Қазақстандағы сот саласы ЖАБЫҚ корпорацияға айналды

Абзал ҚҰСПАН

– Билікке жақын интернет ресурстар арқылы сіздің соттарға қатысты депутаттық сауалыңызға «шабуыл» басталған сияқты. Алдымен газет оқырманына сол сауалдың мән-мазмұнын айтып беріңізші?

– Шынымен де, депутаттық сауал жарияланған күннен бастап мұндай ақпараттық шабуылдың бірін емес, бірнешеуін бастан өткердім. Ең алғаш осы депутаттық сауал жарияланған күні Tengrinews.kz бастаған бірқатар ақпарат сайттары «Депутат судьялардың үстінен премьер-министрге шағымданды» деп, менің депутаттық сауалымның толық мәнін жарияламай, қазақ және орыс тілінде қысқа-шолақ мақалалар жариялады. Иә, бұл депутаттық сауал премьер-министрге бағытталды. Қолданыстағы регламент бойынша, біріншіден, біз Жоғарғы сот төрағасы мен Президенттің әкімшілігіне, Қауіпсіздік кеңесіне депутаттық сауал жолдай алмаймыз. Осылай деп регламентпен шектелсе, басқа кімге жолдауым керек? 

Екіншіден, дәл сол кезде Үкіметте осы судьяларға қатысты заң жобасы қаралып жатты. Заң жобасы біздің Мәжіліске түскен жоқ. Осыған байланысты «міне, сіздер заң жобасын қарастырып жатырсыздар, халыққа жақындатыңыздар, мынандай концепцияда нормаларды көздегендеріңіз жөн» деп негіздегенмін. Бірақ соны сіз айтып отырғандай, билікке жақын сайттар депутаттық сауалда анық-қанық жазылып тұрған сол сөздерді толығымен көрсетпей, өздеріне ыңғайлы теріс мазмұнда жариялаған екен. 

– Сонда бұл шабуылдың мақсаты не болған деп ойлайсыз?

– Ол мақсатты ұйымдастырушылардан сұрау керек. Ал маған қарсы жарияланған сол интернет желілеріндегі посттардың астында жарияланған комментарийлерден бұл шабуылдың шынымен-ақ ұйымдастырылғанын айқын аңғаруға болады.

Ол аз десеңіз, посттардың астында нешетүрлі кекету-мұқатулар да толып тұр. «Бұл заң білмейді екен ғой! Премьер-министр судьяларға не істей алады? Анаған жарияламай ма, мынаған жарияламай ма?» деген мазмұнда ақпараттық шабуылдың біраз толқыны сол кезде өткен еді.

– Ал енді уақыт өте келе, осыған орай қандай сараптамалық тұжырым жасадыңыз? 

– Қазақстан Конституциясының 3-бабы, 1-бөлігіне сәйкес, биліктің жалғыз қайнар көзі – халық деп көрсетілген! «Судьялардың тәуелсіздігі» деген ұғым олар халықтан жоғары тұрады дегенді білдірмесе керек-ті! Конституцияға сәйкес, халық атынан билікті жүзеге асыру үш тармақтан тұратын билік органына жүктелген, олар – Үкімет, Парламент және сот билігі. Биліктің алғашқы екі тармағына қатысты халық, яғни еліміздің азаматтары сайлау арқылы, жылына бір реттен кем емес есеп алу арқылы әсер ете алатын болса, үшінші – сот билігіне келер болсақ, судьяларды қызметке тағайындау, босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту процесінің ешқайсысына ел азаматтары араласпайды. Бұрындары сот алқа және сот төрағалары деңгейінде азаматтарды қабылдайтын, қазір ол практиканы да толық тоқтатты. Салдарынан Қазақстандағы сот саласы бүгінгі күні жабық корпорацияға айналды.

Іс жүзінде жергілікті жердегі судья өзінен жоғары тұрған сот басшылығымен жақсы болса – болды, қандай жағдай орын алса да, оның басындағы бір тал шашы түспейді. 

Былтыр өзім сайланған округ әрі туған жерім БҚО, Жаңақала ауылында аудандық судьяның бойжетіп қалған қызы аудан халқын әлеуметтік желі арқылы қарғап-сілеп, тура мағынасында боқтап-балағаттайды. Судья кәмелетке толмаған баланың әкесі ретінде аудан халқынан басын иіп, кешірім сұраудың орнына, керісінше, аудан халқы атынан әділдік іздеп, адвокат жалдап, сотқа барған 6 азаматпен соттасып, олардың әрқайсысынан 100 мың теңгеден 600 мың теңге ақша өндіріп алды. Ондай жағдай өз басымнан да өткен. Одан кейін, адвокаттық тәжірибемде бір жарым беттік қаулыда 74 қате жіберген, сот процесінде қайта-қайта қорылдап ұйықтап кеткен, мансабын пайдаланып, қайтыс болған ірі бизнесменнің атына өзінің қызын жаздырып, кейін бизнесменнің отбасымен мұрагерлік мүлікке таласқан судьялар туралы кезінде әлеуметтік желіде ашық жазған едім. Нәтижесінде «судьяға құрметсіздік көрсеткенім үшін» өзімнің үстімнен қылмыстық іс қозғалып, сау басыма сақина тілеп алғандай болғам. Ал ол судьялар түк болмағандай, күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы атынан сот төрелігін жүзеге асыруда. Жалпы бұндай деректерді тізбелер болсақ, көптеп кездеседі.

– Ендеше «неге олай?» деген сұраққа жауап іздеп көрелікші?..

– Бұл арадағы мәселе кезінде соттар өздеріне ыңғайлап жазылған нормативтік актілерде жатқанын көреміз.

Соның бірі 2001 жылғы президент Жарлығымен бекітілген «Сот жюриі туралы» ереже. Оған сәйкес, судьялардың тәртіптік жауапкершілігін ЖСК (Жоғарғы сот кеңесі) жанындағы құрамы 9 адамнан тұратын комиссия, яғни жюри шешеді, жюридің 6 адамы судьялардың өздері болса, 1 ЖСК мүшесі, 1 заңгер, 1 адвокаттан тұрады. Бұндай жағдайда қандай объективтілік болуы мүмкін? Мысалы, адвокатура саласында облыстық және РАА жанынан тәртіптік кеңестер құрылған, онда халықтың атынан депутаттар қатысады, олардың қатарында осы Мәжілістен де әріптестерім бар.

Жалпы, «ескі Қазақстан» кезінде судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын сақтамай, кім көрінген судьялық лауазымға қол жеткізіп кеткені жасырын емес. Ол туралы басқа емес, сол сот саласының басшылығында болған азаматтардың өздері де уақытында ашық айтты, судьяларды айыптау органдарының шешімін заңдастырып беретін нотариустарға да теңеді. Енді халық осындай судьялардан тура мағынасында зардап шегуде.

– Мұндай судьялардан құтылудың амалы жоқ па? 

– Біріншіден, судьялар жабық құрылымға айналды. Ол ешқандай дәлелді қажет етпейтін факт. Кез келген азаматтың, осы кезге дейін сотқа күні түскен адамның бәрінің басындағы жағдай. Жоғарғы соттың төрағасы азаматтарды қабылдамайды. Иә, «қабылдаймыз» деп ақталады. Бірақ шын мәнінде оның қабылдауына ешкім кіре алмайды. Ол – осы саладағы жұмысты үйлестіруші бірден-бір тұлға. Сот саласындағы өте маңызды лауазымгер. Сондағы айтатыны: «сот дейтін – әрқайсысы тәуелсіз судьялар» тырнақшаның ішінде айтқанда, өздерінің ойынша тәуелсіз. Сондықтан «олардың барлығын қабылдасам да, ешқандай рөлім жоқ қой», дейді.

Шындығында, қандай тәуелсіз екендігін біз жақсы білеміз. Облыстық сотта – облыстық соттың төрағасы, мысалы үшін, республикалық мағынасы бар қалаларда – қалалық соттың төрағасы, олардың алқа төрағалары: қылмыстық істер бойынша – қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, азаматтық істер бойынша – азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы және әкімшілік істер бойынша – әкімшілік істер жөніндегі сот алқа төрағалары шын мәнінде өз саласындағы істерге толығымен жауапты. Оны бәріміз де білеміз.

Мысал ретінде облысты алып көрейікші. Облыс көлемінде көптеген судьялар бар. Сол облыстық сотта бірнеше ауданды біріктіріп, куратор тағайындалған. Ресми ондай қызмет жоқ, бірақ бірнеше ауданға облыстық сотта бір-бір куратор тағайындалған. Әрбір аудандағы судьялар үкім шығарар кезде, шешім қабылдар кезде: қылмыстық іс бойынша – үкім, азаматтық іс бойынша – шешім, әкімшілік іс бойынша – қаулы қабылдайды. Енді әкімшілік іс бойынша келісім алды деп айта алмаймын, бірақ қылмыстық және азаматтық істер бойынша өздерінің кураторларына келіп, солар қандай үкім шығар десе, соны тағайындайды. Ол барлығымызға айқын. Мен осыны меңзеп айтып отырмын: ақыры осындай жүйеден құтыла алмай отыр екенсіздер, онда азаматтарды қабылдаңыздар, өздеріңіз де істің мән-жайын түсініп, жете ұғыныңыздар және жалпы ұйымдастыру бағытында да ол шешімдер қабылдануы керек деймін. Бірақ соған бой бермейді. «Бізде судьялардың бәрі шын мәнінде тәуелсіз, біз оны қабылдауға тиісті емеспіз» дейді. 

Содан кейін тағы бір айтарым: өздері шектеулі бір график қойып қойған. Алайда Мәжілістің қоғамдық қабылдау бөліміне күніне келіп жатқан жүздеген азаматтардың барлығының айтуы бойынша: «Біз ешқашан еш уақытта Жоғарғы сот төрағасының қабылдауында болып көрген емеспіз», – дейді. Сондықтан бұлар «бізде тәуелсіз» деп, толығымен өздерін тәуелсіз санап, қызметін өздеріне өте қолайлы қылып алды. Мұның қарапайым ғана дәлелі – күні кеше ғана Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында қалалық соттың төрағасы екі заң қорғаушымен бірге пара алғандығы үшін ұсталды.

Ал сонда, егер олар тәуелсіз болса, қалалық соттың төрағасына заң қорғаушылар неге пара апарып береді? Ол іс тіпті оның өзінің өндірісінде болмаған, басқа судьяның өндірісінде болған. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Күні кеше ғана болған жағдай ретінде айтып отырмын. Әйтпесе ол азаматтардың барлығын танимын. Жалпы жағдайды іштей білемін. Сондықтан бұл бар болғаны халыққа ашығырақ болайықшы деген ұсынысым ғана еді. 

– Ал сіздің тұжырым топшылауыңыз бойынша, екінші себеп қандай?

– Халықты қабылдамауы – бір себеп болса, ең негізгі екінші себебі – сол кезде Жоғарғы соттың кассациялық алқасы кассациялық істерді қарамады. Яғни, бір судья азаматтың кассациялық шағымын қарау кезінде кассациялық сот өндірісін қозғауға негіз жоқ деп, жарты парақ қағазбен қайтарып жібереді. Бұрын кассация мәні бойынша қарайтын. Артынша екі жақтың тараптары мен заң қорғаушылары келетін, прокурор қатысатын. Адам өзінің барлық ойын қағазға түсіре алмағандықтан, сот жазу сөзі болатын. Сол кезде қағазға түсіре алмаған ойын ауызша эмоциямен жеткізетін. Бұл сол кассациялық сатыны қалпына келтіріңіз деген бағытта берілген депутаттық сауал болатын. Кейін кассациялық сотты құрту – бұл өз алдына бөлек бір әңгіме. Оны кейінірек бір сұхбатта қамти кетермін. 

Яғни, бірінші себеп – Жоғарғы сот төрағасынан бастап, алқа төрағалар азаматтарды қабылдауға ашық болса деген, қазір бұл сыннан кейін, алқа төрағалар азаматтарды аздап қабылдай бастады деп естідім.

Екіншісі – кассациялық сот алқасын қалпына келтіру керек, бұрынғыша мәніне қарасын. Оны да ішінара өзгертуге қол жеткізу депутаттық сауал арқылы жүзеге асады.

– Жалпы, Жоғарғы сот әкімшілігі деген кім? Ол немен айналысады деген сұраққа жауап бере кетіңізші…

– Ол былайша айтқанда, судьяларды жұмысқа алып, іс жүзінде тағайындататын орган. Қандай да бір құқық бұзушылық жасаған судьялар болса, соларға қатысты тәртіптік шараларды қолданатын осы Жоғарғы сот әкімшілігі. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, олар судьялардың қызметін үйлестірумен айналысады. Енді түсінікті болу үшін айтсам, «Бұны Президент тағайындайды», «Президенттің жарлығымен тағайындалады», «Сот басшылығының оған қатысы жоқ» деп біреулер айтып жатады. Әрине, тікелей қатысы бар. Қалғандары бос сөз. Мысалы, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық сотының судьясын Президент қайдан тануы мүмкін, оны қайдан біледі? Оның үстіне қызметке тағайындау туралы бір жарлық қалыпты деген кезде. Онда ондаған, жүздеген адамның тізімін бірден алып келеді. Сол себепті Президенттің атын пайдалану Назарбаевтың кезінде енген жүйе.

Бір жағынан, судьялардың беделін көтеру үшін ол дұрыс шешім болған шығар. Бірақ негізі осы сот саласының кадрлық саясатына бірден-бір жауапты – Жоғарғы сот әкімшілігі. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған кезде қарастыратын оның өз комиссиясы бар. Ол кілең судьялардан тұрады, адвокатурадан бір ғана өкіл, заңгерлерден бір ғана өкіл, қалғандары, былайша айтқанда, іс жүзіндегі судьялар. Қоғамға неге ашық емессіздер деп осыны айтып, дабыл қағып отырмын.

Мысалы үшін, қазіргі таңда қоғамда қандай абсурдтық жағдай қалыптасты? Бұрын Кеңес жүйесі кезінде судьялар халықтың алдында әлдеқайда ашық болды. Халыққа әлдеқайда жақын болды деп есептеймін. Мысалға алар болсақ, аудандық деңгейде іс қараған кезде судьяның қасында екі халық сот алқа билері болды. Олардың екеуі де ауылдың қарапайым тұрғындары. Олар ауылдағы елдің, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, жағдайымен жете таныс. Ал қазір судья бір өзі шешім қабылдайды. Жаңа айтқандай, жоғарыдағы басшыларының, кураторларының берген нұсқауымен үкім шығарады. Ол ауылдағы анау адамның жағдайын біліп, тіпті түсініп отырған жағдайдың өзінде де, оны ескере алмайды.

Былайша айтқанда, математиктер сияқты, жай ғана қадалып жазылған формулаға салып, ресми түрде сот үкімдерін шығарады. Судья – отырған бір тап-таза, кіршіксіз бейне. Бұл жерде түсінікті болу үшін айтайын: мысалы, бір ауылда бір баппен екі адамның ісі бөлек-бөлек қарастырылады, екеуі де ұрлық жасады. Бұрын халық сот алқа билері алдына келіп, «бұның үйіндегі тәрбиесі дұрыс, бірінші рет осындай жағдай жасап отыр. Сондықтан бір жолға кешіріммен қарауға болады» деп айтып, сот үкіміне өздерінің тарапынан әсер ете алатын. Ол адамға дәл сондай жағдайда екінші рет сотта іс қаралса, сол кезде алқа билер: «Бұның отбасы осындай, бұл жігіттің үстінен бұрыннан әңгіме жүр. Бұл жігітті кішкене ана жаққа жіберіп алмаса болмайды» деген сияқты ақыл-кеңестерін береді және оны судья басшылыққа алатын еді. Ал қазір іс жүзінде судьяда ондай ерік-жігер жоқ деп айтсақ болады. Өйткені мәселенің бәрін сол залда болып жатқан істі «тірідей» көрмейтін, эмоцияның барлығын сезінбейтін кураторлар шешіп отырады. Онда тек қана санкция бойынша 5 жыл ма – 5 жылға соттау керек; барлық жерде соттап жатыр ма – бұл жерде де соттап жіберу керек болады. Қазіргі сот жүйесі адамның бір жеке мән-жайын ескеруге қауқарсыз. Мен осыны айтып отырмын. Міне, осындай тұстардың барлығын үйлестіретін – негізінде Жоғарғы сот әкімшілігі. Олар қазір бәрін адами қарым-қатынаста емес, әбден механикаландырылған деп айтсам да қателеспеймін.

Мен судьяларға, өзімнің әріптестерім мен жолдастарыма осының барлығын айтып жүремін. Олар қарапайым судьялар, өзіммен бірге оқыған топтас жігіттер, достарым бар, қызмет бабы бойынша аралас-құралас болып жүрген әртүрлі судьялар бар, олардың барлығы бір ауыздан: «Бізге ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Мына жерде шындық мынадай деп, өзінше бір шешім қабылдаймын деген ниетпен бір дағдылы қалыптан сәл шықтың ба, әп-сәтте тарс еткізіп, ісің Жоғарғы сот әкімшілігі арқылы тәртіптік істе қаралады, тәртіптік сын жасалады. «Бір-екі рет «қиқаңдасаң», үшіншісінде сенімен қош айтысады» дейді. «Сондықтан бізде амал жоқ, анау жақтан келген нұсқауды орындауға мәжбүрміз», – дейді. Мен осы жүйені бұзыңдар деп отырмын. Судьяларға шын мәнінде тәуелсіздікті беріңдер деп отырмын. 

– Сіздің депутаттық сауалыңызды негізсіз кекетіп, мұқатуды ұйымдастырушылардың мақсат астарында қандай мүдде болуы мүмкін? 

– Сұрақты кекетіп-мұқату деп өте дұрыс қойып отырсыз. Әңгіме басында бірінші сұрақта да мұны ішінара қамтып кеттім. Шын мәнінде Үкімет тарапынан да осындай бір әрекеттер жасалады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда үш билік тармағы бар. Бұлар шешім қабылдайды, ал олардың қабылдаған шешімдері адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Атқарушы органның қолында үлкен қаражат көзі бар. Жоғарғы соттың қолында шын мәнінде нақты билік бар. Әрбір шешімді қабылдап, біреудің тағдырын я оң, я сол бағытта шешіп жіберетіндей мүмкіндігі бар. Сол себепті көптеген ақпарат құралдары бұларға кіріптар. Болмаса мүдделес десек те болады. Міне, осы өз мүдделері. Біз бұл жерде халықтық мүдде тұрғысын айтып отырмыз.

Мысалы, депутаттар кез келген мәселені көтере алады. Бізде үлкен мінбер бар. Ол үлкен мінберді пайдаланып, біз шын мәнінде де заң шығару бағытында шешім қабылдай аламыз. Бірақ біздің шығарған заңымыздан ұйымдар, мекемелердің сол мезеттік шаруалары шешіліп кете бермейді. Түсінікті болу үшін айтып отырғаным – судьялар мен атқарушы билік органдары мысалында. Атқарушы билік органдары нақты сол ақпарат құралына қаржы мәселесін табан астында шешіп бере алады, мемлекеттік тапсырыс береді, я басқаша істей алады. Сот сол мезетте оның пайдасына қарай нақты шешім шығарып бере алады. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Болса да, өзіміздің қолымыздағы мемлекет берген, оның арғы жағында халық берген ондай сенімді біз жеке басымыздың мүддесіне пайдаланбаған болар едік деп ойлаймын.

Ал бұлар қолындағы билікті өздерінің жеке басының мүддесіне пайдаланып отыр деп ойлаймын. Халықтың алдына шығып, ашық айтыс ұйымдастырайық деп, сол кезде бір журналистерге айтып едім, осы жерде де ескере кеткім келеді. Жоғарғы моттың кез келген судьясы шығып, менімен ашық айтысқа түссінші. Жастардың тілінде айтқанда – «батл». Жоқ, дұрыс мәні бойынша қарастырудың орнына, барды «бар» деп, жоқты «жоқ» деп айтудың орнына олар тасада тұрып алып, тас атады. Егер менімен ашық айтыс ұйымдастыратын болса, Жоғарғы соттың төрағасы бола ма, Жоғарғы сот әкімшілігінің басшысы бола ма, алқа төрағалары бола ма, мен кез келген азаматпен шығып, сот саласындағы көптеген күрмеліп, шешілмей жатқан мәселелерді «батл» түрінде айтып, дәлелдеп бере аламын. Қазір бұлардың дәлелдегісі келетіні – сотта бәрі керемет! «Багдадта бәрі тыныш» деген ойды таратқысы келеді. Соны сынап, мен жеке басымның мүддесі тұрғысында емес, керісінше, қарапайым судьялардың мүддесі тұрғысында жоғарыда аталған мәселелер шешілсін деген ниетпен қарапайым судьялардың тәуелсіз емес екенін көпшілікке айтып отырмын. Бұл сөзім жақпағаннан, олар осындай жолдарды пайдалануда.

– Жалпы, «сот дербестігі» деген тіркестің талабы өте дұрыс, бірақ «сот ісіне ешкімнің қол сұғуға құқы жоқ» деген принципті берік қамал етіп алған соттарға деген халықтық наразылықтың өршіп бара жатқанын түсіндіріп берер себеп-салдар қандай деп ойлайсыз? 

– Дұрыс айтасыз. Халықтың тарапынан наразылық өте жоғары. Мен 2022 жылы 1 ай емес, 2 ай емес, тура 1 жыл бойы – 2022 жылдың қаңтарынан бастап, желтоқсан айының 25-не дейін «Аманат комиссиясы» деген ұйым құрып, Қаңтар оқиғасымен айналыстым. Сол кезде менің анық түсінген нәрсем – жастардың алаңға шығуының бірден-бір себебі, дәлірек айтсақ, Талдықорғанда 14-15 жасар азаматтар қамауда отырды, соларды шығардық. Қылмыскер емес, қамау изоляторында жатқан жастарға: «Неге алаңға шықтыңдар? Сендерге не жетпей жатыр? Қандай наразылықтарың бар?» дегенімізде, барлығының жауабы бір – ӘДІЛЕТСІЗДІК болды. Сендер қандай әділетсіздікке тап болдыңдар десем, бір бала айтады: «Менің ағама ауылдағы бір учаскелік полиция инспекторы «сенің түбіңе жетем деген еді, сөйтіп түбіне жетті» деді. Сөйтсе, оның аяғынан шалып, орысша айтқанда, «подставить» етіп, оны 15 күнге қамапты. «Бұлар ойына келгенін істейді» деп, жап-жас бала билікке деген өкпе-наразылығын айтты.

Осындай оқиғаларды естіп, мен сол кезде Ақордаға хат жолдадым. Халықтың жаппай көшеге шығып кетуінің басты себептерінің бірі – әділетсіздік. Әділдікті бізде кім орнатады? Оны әділетті сот орнатады. Адам сотқа әділдік іздеп барып, оны соттан табуы керек.

– Азаматтарымыз сол әділдікті соттан тауып жатыр ма?

– Жоқ! Мінекей, қарапайым адам осындай критиканы көтере алмай, менің өзіме әртүрлі жолдармен ақпараттық шабуылдар ұйымдастырып жатыр. Бұл жерде сол жағдайды түзетейік деп отырмыз ғой. Жоғарғы сот төрағасының қызметіне таласып отырған мен жоқпын. Я болмаса, менің шаруам шешілмей қалып, соны елдің алдына шығарып, талқылап жатқан басқа есеп жоқ қой. Ел-жұрттан келіп жатқан қаншама арыз, шағым, талаптардан алынған тек жалғыз ғана мысал – сол Қаңтарда болған оқиғадан. Ойлап қарасам, бір жылдың ішінде қаншама адамның тағдырымен бетпе-бет келдім. Шамамен 1600-дің үстінде азамат қамауда жатты, соның 1000-нан астамын шығардық. Әуелі тергеу изоляторынан шығардық, біраз бөлігінің ісін қысқартқыздық. Соған тікелей атсалысқан комиссияның төрағасы ретінде, оған дейін де адвокаттық қызметте талай нәрсені көріп жүрміз ғой, бірақ осы Қаңтар оқиғасы маған әсіресе қатты әсер етті. Егер біз қоғамда, елде болашақта осындай бір үлкен салдарға әкеліп соғатын оқиғалар орын алмасын десек, онда сот саласын қазірден бастап түзетуіміз қажет. Басқа жол жоқ.

– Парламентте «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» бар, оның айқара ашық есігіне күніне ондаған адам келіп, қалаған депутатына мұң-зарын айтып кетеді. Ал Жоғарғы сот пен Бас прокуратурада қудаланып жүрген халықты қабылдау тәртібі неге жоқ?

– Өте орынды сұрақ. Сөз басында шет жағасын біраз қамтып кеттім деп ойлаймын. Шындығында да, Жоғарғы соттың төрағасы қай күні қанша адамды қабылдайды деген сияқты ақпарат анық-қанық болуы керек деп ойлаймын. Қанша дегенмен сот қызметін үйлестіруге байланысты, Жоғарғы сот төрағасынан бөлек, Жоғарғы сот әкімшілігінің де басшылығы азаматтарды жиі-жиі қабылдап тұруы керек. Бұл мемлекет болып қалыптасқаннан бері тәжірибеде бар дүние. Оны қабылдаудан құтылудың жалғыз жолы – судьялардың дербестігін қамтамасыз ету, бірінші сатыдағы судьяларды тәуелсіз қылу.

Әзірге, жоғарыда мен айтқандай, жүйе жұмыс істеп тұрған кезде әрбір облыста және республикалық маңызы бар қалаларда алқа төрағалары өздерінің сол облыстық немесе қала судьялары арқылы барлық аудандар кураторларынан бас тартпауы тиіс, егер сол кураторлық институтынан бас тартқанын біз шынымен білетін болсақ, онда, мүмкін, қабылдаудың қажеті де болмайтын шығар. Өйткені әрбір судья өзі заңды түрде қабылдайды, біз мына жаққа келгенде, заңдылығын тексереміз деп отырар. Әзірге кураторлар институты жұмыс жасап тұрған кезде, әрбір судьяның заңсыз қабылдаған шешімі үшін Жоғарғы соттың төрағасы жеке өзі жауапты болады деп есептеймін. Сондықтан қабылдау қажет. Қабылдау іс жүзінде жоқ. Соттың табалдырығын тоздырып жүрген азаматтардың біразы қазір топ құрып алып жүр. Заңсыз сотталған офицерлердің, заңсыз сотталған кәсіпкерлердің топтары бар. Олар бәрін, яғни қабылдамайтынын, қабылдауға кіре алмайтынын өздері дәлелдеп береді.

– Кезінде еркін жүрген адвокат-заңгер едіңіз, Парламентке келіп, «байланып қалдым» деп ойламайсыз ба?

– Иә, әрине, бұрын еркін болғаным рас. Бірақ жүріп өткен өмір жолыма қарасам, көңілім толатын бір жағдай бар. Оралдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын бітірген соң, Алматыда Шайкенов ағамыз негізін қалаған Қазақ мемлекеттік заң академиясының прокурорлық сот факультетін үздік дипломмен тәмамдадым. Одан кейін прокуратура саласында қызмет етіп, адвокат болдым. Ал бұл сол жұмысымның қазіргі заңды жалғасы іспетті. Тәжірибеде көрген-білгенім мен жиған-тергенімді заң шығару ісінде пайдаланып отырмын. 

Әрине, атқарушы билік пен сот билігі сияқты табан астында шешім шығарып, бір адамның өміріне дереу әсерімді тигізе алмаймын. Бірақ сапалы заңдар шығару арқылы еліміздің әлеуметтік, рухани, құқықтық мәселесіне, болашақта елімізді жақсы бағытта өркендетуге үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын. Бір өкініштісі сол – бұның әсерін жылдам сезіне алмаймыз. Қазақстан тәуелсіздік алғалы қабылданбаған бірқатар заңдарды өз қолыма алдым. Осы заңдар алдағы уақытта қазақстандықтардың құқығын қорғауда мұрындық болары сөзсіз. Сондықтан бұл маған моральдік тұрғыда көңіліме қуаныш ұялатады. 

Орталық сайлау комиссиясына келер жылғы сайлаулар үшін деп, бюджеттен 20 млрд теңге бөлініпті. Уақытсыз өтетін бұл қандай сайлаулар болуы мүмкін? 

– Бізде бұрын Орталық сайлау комиссиясы ғана жұмыс жасады да, ал өңірдегі жергілікті сайлау комиссиясы сайлау болған кезде ғана жиналатын еді. Былтырдан бастап, олар тұрақты түрде жұмыс жасап отыр. Ең маңызды назар аударатын жайт – 2025 жылдан бастап барлық аудан мен қалалардың әкімдері сайланады. Негізгі шығын осыған бағытталатын болады.

Жалпы сөзімді қорытындылай келе, сот саласында Батыс елдерін үлгі тұтамыз, иә?! Мысалы, Американың барлық дерлік штаттарында судьялық қызметке сайлау арқылы келеді. Судья тұрмақ, округтік прокурорлардың өзі де халықтың дауыс беруі арқылы тағайындалады. Олар сол үшін, халықтың мүддесін қорғау үшін жұмыс жасайды. Ал бізде ол ақылға қонымсыз болып көрінеді. 

Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген аталы сөз бар. Ал мен «Ел боламын десең, сотыңды түзе!» дер едім.

Соттың шаруасы Жоғарғы сот төрағасының жеке-дара мәселесі емес. Ол бүкіл қоғам болып атсалысатын шаруа. Осыны түсінбегендіктен, «Сот саласын сынады» деп, қорғанысқа көшіп, тіпті қарсы шабуыл жасады. Бірақ қай саланы алып қарасаңыз да, ондай сын-пікірді қабылдап үйренбеген. Бас прокуратура, не болмаса Ішкі істер министрлігін алып қарасаңыз, олар сізге дереу қарымта жауап қайтаруға тырысады. Ал түптеп келгенде, бұлардың барлығы – халықтың қазынасы есебінен күн көріп отырған қоғамдық институттар.

Біз біреудің жеке бизнесіне немесе отбасының ішкі шаруасына араласып, қол сұғып отырған жоқпыз. Сондықтан бұлар мұндай сынға үйренетін уақыт келді. Көптеген қоғам белсенділерінің осындай сынын бұлар қабылдағысы жоқ. Бұл қате позиция. Мен мұны атым мен атағымды шығару үшін айтып отырған жоқпын. Десек те, билік өкілдерімен ашық талқылау ұйымдастыруымыз керек. Әзірге мұндай алаңды көріп отырған жоқпын. Сол уәжімізді айтуға мүмкіндік беріп отырған сіздердің ұжымдарыңызға – «Дат» газетіне алғыс айтқым келеді! 

– Елдегі сот ісіне қатысты ашық және батыл пікір білдіргеніңіз үшін көп рахмет!

Дина ӘДІЛ,

«DAT»-тың Парламенттік тілшісі 

Республиканский еженедельник онлайн