Ғазиз АЛДАМЖАРОВ: ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ АТАСЫ – Серікболсын Әбділдин деп санаймын!

– Ғазеке, сіз Серікболсын ағаның сенімді серігі, партиялас әріптесі, жақын тартқан інісі болдыңыз: сіздерді табыстырған қай жол?  

– Бізді алғаш таныстырған, табыстырған – саясаттың жолы болды. Содан бері Секеңді 30 жылдан бері білуші едім. Отбасымызбен араластық. Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда, ол кісінің тұла бойынан қылаудай кінәрат таба алмайсыз. Секеңе ешкім ешуақытта сын айтып, кінә таға алмайды! Халқына таза, әділ қызмет етті, қазағына, еліне ерен жанашыр болды.

Кезінде Атырау облысының бірінші хатшылығынан босаған кезімде қасына шақырды: Жоғарғы Кеңестің Бюджет және экономика комитетінің төрағасы марқұм Сауық Тәкежановтың орынбасары болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің қалыптасуына қажет көптеген заңдарды бірлесіп шығардық.

– Марқұм ағамыздың бойындағы басты ерекшелік не еді?

– Секең туа біткен зиялы (интеллигент) азамат болды. Қатты ашуланып, дауысын көтергенін көрмедім, сабырлы қалпынан айныған емес. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға бар күшін салып, еңбек еткен адам. Тәуелсіздіктің тағанын тұрғызған адамның бірі Секең екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, Нұрсұлтан Назарбаев бәрін өзі жасағандай болып шыға келеді. Мен тірі куәмін, менен басқа да көзі тірі депутат болған азаматтар бар: Секеңнің еңбегі ерен болды. Тәуелсіздік Декларациясын қабылдау жөніндегі заңды құжаттарды жасау, оны қабылдауға қажетті алғы шарттың бәрі ең алдымен Секеңнің қолынан өтті. Мен Қазақстан Тәуелсіздігінің атасы – Әбділдин деп санаймын! Қазақ халқының лидері, көшбасшысы да – Әбділдин! Жаңадан іргесін қалаған Қазақстанның Ата заңынан бастап, басқа да заңнамалық құжаттық негіздерін қалыптастыру жолында Секеңнің ақылы, даналығы, парасаттылығы, қолының табы, ізі жатыр.

– Серікболсын ағаның Нұрсұлтан Назарбаевпен жолы қай кезде айырылды? Есіңізде бар ма?

– Әрине, ол тарихқа жазылған дерек деп санаймын. Алғашқы келіспеушілік 1993 жылғы Ата заңға өзгеріс енгізуден басталды. Назарбаев президент ретінде билікті тұтастай қолына алмақ болды, Секең – халықтық билікке, парламентке қарай тартты. Одан кейін елде жекешелендіру процесінің бей-берекеттігіне, мемлекет басқару ісі авторитарлық жүйеге қарай бет бұрғанына Секең көзін жұмып, қарап отыра алмады.

Сол келіспеушілік Секеңнің президенттік сайлауға түсуіне себепкер болды. 1999 жылғы президенттік сайлауда Секең жеңіске жетті, сол жеңісін мойындағысы келмеген билік екінші турды өткізбей қойғаны тарихи деректерде сайрап жатыр. Халықтың 60–70 пайыз дауысына ие болған азаматты қалай лидер деп айтпайсыз?! Бұны біреу қабылдар, біреулер қарсы болар – бірақ тарихи шындыққа жүгінудің ақиқаты осы!

– Айтпақшы, Секең Қазақстан Компартиясына қалай тап болды? Ол кісінің ішкі дүниесі – демократ, танымы – социалшыл, өресі – зиялы адам еді ғой…

– Сіз білесіз бе, бұны басқа көпшілік те білмеуі мүмкін: Секең бұрын Компартияның Орталық Комитеті түгілі, бастауыш партия ұйымын басқарып көрмеген коммунист еді! Кеңес үкіметі құлаған кезге дейін ешуақытта аудан, облыс, тіпті республика деңгейінде партиялық қызмет атқармаған адам. Сөйте тұра, ол кісі Кеңестер Одағымен бірге құрыған Компартияны қайтадан орнына келтіру үшін жұмыс істеді. Және Секең маркстік-лениндік ілімді жалғастыру үшін емес, Компартияны авторитарлық билікке қарсы тұру құралы ретінде басқаруға бел буған адам болды. Марқұмның даналығы мен қайраткерлігінің басты белгісі де осы! Секең сол кезде коммунистік жүйені жақсы көргеннен емес, кеңестік кезең ыдырап, партиялық жүйеге бағынған қазақты жаңа заманның талаптарына топтастыру үшін, Компартияға жаңа сипат беруге тырысты.

Екінші жағынан, халықты автократиялық жолға түсіп бара жатқан биліктен қорғаудың сол кездегі жалғыз саяси күші Компартия болды. Секеңнің басқаруындағы жаңа сипатты партия қоғамда өте белсенді қызмет жүргізді, партияға нағыз халықтық, демократиялық сипат берді. Секең мен оның саяси жақтастары болмағанда, бәлкім, ендігі Түркменияның күнін кешіп отырар ма едік?!

– Ғазиз аға, тағы да өткенге шегініс жасасақ: Әбділдиннің Коммунистік партияны сізге тапсыру кезеңі қалай болған еді?

– Бұның ешқандай құпиясы жоқ: Секең партияны жасарту үшін, кезіндегі нағыз «қызыл коммунистердің» ықпалын азайту үшін, тізгінді жаңаша ойлайтын ұрпаққа беруді армандап жүрді. Ол кезде менің 60-қа толмаған кезім: Әкежан Қажыгелдинмен бірге «РНПК» партиясын басқарып жүрген едім. 90-жылдардың соңында бұл партияны билік қайтадан тіркеуге алмады.

Кейіннен Секең мені өзіне шақырып алып: «Компартияны 14 жылға жуық басқардым, бір орында мәңгілік тырмысып отыруға болмайды, енді жетекшілікті жаңа ұрпаққа тапсыру керек, тізгінді қолыңа ал», – деді. Мен де жанып тұрған коммунист емес едім: Секеңнен ұялғанымнан ақылман ағаның ұсынысын жерге тастай алмадым, партияға келдім.

Секең 2010 жылы орнын босатқаннан кейін, ғылыми және оқытушылық қызметпен айналысты. Дегенмен де Әбділдиннің өзінен де, партиясынан да үркетін билік партияны жабу үшін нешетүрлі айла-шарғыларын жасап, ақыры заңсыз сот шешімімен жауып тынды.

– Серікболсын ағаның партиясы болмаса да, өзін құрмет тұтатын қарапайым халықтың нөпірін оны соңғы сапарға шығарып салғанда көрдік. Бірақ мемлекет тарапынан жерлеу комиссиясы құрылып, ресми биліктен – президенттен бастап, үкімет, парламент жетекшілері тік тұрып, құрмет жасауы керек еді. Көзі тірісінде Секеңнен жасқанатын билік о дүниеге кетіп бара жатқан Әбділдиннен неге қорықты екен?

– Тірімен күресу – заңдылық, билікті ұстап тұрудың амалы деп қабылдайық. Ал өлімен алысу – ұят, масқара жағдай! Соғыс заманында әскери басшылар, батырлар жау қолында қаза тапса да, оларды құрметпен жерлейтінін білеміз. Тіпті фашистердің өзі тұтқынға түскен генерал Карбышевты салют атып, құрметпен жерлеген. Біздің жоғарғы билік фашист құрлы болмады. Алматының жергілікті билігі болмағанда, Ақорда мен «кітапхана» тіптен абыройсыз қалады екен!

Иә, алып азамат, теңдессіз тұлға көзін жұмған кезде биліктің бойындағы құлдық инстинг оянды, көреалмаушылық психология қылаң берді. Біздің биліктің өресі төмен екеніне Секеңнің қазасында тағы бір рет көзіміз жетті. Мемлекеттегі екінші адам санатындағы азаматтың сіңірген еңбегіне, Тәуелсіздіктің іргетасын қалаған тұлғаға барлық құрмет лайық екенін бағалай алмады. Соңғы рет тағзым жасауға жарамады. Қазақ халқының болашағы үшін қызмет еткен адамды қалай ұмытуға болады?!

Секең көзі тірісінде айтып еді: «Назарбаевтың жеке басында менің шаруам жоқ, мен оның жүргізіп отырған билігімен келіспеймін», –деп. Сол биліктің өресіз, зердесіз, озбыр екеніне тағы бір рет көзіміз жетті. Секеңе жасалмаған құрметтің астарында Назарбаевтың ишарасы жатқаны анық.

– Бүгінде елді басқаратын президент Тоқаев деп, қарсы уәж айтуға болар еді, бірақ тәуелсіз сарапшылар мен қоғам өкілдері елде қос биліктің қалыптасқанын айтып та, жазып та жатыр. Сіз не дейсіз?

– Осы мәселе бізді әлемдік қауымдастықтың алдында ұятқа қалдырып отырған жәйт. Қызметтен кеткен президент жаңадан сайланған президенттің құзырына қол сұғып отырғанын кімнен жасырамыз? Тоқаевты толыққанды президент деп айта алмаймын. Заң жобасын қабылдауда, жоғары лауазымдағы шенеуніктерді тағайындау барысында, бұрынғы президентпен келісу немесе ақылдасу қандай логикаға сыяды? Әр президенттің өз жолы, ойы, болашаққа деген жоспары бар, сол жоспарына сай қызмет атқармаса, екінші бір адамға жүгінсе, ол қандай президент?! Өкініштісі сол – 18 миллионға толар-толмас қана халқы бар елде екі президенттің болуы масқара жағдай емес пе?!

Назарбаевтың тақтан айырылғысы келмей отырған себебі – өзінің қара басының қамын күйттегені. Себебі тақтан тайса, халық оның кемшіліктерін бетіне басып, жауабын сұрап, талап қоюы, тіпті қылмысты жауапкершілікке дейін тартуы мүмкін. Ол қазаққа жаны ауырып, елдің болашағы үшін қызметтен кете алмай отырған жоқ.

Екі адам билікте отырғанда, мемлекеттік іс оңбайды. Өткен айда Мәскеуде, Петербургта, Бакуде ел президенттері жиналды, сол жиынға қызметінен кеткен президенттің қатысқаны саяси-дипломатиялық этикет, халықаралық юридикция түгілі, қарапайым адами қадір-қасиетке сыймайтын жағдай болды. Сол жиында құжаттар қабылданып, ресми мәмілелер жасалды, оның жауапкершілігін кім мойнына алады? Ертеңгі күні президент Тоқаевтан мәселенің мән-жайы туралы сұраған кезде: «Назарбаевтан біліңіздер» дей ме? Мемлекет басқару ісінде жауапты адам кім? Қай кезеңде болмасын, тарихта дуумвират (екі адамның басқаруы) болған кезде мемлекеттер күйреген.

Осылай жалғаса берсе, ол қатер бізге де тықыр таяндырады.

– Қоғамда «Оян, Қазақстан!», «Республика», «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» сияқты жаңадан құрылған жастар ұйымы, қозғалыстар пайда болды. Сол жастардан қандай үміт күтесіз?

– Жастардың көзін ашқаны, оянғаны жақсы құбылыс. Бірақ билік олардың да бір-бірімен ұйымдаса кеткенін қош көрмей, арасына жік салып жатқаны байқалады. Елдегі жаңа саяси қозғалыстар ең алдымен Ата заңның 1993 жылғы нұсқасын қалпына келтіріп, саяси жүйені түбірімен өзгерту мәселесін қолға алуы керек. Ол үшін «Сайлау туралы», «Бейбіт жиындар», «Бақ туралы» заңдарды халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, сайлау комиссиялары қайтадан жасақталуы тиіс.

Назарбаевтың өкілеттігін бекітіп отырған – парламент. Ендеше жаңадан сайланған президент өзін қолдайтын депутаттардың командасын жасақтауға тиіс. Бүгінгі парламентте президент Тоқаевты қолдайтын ешкім жоқ, бәрі Назарбаевтың жандайшаптары. Халық сайлаған депутттар емес, Назарбаев «тағайындаған» депутаттар.

– Дұрыс айтасыз, Серікболсын ағаны шығарып салғаннан кейін де саясаттың әңгімесін жалғастыруға тура келді. Ендігі ұрпақ қоғамды Секеңсіз өзгертуге тиісті. Әбділдиннің айтып кеткен сөзі, ғалымның жазып кеткен хатының өміршеңдігі қандай болар екен?

– Секеңнің айтқан идеясы барлығы да қазақтың болашағына қатысты, дамудың дұрыс жолына түсіп, ұрпақтарымыз игілігін көретін азат қоғам орнату. Еліміздің алғашқы ширек ғасыр тәуелсіздігі тек сөзбен дақпыртталып, іс жүзінде босқа өткенін Серікболсын Әбділдин нақты ресми мәліметтермен дәлелдеп кетті. Қаншама ғылыми еңбектер жазды, болашақ дамудың бағыт-бағдарын да жасап кетті, мақсатқа жетелейтін ұрпаққа мол мұра қалдырды. Нарық жағдайындағы экономикалық зерттеулер мен ұсыныстарды іске асыратын жастардың қатары бар, соларға сенемін! Секеңнің арманы орындалады, мәңгілік ештеңе жоқ, қоғам да, билік те өзгереді, өзгертетін ұрпақ жалғастығы өсіп келе жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет! Серікболсын ағамыздың алдынан жарылқасын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн