егістікті жеп жатқан Түркістан облысында төтенше жағдай жариялау қажет
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Сізге Түркістан облысындағы шаруалар мен тұрғындардың атынан маңызды мәселе бойынша жүгінуге мәжбүрмін. Соңғы жылдары өңір халқын, әсіресе диқандар мен шаруаларды алаңдатқан өзекті мәселелер көбейіп барады. Атап айтар болсам, биыл шаруалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды.
Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отыр. Мәселен, қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімді ала алмауы мүмкін.
Болжамға сәйкес, бүгінде жалпы егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10 %-ы жарамсыз күйге түскен. Алдағы уақытта да ауа райының қолайсыздығы күтілуде. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететіні анық. Сондай-ақ аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. Мал басы да 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.
Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбырдың жаууын сұрап отыр. Ал Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр. Әсіресе нәсібін жер-анадан терген шаруалар үшін жағдай қиын. Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып-қызыл шығынға батары анық.
Ал шіркейлер биыл да жергілікті тұрғындарды әбігерге сала бастады. Әсіресе Отырар ауданына қарасты ауыл тұрғындары зиянкестерден теперіш көруде. Сондықтан жергілікті тұрғындар бет-аузын тұмшалап жүруге мәжбүр.
Бұл Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесіне келуші туристерге де қолайсыздық тудырып отыр. Осыған орай:
1. Қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыруды;
2. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеруді ұсынамын.
Сондай-ақ Оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуіңізді сұрайды. (Бұл жайында мен арнайы депутаттық сауал да жолдаған болатынмын. Мұндағы мәселе – «Аграрлық несие корпорациясы» 2023 жылдан бері несие желісін жауып тастап отыр. Бұған басты себеп – жергілікті жердегі халықтың несие төлеудегі қабілетінің төмендігі болған. Бүгінде мұның зардабын несиесін уақытылы төлеп отырған тұрғындар да тартуда).
3. Жаңбырлатып суару жүйесіне берілетін субсидия көлемі бүгінде 80 пайызға артты. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Дегенмен, оның 30 пайызын жергілікті бюджет қаржыландыруы тиіс. Ал оған ауданның ғана емес, облыстың да мүмкіндігі жоқ.
4. Зиянкестермен күрес бойынша кешенді өңірлік бағдарлама әзірлеуді, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, шегіртке мен шіркейге қарсы күреске арналған арнайы өңірлік жоспар қабылдауды;
5. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын жедел әрі тиімді түрде жүзеге асыру үшін, өңдеуге жататын барлық жер көлемін республикалық бюджеттен 100% қаржыландыруды;
6. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу құзіретін тиісті қаржы көлемімен бірге өңір әкімдіктеріне беруді ұсынамын.
Облыс әкімдігі мен шаруалар бұл мәселені өз деңгейінде шешуге тырысуда, алайда жағдай республикалық деңгейде қолдау көрсетуді қажет етеді. Бұл мәселе – жай ғана бір өңірдің емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселе екенін атап өткім келеді.
Халықтың үніне құлақ асып, нақты әрекеттер қабылданады деп үміттенемін.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты