«ШЫРАҚШЫ» – әлемдік фестивальда бағы жанған фильм

Өткен аптаның сәрсенбісінде Алматыдағы «Арман» кинотеатрында танымал кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» («Хранитель») фильмінің тұсаукесері аншлагпен өтті. Кинотеатрдың екі залы да көрерменге лық толды.

Фильм идеясының авторы – белгілі актер марқұм Меңтай Өтепбергенов, бас продюсері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребай, актерлер: Мұрат Мұқажанов, Ерболат Тоғызақов, Қуат Тілеубаев және т.б.. композиторы – Қуат Шілдебаев. «Шырақшының» тұсаукесері әлемдік деңгейде Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында өтті. Бұл – қазақ киносы шежіресінде халықаралық байқауға қатысқан алғашқы отандық фильм.

Фильм Анапа қаласында өткен «Киношок» фестивалінде де ерекшеленді. Басты рөлде ойнаған Мұратжан Мұқажанов «Кино өнерінде адал кейіпкерді көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды. Шығармашылық ұжым Ресейдің Сочи қаласында өткен фестивальде «Үздік әйел рөлі» аталымымен бірге бас жүлде еншіленді.

Фильмнің желісі соғыстан қайтқан солдаттың кейінгі өмір жолын баяндайды. Ермек Тұрсыновтың бұл фильмі де жеке адамның жүріп өткен өмір жолы, маңдайына жазылған тағдырын баяндаумен ерекшеленеді. Қан майданның ортасынан табылып, соғысты басынан кешкен қазақ солдаты бірде қираған үйіндінің астында бүкіл жақындары қалып, өмірінің мәнін жоғалтқан неміс шалына қаруын кезегенімен, оқ атпайды. Неміс шал қазақ жігітінің иығына кинопроекторды іліп, өзі беті ауған жаққа кетеді. Кинопроекторды немістен сыйға алған сәтте майдангердің өмірлік мұраты жаңа арнаға бұрылатынын кім білген?! Алайда осы кездесу оның қалған өмірінде айналысатын басты кәсібін таңдауына түрткі болады.

Кинопроекторын көтеріп, елге оралған соң, ауыл-ауылды аралап, кино көрсетумен айналысады.Шырақшы – кино арқылы қоғамның көзқарасын өзгерткісі келген киномеханик, осы тірлігінің шырағын жағып, отын өшірмеуге тырысады.

Трагедиялық және комедиялық көріністерге толы туынды – көрермен көңілін сан-саққа жүгіртіп, әлемтапырық ететін кино емес, ауыл-ауылды үш аяқты велосипедімен аралап жүріп кино қоятын, үлкен жүректің иесі – қарапайым киномеханиктің адами болмысы бүгінгі кинокартиналарға тән арнайы әсіре суреттеудің жоқтығымен, өмірге жақын шынайылығымен ерекшеленеді. Өз тағдырынан гөрі, өзгелердің жүрегін жылытуға тырысатын киномеханик көрерменді ойландыруға ұмтылады.

Тұрсыновтың фильмдерінде табиғатқа, қазақтың кең даласына деген құштарлық басым. Оның үстіне актерларды таңдап, ойната білуі де ерекше. Басты рөлдегі Мұрат Мұқажанов (Ерғазы) актер болмысының шынайылығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Көптің көңілін табатын Ерғазы (жерлестері «Тарзан аға» деп атайды) қазақы қалжыңымен, қуақы мінезімен сыйлы, жалғыздықтың тауқыметін ешкімге сездірмейді, жүрегінің түбіне тыққан махаббаты – Кәмшаты барын да ешкімге айтқан емес.

Өмірінің соңына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Кинопроекторды көзінің қарашығындай сақтап, келешекке жеткізуді мұрат етеді. Амал қанша, қоғамда да, адам да аяушылық жоқ екен. Тарзан аға «бауырым» деп жүргендер бір түннің ішінде мерт қылады…

Фильм көзі қарақты көрерменіне ұмытылмас әсер қалдырады.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн