Суббота , 19 апреля 2025

ШӨКЕЕВ – ПРЕМЬЕР?

«Егер осы қыс айларына дейін Асқар Маминнің үкіметі доғарысқа кететін болса, кім премьер-министр болуы мүмкін?». Осы сұрақ соңғы кездері әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде сөз бола бастады.

Әрине, Қазақстанның қазіргі дағдарысты жағдайында үкіметтің ауысуынан елдің экономикасында айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Назарбаевтық саяси режим кезінде Президент әкімшілігінің ірілендірілген экономикалық бөлімі сияқты сүмірейген сұлбасы қалған Министрлер Кабинеті диспетчердің деңгейіне түсіп тынды. Ал оның премьер-министрі Асқар Маминнің, қазақшалап айтқанда, «аузын буған өгізден» өзгешелігі көп емес. Оның елдегі экономикалық жағдайға байланысты жарытып айтқан сөзін естіген жан баласы кемде-кем.

Дегенмен, елдегі қашаннан қалыптасқан дағды бойынша, экономикалық дағдарыстың жауапкершілігін мойынына артып, ағаш атқа теріс мінгізіп қоя беретін бір құрылым қажет. Ол, әрине – үкімет. Сондықтан үш-төрт жыл сайын премьердің рокировкасымен «реформа жасау» – Назарбаевтан қалған қадет.

Нобайы сол «дәуірлік» доғарыстың кезі келіп қалған сияқты. Енді міне биліктің итаршы технологтары осы ауыс-түйісті тарыққан халықтың тақырыбына айналдыру амалын жанталасып жасауда. Мақсат – «жуықта үкімет ауысады, содан соң жағдай жақсарады» деген есек-дәмені дүйім жұртқа мейілінше кеңірек тарату. Сол арқылы кедейшіліктің кебін киген көпшілікті алдарқатып, тағы бір үш-төрт жылға карт-бланш алу.

Сонымен, қалай десек те, ендігі премьер-министр кім болады? Ең алдымен айта кету керек: үкіметті кім басқарса да, бұл мәселені тоқпейіл Тоқаев емес, тақтан түссе де, аттан түспеген Назарбаевтың нақ өзі шешеді. Можантопай болмаса, Қасекең үкіметті әлдеқашан өз командасына айналдырып алар еді. Олай болмады, яғни билікті бөлісу процесінің пайымы солай болған: анау – менікі, мынау – сенікі. «Сенікінің» ішінде үкімет жоқ (Тоқаевта өзі не бар?).

Осы пошымның пайымымен айтар болсақ, Нацфонд» пен Пенсиялық қордағы қаржыны, бюджеттің тақұл-тұқыл ақшасын үлестіруді кім көрінген емес, Нұрекеңнің нұсқауымен өз адамы бөлуі керек. Ендеше, истеблишментте иін тірескен дәмелінің дәл қайсысы елбасекеңнің есеп-қисабын жүргізуге сай келеді?

Сарапшылардың сөзі сан-саққа тарайды. Бірі – билік транзитін толық аяқтауға «арналған» үміткер Бауыржан Байбекті атайды. Назарбаевтың ноқталап сүйреуіне қарағанда, ендігі президенттік таққа «кластастың баласын» отырғызу – осы премьерлік пост арқылы жүзеге асуы тиіс.

Айтпақшы, Байбектің шаруашылық жүргізуге қабілет-қарымы «мол» екені Алматыда әкім болғанда танылды. Анығы – танытуға тырысты. Үйіліп-төгілген қыруар қаржының арқасында оңтүстік астананың орталығы жаңарып шыға келгенін жасыруға болмайды. Ақша бәрін жасайды, ал Байбек балаға көкесі көмек етпегенде, Алматы семіп бара жатқан Семейдің сиқынан ұзап кетпесі нақ еді. Оның премьер болуы пиманың оң-солын ажыратпай аяққа сұға салудан оңай.

Енді бір сарапшылар Смайылов сияқты «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» қолбаланың кез келгенін отырғызып қойса, періп тұрған премьер бола салады деген пікірде. Оның да жөні бар. Себебін жоғарыда айттық: үкіметтің үстінде кімнің отырғаны маңызды емес, маңыздысы – Қажыгелдин сияқты режимнің дәртесін сындырмай, айтқанға көніп, айдағанға жүру. Бұл қолбалалар қатарында Қайрат Келімбетов пен Бақыт Оспанов секілді сенім сынағынан сүрінбей өткендер бар. Екеуі де елдің экономикасын көтеруден бұрын, монетарлық көрсеткіштерді үрлеп көрсетудің келіскен шебері.

Үйінде «отырып қалған қыз» сияқты Нұрлан Нығматулиннің де нұсқасы премьерлік постқа олқы келмейді. Мәжілісте мәңгірген «нұрлы» депутаттарды нық ұстаған спикер «Кабминді маған беріңіз» деп, Назарбаевқа қолқа салудың ретін таппай жүргенге ұқсайды. Ендігі жерде спикерлік кресло оған тар болғандай, парламенттің партасын пергілеп, министрлерді мінеудің мінезі пайда болды. Бұл да премьерлік постқа деген амбициясы арқырап тұрған тұлғаның тұрпаты болса керек. 

Дегенмен көпшілік сарапшылар Назарбаевтың нұсқасына Шөкеевті шақ көреді. Саясаттан сыр аңдаған сарапшыларды қайдам, ал Өмірзақтың өсу мүмкіндігіне қатысты біздің баққан бірер ойымыз бар. Біріншіден, ол 90-жылдардан Назарбаевтың қасында қалған ескі гвардияның бірен-сараң өкілінің өміршеңі. Вице-премьерлік қызметке барып-қайтқаны болмаса, соңғы 25 жылда қызметі төмендеп көрмеген бірден-бір лауазымгер. Коррупциялық скандал атаулы айқайда аты шықпады. Бәлкім, бұл оның «олжаны» екшеп, ептеп жейтін экономистігінің арқасы болуы мүмкін.

Екіншіден, мыңқиған Маминнен кейін, экономиканың мемлекеттік менеджментіне расында да майталман маман және білікті басшы керек. Қазақстан құжырасына құлаған ордан ондай маманның машығынсыз шығу – ендігі жерде оңай емес. Жаман-жақсы болсын, практикалық тұрғыда Шөкеевтің шамасы сымайыловтардан сырық бойы алда. Оның қасында байбектер жіп есе алмай қалады. Ал нақты өндірістегі шаруашылықтың иісі келімбетовтердің мұрынына де бармайды. Үкіметтің төңірегінен ит қосып қуатын екі адам болса, соның бірі – осы қайратсыз қайраттар.

Ал Шөкеевтің премьер болуына басқалардан бұрын мұрындық болуы тиіс үшінші және ең басты критерий – оның Түркістан облысының әкімі болғандығы. Анығы – Түркістанның түрленген құрылысын салып жатқаны. Ал одан да анығы – сол құрылысқа оңды-солды бөлініп жатқан қыруар қаржының ағымы мен бағымын білетіндігі.

Оңды-солды дегенде, оңнан келіп жатқаны – әрине бюджет пен Ұлттық қордан бөлінген мемлекеттік миллиардтар. Әлбетте ол қыруар қаржы соңғы бақырына дейін діттеген құрылысқа кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Жемқор Қазақстанның жағдайында «шапка» мен «откатты» отменять қылған ешкім жоқ. Шөкеевтің де етегіне намаз оқып жүргені – дүдәмәл дерек…

Біздің айтпағымыз – солдан келіп жатқан ақша. Инвестиция! Қайтарымды қажет қылатын қаржы. Ол инвесторлық қаражат айналып келгенде, түбінде үкіметтің есебінен, яғни бюджеттік қазынадан қайтуы тиіс. Міне, Шөкеев мырзаның Назарбаевқа премьер ретіндегі қажеттігі дәл осы жерден туындайды.

Ислам-ака Каримовты Самарқанға – әлемге әйгілі Ақсақ Темірге қоңсы қойысып қайтқан Нұрекең: «Мен неге Қожа Ахмет Иассауидің жанына жатпаймын?» деген оймен оралып, Түркістанды түрлендіруге кірісті. Астананың айдаладағы пантеонына кім барар дерсіз? Ал мұнда Қожа Ахмет әулиенің аруағына тағзым еткен турист: «Е-е, жарықтық!» деп, бұған да бас сұға кетуі мүмкін ғой…

Рас, Ислам иманды болғалы бергі төрт жылға толар-толмас уақытта Түркістан түрленіп шыға келді. Ысырап пен әпербақан шешімнен туған құрылысты, басқа аймақтардың «аузынан жырып», Түркістанға құйылған қаржыны есепке алмағанда, Назарбаевтың ойындағы болашақ мазар-қала құлпырып шыға келгені Құдайға да, Қожа Ахметтің аруағына да аян болған шындық. (Венецияға ұқсас тоған мен аэропорттың жолына салынып жатқан көпқабатты 100 үйдің құрылысы – басқа ысыраптың әңгімесі).

Міне, осы қыруар құрылысқа «солдан» құйылған қаржының басым бөлігі Эмират пен Саудия сияқты араб елдерінен ашық та, жабық жолдармен келіп жатты. Бірақ оның барлығы шейхтардың жомарттығынан келген инвестиция емес. Оның басым бөлігі араб елдеріндегі – бірлескені бар, басқасы бар компанияларға тығылған, мұнай мен газдың түсімінен ұрланған қаражат. Бұл компаниялардың соңғы бенефициары анықталар күн туған кезде ғана Түркістанға ағылған миллиардтардың анық-қанығын білетін боламыз…

Бірақ соңғы он жылда Назарбаевтың Араб Әмірлігіне жыл сайын жасаған ресми жорығы мен демалысқа барып қайтқан сансыз сапарын еске алсақ, біраз мәселенің мәнісі менмұндалап тұрмай ма?

PS. Қысқасы, Түркістанға жасалатын «соңғы сапар» алдында «әлдекімдер» Әмірлікке тыққан ақшаның қайта бастағанына да тәуба дейік! Бірақ инвестиция ретінде келген ақша бұл

жақта «жуылып», бюджеттің есебінен тазаланып, кері қайтатын тәртібі барын ұмытпайық. Міне осы «қайтарымды» Шөкеевтің үкіметі неге жүзеге асырмасқа? Бірге бастады, бірге бітіруі керек қой… 

Біздің созбалақтатып, келесі премьер-министр Шөкеев болуы тиіс деген жоралғы ойдың орайы осы еді. Ал Өмекеңнің премьерлікке пара-пар өзге қажеттілігін басқа басылымдар жазып жатқан сияқты. Егер ерінбесеңіз, соның біреуін төменнен оқып алыңыз.

Ермұрат БАПИ

«DAT»

КАБИНЕТКЕ КІМ КЕЛЕДІ?

Жалпы үкіметтің отставкісі туралы әңгіме жылдың басынан бері айтылып келе жатыр. Сайлаудан кейін Мамин үкіметі Конституцияға сәйкес жаңадан жасақталған Мәжілістің алдында қызметін доғарды. Бірақ жаңа Үкіметтің құрамы анау айтқандай жаңарған жоқ. Маминнің өзінен бастап, министрлердің дені креслоларын сақтап қалды. Отставкі туралы әңгімелер көп ұзамай қайта қозғалды. Соңғы уақытта оның күшейе түскені рас. Бірақ елдің пікірін ескерсек деген ой не үкіметтің, не Ақорданың миына кіріп шықпайтын сияқты.

Үкіметтің отставкісі туралы мәселені бұған дейін қоғам белсенділері көтерсе, енді міне, Парламент депутаттары айта бастады. Жуырда сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед журналистерге берген сұхбатында: «Биліктің басты міндеті — азық-түлік бағасын төмендету. Бірақ өндірушілер тарапынан әдейі жасалып жатқан әрекет секілді көрінеді. Егер Үкімет қымбатшылықты ауыздықтай алмаса, инфляцияны тоқтата алмаса, оны басқа адамдар атқаруы керек. Мен министрлер кабинетінің жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалаймын. Бұл дегеніміз үш деген сөз ғой», — деп мәлімдеді.

Алайда сенатор «үш» деген баға берген үкіметтің жұмысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бестікпен» бағалап отырғандай әсерде қаласыз.

Президент жуырда Маминді қабылдады. Ақорданың таратқан ақпаратына қарағанда, кездесуде мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қайта қалпына келу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрағанын, дер кезінде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономика қайта қалпына келгенін атап өткен. Сонда бұл қалай, үкіметтің жұмысын сенаторлар үшке, ал президент беске бағалайды? Сонда үкіметтің қауқарсыздығы туралы әңгімелердің бос сөз болғаны ма?

Бұдан нендей түйін жасауға болады? Министрлер кабинетінің жұмысы расында да керемет пе, әлде Тоқаевтың Маминге тісі батпай ма?

Дәл қазіргі жағдайда Мамин үкіметінің жұмысының оңбай тұрғаны жасырын емес. Азық-түлік бағасы күн санап қымбаттап барады. Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары қағаз жүзінде керемет шығар, іс жүзінде көзге көрінбейді. Коронавирусқа қарсы екпе салу туралы міндеттеме толық орындалмады. Биыл батыс облыстардағы құрғақшылыққа үкімет дер кезінде мән бермеді. Осының салдарынан мал шығыны көп болды.

Ендеше, егер үкімет отставкіге кеткен жағдайда, Қазақстанның жаңа премьері кім болады? Біз үш кандидатқа тоқталсақ. Былтыр жыл соңында сайлаудан кейін қайта жасақталатын үкіметке Сауат Мыңбаевтың жетекшілік ететіні жөнінде ақпарат тараған болатын. Білгіштер мұны Мыңбаев пен Тоқаевтың арасындағы жақындықпен байланыстырған. Биыл 59-ға толатын Мыңбаев Мәскеуде білім алған. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын 1995 жылы Қаржы министрінің орынбасары лауазымынан бастаған. 25 жылдық карьерасында Сауат Мыңбаев Қазақстанның бес министрлігіне басшылық жасаған. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, екі мәрте вице-премьер лауазымын атқарған. Соңғы жылдары мұнай және газ министрі, одан кейін «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясына жетекшілік етті. 2018 жылдың қарашасынан бастап, Қазақстан темір жолында басқарма төрағасы лауазымын атқарады.

Алайда биыл қаңтарда ол «ҚТЖ»-ның басшылығынан босатылды. Компания Мыңбаевтың спортпен айналысып жатқан кезде омыртқасынан жарақат алғанын де мәлім етті. Бірақ бұл Мыңбаевтың премьер болу ықтималдылығын жоққа шығара алмайды.

Екіншісі және ең басты кандидат ретінде Өмірзақ Шөкеевтің аты аталуда. Шөкеев бір қызметте ұзақ отырмайтын кадр. Сонау 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына кіріскенен бергі аралықта ол 15-ке жуық қызметтерді атқарған екен (Президент әкімшілігінде, үкіметте, әкімдікте). Үкімет басшысының бірінші орынбасарына дейін өсті.

Бір қызығы – карьерасында Шөкеев бір қызметте 2-3 жылдан артық отырмаған. ОҚО әкімі қызметін атқаруы бір жылға да жеткен жоқ. Тіпті кейбір лаузымдарды алты ай ғана істеген. Ол тек Қостанай облысының әкімі мен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының креслосында алты жылдан отырыпты. Егер осы «дәстүрінен» жаңылмаса, Шөкеевтің жуық арада елордаға қызмет ауыстырып, премьер-министрдің креслосын иеленуі әбден мүмкін.

Үшінші кандидат – бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов та уақтысында Назарбаев көп мақтаған кадрлардың бірі саналады. Алайда жалпы былайғы көпшілік үшін ол оншалықты танымал тұлға емес. Кезінде комитет төрағасы, министр, президенттің көмекшісі қызметтерін атқарған. Смайыловтың премьер болатындай бір артықшылығы бар: бұған дейінгі тәжірибелерден байқалғандай, Қазақстанда жаңа премьер көбіне вице-премьер лауазымынан ауысып келеді (мұның ішінде көбіне бірінші вице-премьерліктен). Мамин де, Сағынтаев та, Мәсімов те, Тасмағамбетов те, Тоқаев та Үкімет басқаруға вице-премьер лауазымдарынан барған. Осы жөн-жоралғы Смайыловқа да бұйырып жатса, таңқалуға болмайды.

«Рейтинг» газеті

© Oinet.kz

«DAT»

Республиканский еженедельник онлайн