ҚАЗАҚСТАН МҰҒАЛІМДЕРІНЕНАШЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының президенті Тоқаев Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫНА,

Қазақстан Республикасы пермьер-министрі Бектенов Олжас АБАЙҰЛЫНА,

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің төрағасы Қошанов Ерлан ЖАҚАНҰЛЫНА,

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары

Аймағамбетов Асхат ҚАНАТҰЛЫНА,

Ермұрат БАПИ мырзаға,

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА ханымға

2024 жылдың тамыз айынан бастап елімізде 943 мектеп «Мақсатты мектеп» жобасына кіріп кетті.

Ы.Алтынсарин академиясы дайындаған «Нысаналы мектеп» атты нұсқаулығына қарасақ, «Мақсатты мектептерді» мына негіздемелер арқылы анықтаған:

1. Педагогтардың сандық және сапалық құрамы;

2. Басшылардың сандық және сапалық құрамы;

3. Директордың орынбасарларының сандық және сапалық құрамы;

4. ПББ нәтижелерін талдау;

5. Жалпы үлгерімі, білім сапасы;

6. Материалдық-техникалық жарақтандыру;

7. Психологиялық климат, бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру, т.б.

«Мақсатты мектеп» жобасының жұмысы материалдық-техникалық жарақтандырудан емес, мұғалімдерді онлайн оқытудан басталды.

Мұғалімдер тамыз айынан бері 5 модульдік онлайн оқудан өтті. Әр модуль сайын көптеген онлайн тесттер тапсырды. Тест сұрақтарының басым бөлігі психологиялық, методикалық сұрақтардан тұрады. Пәнге арналған сұрақтардың өзі де қатеге толы.

Мұғалімдер бала оқыта ма, онлайн оқып, күн сайын тест тапсыра ма? Мұғалімдердің отбасына қарауға уақыты жоқ. Күндіз жұмыста, кеште онлайн оқуда.

Бұл жоба жыл бойы жалғасады екен. Бұл мұғалімдердің денсаулығына да, жеке өміріне де кері әсерін тигізіп жатыр.

Ұлттық тестілеу орталығына, Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып та тест тапсырамыз.

Бұл тесті тапсыру уақыты мұғалімдердің демалыс күндеріне сәйкес келеді. Бастауыш сынып мұғалімдері 2024 жылғы 12–13 қазанға, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарының пән мұғалімдері 2024 жылғы 26–27 қазанға белгіленген.

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оның ішінде Еңбек кодексіне сәйкес, сенбі-жексенбі – демалыс күндері болып белгіленген. Егер ол күндері жұмысқа шақыратын болса, жұмыс беруші жалақы төлеуге міндетті. Төтенше жағдай болмаса, демалыс күндерінде жұмыскерді өз жазбаша өтініші арқылы ғана жұмысқа шақыра алады.

Ал Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза 943 мектептің мұғалімдерін демалыс күні тест тапсыруға бұйрық шығарып отыр.

«Мақсатты мектеп» туралы «Педагог мәртебесі» заңында да, «Білім туралы» заңда да көрсетілмеген.

«Әділет.кз» сайтында да ол туралы ешқандай бұйрық немесе заң жоқ. Бұл жоба – заңмен бекітілмеген жоба. Яғни, заңды құжаты жоқ жоба қалайша мектеп аралап кетті? Біз әр ісімізді заңмен реттеуге тиіспіз. Бар болғаны Ы. Алтынсарин академиясының нұсқаулығы бар. Нұсқаулық заң емес, бұйрық емес.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурызындағы 249-қаулысының 3-бөлімінде «Педагогтардың кәсібилігін дамыту» деген тарауында педагогтардың біліктілігін арттыру курстары туралы жазылған. Осы тарауда үш жылда бір рет педагогтардың біліктілігін арттыру жөнінде мемлекет басшысының тапсырмасы бар екен.

«Педагог мәртебесі» заңы бойынша да мұғалім 3 жылда бір рет біліктілігін арттыратын курсқа баруы керек. Ондай курстардан барлық мұғалімдер уақытымен өтіп жүр. Бес жылда бір рет аттестациядан өтуіміз керек. Барлық мұғалімдер тест тапсырып, аттестациядан да өтіп қойдық. Аттестациядан өтіп, тест тапсырған мұғалімдерді қайта даярлау не үшін, кім үшін қажет?

2017 жылдан бері оқулықтар жаңартылмады, бағдарлама өзгермеді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза білім сапасын арттырғысы келсе, сапасыз жасалған оқу бағдарламасын өзгертсін! Мектептердегі материалдық база өте төмен деңгейде. Соны заманға сай жабдықтап берсін! Сонда ғана білім сапасы өздігінен артады.

Сіздерден:

1. Мектептерге заңсыз енгізілген «Мақсатты мектеп» жобасын тоқтатып берулеріңізді сұраймыз!

Құрметпен:

Қазақстан мұғалімдері

Мейіржан Темірбек, ШҚО

Айман Сағидулла, Алматы облысы

Сания Нүсіпәлі, Алматы облысы

Тілекқабыл Нұрышов, БҚО

Айнұр Сабыр, БҚО

Нүсіпбек Мейрамгүл Барқазатқызы, Алматы қаласы

Баимбетова Маржан Маратовна, Шымкент қаласы

Сакетаева Жанна Кинаятовна, ШҚО

Жаңғашов Ғалымжан Қыдырәліұлы, Шымкент қаласы

Ыбышева Раушан Амангелдіқызы, Жамбыл облысы

Республиканский еженедельник онлайн