Воскресенье , 13 апреля 2025

ХАЛҚЫ ҚАДІРЛЕГЕН ҚОНАЕВ

Даналықтан дән терген кісілер «көргеніңді айт, естігеніңді айтпа.

Естіген ауыздан ауызға өтеді ғой. Сөз қосады», – деп бекер айтпаса керек.

Дінмұхамед Қонаев – елімізде елу жылға жуық лауазымды қызметтер атқарған алып тұлға, байсалды басшы болған адам. Сол дәуірде бүкіл Советтер Одағы бойынша Социалистік Еңбек Ері атағын үш рет алған бесеудің бірі (Е. Славский – СССР Атом өнеркәсібі министрі, Д. Устинов – Қорғаныс министрі, А. Александров – Ғылым академиясының президенті, А.Сахаров – Нобель сыйлығының лауреаты, академик).

Ұлттық кітапханада «Қазақтың Қонаевы», «Отыз жылдың ой-толғауы» атты кітаптарды таныстыру рәсімі өтті. Естелік қана емес, ел басқарудың қыр-сырын шертетін шығарманың авторы – елімізге танымал тұлға, баяндалған көп оқиғалардың басы-қасында өзі жүріп, куәгер болған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы. Ол алғысөзінде «Кейбір оқиғалар өзім көзім жетіп, көңіліме түйгенім сол дәуірдің айнасындай оқырман назарына ұсынылады» – деп жазады. Жаңа туындыда өмірде орын алған көптеген нақты мысалдар мен дәлелдер келтірілген.

Мемлекеттік қызметтің жоғары сатыларына дейін абыроймен көтерілген Қуаныш Сұлтанұлы сонда не дейді? «Ел басқару да ардың ісі. Оның өз талаптары бар. Мемлекет басқарған, ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға жауапты адам, әрине, періште емес».

Орынды ой, салмақты тұжырым осылай жалғаса береді.

Ол дәуір туралы сөз қозғағанда, сол заманның оқиғаларын, сол қоғамның көзқарасы тұрғысынан қабылдау да әділдік болар еді.

Сондай-ақ автор бұған дейін жазылған шығармалар мен жарық көрген туындыларды лайықты бағалаған. Кездескен, сөйлескен, дидарласқан замандастарының ол туралы айтуға да, жазуға да құқы бар екендігін атап өтеді.

Сонымен бірге 1986 жылғы тарихи оқиғаны айналып өтпей, сабақ алатын тұстарын еске салады: «Г.Колбин Димекеңе жапқан жаласымен бүкіл қазақты шатастырып, арандатып қойды. …Адамдар арасында бір томырық-тұйықтық пайда болды. Ешкім үндемейді. Тіпті күбірлеп амандасатын болдық. Сенімсіздік. Күдік. Енді бірер күндерден кейін сыздап тұрған ашытқының қақпағы атылғандай барлық жерде «ұлтшылдарды әшкерелеу және тәрбиелеу» жиналыстары ешкімнің нұсқауынсыз-ақ бұрқылдап, қайнап, біреу жұмыстан кетіп, біреу оқудан қуылып, абыр-сабыр болып жатты…».

Иә, өкінішке қарай, елді «бөліп алып, билей берудің» түрлі тәсілдері әлі күнге жалғасуда. Соның ішінде аты озған азаматтың аяғынан шалу, өркениетті елдерде атымен жоқ «домалақ арыз ұйымдастыру», жала жабу үрдісі де жегі құрттай жан-жағын жалмап келеді.

«Отыз жылдың ой-толғауы» кітабында Қуаныш Сұлтанұлы: «Біз қоғамдық сананың мешеулігін айтқымыз келмейді. Әрбір ұлттың – өз ана тілінде сөйлеуі, сөйлемеуі адамның да, ұлттың да сапасын көрсетеді.

Мемлекеттік тіл мәртебесінің Ата заңда анық айшықталғанын, көп нәрсе өзімізге байланысты екендігін еске салады. Енжарлық. Сылтаулар айтылады. Ата-ана жауапкершілігі үшін үкімет қаулысын қабылдаймыз ба? Шындығында, оны бітпейтін проблемаға айналдыра беру кімге тиімді?

«Ондайлар елін, жерін, Отанын қорғауға да енжарлықпен қарайды-ау» деген қаупін де жасырмайды.

Жалпы, ірі тұлғалар туралы естігенін айта салу, жалған сөйлеу, қосып айту ешкімге абырой әкелмейді. Олардың өтірігін бетіне басып, тарихтың өзі әшкерелейді.

Қуаныш Сұлтанұлы сөзімен айтсақ, «тұлғатану – ұлттық санамыздың сапасын көрсететін іс екендігін түсінетін де, түйсінетін де кез келді». Бүгінгі және келер ұрпақ осы ойды басшылыққа алар деп үміттенеміз.

Дархан МЫҢБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн