Әлеуметтік желілерде бұдан бұрын тараған ақпарат арқылы белгілі болғандай, ақпанның ақырғы онкүндігі аралығында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы мен Тарбағатай ауданының Ақжар кентінде жергілікті халық ереуілге шыққан еді. Бұл наразылықтың басты және ортақ тақырыбы – осы аймақта жол салып жатқан қытайлық жалдамалы жұмысшылар арасында коронавирус індеті тарау қаупіне жергілікті биліктің салғырт қарауы.
Ел арасындағы осы ереуілдің жөн-жосығын білу мақсатында біз жергілікті белсенді азамат Сержан Шөкеевпен (Ақжар) хабарласқан едік. «Қоңыр тірлікпен қойнауда жатқан шекаралық аймақтағы халықтың арасында бұрын-соңды мұндай мінез жоқ еді, тыныш жатқан елдің ереуілге кенеттен көтерілу себебін қалай түсіндірер едіңіз?» деген сауалдан басталған сондағы сұхбаттың жай-жапсары төмендегідей болды.
– Ел арасындағы елеңдеушіліктің негізгі себебі – коронавирус қатерінен бұрын, халықтың билікке деген сенімінің әбден таусылуы түрткі болған сияқты, – деп бастады сөзін Сержан мырза. – Бұл арадағы наразылық жергілікті билікке ғана емес, жалпы қазақстандық билікке қатысты болып отыр. Зайсан мен Ақжардағы ереуілдер бүкіл елдегі жағдайдың ортақ сипатын бере алады деп ойлаймын. Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі жағдайдың кінәраты ел билігіне келіп тірелетіні сөзсіз шындық.
Оның үстіне, екіншіден, Қытайдың экономикалық экспансиясынан зәрезап болған халыққа коронавирус қатері қосымша әсер етті. Қытай экспансиясы мәселесінде қазақстандық билік көп жағдайды бүгіп отырғаны барша жұртты алаңдатып отырғаны және бар. Осының барлығы қураған шөпке от қойғандай болды.
Әйтпесе бір ауданның немесе облыстың әкімі бүкіл әлемді шарпыған коронавирус қатеріне қарсы не шара қылар еді? Жол салу жұмыстарына шегілген мердігер қытайларды елден қуып шыққаннан ол қатердің беті қайтар ма еді? Қалыптасқан жағдайдың логикасы осындай ойға жетелеп тұр.
– Ал енді ереуілдерге қатысты жағдайды ел билігі емес, облыс әкімі Даниал Ахметов реттеп кеткенін қалай түсіндіруге болады? Ақорда жақтың жауабын естімедік…
– Ахметов мырза реттеп кеткен жоқ, ол наразы халықтың аптығын басып, жағдайды Ақордаға, ел билігіне жеткізем, бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде шешілуі керек деп кетті. Сөзге қонақ беретін, уәдеге уәж айтпайтын шығыстық халық әзірге әкімнің сол сөзін місе тұтып отыр. Сондықтан Қытайдан жұмысшылар кіргізу мәселесі, шекаралық екі ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жабулы күйінде қалар болса, бұл наразылық қайтадан тұтануы әбден мүмкін. Ахметов айтқандай, мәселені шешетін мемлекеттік билік осы жағдайды ескеруі керек деп ойлаймын.
Ең бастысы – Қазақстанға Қытайдан тартылатын жұмыс күші жергілікті мүмкіндікпен өлшенуі тиіс. Мәселен, қолына күрек ұстай алатын жұмыссыз адам мұнда да мыңырып жүргенде, қытайлықтарды қаптатудың қажеті қанша? Бүгінде Зайсан мен Ақжардың төңірегінде мал бағудан басқа жұмыс қалған жоқ. Ал жол салу жұмысына тартылып, тірлік жасаудың мүмкіндігі туған кезде жергілікті халықтың шетқақпай қалғанын қалай түсінеміз? Мәселенің мәні, наразылықтың нақты тақырыбы осы – әлеуметтік әділетсіздіктің өршіп кетуінде тұр. Коронавирус қатері – халықтың қотарыла көтерілуіне себеп қана болды деп ойлаймын.
– Әлеуметтік жағдай дегенде, Зайсанның халі Ақжарға қарағанда біршама тәуір екенін білеміз. Бірақ негізінен наразылыққа көтерілген зайсандықтар болды ғой…
– Иә, елдің ереуілі Зайсан ауданының Айнабұлақ және Сартерек ауылдарында басталды. Оның жалғасы аудан орталығына ұласты. Несін жасырамыз, біздер – ақжарлық ағайындар шырпының шырт етіп тұтануын күтіп, іштен өртеніп жүрген халық едік. Оның үстіне қытайлықтар салып жатқан жол біздің аймақты да басып өтеді. Әзілсіз айтсақ, коронавирус бізді айналып өтпейді.
Екіншіден, біз кезінде қысқарып кеткен, 90-жылдардың ортасында Ақсуатқа қосылған Тарбағатай ауданының халқы боламыз. Ақжар – сол қысқарған Тарбағатай ауданының орталығы болды. Ал бүгінде осы қысқарған ауданның халқы жетім баланың күйін кешіп жүр. Басқасын айтпағанда, шекараның түбіндегі Тасбастау деген ауылдан аудан орталығына дәрігерге қаралуға немесе ауруханаға жатуға баратын науқас адам Ақсуатқа дейін 150 шақырым жол жүруі керек. Ал аудандық мекемелерге құжат реттеуге баратын, саудаға сабылатын, ол-пұл алатын ағайындар қаншама?!
– Біз Ақжар мен Ақсуатты Алматы облысындағы Кегеннен Нарынқолды бөлген сияқты, бұрынғы Тарбағатай ауданын қайтадан қалпына келтіру қажеттігін газетте бірнеше рет жазған едік. Негізі, облыс әкімінің құзырымен шешілмейтін мәселе болса да, бұл жағдай Даниал Ахметовтың назарына жетті ме?
– Жеткенде қандай! Бұрын да аудан халқы атынан бірнеше рет хат жолдаған едік. Осы жолы ереуілге шыққан халықпен сөйлесуге келгенде, әкімнің өзіне бетпе-бет тағы да айттық. Ақсуаттың құрамындағы Тарбағатай ауданын өркендетеміз деп, қаншама бағдарлама жасалса да, Ақсуатқа «кірме» болған Ақжар аймағының жағдайы оңалып кетпесі анық. Себебі – басты проблема әлеуметтік кенделік көрген бұрынғы аудан халқының психологиясында жатыр. Шекараның бойында жетімнің жесірі сияқты болып, аңырап қалған Ақжар аймағының халқына бұрынғы ауданды қайтадан қалпына келтіріп берсе болғаны. Қалғанын жергілікті халықтың патриоттық рухы жасайды.
– Нарық жағдайында өмір сүріп жатқан аудан халқы жалғыз ғана патриоттық рухпен алысқа бара алар ма екен? Бұл жағынан қандай есеп-қисаптарыңыз бар?
– Біз – жергілікті азаматтар барлық есеп-қисапты қаттап қойдық. Ауданды бөлу бюджетке соншалықты ауыр салмақ түсірмейді. Мен облыс әкімінің жергілікті ереуілші тұрғындармен кездесуінде сөйлеген сөзімде келтірген бірер мысалды сіздің газет үшін де айтып берейін.
2018 жылы көктемде кезінде қысқарып кеткен Нарынқол аймағы қайтадан жеке отау құрып, Райымбек ауданы деген атаумен Кегеннен бөлініп шықты. Содан бергі кезеңде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзаның және нарынқолдық патриот азаматтардың ұйымдастыру жұмыстары нәтижесін берді. Ауданның қайта қалпына келуіне байланысты өткен жиында Баталов мырза бүкіл халықтың көзінше облыстағы 18 аудан мен 3 қаланың әкімдерін кезек-кезек орнынан тұрғызып, олардан жаңа ауданға қандай көмек жасайтындарын сұрады. Бір аудан балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп берем, бірі спорт алаңын салып берем десе, тағы бірі 100 000 кірпіш жеткізіп, бірнеше тұрғын үй тұрғызып беруді міндетіне алды. Еліміздің әр қиырында әртүрлі кәсіппен айналысып жүрген нарынқолдық кәсіпкерлер де өз еріктерімен қосар үлестерін жариялап жатты. Бірі ауылдың кіре берісіне керемет қақпа тұрғызса, тағы бірі көшелерді көгалдандыруға атсалысты. Соның арқасында қазіргі кезде Нарынқол еңсесін тіктеп, қанатын жайып, көріктене түсті.
Ал біздің патриоттар нарынқолдықтардан кем бе, біз неге өз туған жерімізді өркендетуге жәрдем жасай алмаймыз? Мен Даниал мырзаға тура айттым: «Сіз де Баталов сияқты біздің шығыстағы 14 ауданымыз бен 3-4 қаламыздың әкімдеріне нақтылы тапсырма берсеңіз, олар да бізге түсінікпен қарап, жаңа ауданға «көрімдік» ретінде, болмаса «қайырлы болсын», «құтты болсын» айтып, неге бізге көмектеспеске?» – дедім.
Бізде бұрынғы Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл деген қала типтес ауылымыз бар. Кезінде Зайсан көлінің балық шаруашылығы осы Тұғылға тоғысқан еді. Қазіргі уақытта Зайсанның нақтылы иесі жоқ, көлдің балығы «ұстағанның уысында» кетіп жатыр. Қайда сол көлдің өнімі, пайдасын кімдер көріп жатыр? Көлдің тура іргесіндегі кезінде Кеңес Одағына танымал болған балық зауыты неге қаңырап бос тұр?
Естиміз – сол балық зауытының иесі Алматы жақтың адамы деп. Яғни, оның табысынан түсетін салық та басқа жаққа кетіп жатыр деген сөз. Неге сол көлден балық аулауды ретке келтірмеске, дұрыстап қадағалау жасамасқа, ауланған балықты тек қана балық зауытына өткіздіртпеске. Сонда қанша адамға жұмыс болады, жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті бюджетке миллиондаған теңге салық төленеді.
– Зайсан көлінің жағдайын Даниал Ахметов білмей жүр деп ойлайсыз ба? Көлдің Алматыдағы иесі астанадағы «ағашкасымен» ауыз жаласып жүргенін түкпірдегі Тасбастауда «екі сиырына» қарап отырған қарапайым қазақ та білетін шығар…
– Ендеше облыс әкімі бұл жағдайды біліп отырса, халықтың наразылығын басу үшін, жергілікті мүмкіндіктерді пайдалану мәселесін қолға алуы керек қой! Екіншіден, ауданды қалпына келтіруге және оның әлеуметтік мәселесін шешуге септігін тигізетін басқа да мүмкіндіктер жетерлік. Мәселен, сол Тұғыл ауылында кезіндегі бес ауданның – Күршім, Марқакөл, Зайсан, Көкпекті, Самар аудандары малдарының етімен қамтамасыз етілетін, республикаға белгілі ет комбинаты неге халық мүддесі үшін жұмыс істемей тұр?
Оны да бір азаматтар сатып алды деп естиміз. Біздің ауданның малын Шымкент, Жамбыл, Алматы, Талдықорған жақтың делдалдары сатып алып кетіп жатыр. Егер осы ет комбинатының өнімінен түсетін салықты ауданға қарай бұратын болсақ, Ақжарға артық ақшаның да қажеті болмас еді. Сол Тұғыл ет комбинатының жанынан тері өңдейтін, жүн жуатын шағын цехтар неге ашпасқа? Бұл жағдайда да адамдар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болып, мемлекетке қыруар салық төленер еді.
Салық демекші, біздің Ақжар өңірінен ғана 2019 жылы мемлекетке 441 миллион теңге салық төленген екен. Егер біз дербес аудан болсақ, салық көлемі бұдан 2-3 есе артатыны сөзсіз. Сонда ауданымыз облыс бюджетіне салмақ түсірмей, өз шығынын өзі-ақ ақтайды ғой.
– Жөн-ақ екен! Ал ауданды қалпына келтіруге сеп болатын осы мүмкіндіктерді естіген облыс әкімі не деп кетті?
– Ел билігіне жеткізем деп кетті. Егер президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жететін болса, ауданды қайтадан құруға пәрмен береді деген сенімдеміз. Ал ауданымыз Ақсуаттан бөлініп шықпайтын болса, наразылық ешқашан басылмайды деген сеніммен тағы да айта аламын.
– Наразылыққа қатысты сеніміңіздің бетін ары қылсын! Бұл сұхбаттың сарыны Тоқаев мырзаға жетеді деген менде де сенім бар. Рахмет!
Ермұрат БАПИ