Пятница , 18 апреля 2025

Халық банктерге 6 триллион теңге ҚАРЫЗ

More Photos like this here..

Сонымен, келген жаңа жылмен бірге өткен жылдың қорытындылары да шыға бастады. Мәселен, Бірінші кредиттік бюроның есебіне сай, өткен жылы қарапайым халық банктерге 6 триллион теңгеге жуық қарыздар екен, деп хабарлайды Stan.kz порталы.

Халықты қарыз қылқындырып барады. Ел ішінде банктерге берешек емес адамды итпен иіскетіп таппайсың. Ал «көгілдір көзілдірік» киіп алған Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқының орташа жалақысы 500 000 теңге» деп шертіп отыр. Айына 500 мың теңге жалақы алатын адам банктен қарыз алушы ма еді?

Бірақ кеше ғана ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитеті «Судырахмет» президентінің сөзін жоққа шығарды (МИА «Казинформ» – қаз-қалпында): «В Казахстане в декабре 2018 года размер среднемесячной номинальной заработной платы одного наемного работника, по оценке, составил 174 642 тенге, передает корреспондент МИА «Казинформ» со ссылкой на Комитет по статистике Министерства национальной экономики РК. В свою очередь размер среднедушевых денежных доходов населения в ноябре прошлого года, по оценке, составил 95 152 тенге».

Қазақстандық банктердің қаржылық жағдайына етене қанық Бірінші кредиттік бюроның мамандары елдегі жағдай көңіл көншітпейтінін айтады. Несие алушылардың қатары артқан, есесіне қарыздарын қайтармайтындар да көбейген. Ал коллекторлық компаниялар сатып алған кредиттік үлестің жартысынан көбі өтелмепті. Жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге борышкер.

«6 триллион деп отырғанымыз бұл тек жеке тұлғалардың алған несиесі. Оның ішінде мүлдем өтелмей, ісі сотқа түскендер де бар. Бұдан өзге, заңды тұлғалардың несие портфелі бар. Ол 15 триллионға жеткен», – дейді Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева порталда жарияланған түсініктемесінде.

Мамандар алда-жалда кей банктер банкрот болып, жұмысын тоқтатып жатса, нағыз былық сонда болады дейді. Себебі коллекторлық компаниялар сатып алған келісім-шарт негізінде қарапайым халықты қысып, тіпті несие пайыздарын көбейтеді. Тіпті тұрпайы әрекеттерге де баруы мүмкін.

Елімізде 18 миллионнан астам адам өмір сүрсе, оның үштен бір бөлігі, яғни 6 миллионнан астамы банктерден несие алып, қарызға белшесінен батқандар екен. Оның үстіне биылғы көрсеткіш бойынша 1,5 миллион адам алған несиесін өтеуге қауқарсыз. Мамандардың сөзінше, бұған себеп – еліміздегі несие берудің пайыздық үлесінің жоғары болуы (Stan.kz).

Ал енді осы 6 миллион қарыздар адамдарды әлеуметтік топтарға жіктеп көрейік: бұлар – несие алуға құқы және қандай да бір болмашы табыс көзі бар 18 бен 63 жастың арасындағы адамдар. Яғни, елдегі еңбекке жарамды 9 миллион адамның 6 миллионы. Ал осы 9 миллионның 3 миллионға жуығы «өз күнін өзі көргендер». Сонда не қалады? Жекелеген адамдардың екі кредиті бар дегеннің өзінде, құрығанда 5 миллион адам қарыздың қамытын киіп отыр деген сөз.

Ал елдегі экономикалық жағдай, онымен бірге тұрмыстық ахуал күннен-күнге ауырлап барады. Енді қайтпек керек?

Қайдам, «битін сығып жеудің» аз-ақ алдындағы халық бұл сұраққа бас қатырып отырмаған сияқты көрінеді де тұрады. Ең қорқыныштысы – осы!

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн