- Жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында елдің Сыртқы істер министрі Вадим Пристайко осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлады life.ru сайтына сілтеме жасаған Тurkystan.kz.
«Біз 9 мамырды тойлағалы жатқан жоқпыз. Еуропадағы өзге мемлекеттер секілді біз де 75 жылдан кейін бұл трагедияның неліктен болғанын түсініп, бір-бірімізді кешіруге дайынбыз. Біздің пікірімізше, мереке осы бағытты ұстануы керек», – деді министр.
Айта кетейік, ресми Мәскеу Жеңістің 75 жылдығына орай өтетін мерейтойлық салтанатқа бірқатар елдің басшысына шақырту жіберді. Атап айтқанда, АҚШ президенті Дональд Трамп, Франция көшбасшысы Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Жапония премьері Синдзо Абэ, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және басқа да көшбасшылар шақырылып отыр. Олардың көпшілігі Ресей шақыртуын қабыл алып, Мәскеуге келетіндерін мәлімдеген.
Еуразиялық одақтан ТАРҚАЙЫҚ!
- Беларусь басшысы Александр Лукашенко құрылғалы бері түк тындырмаған Еуразиялық одақ туралы осындай пікір айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, одақтың ортақ ұстанымы жоқ, әркім көрпені өзіне қарай тартып, осы ұйымды құрған әуел бастағы бағыттан ауытқып кетті. «Біреу – біреуді тыңдамайды. Ешкім – ешкімге есесін жібергісі келмейді. Тартыс-талас, салғыласудан өзге осы одақ бізге титтей пайдасын тигізбеді», – дейді Лукашенко.
Ол Еуразиялық одақты құруға ұйытқы болған Қазақстан, Ресей және Беларусьтің және ұйымға кейіннен қосылған Армения мен Қырғызстанның арасында ауызбіршілік жоқ екенін айтты. Құрылғалы бері дау-дамайдан арылмай келе жатқан берекесіз одаққа өзгелер де қосылуға құлықты емес.
«Одақтың аты бар да, заты жоқ. Одақтастардың ортақ ұйғарымы жоқ. Мұндай болса, бір-біріміздің басымызды қатырмай, тарқап тынайық. Бұл одақтан қайыр болмаса, әркім өз бетінше кетсін. Өз дамуын өзі айқындасын», – деді Лукашенко.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, біздің билікке де мұндай батылдық қажет. «Мысалы, Александр Лукашенко ойын ашық айтады. Онысы дұрыс. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың өз еліне тиімсіз екенін аракідік айтып отырады. Ал Қазақстан дипломатиялық деңгейде бұл ретте ләм-мим деп тіс жарған емес. Еуразиялық экономикалық одақ бұл түрімен ертелі-кеш күйреп тынады. Тарихта ол тиімсіздік танытқан, өзіне мүше елдерге өте көп мәселе тудырған құрылым ретінде қалады», – дейді ол.
«D»