Осыдан 10–15 жыл бұрын «Қазақстанға кім тиіседі дейсің? Қазақтың сыртта жауы жоқ!» деген қағидат болды. Соның кесірінен армияны қаржыландыру азайды, әскердің тыныс-тірлігі тарылды. Армияның, жауынгерлік қызметтің қадірі қашты. Армия ерлік пен бірліктің ордасы емес, басы-аяғы жоқ дау-дамайдың ортасына айналды. Бұл үшін барша қоғам ретінде жауаптымыз, айыптымыз…
Құдайға шүкір, бейбіт, берекелі елміз. Қазақ елінің ешкімге соғыс ашып, басқаны жаулап, қаласын өртейтін ниеті жоқ. Басты міндет біреу – мемлекеттің тыныштығы мен тұтастығын сақтау. Қайтсе де ел егемендігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Бұдан асқан мұрат та, мүдде де жоқ!
Десе де, өзіміз мерекелі болсақ та, айналамыз берекелі деп айта алмаймыз. Айналадағы, әлемдегі жағдаяттар, кеше ғана бейбіт жатқан мемлекеттердің отқа орануы, ағайын елдердің өзара өшпенділігі терең ойға итермелейді.
Әрине, осындайда жан-жағымызға қарап, төңірегімізге үңіле бастайсың. Біздің ел армиясының бүгінгі жай-күйі қандай? Қазақ армиясы дегеніміз не? Қазақ офицері кім? Қазақ офицері, сарбазы деген ұғым мен категорияны жасақтай алдық па?
Соңғы 2–3 жылда едәуір өзгерістер жасалды. Армияның абыройын арттыру тұрғысында нақты жұмыс атқарылды. Әскердегі қылмыс саны жыл сайын азайып келеді. Солдаттарға жоғары білім алуға, кредитін жабуға, мамандық алуға жақсы мүмкіндіктер ашылды. Әскерилердің айлықтары жүйелі түрде өсе бастады. Жаңа әскери қосындар мен бригадалар жасақталып жатыр. Әскери жаттығулар мен әскери ойындардың саны еселеп артты. Жаңа әскери техника үлгілері сатылып алынды…
Парламент соңғы 2 жыл ішінде армияға қатысты 6 заң қабылдады. Оның ішінде жергілікті қорғаныс күштері; резервтегі қызмет; армияның әл-ауқатын арттыру; ұлттық қауіпсіздік бағытындағы заңдарға Президентіміз – жоғары бас қолбасшы қолын қойды. Жақын арада Мәжіліс әскери-патриоттық тәрбие туралы арнайы заңды қабылдайды…
Әскери-патриоттық тәрбие демекші…
Армияның абыройы мен қоғамдағы рөлінің артуы – әскери қызметке деген сұранысты арттыра бастады. Саннан жаңылмаспыз – жас ұлтпыз. Сапаны ойлайтын да кез келді. Сапаны қамтамасыз ететін сержанттар мен офицерлерді қайдан аламыз? Соларды дайындайтын жоғары және орта әскери білім ордалары бар. Сондағы жағдайды талдап көрелік.
Мысалы, 2024 жылы орта есеппен әскери оқу орындарына конкурс бір орынға 2,2 адамды құраған. Олардың орта баллы – 64 балл болды. Бұл – республикадағы білім саласындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Әсіресе бүгінгідей роботталған, компьютерленген техника заманында бізге тек патриоттар ғана емес, жоғары білімді, білікті азаматтар ауадай қажет. Кешегі мектеп түлегінің жаны мен психологиясын түсініп-түйсіну үшін де ақылды, парасатты басшылардың керек екендігі айтпаса да түсінікті.
Тағы бір мәселе. Конституциямыздың 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» делінген. Яғни, Отанды қорғау, армияға бару барша қазақ азаматының, әрбір аймақ тұрғындарының ортақ мәселесі деген сөз.
Алайда өмірдегі шындығы басқаша. Біздің әскери институттар мен колледждердің түлектері – негізінен оңтүстік аймақтардың азаматтары. Есесіне солтүстік өңірлердің түлектері әскери білім алуға мүлдем қауқарсыз екен! Батыс пен шығыс аймақтарынан әскери оқуға түсуге әрі кетсе жылына бір-екі түлектен ғана құлшыныс танытып жатады.
Сонда Отанды қорғау тек оңтүстік аймақ тұрғындары үшін ғана керек пе? Жаужүрек бабаларын мақтан тұтатын, айтыс пен той-томалақта батырларын тізбектеп-таластыратын қазақ үшін осыдан артық масқара бар ма? Бұл, шындап келсе, бәрімізге де сын. Бұл тек мемлекеттің ғана емес, ата-ананың да, мектептің де ұтылғаны, жаусыз жеңілгені деген сөз. Ойланатын шаруа.
Ойланайық! Абай болайық!
Айдос САРЫМ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты