Әдетте әрбір үлкен іске кірісер алдында жан-жағыңа бір қарап, көрші-қолаңның тәжірибесін бір барлап, тіпті тарихқа да бір үңіліп алғаннан абзалы жоқ. Өйткені ол бізді артық шығынға ұрынудан, уақыттан ұтылудан сақтайды. Ендеше…
Атомның айналасындағы бүгінгі ахуал қандай?
«Әлемдік атом өнеркәсібінің жағдайы» туралы есепті (WNISR) қарап шыққан неміс маманы Майкл Шнайдер былай деп көрсетеді: бейбіт атом қайта өрлеуде деп қанша жерден шу көтергенмен, жаңа реакторлар жобасы мүлдем аз, ал күн энергиясын пайдалану қатты қарқынмен дамуда: 2024 жылдың 1 шілдесіне қарай дүние жүзінде жұмыс істеп тұрған 408 реактор (2002 жылы олардың саны 438 болған) 367 ГВт, ал күн сәулесінің генераторлары (КСГ) 1,9 ТВт қуат беріп тұр екен. Бес еседен артық! КСГ тұрақты істемейтінін ескергеннің өзінде де тым көп. Өткен жылы атом қуаты 0,3 ГВт-қа ғана өскен, өйткені атом реакторы ең көп елдің бірі АҚШ-та бір де атом реакторының құрылысына тапсырыс болмаған. Беларусь, Қытай, Словакия, Оңтүстік Корея мен АҚШ-та жалпы қуаты 5 ГВт болатын бес жаңа реактор іске қосылса, есесіне Германия, Бельгия мен Тайванда жалпы қуаты 6 ГВт болатын бес реактор жабылған.
«Жалпы, 2004–2023 жылдарда 102 реактор (оның 47 – Қытайда) іске қосылып, 102 жабылған, – дейді есепте. – Азайған қуат өлшемі 26,4 ГВт құрайды». Қытайда 2023 жылы 1 ғана ядролық реактор қосылып, 1 ГВт қана энергия берсе, іске қосылған КСГ-лары 200 ГВт берген! Қысқасы, «…атом энергиясы өміршең болудан қалып барады» дейді есеп авторлары.
Біздегі атом стансасын салуды қолдаушылар «қазіргі стансалар өте қауіпсіз», «қалдығынан қатер жоқ», табиғатқа зиянсыз, «құны төмен», ең ақырында А.Сәтқалиев секілді, «оған балама қуат көзі жоқ» дегенді жақсы көреді. Шынымен де солай ма?
Германияның Табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік министрі Штеффи Лемкенің 2023 жылы 21 сәуірде Projekt Syndikate сайтында жарияланған «Германияның атом энергетикасынан бас тартудағы даналығы» деген мақаласы «Атомдық қауіпсіздікке жауапты министр ретінде мен бұл қадам өте тамаша, тіпті одан да артық – көрегендік қадам болды деп есептеймін. Бұл қадамның түсініктемесі көп, соның ішінде бесеуін мен бұлтартпайтын ерекше уәж деп санаймын» деп басталады.
«Біріншіден, – дейді Лемке, – біз қанша жерден тырысқанмен, атом энергетикасында абсолютті қауіпсіздік деген болмайды, сондықтан АЭС-тен бас тартқан соң ғана менің иығымнан ауыр жүк түскендей болды.
Екіншіден, біз енді радиоактивтілігі жоғары қалдықтар шығармаймыз. Рас, атом қуаты үш ұрпаққа қызмет етті, есесіне 30 мың ұрпақтың иығына ауыр жүкті мұра етіп тастап кетті. Зардабы теңдессіз осындай технологияны қалай орнықты деп атауға болатыны менің мыйыма сыймайды.
Үшіншіден, атом стансасы ауаның сапасын бұзбағанмен, судың сапасын бұзады. 2022 жылы реакторларын суытатын су жетпей, Франция үлкен мөлшерде бізден электр энергиясын сатып алды.
Төртіншіден, АҚШ-та 2009–2021 жылдары тек қана табыс көзіне айнала алмағаны себепті 12 атом электр стансасы жабылды.
Бесіншіден, бізге атом энергиясының қажеті жоқ. Бүгін әлемде одан әлдеқайда арзан күн мен жел энергиясы секілді жаңартылатын қуат көздері (ЖҚК) жеткілікті. Оның үстіне олардан ешқандай қауіп жоқ, экологиялық тұрғыдан зиянсыз және климат үшін де қолайлы. Бұның бәрі жиылып, жаһанда атом қуатын қолдану неге 5 пайызға дейін құлдырағанын түсінуге көмектеседі. Елінің гүлденуі энергиялық сыйымдылығы мол машина жасау секілді өнеркәсіп салаларына тәуелді Германияның басшылығы осыны түсінген соң, көп жыл бойы жаңартылатын қуат көздеріне инвестиция құя келіп, ақырында АЭС-тен толық бас тарту қажет деген қалың халықтың талабын орындауға мәжбүр болды. Қоғамдық бірлікке, ынтымаққа теріс бұрылу – барып тұрған жауапсыздық болар еді».
Сұрақ – көп, жауап – жоқ
Биылғы референдумға арналған табаны күректей жиырма жиын-тыңдалым «Қазақстанға атом электр стансасын салу ауадай қажет пе?» деген ең басты сұраққа жауап бере алмады. Үкімет не соңғы бес жылдағы электр энергиясына деген дефициттің динамикасын көрсете алған жоқ, не ең болмаса алдағы бес жылда осыншама алып өнеркәсіп ошақтары салынады, сол себепті мұншама энергия қатшылығы пайда болады деген нақты жоспар-жобаларды ұсына алған жоқ. Жалаң сөз бәрі…
Ашық баспасөздегі энергия дефициті ірі кәсіпорындардың бақылаусыз майнингпен айналысып, өндірілген электр қуатының төрттен бір бөлігіне дейін заңсыз пайдаланғанынан туындап отырдеген ақпарат та жауапсыз қалды.
«Біліп айтқан сөзге құн жетпейді» депті Төле би бабамыз, дәлелді шындыққа ешкім де қарсы тұра алмайды. Ол жоқ болғаны себепті үкімет енді түрлі «мамандардың» қызметіне жүгінуге, облыстарға «десанттар» жіберуге мәжбүр. Мысалы, «Jas qazaq» сайтында 5 қыркүйек күні «АЭС пен Ұлттық мүдде» атты мақала жарияланды. Тақырыбы тартымды-ақ… «Срайыл Смайыл, экономикалық шолушы» деп қол қойған мақала авторы өзінің пікіріне қарсыларға ә дегеннен дүрсе қоя беріпті: «…Қасым-Жомарт Тоқаев дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС жұмыс істеп отырғанын атап өтті. Бұл «бүкіл әлем атомнан бас тартып жатыр» деп, жалған ақпаратын (қарайтқан біз – Ө.А.) тықпалап жатқан қайсыбір сарапшысымақтарға нақты жауап болса керек».
«Қоянның түрін көр де, қалжасынан түңіл» деген, кекетіп-мұқатудан құралған, сөз саптасынан-ақ деңгейі көрініп қалған осынау «опусты» елемей қоя салуға болар еді. Тек «сарапшының» әлемнің төртінші экономикасы, Евроодақтың локомотиві Германия, G-7-ге кіретін Италия, Испания бастаған 22 мемлекеттің атом энергиясынан бас тартқаны немесе бас тартудың ұзақ мерзімді саясатын іске асырып жатқаны, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Францияның АЭС санын айтарлықтай қысқартқаны секілді қарапайым деректі білмеуі таңқаларлық жайт…
Мақала авторы қызды-қыздымен «Қазақстан ядролық отын шығаратын әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына кірді» деп жазыпты. Іс жүзінде біз шикізатты Ресейге жібереміз, сол жақтан өңделген, жартылай байытылған, отын түрінде жағуға дайын уранды аламыз. Соны таблеткаға салып пресстейміз, МИФИ-дің түлегі, ф.-м.ғ.д., көпке белгілі С.Бүркітбаев «уран таблеткасындағы біздің үлесіміз 2% ғана» дейді. «Дайын өнім шығардық» деп күпінуге келе ме бұл?..
Осы келтірілген мысалдардың өзі-ақ: «…Референдум алдындағы бұқараның «тамырын басып көру» науқаны сауатты һәм нәтижелі өтті. Мамандарымыз АЭС-тің тиімділігін, қажет екенін, қауіпсіз екенін беталды бөспе сөзбен (популизм) емес, пайымды пікір, дәйекті дәлелмен түсіндіріп берді» деген С.Смайылдың өз атын өзі шақырып отырғанын көрсетуге жетіп жатса керек.
Түйін
Евроодақ 2023 жылы қажетті барлық электр энергиясының 23 пайызын ЖҚК-нен алуға қол жеткізді. Германия 2024 жылдың бірінші жартысында энергияның 60,1 пайызын ЖҚК-дан алды. Австралияда бұл көрсеткіш 40 пайызға жетті. Әлемдік Желдер классификаторында тіркелген Шақпақ, Ебі, Қордай, Арыстанды-Қарабас сияқты қуатты 33 желі бар. Желдің толықтай астанасы, күннің жартылай астанасы деуге келетін Қазақстанданеге ЖҚК-нің үлесі 6 пайыз ғана? Неге бүгінгі электр қуатын аса мол көлемде жинақтаушы криогендік техниканы пайдаланып, Жел мен Күн стансаларын шапырлатып салмаймыз?.. Бұл қылмыспен тең емес пе?..
Неге біз күні ертең пайда болатын энергия қатшылығын кредит алып, ең аз дегенде 25 млрд доллар тұратын, ерлегенде 15 жылдан кейін (!) іске қосылатын атом стансасы арқылы шешпекпіз? Қарапайым қисын қайда?..
Неге біз атом қуатын игеруді өзіміздей өзбектерден үлгі алып, шағын атом стансаларын салудан бастамаймыз?..
«Төтенше жарылыстан атомы жартылай ыдыраған Чернобыль аймағындағы 226 965 гектаржердіУкраина мен Беларусь адам аяғы мың жыл баспайтын радиациялық-экологиялық биосфералық қорыққа айналдырған. Бізде бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында ресми түрде …8 шаруа қожалығы 3938 гектар жерге дәнді дақыл егіп, одан жыл сайын 2796 тонна бидай, 130 тонна картоп, 70 тонна көкөніс, 230 тоннадай күнбағыс майын алып, 25 мың тонна шөп дайындап отыр. Мұның сыртында жайылымда қаншама мал басы жайылып жүр! Ғалымдардың болжамынша, осылайша жерді «өңдеу» топыраққа сіңген атом уын жояды-мыс» (Талғат Сүйінбай, «Жас Алаштың» бұрынғы тілшісі).
Әлде атом стансасы жарыла қалған күнде де, «үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді» дейтін, 40 жылғы ядролық сынаққа да шыдаған, төзімділігі шексіз қазақ оны да көтереді деп отырмыз ба?..
Аралдың өлімінен сабақ алмай, енді Балқашты өлтірсек, кінәлілер де, кінәсіздер де ол күнге жетпес деп, Қожанасырша есеп құрудамыз ба?..
«АЭС салмасақ, күніміз қараң» дейтіндер де, «асықпайық, алдымен жемқорлықты жойып, қалыпты ел болып алайық» дейтіндер де, бұның «ойын» екенін, ертең «референдумда халықтың 55 %-ы АЭС салуды қолдайтынын» да, арғы күні «тендерді «Росатом» компаниясы ұтып алатынын» да бәріміздің «ішіміз біліп» отыр. Өйткені референдумға барғандардың 90 %-ы қарсы дауыс берсе де, соған арқа сүйеп, АЭС салудан бас тартатын Үкімет жоқ. Дауыс берген бюллетенін суретке түсіріп алып, ертең шынайы санақ нәтижесін көрсет деп көшеге шығатын, айтқаны орындалмай, артқа қайтпайтын ел де жоқ. «Апама жездем сай». Бірінші кінә өзімізден.
Бұл пікірмен келіспейтін әрбір қазақ қалай дауыс бергенін суретке түсіріп, редакцияға жіберсінші…
Өмірзақ АҚЖІГІТ
P.S. Нөмір қатталып жатқанда. «Әрқашан жақсыдан да, жаманнан да тек алда жүргенді қалайтын менің шымкенттік екі жерлесім, Бек Исақов пен Данияр Тұяқбаев 2022 жылдың маусымы – 2024 жылдың ақпаны арасында өнеркәсіптік аймақта қытайлық әріптесінен алған 1000-аса ASIC-майнер арқылы заңсыз 239,5 млн.теңге пайда тапқан. Исақов 2,5 жылға бас бостандығынан айрылса, Д.Тұяқбаевтың бас бостандығы 2 жылға шектелді. Қытайлық жазаланған жоқ…».