Ғабиден ЖАКЕЙ: ЗАМАНБЕКТЕЙ қазаққа қызмет қылған ӘКІМ БОЛМАДЫ

Бола алмадым Темірқазық,

Берік болар еліме.

Айдаһарлар тілді жұтты,

Ауыз салды жеріме.

Заманбек НҰРҚАДІЛОВ

Көзі тірі болса, мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов 76 жасқа толар еді. Бірақ ел-жұртқа белгілі болғандай, назарбаевтық биліктің сыншысы 2005 жылғы қарашаның 12-сі күні кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ресми тергеу «Нұрқаділов өз-өзін үш рет атқан» деген қорытынды жасады.

«ДАТ» жобасындағы газеттер қазақтың арда азаматын еске алу әдетінен биыл да жаңылған жоқ. Зәкең мерт болғанына 15 жыл өтіпті, осы күнге дейін онымен бірге қызметтес, аралас-құралас жүрген әріптестері мен достары жұмған ауыздарын ашуға дәттері бармады. Тек Алматы қалалық әкімдігінде әріптес болған іні-қарындастары Жұмаш Кенебай, Сапура Жүсіпова, Кенесары Қаптағай ғана Зәкең турасында көрген-білгендерін «ДАТ» арқылы жалпақ жұртқа жария ете білді.

Заманбек марқұмның биылғы туған күнінің қарсаңында «ағаның інісі» едім деп, артынан іздеуші болып жүрген қоғам қайраткері Ғабиден ЖАКЕЙ мырзаны әңгімеге тарттық.

– Ғабиден мырза, жыл сайын Зәкеңнің туған күні мен атылған күнінде «естелік айтатын кім бар?» деп жар саламыз. Бірақ «мен айтам» деп суырылып шыққан, «жүрегінің түгі бар» ешкімді таппаймыз. Ал сіздің бұл батылдығыңызды қалай бағаласақ екен?

­– Біріншіден, мен ешуақытта тайсақтап, Заман-ағам туралы ашық айтудан қашып жүрген жерім жоқ. Білгенімді әр-әр жерлерде айтып, марқұмның жоқшысы болып жүрдім. Екіншіден, «батыл болатын» себебім – қазіргі буырқанған заманда 15 жыл дегеніңіз үлкен бір дәуір. Кейінгі жастар Зәкеңдерді ұмыта бастады, себебі – оны еске алуға үнсіз тыйым салынған. Сондықтан қапыда қаза болған ағамыздың аты мен затын жаңғыртып отыруды азаматтық парызым деп санаймын, сіздерге сұхбат беруге келген себебім де – осы.

Үшіншіден, мен ағамен қызметтес, әріптес болған жоқпын. Көзі тірісінде қасына еріп жүрмеппін. Сырттай аға тұтып, мақтанып жүргенім болмаса. Аға туралы айтатын, айтуы тиіс үлкендердің алдын орап, өзімше ділмарсуға қақым болмады. Енді, міне, ақыры ашық айтуға жарайтын ағалар бұғып қалған соң, Зәкең не тындырды, оның қоғамдағы рөлі қандай болды, оған кім дос болды, кім сатып кетті деген сұрақтарды тарихшы ретінде саралап, өзімше зерттеу жүргізуді қолға алдым. Негізгі және үлкен ақиқат кейін ашыларына сенімдімін, оған жоралғы болар деректер мен дәйектерден кенде емеспін. Ал менің бүгінгі мақсатым – ағаның атын жаңғыртып, асыл атағын асқақтатуға атсалысу.

– Дегенмен, құнкерлік қақысы бар Зәкеңнің інісі ғой деп, бұдан бес жыл бұрын өзіңізді сұхбатқа шақырған едік… Келісім бере тұра келмедіңіз…

– Иә, мойындаймын… Зәкеңнің 70 жылдығына ас беру қамымен жүргенімде, «ДАТ»-тың сұрауымен біраз ақтаңдақты ашайын, газетке үлкен бір сұхбат берейін деген ойым болған. Бірақ Зәкеңнің менен жолы үлкен бір інісі «болмайды» деп тыйым салып, менің ықыласыма кесе-көлденең тұрған соң, мен сұхбат беруден бас тарттым. Оны өзіңіз білесіз. Сол ағам, неге екенін білмеймін, осы күнге дейін айтпады, мен де тақымдап сұрамадым. Бірақ Заманбек аға туралы айтуға билік тыйым салғанымен, артында қалған іні-қарындастарының аузын жаба алмауы тиіс деп білем.

«Артында қалған» демекші, Заманбек ағамен қандай туысқандық жақындығыңыз бар еді?

– Турасынан туысқандығым жоқ, ал жерлес, рулас екенімізді кейіннен білдім. Біздің елдің беткебасар бір үлкені болған соң, ағамыздың атын айтып, зердемізді сілкіп отыруға тиістіміз. Өзімді ағаның жақын інісімін деп санаймын, Зәкең жалғыз менің ғана емес, барша қазақ жігіттерінің ағасы!

1995 жылы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң, «Казахская правда» газетінің құрылтайшысы әрі редакторы Алдан Айымбетовпен жақын араластым, қаржылық мүмкіндігі бар достарым қол ұштарын беріп, Алдан ағаға демеу болды. Ол кісінің қазаққа деген ерекше қамқорлығы, ұлтшылдығы, жазған, айтқан идеялары қанаттандырып, мені өзіне баурап алды, шәкірт ретінде құрмет тұттым.

Жоғары оқуды енді бітірген маман тұрғысынан мемлекеттік қызметке тұруды ойластырып жүргенімде, бір күні Алдан аға: «Алматы қаласының бұрынғы әкімі, жақын досым Заманбекке жіберейін, ол бір көмегін жасар», – деді. Зәкең ол кезде – депутат. Қасыма менің курстасым, Қазақстанның №1 кәсіби боксері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есболат Нұрманов пен бүгінде белгілі боксшы, олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовты қосып берді, үшеуміз Зәкеңнің қабылдауына бардық.

Барсақ, шағын ғана кабинетте отыр екен, бізді көңілді қарсы алды. «Екеуіңді танимын, ал сен кімсің?», – деді маған. Аты-жөнімді айттым, «Қайдансың?» – деді. «Райымбек ауданынан, Шалкөденікімін». Ол кісі: «Жерлесім екенсің ғой», – деді. Мен тыныш отырмай: «Сіз Кетпеннен, Ұйғыр ауданынансыз ғой», – деп едім, үстелді жұдырығымен ұрып қалып: «Мен – Шалкөдеденмін!» – деді. Мен жым болдым.

«Ал енді келген шаруаларыңды айтыңдар», – деді. Біз Германияда қымыз өндіруге арналған желілік зауыты барын, соны Нарынқол     ауданына өндіріс нысанын ашсақ деген жоспарымызды айттық. Екі сөзге келмей, сол кездегі аудан әкімі Ызғарбек Бектұрсыновқа депутаттық тапсырмасын жазып берді. Әңгіме барысында кабинетінің төрінде ілініп тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін қолымен нұсқап: «Мені қорқытқысы келеді, інім «Қара Алмазды» өлтіртті, оны білесіңдер. Сендер, спортшылар, бәрің рэкетшісіңдер, «крыша» іздеп жүрсеңдер, мен «бетонный крышамын!» – деді.

Шаруамызды тындырып, қуанысып шығып бара жатыр едік, маған «сен қал» деп бұйырды. Ішімнен ұрсар ма екен деп, сасқалақтап қалдым. «Жерлесім екенсің, кітабымды берейін» деп, «Не только о себе» деген кітабына «Ғабиден ініме, ізгі ниетпен!» деп, қолтаңбасын қойып берді.

Сол арада Шалкөдеге қандай қатысы барын айтты: «Ата-анам менің туу туралы куәлігімді үш-төрт жылдан кейін алыпты, сол кезде туған жері – Кетпен деп қате жазылып кетіпті. Ал анығында туған жерім – Шалкөде, әкем – орман инспекторы болған», – деді. Таныстығым осылай басталды. Әлгі қымыз зауытының шаруасы созылып, әкімдер бірі-біріне тапсырып, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Заманбек аға содан кейін 1997 жылы қайтадан Алматы облысына әкім болып тағайындалды.

Одан кейін етене араласып кете алдыңыз ба?

– Жоқ, жақын араласып жүрдім деп айта алмаймын. Екінші рет «Терісқақпай» театрының ашылу рәсімінде кездестім. Ол кезде Жазушылар одағының атқарушы директорымын, театрдың тұсаукесерінде бір қатарда отырдық. Жақын араласып, қасында бірге болдым деп айта алмаймын. Бірақ менің Ғабиден екенімді, жерлес інісі екенімді біліп жүрді.

Менің саясатқа келуіме Заманбек пен Алтынбектің қастандықпен оққа ұшқаны себеп болды. Екі азамат ағаларым тірі болса, бәлкім, заман басқа болар ма еді, бәлкім, биліктің бір шетінде жүрер ме едім?! Қоғамдағы, саясаттағы әділетсіздік намысымды жаныды. Мен ағалар жолын қудым. Содан бері билікке «алабөтен» болып жүрген жайым бар. Ұлт патриоттарының қатарына қосылдым, ағаларымның атын өшірмес үшін, әртүрлі шаралардың ұйымдастырылуына Жаңаөзен құрбандарына ас Қонаевтың 100жылдық мерей тойын,Ұлт азаттық көтерілске ғылыми конференция ұйымдастырдым. Әуел баста 2008 жылы спорттық турнир ұйымдастырып, Заманбек ағаның ізін қуған інісі болып жүргенімде, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып ағамыз мені сол турнирдің ашылу рәсімінде: «Ғабиден – Заманбектің баласы» деген еді.

Олай деуінің өз себебі бар: ағаның 70 жылдық асын туған ұлы – Қайрат ұйымдастыруы керек еді. Бірақ ол әртүрлі себептермен араласқысы келмеді, маған «80 жылдығын жасаймыз» деген еді. Мемлекеттік қызметте жүрген соң, жасқанған сияқты. Сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімовтің айтқанынан шыға алмады. Бірақ мен: «Қайтсек те, Зәкеңнің 70 жылдығын жасаймыз!» деп, алған бетімнен қайтпадым.

«Қарағайға біткен қарсы бұтақ» болған арда азаматтың асын ұйымдастыру оңай шаруа емес, дос-жарандары тарапынан қолдау болды ма? Кімдер кедергі жасады?

– Сұрағыңыздың астарында үлкен мән жатыр: Заманбек аға көзі тірісінде курстастары мен достарын қатты қолдаған азамат. Біразы Зәкеңнің арқасында билікке келді. Құрылысшы әріптестерінің бірқатарын жоғары лауазымдық қызметке тағайындауға мұрындық болды. Одан берісі Алматы облысында 8 ауданның әкімін қолдады. Бірақ солардың бәрі Зәкеңнің көзі кеткен соң, жалт берді. Асқа дайындық алдында екі ай бұрын Рысбек Сәрсенбайұлы ағаның «Жас Алаштағы» кабинетінде Зәкеңнің курстасы, досы болған Болат Нұрғазиев үшеуміз кездесіп, асты өткізу мәселелері жөнінде ақылдастық. Үш жүзге жуық адамның басын қосатын болып шештік. Рысбек аға екеуміз қаржы жағын шешпекке, Болат аға жылқы соймаққа келістік. Бірақ Зәкең өле-өлгенше дос санаған Болат ағам кейіннен уәдесінен тайды. Тіпті ол кісіні таппай қалдық. Рысбек аға, Рамазан Стамғазиев, Бекжан Тұрыс пен Дархан Дайрабаев көмек қолдарын созды.

Ас беру – аруаққа тағзым етерлік қазақ дәстүрі дегенімізбен, дәл Зәкеңе келгенде қиындығы мен кедергісі көп болады деп ойламаппыз. Бір ай уақыт қалғанда, алдын ала жалға алған «Пугасов» мейрамханасы берген келісімдерінен бас тартты. Прокуратурадан екі жігіт келіп, «ас бермейсіз» деп талап етті. Рысбек ағаны шақырмақ болған едім, «ешкімді шақырмайсыз, ас берсеңіз, соттаймыз», – деп шыға келді. Ақыры бастаған істі орта жолда қалдырмайық деп, Рысбек аға екеуміз бел шеше кірістік. Қолдау көрсетеді деген, Зәкеңнің қамқорлығын көрген қызметтестері мен аудан әкімдерінің бәрі шетелге кеттік десіп, телефондарын өшіріп, жалт бұрылды. Заманбек ағаға кезінде қарсылас (оппонент) болған азаматтар 50–100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті.

Зәкең атқа мініп жүргенде, бір көріпкел келіп: «Ертеңгі күні жаныңыздағы достарыңыз сатып кетеді» десе, әсте сенбес еді. Бірақ солай болды: Заманбектің аруағын, рухын сатып кеткен достарын тегіс білемін. Зәкеңнің қазасының құпиясы әлі күнге ашылмай жатқаны да осындай сатқындықтың кесірінен. Өзін-өзі үш рет атқан адам фантастикалық кинода да жоқ шығар.

Айтпақшы, бұл «фантастиканың» құпиясынан не хабарыңыз бар? Біздің редакцияға жеткен хабар бойынша, сол күні Зәкеңнің үйінде атыс болып, кейінгі тергеу кезінде мәрмәр еденнен басқа бір адамның қаны табылған екен…

– Шет жағасын естідім. Жуынатын бөлмедегі қанның дағы басқа біреудікі деген дерек бар. Соған қарағанда, Зәкең де «жастығын ала кетпекші» болған сияқты… Оның анық-қанығын білген күннің өзінде, жария түрде айту өте қиын мәселе… Арамызда нақты білетіндер бар, бірақ айтудан қорқады.

Зәкеңнің оққа байлануына өзі жарияламақ болған «бомба хат» себеп болған сияқты. Кезінде өздеріңіз де жаздыңыздар: осы «бомба жарылып» кетпес үшін, 2005 жылы 20 шілдеде әлдекімдер журналист Асхат Шәріпжановты өлтіріп кетті. (Еске салайық, «ДАТ» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапидың ұсынысымен газет жорналшысы Асхат Шәріпжанов Зәкеңе қоғамдық негізде баспасөз хатшысы болып жүрген еді. Зәкең біраз құпияның бетін ашып, Асхат қаза болатын күні оған сұхбат берген болатын. Сол түнгі қанды оқиғадан кейін Заманбек ағаның сұхбаты жазылған диктофон жоғалып кетті – Ред.). Ағаның өзі өмірінің соңғы күндері баспасөзге берген сұхбаттарына көз жүгіртсек, «мен саясатты қоямын, Шығыс шайырларын аударамын, шығармашылыққа бет бұрамын» деген екен.

Бірақ сөйте тұрса да, әлдекімге Зәкеңнің көзін құрту қажет болған сияқты…

– Иә, Зәкеңнің «бомбасы» бір күні «жарылуы» мүмкін деген қорқыныш қатты болған секілді… Ағамыздың мәйітін қайдан шығарамыз, қоштасу рәсімін қайда өткіземіз деп, оппозиция жетекшілері «Нұр Отанның» басшысы Амангелді Ермегияев, ағамен қызметтес болған ??? Тәнекеев бастаған біраз азаматтармен ақылдасқан еді. Сол кездегі Алтекеңнің – Алтынбек Сәрсенбайұлының айтқан сөзі әлі күнге санамда жаңғырып тұр: «Билік тірі Зәкеңнен қорқушы еді, өлген соң одан әрі зәресі ұшты. «Батыр – бір оқтық» деуші еді, Зәкең – үш оқтық болды. Ағамызды өзіміз арулап жерлейміз, ешқандай ереуіл болмайды, туыстары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – деді. Біз де қолдап, «иә» дестік. Ермегияев қала әкімі Тасмағамбетовке хабарласып, әкімдік бүгінгі «кітапханашыға» айтып, Ғылым академиясының ғимаратынан шығаратын болып шешілді. Айтпақшы, ақылдасу кезінде бір ақсақал (аты-жөні есімде жоқ) суырылып шығып: «Сендердің сүйектеріңе таңба, мен – шапыраштымын, бірақ албан Заманбек бас қаланы басқарған азамат еді, өлсем мен өлейін, неге үнсіз тұрсың, сені көтерген сол еді ғой?!» – деп, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге қаратып айтып еді. Бірақ Нұрекеңнен жауап болмады…

Айта берсек, таусылайтын естеліктер жетерлік. Мәселен, Алматының айналасындағы Заманбектің өзі салдырған ауылдардың біріне арда азаматтың атын беруге болар еді ғой?

– Көшеге ат беру былай тұрсын, асын беру үшін қаншама қиындыққа тап болғанымызды жоғарыда айттым. Заманбек пен Алтынбектің, Асхат сияқты бейкүнә азаматтың атын ардақтау үшін, елдегі жүйе өзгеруі керек. Бүгінгі қасарысқан авторитаризм жағдайында сүйегі асыл аруақтарды ұлықтау мүмкін емес. Алдымен Зәкең мен Алтынбектің қазасына қатысты құпия ашылуы керек шығар.

Иә, бүгінде әркім мойындайды: Алматының айналасындағы шағын аудандар мен елді мекендерге қазақтардың қоныстануына бірден-бір себепкер болған адам – Нұрқаділов. Қала сыртындағы «Думан», «Шаңырақ», «Бақай», «Таугүл» аудандарын, Рысқұлов көшелерінің төменгі жағындағы, Əл-Фарабидің жоғарғы жағындағы иен жатқан жерлердің бəріне қазақтардың қоныстануы Нұрқаділовтің кезінде басталды. Осы күнге дейін Алматыны басқарған қай әкім қазаққа Нұрқаділов жасаған жақсылықтың жұрнағын жасады?!

Көзі көрген, білетін жұрттың айтуынша, Зәкең Алматы базарларын жаулай бастаған қытайларға шектеу қойып, оларды ел шетіне кіргізбеуді қадағалаған екен. «Барахолкадағы» қытайлар өздері тығылып отырып, тауарларын қазақтарға саттырыпты. «Қытай қаупін» осыдан 15 жыл бұрын білген азаматтың көзі тірі болғанда, қауіптің алдын алар ма едік деп, іштей өкініп жүремін.

Назарбаевтың атын көзі тірісінде қала мен көшелерге, әуежайға, оқу орны дейсіз бе, кез келген жерге жапсырып жатқандар Заманбектен зәредей қорқатыны құпия емес. Бірақ қазаққа Заманбектей қызмет қылған әкім болмағаны тағы аян…

– Жағымпаздар үстем болған заманда өмір сүріп жатырмыз. Заманбек пен Алтынбек қаза болғаннан кейін, саяси құрбандардың аруағына бес жылдан соң тиісті үкіметтік қаулының аясында тағзым жасауға болар еді. Ал Зәкеңнің қайтыс болғанына биыл 15 жыл толады. Бірақ қаулы талаптарын орындап жатқан билікті көрген жоқпыз. Дегенмен мұны саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар қолға алуы тиіс. Заманбек батыр атаусыз қалмауы керек. Тарихта небір қиын заман өткен. Билік мойындамаса қойсын: Заманбектің аты тарихта қалды, оны ешкім өшіре алмайды. Өзі айтқандай, «бәріне уақыт пен халық төреші».

Ол кісі Алматыда қазақтардың санын көбейтуге үлкен үлес қосты. Алматыдан жер алып, үй салған қарапайым ауыл қазағы да, сол кісінің қамқорлығымен баспаналы болғаны зиялы қауым өкілдері де аз емес. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев: «Біз Алматыны жаулаған келімсектердің тауыққорасында тұрған кезде Нұрқаділов қалалық атқару комитетіне төраға болып келіп, қазақтың 2000 жазушысы мен өнер адамдарын пәтермен қамтамасыз етті», – деген еді.

Алматы қаласында сол кезде 8 аудан болған, оның алтауының «Паспорт үстелінде» басшылықта отырған орыстарды қазаққа ауыстырды. Бұрын Алматыда 24 пайыз ғана қазақ болса, Зәкең қаланы басқарған жылдары бұл көрсеткіш 43 пайызға көтерілді. Көшелердің атын ауыстыруға да белсене араласты.

Шәмші Қалдаяқовқа «Халық әртісі» атағын алып берген де осы кісі екенін бәріміз білеміз. Мақпал жеңгемізге үйленген себебінің бірі осы – өнерге деген құрметі екен ғой.

Бірді айтып, бірге кетті дей көрмеңіздер, кезінде ет өнеркәсібі министрі болған Алыбаев деген ағамыз 2003 жылы бір аста отырғанда: «Осы жүйе Заманбекті құрбан етеді-ау!..» – дегені бар еді. Әулие екен, екі жыл өтпей жатып, Зәкең оққа ұшты…

Қоғамда жаңа буын өсіп келе жатыр. Осы ұрпақ күні кешегі Заманбек ағаға қатысты деректерден хабарсыз. Қазақстанның жаңа тарихындағы «ақтаңдақтардың» айтылмауына Назарбаев себепкер деген пікірге орай не айтар едіңіз?

– Қандай құдірет болса да, уақыт пен тарихтың тегеуріне қарсы тұра алмайды. Он бес жыл тарих үшін аз уақыт емес, ұрпақ жаңарады, заман талабы өзгереді. Біріншіден, билікке бағынышты БАҚ – Заманбек пен Алтынбек туралы, демократиялық алаңда қуғынға түскен, саяси күштер мен саяси тұлғаларға қатысты ақпарат бермейді. Көз көргендердің қатары азайды. Жағымпаз жантықтардың билікті мақтаудан аузы босамайды. Арда азаматтарды үнемі еске алып, ақпарат жариялап отыратын «ДАТ»-қа рахмет дейміз!

Алдағы уақытта Заманбек ағаның рухына қатысты шаралар жүргізу ойда бар ма?

– Жыл сайын биллиард турнирін өткізіп, түрлі шара ұйымдастырып, басына барып, құран бағыштаймыз. Күн өткен сайын еске алатындардың қатары сиреп жатыр. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» деген рас екен, соңғы бір-екі жылда Рысбек аға екеуіміз ғана басына баратын болдық. Дос-жарандары, саясаттағы әріптестері де азайды.

Мақпал жеңгемізге рахмет, еркектер «сынып» жатқанда, жалғыз өзі Зәкеңнің мұражайын ұстап отыр. Зәкеңді құрметтейтін ел-жұрты мұражайға барып, өзін көргендей болып қайтады. Мақпал Зәкеңнің Мерейін өсіріп отыр. Амандық болса, ол қызымыз биыл мектеп бітіреді. Ақ жол тілейміз!

Ғабиден мырза, сұхбатыңызға рахмет! Заманбек ағамыздың жұмақтағы жаны тірілерге салауат болсын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн