды. 

Алай­да бүгін­гінің осын­дай ащы шын­ды­ғы – қазақ қоға­мы­ның әлі де отар­лық сана-сезім­нен шыға алмай оты­рға­ны­ның бел­гісі.
Бұның бәрі өзді­гі­нен болып отыр деген­ге сену қиын. Физи­ка­ның «ешнәр­се жоқ жер­ден пай­да бол­май­ды» деген заң­ды­лы­ғы бар. Кри­ми­на­ли­сти­ка­да – қан­дай да істің төр­кінін біл­гің кел­се, ол кім­ге тиім­ді екені­нен баста деген қағи­дат бар. Тек біздің жағ­дай­да мәсе­ленің құны аса зор – қаза­қтың аман­ды­ғы. Тамы­ры­нан айы­ры­лған аға­шты құла­ту қан­ша­лы­қты жеңіл бол­са, бол­мысын жоғал­тып, адасқан халы­қты тізе бүк­ті­ру де сон­шы­лы­қты оңай түсетіні бар­шаға аян.

Ойға ком­со­мол­дың 100 жыл­ды­ғы­на арналған науқан келеді. Қаза­қстан­да оны еске алам деушілер өзді­гін­ше қара­пай­ым атап өтсе – мей­лі. Алай­да дүріл­де­ген той сипа­тын­да өткі­зу үшін, оған орта­лық кон­церт­тік сарай­лар оңай бері­ле салға­ны алаң­дат­ты. Сахна­да Ленин мен «Руха­ни жағы­ру» лого­ти­пі көр­ші тұруы когни­тив­ті дис­со­нанс тудыр­ды. Әншей­ін­де жер мен тіл жана­шыр­ла­рын мәде­ни­ет ошақта­ры­на жақын­да­ту тұр­мақ, көше­де жина­луы­на мұр­сат бер­мей­тін әкім­шілік «бес­смерт­ный полк­ке» кел­ген­де ондаған қала­лар­да орта­лық алаң­дар­ды боса­тып беретін әдетін ақыл-есі дұрыс ада­мға түсі­ну қиын. Ал екі орта­да құр­ды­мға кет­кен тота­ли­тар­лық идео­ло­ги­я­ны мек­теп бала­ла­ры­на дәріп­те­уді –оларға жасалған қия­нат деп баға­лау артық айтпағандық.

Кеңе­стік заман құр­са­уы­нан шыға алмай және бұны­сы­мен шынайы Тәу­ел­сіздік­тің табал­ды­ры­ғын аттай алмай оты­рған аяны­шты күй­і­міз – осы. Әзір­ге дей­ін ресми мәлім­де­ме­лер­де «пост­со­вет­тік кеңістік» деген ата­уды қол­да­ну­дың өзі соның бір айғағы. Мәсе­лен, азатты­ғын алған Еуро­па елдері өздерін «пост­на­ци­стік кеңістік­ке», иә Ресей өз мем­ле­кетін «пост-Алтын орда­лық кеңістік­ке» енгіз­се, ерсі естілер еді ғой. Біз­де ол – үйрен­шік­ті жағдай.

Жеке­ле­ген лау­а­зым иелеріне қалып­та­сып оты­рған аху­ал ыңғай­лы көрі­нуі ықти­мал. Әйт­се де, бөл­шек­тен­ген, күн­делік­ті өмірі күн­көріс қамы­на айналған қоғам кез кел­ген билік­тің ешқан­дай тіре­гі емес, шешу­ші сәт­те – соры екен­ді­гін түсі­ну қажет.

Екін­ші­ден, қаза­қта «екі қай­ы­қтың басын ұстаған суға кете­ді» деген нақыл бар. Сол қаза­қтың бүгін­гі жағ­дайы екі емес, бір­не­ше қай­ы­қты ұстап қалуға тыры­сқан тір­лік­ті еле­с­те­те­ді. Рас, қысқа мерзім­де Кеңес Одағын аңса­у­шы ауди­то­рия ұлт-азаттық, демо­кра­ти­я­лық құл­шы­ны­стар­ды теже­уі мүм­кін (Қазақ тілі, Әділ қоғам орна­ту, Еура­зи­я­лық одақтан шығу, Батыс және Түр­кі әле­мі­мен жақын­да­су, т.б.). Бірақ аталған пай­ым алдам­шы. Укра­и­на­ның қасіреті осы­ған дәлел. Енде­ше оры­стіл­ді отан­дастар­ды бауы­рға баса алмаға­ны­мы­зға – руха­ни­ят сала­сын­да тия­нақты сая­сат­тың жүр­гізіл­ме­уі, билік басын­дағы­лар­дың өздері лай­ы­қты үлгі бере алмаға­ны себеп. Бұған тілі кем­сітіл­ген, тарихы бүр­ке­ме­лен­ген қазақ қауы­мы қанағат­тан­ба­сы түсінікті.

Үшін­ші­ден, ертелі ме, кеш пе – табиғи, демо­гра­фи­я­лық, қоғам­дық үрдістер­дің нәти­же­сін­де қазақ мүд­десінің әйте­уір төр­ге шыға­ты­ны анық. Олай бол­са, ескілік­ке жар­масқан­ша, сая­си эли­та­лар­дың қаза­қи­лы­ққа бет бұрға­ны – заман тала­бы. Керек десеңіз, халқы­мен бір­ге болу – олар­дың сая­си өмір­шеңді­гінің, ұрпақтар жадын­да оң бағаға ие болуы­ның амалы.

Төр­тін­ші­ден, Қаза­қстан­ды «Орыс әле­мі» емес, Түр­кі-Қазақ өрке­ни­еті деп тану – Ресей­мен түп­кілік­ті қол үзуді біл­дір­мей­ді. Керісін­ше, өза­ра қаты­на­стар дамысын, өрлей бер­сін, бір ғана шарт мызғы­май­тын бол­са, бүгін­гі­дей біре­уі – бас­шы, екін­шісі – қос­шы емес, халы­қа­ра­лық құқық бой­ын­ша тең дәре­желі, бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқ­пай­тын, аумақтық тұта­сты­ғын құр­мет­тей­тін және әділ ынты­мақ­та­сты­ққа дай­ын серік­те­стік. Соны­мен қатар Қаза­қстан сыр­тқы бай­ла­ны­ста­рын­да Ресей­мен тұй­ы­қта­лып қалуы (ғалам­дық эко­но­ми­ка­ның болға­ны 1,5 пай­ы­зы) үлкен қателік. Ал енді бүгін­гі Кремль­ді жар­ты әлем­мен араз­да­сып, апат алдын­дағы кеме­ге ұқса­тар бол­сақ, оған бай­ланған Қаза­қстан­ның ертеңі мүл­де қауіп­ті. Олай бол­са, қор­шаған әлем­мен ықпал­да­су – тұрақты алға басу­дың да, қауіп­сіздік­ті нығай­ту­дың да бала­ма­сыз жолы.

Әр елдің жасам­паз­ды­ғы – төл жеңістері мен ерлік­терін құр­мет­те­уден баста­ла­ды. Ал енді тарихы­на отар­ла­у­шы­ның көзі­мен қараған елдің бола­шағы қараң. Жүз жер­ден тәу­ел­сіз­бін деп кеудесін қаққа­ны­мен, оның азатты­ғы да сағым іспет­тес. Олай бол­са, басты сұрау кім­нен бол­мақ: алдап-арба­у­шы азшы­лы­қтан ба, әлде алда­нуға көн­гіш көп­шілік­тен бе? «Ұйқы­дағы ұлт­тар түбі құрып тына­ды, не құл боп ояна­ды» деп, осы­дан жүз жыл бұрын өси­ет қал­ды­рып еді Ұлы Мұста­фа Кемел Ататүрік күл­лі Түрік бала­сы­на, оның ішін­де қаза­ққа. Сорақы­сы сол – Ота­нын­да 70 пай­ы­здан асқан қазақ бала­сы «менің қолым­нан не келеді?» деп, летар­ги­ядан шыға алмай жатыр.

Расул ЖҰМАЛЫ,
сая­сат­та­ну­шы

Республиканский еженедельник онлайн