Воскресенье , 20 апреля 2025

Қазақстандық вакцина ЕГУГЕ ЖАРАЙ МА?

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алды. Екпе салдырғаннан кейін президенттің денсаулығында ешқандай кінәрат байқалған жоқ. Өзінің жұмыс кестесіне сәйкес қызметін қызу атқарып жатыр», – деп жазды сейсенбі күні Уәли Facebook парақшасында.

  • Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова «Азаттыққа» берген сұхбатында «Сынақтың соңғы кезеңінен өтпеген, үш мың еріктінің арасында ғана сыналған қазақстандық QazCovid-in вакцинасын халыққа жаппай салу қауіпті емес пе?» деген сұраққа жауап берді.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі 2021 жылғы 9 шілдеде аяқталмақ. Бірақ екпені үшінші кезең аяқталмай жатып пайдаланайын деп отыр. Бұл қауіпті емес пе?

– Бізге зерттеу нәтижелерінің жариялануын күту керек. QazCovid-in вакцинасы туралы көбірек ақпарат алғымыз келеді. Тым болмаса клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінің нәтижелері жариялануы тиіс. QazCovid-in екпесін әзірлеушілер Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында мақала жазуға уақыты жоғын айтқан. Бірақ ашығын айтсақ, бұл оларды ақтай алмайды. QazCovid-in вакцинасын ол туралы жеткілікті дерек жарияланғанын көрген кезде ғана қолдаймын.

Оның үстіне QazCovid-in екпесін сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын ұмытпау керек. Pfizer, Moderna немесе «Спутник V» екпелерін сынаудан өткізудің үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Сынаққа қатысқан адамдар саны көп болған сайын, вакцинаның қауіпсіздігі де арта түседі. Бізге не себепті көп адам керек? Өйткені сирек кездесетін кері әсерлер ондаған мың адам қатысқан клиникалық сынақтар кезінде ғана көрінеді. Вакцина нарыққа шыққан кезде зерттеудің төртінші кезеңі басталады. Жүз мың не миллион адамға шаққанда бір кездесетін жағдайлар болады. Мұның бәрі сол төртінші кезеңде анықталады. Сондықтан клиникалық сынаққа қатысқан еріктілер саны аз болған сайын, вакцинаның ықтимал қатері туралы ақпарат та аз болады.

Бізге сынақтың бірінші, екінші, үшінші кезеңінің нәтижелерін көрсетпесе, вакцина тіркелгеннен кейінгі төртінші кезеңді бақылау процесіне қалай сенеміз? Бірінші кезеңнің өзінде зерттеу нәтижелері туралы деректер болмаса, вакцина салынғаннан кейін мониторинг жүргізілетіні күмәнді. Ал бұл вакцинаға сенім ұялатуда аса маңызды.

Оның үстіне Covid екпесі туралы ақпаратты халыққа дұрыс жеткізбеу балаларға ұлттық күнтізбедегі екпелерді салу ісіне де кері әсер етеді. Осының салдарынан қызылша секілді аурудан қорғайтын сенімді вакциналардың өзінен де бас тартып жатады. Сол себепті екпе әзірлеушілерді деректерді ашық жариялауға тағы да шақырамын.

Ресей де «Спутник V» вакцинасын салуды сынақтың үшінші кезеңін аяқтамай бастап кетті. Осы үшін халықаралық сынға да ұшырады. Бірақ ақпанда Lancet журналына жарияланған мақалада вакцинаның әсері 91,6 пайыз екені айтылған соң, жағдай біршама өзгерді. Мұндай мақалалар несімен маңызды?

– Бұл мақалалардың беретіні – ашық деректер. Олар қоғам игілігіне айналады. Мақала шықпаса, бұл – екпе авторлары ол деректі жария еткісі келмейді деген сөз. Осыдан сенімсіздік туады.

Lancet – дәйексөзге алыну индексі 60-тан асатын халықаралық журнал. Бұл, әрине, сенім ұялатады. Бірақ оған көз жұмып, сене салуға және болмайды.

«Спутник V» туралы белгілі. Бұдан бөлек Ресейдің «ЭпиВакКорона» дейтін тағы бір вакцинасы бар. Жақында ресейлік «Инфекция және иммунитет» журналында осы вакцина туралы мақала шықты. Бұл журналдың дәйексөзге алыну индексі – 0,67. Екпені әзірлеген ғалымдардың деректерді осындай журналда жариялауға асыққанын көргенде, бұл ақпаратқа сенуге болмайды деп ұғамыз. Мұндай мақаланың болғанынан болмағаны жақсы.

АҚШ, Израиль, Еуропа елдері жаппай вакциналауды Pfizer, Moderna, AstraZeneca екпелері сынақтың үшінші кезеңінен өткеннен кейін бастады. Олар үшінші кезеңнің аяқталуын неге күтті? Бұл ақталды ма?

– Өйткені олай істемесе, заңсыз болар еді. Негізі клиникалық сынақтың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін де вакцинаны қолданысқа енгізу үшін біршама уақыт күту керек. Бұған кемінде 6 ай уақыт кетеді. Бірақ бұл мерзімді бәрі бірдей сақтаған жоқ, өйткені пандемия кезінде ғалымдар кей шараны қысқартып, зерттеудің бірінші және екінші кезеңін біріктіріп, үшінші кезеңнің алдын ала нәтижесін вакциналау аяқталғаннан кейін екі ай ішінде жариялауға болады деген шешімге келді.

АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі басқармасы (FDA) төртінші кезеңге жіті бақылау жүргізілсін деген шартпен Pfizer вакцинасын қолдануға рұқсат берді. Бізде вакцина тіркелгеннен кейінгі кезең туралы көп айтылмайды. Есеп жүргізу де дұрыс жүреді деп ойламаймын.

Еуропа да халыққа жаппай вакцина салуға асықты, бірақ олар белгіленген мерзімдерді сақтауға тырысты. Еуроодақта вакцинаның мерзімін сақтауға міндеттейтін заң бар. Клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінде вакцинаның қауіпсіздігі тексеріледі. Екінші кезең аяқталған кезде вакцинаның қауіпсіз екені белгілі болады, бірақ сирек кездесетін кері әсер туралы ештеңе білмейміз. Сондықтан вакциналауға қатысты күмән туғызбай, халықпен дұрыс жұмыс істеп, екпенің қауіпсіздігі мен әсері мұқият тексерілетінін түсіндіру үшін, белгіленген мерзімді сақтау керек.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде коронавирустың британдық, оңтүстік-африкалық, бразилиялық штамдарына ұқсайтын мутациясы болуы мүмкін деп хабарлады. Бұл жаңа штамдардың келуімен немесе пайда болуымен байланысты ма? Әлде адамдардың санитарлық ережелерді дұрыс сақтамауынан болды ма? Мүмкін, қазіргі жағдайға бірнеше фактор әсер еткен шығар?

– Мұнда бірнеше фактор бар. Бірінші және ең маңызды фактор – пандемиядан жалығу. Пандемия басталғалы бір жыл өтті, біз санитарлық талаптарды бұрынғыдай қатаң ұстанбайтын болдық. Екінші себебі – мерекелер кезінде мейрамханалар жұмыс істеп тұрды, вирус осылай тараған болуы мүмкін. Үшінші себебі – жаңа штамдар. Бірақ аурудың өршуіне жаңа штамдар әсер еткен деп нақты айту үшін, эпидемиялық деректерді қарап, вирустың гендік құрылымын (аминқышқылдар мен нуклеотидтердің реттілігін анықтау) зерттеу керек…

Әлемде коронавируспен 135 миллионнан астам адам тіркелді. Коронавирусты қайта жұқтырғандардың дерегі жүргізіле ме?

– Covid қайта жұғуы мүмкін және бұл – коронавирус тобына жататын вирустардың басты ерекшелігі. Екіншіден, дәл осы коронавирус өзгеріске ұшырап, антиденелерден «қашуды» үйренді. Бұл несімен қауіпті? Вакцина мұндай вирустардан қорғай алмауы мүмкін.

Оның үстіне науқастарға коронавируспен ауырып жазылған адамдардың плазмасын құю арқылы емдеп жатады. Коронавирустың жаңа нұсқасы дәл осы емдеу әдісінің салдарынан пайда болған деген болжам бар. Яғни, аталған әдіс кезінде біз вирусқа бөтен ағзадан алынған антиденелермен қысым көрсетіп, селекциялық қарсылық көрсетеміз. Мұндайда вирустар антиденеден қашуды үйреніп алады…

Емдеу әдісі ретінде аурудан жазылған адамның плазмасын пайдалансақ, ем алған науқастың ағзасында вирустың антиденелер әсер етпейтін жаңа түрі пайда болады. Сондықтан қазір коронавируспен қайта ауырған адамдар саны өсіп келе жатқанын айтып отырмыз. Осылай жалғасып, соңында коронавирус тұмау туғызатын вирустар сияқты адамның ағзасы үйренген вирусқа айналып кетеді…

Адам коронавирустық инфекциямен қайта ауырса немесе вакцина алғаннан кейін жаңа штамның бірін жұқтырса, оның иммундық жады сырқаттың ауыр формаға өтуіне жол бермейді. Ұғынықты тілмен айтсақ, вакциналау вирус жұғудан сақтай алмаса да, аурудың ауыр салдары мен өлімнен қорғайды. Бастысы – осы.

Денсаулық сақтау министрлігінің «шынайы сценариіне» сәйкес, сәуір-шілде айларында 250 мың адамға коронавирус жұғуы мүмкін. Бұл бір жылда ресми тіркелген науқастар санымен бірдей. Бұл болжам туралы не айтуға болады? Билік осы арқылы пандемияның жаңа толқыны әлдеқайда күшті болатынын мойындап отыр ма? Әлде көп сынға қалғаннан кейін үкімет шынайы статистика жүргізе бастады ма?

– Мен эпидемиолог емеспін, эпидемиологиялық модельдер жасай алмаймын. Бірақ түсінгенім бойынша, қазір пандемияның жаңа толқынына қатысты модельдердің бәрі коронавирустың жаңа нұсқаларымен байланысты.

Статистикаға келсек, деректердің әлдеқайда ашық жарияланғанын мен де қалаймын. Әлі күнге статистиканы қалай жүргізетіні белгісіз. ПТР тест нәтижесі теріс шыққан науқастар статистикаға кіре ме, оны да білмейміз. Сондықтан бұл эпидемияға қарап, есеп жүргізу жүйесінде қандай олқылықтар барын түсіну үшін, қатемен жұмыс істеуіміз керек. Мүмкін, мұнда статистиканы жасыру немесе асырып көрсету сияқты жаман пиғыл жоқ та шығар. Мүмкін, шынымен жүйеде көп науқас есепке кірмей қалған болар. Кінәліні іздеп, ешкімді айыптамастан, эпидемиологтарды жинап, статистиканы қалай дұрыс жүргізу керегін ойланған жөн.

Бұл толқынның салдары былтыр жазда көргенімізден әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін бе?

Үкіметтің науқастар саны көп болады деген эпидемиялық моделі дұрыс болса, әрине, солай. Эпидемия салдарының бір жанама көрсеткішін білеміз. Бұл жерде былтыр шілдеде болған шектен тыс өлім көрсеткішін меңзеп отырмын. Тәуелсіз деректерге сүйенсек, 28 мыңға жуық адам көз жұмған. Биыл әлдеқайда көп адамға вирус жұқса, өте қиын болады. Қазір мемлекеттің ресурстары азайғанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте – медициналық қызметкерлердің ресурсы. Әлі күнге оларға уәде етілген төлемдерді беруге қатысты мәселелер бар. Дәрігерлерге жақсы қараса, эпидемияны еңсеруге болады.

Былтыр жіберілген қателіктерді мойындау керек. Ол қателіктерді мойындамай, пандемияның жаңа толқынына дайын болмаймыз. Өйткені бізде өрескел қателіктер болды. Ауру белгісі жоқ науқастарды ауруханаға жатқызу да дұрыс болмады.

Елнұр ӘЛІМОВА,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн