
Рысбек Сәрсенбайұлы, журналист, қоғам қайраткері
30 жылдық жеке-дара билеп-төстеудің зардабын тартқан халық бір күнде дүр көтерілді. Сығымдалған газ бағасының қаңтардан бастап екі есеге өсуі батыс аймақтағы тұтынушылардың ашулы наразылығын туғызды. Сан мың адамдық толқу Жаңаөзенде басталды. Маңғыстау облысы толық қолдады. Атырау мен Ақтөбе, Алматы және Астана, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды халқы алаңға шықты.
Бейбіт жиындардың басты талаптары – Н.Назарбаевты, оның сыбайластық пен жемқорлыққа, сатқындыққа негізделген, ұрлық-қарлыққа батқан жүйесін кетіру. Елде шын мәніндегі саяси өзгеріс жасау. Демократия мен азаматтардың құқығын қорғау.
Бұрын бұл талаптарды қойғызбау үшін, халықты митингіге шығармады. Бейбіт жиындар туралы «абаевтық» заң жақсылық әкелмеді. Президенттің «алдын ала ескерту жасап, бейбіт жиындар өткізуге болады» деген сөзі далада қалды. Әкімшіліктегілер түрлі сылтаулармен митинг өткізуге келіспеді. Халық сондықтан ондай заңды қажетсінбеді. Өз беттерінше әрекет етті. Мұны жергілікті билік заңсыз деп таныды. Полиция қоғам белсенділерінің үйін торуылдады. Сыртқа шыққан сәтте заңсыз ұстап әкетті. Ұйымдастырушылармен қатар алаңға шығушыларды да әкімшілік жазаға тартты. Қылмыстық іс қозғады, соттады. Олардың туыстары мен жақындарына қысым көрсетті. Отбасына үрей туғызды. Азаматтардың саяси ұйымдарға бірлесуіне тосқауыл қойды. Конституциялық құқыларын аяққа таптады. Мұның бәрі азаматтарды қатты ашындырды. Мемлекеттік органдарды адамдарға жеккөрінішті етті, жау санатты. Әкімшілік, сот, полиция ғимараттарына шабуыл жасаған арандатушыларға бейбіт адамдардың қосылып кетуінің себебі осында.
Митингілерге тыйым салудың соңы ауыр зардаптарға ұрындырды. Бұл – президент Қ.-Ж.Тоқаевтың «еститін үкіметті» құра алмағандығының дәлелі. Назарбаевшыл билік «шал, кет!» деген ұраннан өлердей үрейленген еді. Ақырында қалың қауымның көшеге шығуымен күйреп тынды! Өкініштісі – жүзден астам отбасына қайғы-қасірет әкелген қанды қырғын орын алды. Төрт жастағы сәби, он екіге толмаған бүлдіршін, студент, еңбекші жастар, орта жастағылар, аналар мен әкелер оққа ұшты. Жарақат алғандар қаншама! Бейбіт шеруге қатысқан бірнеше ондаған мың халықтың ортасына кіріп, арандату жасаған арнайы топ әлдекімдердің жауыздық тапсырмасын осылай орындады. Жасыратыны жоқ, полицейлердің алаңдарды тазарту үшін атқан оқтарынан өлгендер мен жараланғандар да жеткілікті. Бейбіт халық осылайша лаңкестерден, әрі күштік құрылымдардан жапа шекті.
Соңғы кездердегі оқиғалар, деректер Қазақстандағы сорақы жағдайдың неліктен орын алғандығын айғақтайды. Мәскеуге – Кремльге, бір жиынға Н.Назарбаев пен Қ.-Ж.Тоқаев екі бөлек ұшақпен барды. Араларындағы келіспеушіліктің, қайшылықтың төрелігін айтуға Ресей Федерациясының басшысы В.Путинге жүгінсе керек. Ол алғашқысына емес, кейінгісіне құрмет пен сенім білдірді. Билікке талас басталмаса, тыныштық бұзылмас еді.
1986 жылы Кремль Қазақстанға басшылыққа Г.Колбинді жіберді. Желтоқсан оқиғасы бұрқ етті. Оның ең басты ұйымдастырушысы ретінде күдікке қалғанның бірі – Н.Назарбаев. Ең жоғарғы лауазымнан қағылған билікқұмар пенде қызғаныштан лаң салуға дейін барады. Жаңа басшыға халықты қарсы қойып, өш алу немесе оның аренадан кетуін жеделдету үшін де осындай қастық жасалатыны анық. Басынан бағы тайған сәтте кәрі арыстан да күшіне кірген ізбасарын қауып қалудан тайынбайды. Қажетсіз бола бастаған «елбасы» ескі әдетпен ерсі әрекетке барған жоқ па? Оны өз «ізбасары» Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағалығынан босатты. «Мәңгілік» лауазымнан ешқандай құрмет көрсетпестен, дереу кетірді. «Нұр Отан» партиясы басшылығынан мадақ сөз арнап шығарып салса, енді оның бірін де жасамады. Бұл – кетісудің көрінісі. Бәлкім, кекті кетісу.
Тосыннан басталған (мүмкін, күн ілгері жоспарланған) алапат митингілерді назарбаевшылдар жағдайды өзгерту үшін пайдалануы да ықтимал. Сақалды лаңкестердің қандай діни ағымды ұстанатыны белгілі. Олардың қолдаушылары мен қожаларының кім екендігі қазақ жұртына мәлім. Назарбаевтың немере туысы Қайрат Сатыбалдының солармен байланысының бар екендігін ешкім жоққа шығарған жоқ. Ертеден дайындап қойған сол күштерді алмағайып сәтте іске қосты. Полиция бөлімдеріне, қару-жарақ қоймаларына, дүкендеріне, әкімшілік ғимараттарына шабуыл жасау, қирату, ату – солардың ісі. Олардың қожасы, тапсырыс берушілер кімдер екенін биліктегілер біледі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбішев қызметтен кетірілді. Ол назарбаевтың ықтимал мұрагерлерінің бірі саналған. Қ.Сатыбалды мен С.Әбішев күдіктілер қатарында бар ма, жоқ па? Егер олардың лаңкестер ісіне қатысы болмаса, неліктен бұл сұрақтың жауабы айтылмайды? ҰҚК-нің бастығы Кәрім Мәсімовты мемлекетке қастандық жасау қылмыстық бабымен айыптады. Оны тұтқындатқан президент әлгі екеуінің алдында неге дәрменсіз?
Ішкі істер министрі міндетін атқарушы Ерлан Тұрғынбаевтың қызметтен шеттетілмеуі мүлде түсініксіз. Ол соншама жаудың ел ішінде жүруіне,сырттан келуіне мүмкіндік берді. Сойқан салғанына кедергі келтірмеді. Қоғам белсенділері мен қарапайым халықты ұстатып, қаматып, аңдытқан, құқыларын аяққа таптатқан бұл министр кімге қызмет етеді? Алаңға жиналған 25–30 мыңдай бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді. Керісінше, оларды гранаталармен тарсылдата атқылатқызды. Газбен улап, қыспаққа алды. Лаңкестер тобынан қорғаудың орнына екі оттың ортасында қалдырды. Полиция өзін көпшілікке қарсылас етіп көрсетсе, лаңкестер, «жабайы Армандар», керісінше, жиналған жұрттың жақтаушысы сияқты көрінді. Сондықтан да мыңдаған адам аз санды олардың бұзақылық әрекетін бастапқыда түсінбей қалды.
Назарбаевтың өзі қайда? Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастыруға оның қатысы жоқ па? «Мәңгілік көмекшісі» саналған К.Мәсімовтың отанға опасыздық жасауын ол қалай түсіндіреді? Ең сенімді, ұзақ жылдардан сыралғы серігінің дұшпандық әрекеттерін білмей жүрген бе? Әлде ол сатқындық істерді «елбасының» тапсырмасы бойынша атқарған ба? Бұл сұрақтарға бұрынғы президенттің өзі жауап беруі тиіс. Халық алдында және шұғыл түрде. Мемлекетке төнген нақтылы қатер сонда анықталады.