Қазақстандағы ең ірі ҰЛТАРАЛЫҚ ҰРЫСТАР

  • 1950–2020 жылдар аралығында Қазақстанда 10 ірі ұлтаралық қақтығыс болған екен. Оның төртеуі шешендермен, екеуі – түрік, қалғаны – ұйғыр, тәжік, армян және дүнген ұлыстарының қатысумен өткен.

1951 жыл. Шығыс Қазақстан. Шешендер.

  • Өскемен рудниктерінде орын алған бұл қақтығысқа қазақтар қатысқан жоқ. Жанжал рудник жұмысшылары – орыстар мен шешендер арасында болды. Рудниктерде түрмеден босап шыққандардың көптігі салдарынан түрлі қылмыстық әрекеттер жасалды. Оқиғаның нақты неден басталғаны құпия сақталды.

1989 жыл. Жаңаөзен. Шешендер.

  • Би алаңында қазақтар мен кавказдықтар арасындағы төбелестің соңы бүкіл қала қазақтарының көтерілуіне әкеліп соқты. Бұл толқудың мұрағат құжаттары әлі күнге құпия күйінде сақтаулы. Екі жүзге жуық адам қаза тапқан деген бейресми дерек бар. Жаңаөзенге арнайы жасақтар кіргізілгеннен кейін, жергілікті шешендер түгелімен көшірілген. Толқу төрт күн бойы толастамаған.

1992 жыл. Өскемен. Шешендер.

  • Арматура зауытының жатақханасында төрт қазақ жігітінің мәйіті табылғаннан кейін, қылмыс шешендер тарапынан жасалды деген қауесет тарап, адамдар көтеріле бастайды. Халық шешендер тұратын Овечий Ключ ауылына топтасып бет алған. Милицияның араласуымен қарулы қақтығысқа жол берілмеді.

2006 жыл. Теңіз. Түрік жұмысшылары.

  • Теңіз мұнай кен орнындағы түрік және қазақстандық жұмысшылардың жаппай төбелесі болды. Төбелес жұмысшылардың асханадағы кикілжіңінен басталған. Оның арты қарулы қақтығысқа ұласты. Нәтижесінде жарақат алған жүзден астам түрік жұмысшысы шұғыл елдеріне қайтарылды. 

2006. Шелек. Ұйғырлар.

  • «Cтарый замок» кафесінде күтпеген жерден қазақ пен ұйғыр жастарының арасында қақтығыс болды. Арты жастардың өз жақтастарын жинай бастауына әкеліп соққан. Іске ақсақалдар араласып, жастарды бітімге шақырып, қантөгіс дер кезінде тоқтатылды.

2007 жыл. Казатком, Маловодное. Шешендер.

  • Болмашы тұрмыстық кикілжіңнен шыққан өрт Махмахановтар әулетінің трагедиясына алып келді. «Ботагөз» бильярд клубында жергілікті тұрғынның бірі Бекжан Сәлімбаев Магомед Махмахановпен жұдырықтасқан. Сол күні кешке Магомедтің інісі Тахир Бекжанды көлігімен қағып, аяғын травматикалық тапаншамен жаралайды. Жиналған халыққа ағайынды Махмахановтар оқ жаудырып, нәтижесінде екі қазақ қаза табады. Артынан ауыл тұрғындары Махмахановтардың үйін өртеп, үш ағайынды шешен жігітін өлтіреді. 

2015 жыл. Бостандық, Ынтымақ ауылдары. Тәжіктер.

  • Бұл қақтығысқа Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың тәжік азаматының қолынан қаза табуы себеп болды. Жергілікті қазақтар көтеріліп, тәжіктердің бірнеше тұрғын үйлері мен көліктерін өртейді. Артықовтың туыстары ауыл қазақтарынан тәжіктерді көшіруді өтінді. Соңынан бірнеше тәжік отбасы қоныс аударды.

2016 жыл. Бурыл. Түріктер.

  • Түрік ұлтының 17 жасар жасөспірімі ұрлық жасау мақсатымен қазақтың үйіне түсіп, қылмысқа куәгер болған 5 жасар баланы пышақтап өлтірген. Ауыл қазақтары бірден көтеріліп, жергілікті түріктердің үйлерін қоршауға алып, тас жаудырады. Жанжалға ақсақалдар мен полиция араша түсіп, тараптар мәмілеге келді.

2018 жыл. Қарағанды. Армяндар.

  • Қарағандыда «Ежелгі Рим» мейрамханасында қонақтар мен мейрамхана қызметкерлері арасында төбелес болды. Нәтижесінде бір қазақ өліп, тағы бірнеше адам жарақат алды. Қалада армяндарға қарсы наразылық митингтері өтіп, әлеуметтік желілерде түрлі үндеулер жарияланды. Бірнеше армян отбасы репрессиядан қорқып, қаланы тастап кетті.

2020 жыл. Масаншы оқиғасы. Дүнгендер.

  • Ресми ақпарат бойынша, Сортөбе ауылында ұлты дүнген көлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Осыған байланысты полицейлер мен жүргізушінің туыстары арасында жанжал туып, жергілікті дүнгендер полиция көлігіне тас атып, оларды соққыға жыққан. Дүнгендердің бұл бассыздығына наразы болған қордайлық қазақтар көтеріліп, дүнгендер тұратын бірнеше ауылдағы үйлер мен көліктер өртеліп, 10 адам қаза тапқын, 150-ге жуық адам түрлі жарақат алған.

Nege.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн