Ендігі елге белгілі болғандай, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен ел Конституциясындағы «президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді» сұраған еді.
Еске сала кетсек, Конституцияның бұл бабының үшінші тармағында «президент өкілеттігі жаңадан сайланған ел президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген (отрешения), не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерінің бәрінде, қызметінен кетірілгендерден басқасы, Қазақстанның экс-президенті деген атағы болады» деп жазылған.
Конституциялық кеңес (КС), заң бойынша, өтінішті түскен күннен бастап үш ай ішінде қарауы тиіс. Егер КС-тің алдына қойылған мәселе кейінге қалдыруға болмайтын, шұғыл қаралуы керек болса, Кеңес президенттің талап етуі бойынша, өтінішке он күнде жауап қайтарады. КС-тің интернет-сайтында жарияланған хабарға қарағанда, Кеңес президенттің аяқ астынан жасаған, бәлкім, бұған дейін өзі түсінбей жүрген мәселеге қатысты өтінішін «қабылдап» (қабылдамағанда, қайда барсын?!), іске кірісіп те кеткен сияқты.
Ал енді президентті кенеттен «мазалаған» мәселенің мәні не? Бұл беймезгіл «өтінішпен» Назарбаев мырза не айтпақ болды, тағы қандай саяси қитұрқының қойылымын бастады? Осындай сұрақтардың жетегімен біз Қазақстанның экс-сенаторы, бұған дейін перзиденттікке үміткер ретінде екі мәрте сайлауға түскен белгілі саясаткер Уәлихан Қайсаровты сұхбатқа шақырдық.
– Уәлихан мырза, ең алдымен мынаны анықтап алайықшы: президент Назарбаев не себепті кенеттен Конституцияның аталмыш баптарын «түсінбей қалды» деп ойлайсыз? Ата заңның 42-бабының 2-тармағында қандай қитұрқы қалтарыс қалып тұрған еді?
– Мен де ең алдымен айта кетейін, Қазақстан халқы соңғы он жылдан астам уақыттан бері, егер дәлірек айтсам, 2005 жылдың күзінен Назарбаевтың өз еркімен президенттіктен кетуін күтіп жүр…
– Одан да бұрынырақтан бері емес пе?
– Жоқ, оған дейін оның билігі әртүрлі амал-айламен біршама легитимді болып келді. Ал 2005-тің желтоқсанындағы президенттік сайлауда елдің көпшілік халқы оның сайлауға түспеуін қалады. Президенттік сайлау мен биліктің жай-жапсарын біршама жақсы білетін халықтың басым бөлігі дәл осы датаны Назарбаевтың шектен шығып кеткен уақытының басы деп санайды. Ол өзіне заң жүзінде берілген президенттік мерзімнің мөлшерінен шықпауы тиіс еді. Бірақ болары – болды.
Дегенмен, болғанда да, оңдырмай болды: сол «шектен шығудан» кейін елдің онсыз да оңбай тұрған экономикасы мен оған ілдебайлап жапсырылған қондырғының барлығы күрт құлдырай бастады. Тек қана мұнайдың сол кездегі жоғарғы құны мен шетелдерден алынған шексіз несиенің арқасында билік әлдебір «алға басудың», «ілгерілеудің» көрінісін жасап келеді.
Мынаған қараңызшы: егер соңғы он алты жылда Германияда баға атаулының барлығы ешқандай өсусіз, тұрақты тұрса, Қазақстанда соңғы жылдары ғана ұлттық валюта үш есеге құнсызданды. Баспананың бағасы да дәл осы мөлшерде өсті, ал қоғамдық көлікте жүру құны бес есеге артты. Мен бұл арада азық-түліктің қанша есеге артқанын, мектеп оқушыларының құрал-жабдығы қаншаға қымбаттағанын, көмір мен отынның бағасы, коммуналдық тарифтердің бағасы шарықтап кеткенін тілге тиек еткім келмейді. Оны елдің халқы күнделікті тұрмыс-тірлігінде өз көздерімен көріп, тақсіретін тартып жатыр.
– Бірақ сол «тақсірет тартқан» халқыңыз осыншама қымбатшылыққа қыңқ ететін түр байқатпайды ғой, Уәке, бұның себебі қалай?
– Бір есептен мен сіздің «қыңқ етпейді» дегеніңізбен келіспеймін. Назарбаевқа деген наразылық жаппай етек жайды, тіпті еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз жүрген халықты айтпағанда, зейнетақысын алып, қалған өмірін өткізіп жатқан кемпір-шалдарға дейін Назарбаев десе, төбе шаштары тік тұратын жағдайға жетті. Ал осы жағдайда Назарбаевтың режимі тек зорлықтың, халыққа жасалған қысымның арқасында ғана сақталып тұр. Жаппай наразылық қатерлі деңгейге жетті.
Қазақстанды қоршаған айналаға қараңызшы: тіршілігіне наразы елдерде, оның ішінде бұрынғы советтік республикаларда халықтық толқулар мен ереуілдер етек жаюда. Ал бұл жағдай қайыршылықтың аз ғана алдында отырған қазақстандықтарға, әсіресе қазақтарға жаңа серпін беруде. Режим осы қатерді айқын сезіп отыр, бірақ қалыптасқан қиыншылық жағдайдан халықпен бірге шығудың амалын қарастыруға тіптен де зауқы жоқ. Есіңізде шығар, стихиялық түрде болған жер митингілері кезінде халықтың қандай ашуға мінгені?
– Әрине, есімде! Бірақ бүгінде билік халықтың «қалтасына түсіп», еселеп өсіп жатқан салықпен, қыңқ еткенге салынатын айып-штрафтармен қылқындырып жатса да, ел ішінде ашық наразылықтың байқалмайтыны таңдандырады…
– Есесіне билік ел ішінде асқынып келе жатқан наразылықты біліп, өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айла-амалын жанталасып іздестіру үстінде. Менің ойымша, Назарбаевтың Конституциялық кеңеске берген өтініші де осындай толқулардан зәредей болудың нәтижесі. Егер халықтың наразылығы «сыртқа шығып», бағындыруға келмейтін жағдайға жетсе, Назарбаев бастаған биліктің барша жүйесі қаңғырып кетеді. Мұндайда халық қаһарынан құтылудың жалғыз жолы – Қырғызстан президенті Бакиев немесе украиналық Янукович сияқты елден қашудан басқа амал қалмайды. Оның өзінде қашып үлгергендері ғана құтылады. Ливия Жамахариясындағы полковник Муаммар Каддафиді, Ирактың президенті Саддам Хусейнді өз халқы қалай жазалағанын еске алыңызшы! Немесе Мысырдың өлім алдында жатқан президенті Хосни Мүбаракты масқара қылған сот процесін біздегі ашулы халық та ұмыта қойған жоқ! Мұндай мысалдар жетерлік.
Ал халықтың ашу-ызасынан жеңіл құтылған Грузияның президенті Эдуард Шеварднадзе мен Қырғызстандағы Асқар Ақаевты, немесе Армения президенті Серж Сарксянның таяудағы мысалын еске алыңыз: бұлар халыққа қарсы қару қолданбай, халқының қанын төкпеуге ақыл-естері мен азаматтықтары жеткендіктен, қалыптасқан жағдайды шынайы бағалай білгендіктен ғана аман қалды.
Осының бәрі Назарбаевтың назарынан ғана емес, оның төңірегіндегілердің де есінен шыққан жоқ. Ал мұндай жағдайдан қорытынды жасаудың жолын ол жақсы меңгергенін біз де жақсы білеміз. Менің ойымша, ол жасаған қорытынды әрдайым «тоңқайған» түрде жасалады. Соның бір үлгісі – Конституциялық кеңеске жолданған «өтініші» болса керек.
– Шынында, Назарбаевтың бұл «өтініші» күлкіңді келтіреді: өзі ойлап тапқан Кеңестен, өз жарлығымен тағайындалған кеңестің мүшелеріне «өтініш» жолдауға күлмей көр! Олар Назарбаевтың қалап тұрған жауабына қарсы пікір айтулары мүмкін бе?! Бұл Кеңестің көкелері айт дегенін айтудан басқа амалы бар ма?
Негізі, Уәлихан мырза, менің ойымша, Назарбаев расында да өз халқынан қатты қорқатын болуы керек. Әйтпегенде, елдің алдына шығып: «Жағдай осылай болып тұр, қиыншылыққа тап болдық, енді қандай ақыл қосасың, халқым?» деп, мен шаршадым деген сыңаймен ел-жұртты келелі кеңеске шақырса, мұнысы әлдеқайда ақылға қонымды қадам болар еді. Яғни, ол өз халқының алдында адал емес, ойы – тек қана президенттік билігін ұзарта түсу. Ал мұндай қитұрқы интрига мен алдап-арбауға халық қаншалықты шыдап отыра бермек? Мен елден де, сізден де осы сұрақтың жауабын естігім келеді…
– Сіз өзіңіз де әртүрлі әлеуметтік желінің форумдары мен чаттарынан байқап жүрген боларсыз: олардан жалпы қазіргі билікке деген, Назарбаевтың жеке өзіне деген аз-маз жылы пікірді кезіктіре алмайсыз. Керісінше, әлеуметтік желіні халықтың наразылығы керіп тұр. Осындай жағдайда Назарбаев тағы да президенттік билігін сақтап қалғысы келіп отыр деу – шектен шыққан ақымақтық болар еді. Тіпті түрлі айла-шарғы мен фальсификация жасап, тағы да президенттік тақта қалу – Назарбаевтың өзіне ғана емес, тұтас мемлекеттік басқару жүйесіне де өліммен тең. Бірақ осындай мүмкін қатердің боларын Назарбаев пен оның төңірегі біліп отыр ма? Бұған адам баласының қарапайым ғана ақылымен жауап беруге болады: есің барда, еліңді тап!
Есіңізде ме, «бұл енді біздің президентіміз бола алмайды, болуға қақысы да жоқ» деген халықтың қаһарынан соң, Югославияның президенті Слободан Милошевич тақтан тайған еді. Ол өз халқының титығына әбден тиіп болған соң, бүкіл сайлаушылар оған қарсы дауыс берген еді. Бірақ сайлау комиссиясы оның бұйрығына мойынсұнып, Милошевичтің «жеңісін» жария етуге мәжбүр болды. Бұл шешімімен келіспеген және наразылығы өршіген тобыр ақыр аяғы бүкіл елдің сайлау комиссияларын штурммен басып алды. Сол кезде комиссияның фальсификация жасаған хаттамалары ғана емес, Милошевичке алдын ала «дауыс берілген» бума-бума бюллетеньдер де анықталды. Ал Орталық сайлау комиссиясының жертөлесінен сол Милошевичті қолдаған, заңсыз басылған бюллетеньдердің орасан зор қоры табылды. Бұл тарихтың нәтижесі қайғымен аяқталды – Слободан Милошевич адамзатқа қарсы қылмыс жасаушы ретінде Гаага трибуналымен сотталды. Өз елінде дүлей диктатор болған адам Гаага түрмесінде жападан-жалғыз қалып, барлық абыройдан жұрдай болып, ауыр науқастан масқара жағдайда өлді. Ал оның берекесіз билігі салдарынан Югославия бес тәуелсіз мемлекетке бөлініп кетті.
– Сонда, даңқтан жұрдай болып өлген диктаторлардың осындай аянышты тағдырын талдап келгенде, ақырында қандай қорытынды жасамақ болдыңыз, Уәке? Әрине, түсініп отырмын, бұныңыз Назарбаевқа қатысты жасалған ескертудің ишарасы болды ғой?
– Қорытынды сол – «Назарбаев не себептен өзінің «Кеңесіне» Конституцияның 42-бабындағы 3-тармақты түсіндіріп беруге өтініш жасады?» деген сіздің сауалыңызға берген жауабымның алғысөзі. Шамасы, ол тығырыққа тірелді. Келесі президенттік сайлауда оған ешкім дауыс бермейді. Оны Назарбаевтың іші сезеді.
Айтпақшы, дауыс бермек түгілі, ендігі жерде оған «99 пайыз дауыс берілуіне» кезекті рет ақымақ болып қалғысы келмейтін халықтың өзі де көнбейді. Елдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдың аянышты жағдайында, менің ойымша, халық 9 пайыз өтірікке де келіспейді. Тіпті нақты жағдайда солай болған күннің өзінде, халық бұған иланбайды. Ел-жұрт «өтірікшінің шын сөзіне де сенбейді» деген мәтелдің кебі келейін деп тұр.
– Ендеше Назарбаевтың көксегені не? Сіздің сөзіңізге қарағанда, «өгіз де өліп, арба да сынайын» деп тұрған сияқты. Назарбаев үшін екі кесапаттың қайсысы қолайлырақ болмақ?
– Назарбаев үшін өзінің саяси карьерасын сақтап қалудың бір ғана мүмкіндігі қалды. Оның соңғы мүмкіндігі – президент болмай-ақ, президенттің рөлінде қалу шансы. Бірақ солай болғанда да, соңғы нәтижесінде де бұл шанс оған жеңілістің ащы күйзелісін әкеледі.
Орыс халқы айтпақшы, «иттің көмілген жері» Конституцияның өзінде жатыр…
– «Иттіктің көмілген жері» емес пе? Сіздің бағанадан бергі сөзіңіздің төркіні осыған саятын сияқты…
– Айырмашылық жоқ! Назарбаев өзіне ыңғайластырып жасап алған Конституциясының тірі құрбанына айналды – «иттің көмілген жері» дегенім осы.
Тарқатып айтар болсам, бұл Ата заң ендігі жерде Назарбаевтың өзіне қарсы жұмыс істейтін болды. Назарбаевтық Конституцияның барлық юридикалық және құқықтың нормаларына байланысты біздің елде «Бірінші Президент» өз еркімен билікті басқа тұлғаға бере алмайды екен. Президенттің билігі басқа адамға төрт жағдайда ғана беріле алады: біріншіден – қайтадан сайлану (переизбрание); екінші – мерзімінен бұрын босау, ал бұл дегеніңіз президенттік міндетті денсаулығына байланысты атқара алмауға саяды; үшіншіден, «Бірінші Президент» өліп қалған жағдайда ғана. Бірақ бұл үш нұсқа да нақты жағдайда оған қол болмайды. Алдыңғы екеуі – мүмкін емес, ал үшіншісі бір Алланың ғана қолындағы жағдай…
– Қысым мен зорлыққа көндіккен халықта сол үшінші нұсқаңыздан басқа үміт қалмаған сияқты ғой…
– Әзіліңізді түсінемін, Ереке. Бірақ Назарбаевтың мүмкіндігінде төртінші нұсқа бар. Ал ол нұсқа да Назарбаевқа өз еркімен билікті мұрагеріне беруге жарамайды. Бұл – биліктен кетіру (отрешение) нұсқасы. Міне, мен айтқан «ит» пен барлық проблема осы жерде жатыр. Егер Назарбаев өз қызметінен кетіп, билікті басқа бір «өз адамына» беретін болса, ол бұдан кейін таза нөл болып қалады: Конституцияның 42-бабындағы 3-тармақта соқырға таяқ ұстатқандай жазылған – қызметтен кеткен тұлға «экс-президент» деген мәртебеден айырылады. Ал бұл мынадай юридикалық нәтижеге тап қылады: конституциялық мәртебесі (статусы) бойынша, жаңа президент «Бірінші Президентке – Елбасыға» айналады. Ары қарайғы жағдай Назарбаевты одан да зор қайғыға тап қылады: бұған дейінгі өзі үшін және отбасына арнап жиған-терген кепілдігі автоматты түрде жойылады, ал ол юридикалық «қайыршыға» айналып шыға келеді.
– Қалайша? «Всемогущий Брюстің» рөлінде жүрген Назарбаевтың ондай жағдайға тап болуы мүмкін емес қой?! Сіз қаттырақ асыра сілтеп жіберген жоқсыз ба?
– Әбден мүмкін! Себебі ол даңқы мен абыройын сақтап, отставкаға кеткен «Бірінші Президент» емес, тіпті «экс-президент» те болмай қалады. Бұл арада «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заң да оған көмектесе алмайды. Себебі бұл жағдайда ол заң Назарбаев үшін жазылмаған болып шығады. Ол қатардағы зейнеткер ғана емес, тұлдырсыз қалған және қайдан келгені белгісіз адам санатына кіреді.
Есесіне «екінші» президент Назарбаевтың болашақта өзі үшін дайындаған барлық рахатын толық пайдалана алады. Айтпақшы, екі мерзімнен артық сайлануға «екіншінің» еркі болады, себебі ол «Бірінші Президенттің» рөліне кіреді де, бұл шектеудің оған қатысы болмайды.
– Уәке, содан, ақырында не болып шығады өзі: мынауыңыз, шынында да, бас қатырарлық шым-шытырық жағдай екен?
– Содан, ақырында «А ля Назарбаев» формасындағы Дариғаны қарсы алуға дайындала беріңіз. Мүмкін, бәрі керісінше болуы да мүмкін, себебі өзіңіз айтқандай, «всемогущий Назарбаев» барлық заңды белінен басып жүре беруі әбден мүмкін. Оны енді уақыт көрсетеді. Иә, дұрыс айтасыз, шым-шытырық бас қатырарлық жағдайдың лабиринтінен шығуды Назарбаев Конституциялық кеңестің талқысына берді.
– Бірақ «всемогущий» оның жауабын күні бұрын дайындап қойғанына күдігіңіз бар ма?
– Жоқ, соншалықты күдігім жоқ. Дегенмен, былайғы жұртқа және заңнан хабары бар мамандарға сенімдірек болу үшін, Назарбаевқа Конституциялық кеңестің «кеңесі» керек болып тұрған шығар. Себебі Конституцияны дилетанттар ғана емес, заңнан сауаты бар және юридикалық білімі терең адамдар да оқиды. Сондықтан Кеңестің «кеңесі» біршама шындыққа жанасуы тиіс. Ал мен сияқты заңи құжаттарды оқи алатын және оған баға беру мүмкіндігі мол адамдар президенттің қитұрқы әрекетін, егер ондайға жол берілсе, оп-оңай тауып алатынымызға сіздің күдігіңіз бар ма?
– Әлбетте, ондай күдікке жол бере алмаймын. Оның үстіне бір кездері «назарбаевтық конституцияны» жасауға қатысқан бірқатар заң ғалымдарының өздері президенттің бүгінгі саясатына қарсы екенін білемін және олар сіз айтқан «иттің көмулі жатқан жерін» күнібұрын білетініне әбден сенімдімін. Ондай халыққа қарайлас заң ғалымдары үндемей қалады деп ойламаймын. Ал егер осы орайда ой-пікірімізді білдіреміз дейтін конституциялық ғалымдар болса, біз оларға газеттің бетін беруге дайынбыз.
– Жақсы, бұл ұсынысыңызды мен де өзім білетін ғалымдарға айта жүрейін. Ендігі жерде бір адамның ел билігін «ағаш ат қылып мінуіне» барша жұрт, оның ішінде әсіресе маман-ғалымдар қарсы болуы тиіс деп ойлаймын.
– Ал сөз соңында Конституциялық кеңес Назарбаевқа қандай «кеңес беруі» мүмкін деп топшылайсыз?
– Бұл орайда мен өз пікірімді жаңа тарихта орын алған деректер мен дәйектер негізінде келтірейін. Біздің Конституциялық кеңестің тарихында Конституцияның баптарын ресми түсіндіру кезінде көпе-көрнеу абсурд қаулылар шығарған кездері болды. Халықтың көзін бақырайтып қойып, ақты – қара немесе керісінше шешім шығарғанын білеміз.
Бірақ бұл жолы Кеңестің «талқысы» президентке қандай қолайлы шешім шығарып берсе де, авторлар бір ақиқатты білуі тиіс: қитұрқыға еріп, халықтық мүддеге қарсы шешім шығарудың соңы бір-ақ тұтам! Ертең Назарбаев кеткеннен кейін де күн шығады, өмір жалғаса береді. Сол кездегі халықтың алдындағы ар-ождан мен кіршіксіз абырой бәрінен де қымбат болады. Ол Кеңестің бүгінгі мүшелері заңды бұра тарта беретін болса, ертең біреудің заңдық құқығын қорғамақ түгілі, қарапайым адамгершілік нормалары мен шынында да «Ұлы дала» қазақтарының құрметіне зар болып қалады. Сондықтан олардан Қазақстан халқына қарайлас әділеттің ақ жолын аттамауды сұраймын.
– Кеңес мүшелерінің құлағына жетсе, Назарбаевтың «өтінішінен» бірде-бір кемістігі жоқ өтінішіңіз әбден орынды болды, Уәлихан мырза! Тәңір тілеуіңізді берсін!
Ермұрат БАПИ